ХАЛЫҚ ОЙЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫСЫ ДА, ЖЕТЕКШІСІ ДЕ…
1913 жылы Қазанда жарық көрген С.Көбеевтің «Қалың мал» романы қазақ жазба прозасының алғашқы іргетасы іспеттес еді. Одан бері де бір ғасыр уақыт өтті. Осы жүз жыл аралығында қазақ прозасы халыққа не берді, халық бойына қандай қасиеттер қалыптастырып үлгерді? Көркем образ ба, көркем тіл ме, азаттық идеясы ма, философия ма? Жалпы, қазақ прозасы қазір қандай ойды басқарып отыр деп ойлайсыз? Кезіндегі жаппай кітап оқитын оқырман халықтың осы күні тыңдарман немесе көрермен қауымға айналуы ұлт талғамына қаншалықты әсер етіп жатыр? Қаламгер қауымға ойтүрткі болған бүгінгі сауалдарымыз осы еді.
Марал ЫСҚАҚБАЙ,
жазушы
КІТАП ОҚЫМАЙТЫН КІСІНІҢ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?
Осында қойылған әр сауалға бір-бір зерттеу мақала арнауға болар еді. Бұл жерде атүсті сөз емес, ізденіп жүрген кісінің толғанып айтар ойы керек. Қысқаша сұхбатпен көп нәрсе ашылмай қалады.Әйтсе де, шамалап көрейік. Шын мәніндегі кәсіби проза халқымыздың көркемдік ойының көкжиегін кеңітті, әдебиетін әлемдік деңгейге көтерді. Әуезовтің эпопеясы, Нұрпейісовтің трилогиясы, Ахтановтың романдары, Әлімқұловтың хикаяттары, Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» мен «Шыңырауы», т.б. кез келген елдің озық үлгідегі туындыларының қатарында өзінің ұлттық бояуымен, үнімен «менмұндалай» жоталанып, бөлек тұратын туындылар. Бірнеше ғасырлық тарихы бар әдебиеттермен иық теңестіруге қол жеткізу аз олжа емес. Прозалық туындылар халық тіршілігіне жан-жақты үңіліп, тереңдей таразылау мүмкіндігін туғызды. Соның арқасында көркем туындылардың тақырыптық аясы кеңіді, әлеуметттік мәселелердің сырын аштық, адам психологиясының қатпарына үңіліп, болмыс пен тұлғаға қатысты пәлсапалық ой түю дамыды. Бұның бәрі оқырманның интеллектуалдық деңгейіне сапалық өзгерістер әкелгеніне дау жоқ болса керек-ті. Өзіңді өзгеден кем тұтынбай, озық өркениеттің жалына жармасып келе жатқаныңды түйсіну – адам психологиясына керемет әсер ететін жәйт. Тарихи романдар жазу арқылы тереңде жатқан тамыры барын, адамзат өркениетіне қосқан мол үлесі барын көрсетіп, халқымыздың жігерін жаныды, еңсесін көтеруге қол ұшын берді.
Әрине, оның бәрі құрғақ сөздің әсерінен болған жоқ, үлгі-өнеге болуға, яки жиреніш тудыруға лайық әдеби қаһармандардың іс-әрекеті арқылы сіңірілді. Бұл айтылғанның бәрі, негізінен, ХХ ғасырға қатысты. Ол кезде халқымыздың тіршілігіндегі кітаптың орны ерекше еді. Кітап оқу, кітап жинау тіпті сәнге айналғандай-тұғын. Қойшылар мен тракторшылар кітапты етіктерінің қонышына тығып жүріп оқитын. Трамвайларда, автобустарда кітап оқып отыратын жастар үйреншікті көрініс еді. Ал бұның тіл үйренуге, тілдің дәмін тұшына татуға тигізетін ықпалын айтып жеткізу мүмкін емес. Шоқан Уәлихановтың Ядренцев дейтін орыс досы: «Қазақ шаруалары өзінің интеллектуалдық деңгейі жағынан орыс крестьяндарынан бір бас бойы биік» (на целую голову выше) деген сөзі бар еді. Сол айтпақшы, маған ХХ ғасырдағы кітап оқығыш сол жастар (бүгінгі қариялар) бүгінгі жастардан интеллектуалдық тұрғыдан әлдеқайда биік көрінеді. Өйткені, бүгін кітап оқу жалпыға тән іс болмай қалды. «Кітап оқуды тоқтатқан күні ойлануды тоқтатасың» (Когда перестаешь читать, перестаешь мыслить) деп орыстың ХІХ ғасырдағы Писемский дейтін сыншысы айтқандай, кітап оқымайтын кісінің деңгейі қандай болуы мүмкін?
Бір кезде біздің әкелеріміз «ат құлағында ойнайтын». Қазір немерелеріміз компьютердің «құлағында ойнайды». Күні бойы компьютерлік ойындармен әуреленген соң, рухани тұрғыдан жұтайды, интеллектуалдық деңгейі жетілмейді. Деңгей жоқ болған соң, олар үшін әншіден артық ештеме жоқ болып көрінетін шығар. Ол әншінің орындап жүргені де өнердің озық туындысы болмаса, ол одан не үйреніп, не өнеге алады? Бәрі айналып келгенде, бүкіл эфирімізді де, интернетімізді де жаулап алған «тобырлық мәдениеттің» кесірі. Ал оны түзететін күшті өз басым көріп отырғам жоқ. Бұл прозаның қолынан мүлдем келмейтін шаруа. Бүгінгі көпшілік жастардың талғамы бұзылған. Не әуені жоқ, не мәтінінің мағынасы жоқ, бос ырғаққа құрылған әнсымаққа жамырай қол соғып, орнында отырып-ақ ырғала «билей» беретін көрермендерге басқа не айтуға болады.
Ал енді бүгіндері қазақ прозасында қандай ой, қандай идея басым екенін айта алмаймын. Жетекші ой иелері дегенге байланысты да нақты атап беруім қиын, ал жалпылай айтсам, жұртқа ой салатын пікірлерді оппозицияда жүрген журналистер айтып жүр. Артық айтатыны бар, кем айтатыны бар, әйтсе де, құлақ қоюға болатын нәрселер айтылады. Жалпы, ұлттық ірі мәселе көтеретін тұлға бүгінгі таңда болмай тұр.
Бекен (Бекболат) ЫБЫРАЙЫМ,
әдебиетші
ХАЛЫҚТЫҢ ІЗДЕНГІШ ОЙЫНЫҢ САҒЫН СЫНДЫРАТЫН – ЖЕМҚОРЛЫҚ
Прозамыздың тарихы жүз жылдан әлдеқайда әрірек. Құрмалас сөйлем құруға үйренген шақтан прозалық ойлау басталатын шығар. Ендеше қазақтың ауызша прозасының тарихы тереңде. Ал жазба прозамыздың тарихы әзірге толық анықталған жоқ.
Егер қазақтың алғашқы романы Шыңғыс ханның өмірбаяны туралы болса, оны ХVІІІ ғасырда француздар өз тіліне аударса, әрі түпнұсқасын қоса жарияласа, тарихымыз әріде жатқаны даусыз. Орта ғасырлардағы тарихи ескерткіштерді әрі әдеби ескерткіш ретінде қарастыру бізде әлі күнге кешеуілдеп келеді. Немесе Орхон ескерткіштерінің тіліне қарасаңыз, прозалық ойлау, сөз саптау мәнері сайрап жатыр. Жарайды, бұл әңгімені кейінге ысыра тұрайық.
Ал бүгінгі ұғымдағы проза халқымыздың өзін өзіне танытты. Қалай танытты дегенде, өзінің тарихын, табиғатын, т.т. қыруар образдар мен тақырыптар, мәселелерді байыптау мен бейнелеу арқылы танытты.
Қазақ прозасында көркем образдың неше атасы бар. Тілдің мүмкіндігін пайдалану мен молайту, есесі кеткен, езілген шақтарда азаттық идеясын ту ету, адам мен қоғам, заман мен адам, болмыс пен қоғам, мемлекет пен саясат, т.т. қатысты толғаныстардың барлығы да философиялық пайымдауға бастағаны талассыз болса керек. Ең бастысы, соның барлығына ойлы көзбен, сын көзбен қарау дағдысына жетеледі. Әдебиет заманның талабына бейімделетінін, қандай ой да негізінен қажеттіліктен туатынын ескеру керек.
Екінші сауалға қатысты қысқаша айтарымыз – халықтың ойын – адамның ойын ешкім де басқара алмайды. Әңгіме ықпал жасау туралы болса, бір сәрі… Жетекші ой иелері деп жеке адамды атап айту мүмкін емес. Еліміз түгелдей сауатты, ізденіп-оқып, зерттеп-байыптап жүретін алғыр, зейінді, зерек азаматтар өмірдің қай саласында да бар екенін кәдуілгі өмірден де, мерзімді басылымдар, ғылыми кітаптар арқылы да көріп-біліп отырмыз. Бірақ қазір коррупция халықтың ізденгіш ойының сағын сындырып отыр.
Ойшылдар қай ел, қай қоғамда да, қай заманда да сирек. Рас, сауатсыздық жайлаған елде сауаттылардың ерекше көрінуіне мүмкіндік «молырақ», салыстырмалы түрде алғанда. Ал сауатты елде ойдың дамуына зор қамқорлық жасалмайынша, қаншама ойлар – талаптар жанбай жатып сөнетінін, көктей солатынын көріп отырмыз. Қоғамды, мемлекетті, халықтың алға бастайтын, даму процесіне орасан зор ықпал ететін әншілер де, спортшылар да емес, ең алдымен ғылым мен әдебиет. Ғылымның да, саясаттың да, ең айтулы, айрықша өкілдерінің барлығы да өздеріне ең қуатты әсер еткен көркем әдебиет екенін бір ауыздан айтқан.
Осыдан біраз жыл бұрын дүниежүзінің атақты бизнесмендерінің кітаптарын оқып шықтым. Бұлардың қандай құпиялары бар, біздің қазақтың бизнесмендері неге солардан асып түспейді немесе деңгейлесе алмайды деп. Олардың ортаға салған ойларының барлығы дерлік зерделі адамның қай-қайсысы да ойланса өз ақылымен-ақ жететін «құпиялар». Солардың ешқайсысы ашып, анық айтпағанымен, барлығына ортақ заңдылықты байқадым. Қай-қайсының да биік нәтижеге жетуіне «қолдау» жасаған классикалық көркем әдебиет екен. Әсер алған көркем шығармалардың «көмегімен» идеялар, басқалардың ойына келмейтін шешімдер, т.т. тапқан.
Классикалық әдебиет адам қиялын шалқытады, интуитивті әлемді байытады. Кемел шығарма әр адамның интеллектуалдық әлеуетіне игі әсер етеді. Сол әсерді оқырман өз бойына сіңіріп, қажетіне жарата алды ма, ол жағы – бөлек әңгіме.
Осы орайда қазақ бизнесмендерінің ішінен Бауыржан Оспанов деген жігітті бөліп айтқым келеді. Біраз жылдан бері «Дарабоз» конкурсын ұйымдастырып, демеушілік жасап келе жатқан кәсіпкердің әдебиетке деген нақты көмегі – түптеп келгенде, халықтың өрлеуіне өз тарапынан жасап отырған қамқорлығы, азаматтық зор үлесі. Қоғамымыздағы зәрулікті, қажеттілікті сезініп қана қоймай, қанатымен су сепкен қарлығаштай өз үлесін қосуы – әдебиеттің маңызын сезінгендіктен болса керек…
Проза немесе көркем әдебиет ойды басқаратын әмірші әкім, деспот емес, ең алдымен оқырманның – халықтың сырласы, досы, қамқоршысы, жан серігі. Басқармайды, ықпал жасайды.
Ал бүкіл халықтың ықыласы мен қошеметі әншілерге ауып кетті деп айта алмаймын. Бәрі талғамға, «модаға» – сәнге байланысты. Көп әншілердің дәурені уақытша. Бізде ғана емес, дүниежүзі елдерінде бар «мода». Бұл енді байлар мен шенеуніктердің дарақылығы мен даңғойлығының жарысы. Әміре, Манарбек, Қайрат, Бекболат, Қапаш, Майра сияқты әншілер туралы сөз басқа. Сөз арасында айта кетпесек болмас, дарақылық жарысында бізге Еуропа елдерінің ешқайсысы да жете алмайтын шығар. Айтудай-ақ айтатын, түбіне жеткізетін бұл мәселе туралы кейін…
Классикалық ән де, әнші де дүниеге күнде келе бермейді. Ал қазір жаппай тыңдалып, айтылып жүрген арзан ермек, баянсыз алданыш әндер де, ойыңа ой қоспақ түгіл білгеніңді ұмыттыратын желөкпе, жеңілтек, есерсоқ, «мені тыңда» дегендей жеңіңнен тартып, өзіне қарататын немесе «күн тәртібіндегі» коньюктура «мәселесімен», не кеуек сөзімен ішті кептіретін әнсымақтар мен әншісымақтар көп қазір.
Мұндайлар мен құлақпен тыңдайтын сондайлар социализм заманында бізге құбыжық қып көрсеткен капитализм үшін, пиғылы таза емес немесе терең ойлауға қабілетсіз, өткінші, жалған дүниені өмірінің нысанысы деп ұғынуға бейім бизнесшілер үшін қолайлы, өзі кеп тұрған нәпақа. Оларға айналаға аңғарып қарайтын, барлап тыңдайтын, байқап бағалайтын тыңдарман емес, еліріп, көзін тарс жұмып алып, басын шайқап, не істеп, не қойып отырғанына бәлендей мән бермейтін, айғайға сүрен қосып, айтаққа арсылдап ала жөнелетін, жетекке оңай көнетін, айлаға өзі дедектеп барып ойланбай тұтқындалатын топас, тұтынушы тыңдарман керек.
Желөкпе желгіш, айғай-шуға ергіш ессізді жетектеу, өз қызметіне жегу оңай. Крыловтың шегірткесі құсап гөләйттап, ән салып билей беруден ештеңе өнбейтіні қай заманда да айтылып келеді…
Анығы, әдебиеті жүдеген елдің рухани әлемі жүдейді. Рухани әлемі жүдеген ел жан-жақтан аш қасқырдай анталаған қыруар алаяқ ықпалдарға елітеді, алданыш етеді. Соған еріп, өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан қадір-қасиетінен айырыла бастаған халық, сақтанып таразыламаған ел өзін-өзі құрдымға құлататынын аңғармай да қалатынына жойылып кеткен ұлттар, ұлыстар тағдыры дәлел. Бәрінен бұрын, барлығынан жақын, табиғи көркем Сөз қазақ деген халықты сонау ғасырлар қойнауынан Бүгінге аман-есен жеткізген ұлттық дәстүрлерінің, ұлттық құндылықтарының ең басты сақтаушысы, шырақшысы, айнымас қорғаушысы, айбынбас жоқшысы еді. Әумесер әнсімақпен әуейіленген тұтынушы тыңдарман ата-бабалары жанын қиған, сан ғасырлар арман еткен, қанымен, терімен бүгінгі ұрпағына табыстаған аманат асылынан, жарық дүниеде халық үшін ең аяулысынан ажырап, аулақтай бастайды.
Бұған дәлелдер қисапсыз екенін ақпарат құралдарынан күн сайын біліп отырмыз. Әр түрлі діндерге кіріп, алуан ағымдарға алданып, басқаны айтпағанда, бір отбасының өзінде алауыздық туып, асқынуы, шетелдіктердің шылауына еріп, шұлғауына қолы жеткеніне мәз болған қазақтың қыздары, ақ төсекте шет елдік кәрі әртістің қолын ұстап түскен суретін әлдеқандай көріп, интернетте жариялаған қазақтың жап-жас, сұлу актрисасы, жыл сайын миллиардтап шет елдерге асып кетіп жатқан қаржы, өз елін өзі тонап жатқан азғын байлар мен шіріген шенеуніктер (бәрі емес, әрине) – ұлттық асылдарымызды, демек, өз халқымызды алдау мен табанға салып таптаудың бұлжытпас, мызғымас дәлелі.
Соның барлығын көріп-біліп шырылдаған қазақтың әдебиеті – ақиқатын айтқанда, бәрінен бұрын қазақтың баламасы жоқ, ең қажет, ең басты идеологиясы. Қазақ кітабының таралымы күрт құлдырап, 2000 данаға дейін ойсырауы, қаламгерлеріміздің шындық сөзі, шырылы мен жан дауысы қалың елге жетпеуі – өз идеологиямызды өзіміздің шектегеніміз, басқалардың бейбастық басынуына жол бергеніміз.
Халық ойының қозғаушысы да, жетекшісі де – көркем әдебиет. Әдебиет – халықтың сөзі! Адамзат тарихында халықтың сөзін тыңдамаған, қадірлемеген ешбір елдің көсегесі көгермеген!
Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын
ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ АШЫЛУҒА ТИІС САНДЫҚТЫ АШТЫ
Жүз жылдық ғұмырында қазақ прозасының халыққа не бергенін бір сауалнамаға қайтарылған жауаппен түгесу мүмкін бе екен? Оның үстіне бұлайша сыр тарту кешегі кеңес өкіметі немесе лениншіл компартия халыққа не бергендігі жөніндегі салыстыруларға апарып соқтыратын төте жол сияқты көрінеді екен. Мейлі ғой.
Меніңше, проза халыққа, яғни 1917 жылға дейін пәленбай пайызы сауатсыз болған қазаққа сауатты оқырман мәртебесін алып берді. Оны азсынсаңыз, жай ғана оқырман емес, белсенді оқырман мәртебесін алып берді. Әрідегі Жүсіпбек Аймауытов пен Міржақып Дулатовтың, Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің, олардың тұрғыластарының қаламдарынан түскен сөздер өз алдына ғой, халық (қазақ), әсіресе, сол ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары, мысалы, «Жұлдыз» журналын үйде қолынан тастамай, түзде қонышына тығып оқитын ықыласты оқырманға айналып кеткен жоқ па еді. Сол заман жазушылары, түстеп айтқанда, алпысыншы-жетпісінші жылдар қаламгерлері өздеріне дейінгі тоталитарлық саясаттың салқынынан әбден жаураған қазақы сөз өнерінің тамырына ыстық қан жүгіртіп, бір-біріне немқұрайлы қарайтын кейіпкер мен оқырманды ортақ тақырыпта әңгімелесе алатын сырлас дос етіп жіберді ғой. Әдебиет дегеніңіз де, түптеп келгенде, автор мен оқырманның екеуара әңгімесі емес пе?!
Рас, идеологиялық цензура қалғыған жоқ. Бірақ қазақ прозасы ашылуға тиіс сандықты ашты, шашылуға тиіс жібекті шашты. Әрине, мүмкіндігінше.
Егер образ дегеніңіз сөзбен баяндалатын сурет екенін ескерсек, жүз жылдың қай кезеңінде қандай көркем образдар назарға ерекше іліккенін, іргелі сыни еңбектерді былай қойғанда, мектептегі жоғары сыныптар оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» пәні оқулықтарынан-ақ шолып шығуға болады.
Ал көркем тіл ше? Мысалы, 1918 жылы туған Тәкен Әлімқұлов пен 1935 жылы дүниеге келген Қалихан Ысқақовтың өздеріне дейінгі қалам иелерінің қолтаңбасына тіпті де ұқсамайтын көркем тілдік айшықтарына 2018 жылы туатын немесе 2035 жылы дүниеге келетін оқырмандар да тамсанатындығына менің еш күмәнім жоқ.
Ал азаттық идеясы дегенге келсек… Түртінектеп оқыған адамға сол кездің өзінде-ақ прозалық мәтіннің бірер сөйлемдеріне немесе кейбір абзацтарына, тіпті тұтас шығарманың өн бойына жасырынғансып тұратын сол азаттық сарынды немесе сол сарынның ұшқындарын талай авторлардың туындыларынан тауып алу қиын емес-ті. Қазір кітаптардың атауларын толық тізбелеудің мүмкіндігі жоқ, дегенмен Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов,Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеев тәрізді бірқатар қаламгерлердің осы идеяны цензураны алдай отырып жеткізу үшін қаншалықты тер төккенін әдебиет сыншылары айтпай жүрген жоқ. Философиялық прозаға тиесілі сипаттардың талай ерекшеліктерін де осы жазушылардың шығармаларынан адаспай табасыз.
Ал жүз жылдық проза халық бойына қандай қасиеттер қалыптастырып үлгергені жөнінде түпкілікті байлам жасауды мойынға алу қиын. Себебі, біздің, яғни әлгі жүз жылымыздың төрттен үш бөлігін, шамамен жетпіс бес жылын меншіктенген кеңестік заманда қалыптасқан ұрпақтың бойында қазіргі пайымға түсініксіз болып көрінетін қасиеттер мол болса, оны тек әдебиетке ғана жабудың еш реті жоқ. Өйткені, ол заманда да бойы арба күпшегінен асқан балалардың барлығы бірдей одан әрі роман жастанып, ұйқысын повестпен ашып кеткен ештеңесі жоқ-ты. Оның үстіне, ең бастысы, КСРО заманында сананы тәуелді етудің түрлі қитұрқыларын ойлап тапқан мемлекеттік идеологиялық машина қалай жұмыс істегенін сол дәуірдің нанын жеп, суын ішкен екі адамның бірі жақсы біледі. Сол себепті, қазақ прозасы тұтас халықтың бойына (жекеленген адамдардың емес) қандай қасиеттерді сіңіргенін санамалап айтып беру оңайға соқпайды. Қазір де солай. Қазір де әдебиеттің халықты қалыптастырудағы ролін қалтқысыз баяндап беруден қиын ештеңе жоқ. Бұл ретте міндетті түрде дауға киліктіретін «әдебиеттің халықтығы» дейтін терминге әдейі соқпай
отырмын. Дегенмен, анығы сол, университеттегі бес жыл бойғы курстасым, қазіргі белгілі зерттеуші, эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың бір мақаласының атауында таңбаланғандай: «Зая» ұрпақ болса да, зая әдебиет болмайды».
Қазақ прозасының тап қазір қандай ойды басқарып отырғанын тап басып айту қолымнан келмейді екен. Ал жазушыларды, соның ішінде қазіргі прозашыларды жетекші ой иелері болу мәртебесінен ресми түрде ешкім алып тастаған жоқ. Бірақ сол жазушыларыңыз сол жетекші ойды айта ма, айтпай ма, бұл жағы тіпті бөлек мәселе. Бұлай қысқа қайыра сөйлейтін себебім, мысалы, мен шығармалары өзіме етене таныс Несіпбек Дәутайұлы мен Мархабат Байғұттың, Жұмабай Шаштайұлы мен Әлібек Асқаровтың, Серік Асылбекұлы мен Рахымжан Отарбаевтың соңынан ерген прозашыларды, өтірік жақауратып қайтемін, аса жүйелей оқып қарық қыла қойғам жоқ. Бұны бір десеңіз, екіншіден, бұл тарапта толыққанды пікір айту зерделі сыншыларға лайық іс болар еді. Өйткені, кез келген жаңа формация тіршіліктің басқа салалары тәрізді әдебиетке де жаңалық енгізеді, жаңа ағымдар немесе жаңа ағымдардың элементтері пайда болады. Ал бұндай өзгерістердің пайдасы мен зияны әлбетте біліктілікпен талдауды (білімділікті тықпалауды емес) талап етеді. Мысалы, күрт азайып кеткен, солай болуға тиісті де (енді қайтадан көбеюі тіпті де неғайбыл) оқырманды жоқтаудың себептері мен салдарлары да, бір есептен, осылай анықталса керек.
Міне, осындай тосыннан киліккен түрлі жағдаяттарға байланысты, жасыратыны жоқ, кінәні тек қалам мен қағаздан ғана емес, басқа жақтан да іздеуге құлқымыз ауып тұратыны бар. Соның бір көрінісі — халықтың бар ықыласы мен қошеметі әншілерге ауып кеткенін күстәналау. Бұл, әрине, дерт, бұл дерттің зардаптарының айтылуының да кемдігі жоқ. Мысалы, әйтеуір ән салатындар мен әйтеуір ән есебіне жатқызылатын әуенсымақтарды насихаттау, шындығы керек, біз әңгімелеп отырған қазақ прозасы қалыптасқан жүз жылдың ішінде тап қазіргідей зор дәрежеге жете қойған жоқ еді. Міне, жетті. Үйіңіздегі теледидардың, көлігіңіздегі радиоңыздың бар шаруасы — осы.
Ал бұл қазаққа ғана тікелей жабысқан жеке вирус емес, индустриялық қоғамға кіріккен талай елдердің басында бар жағдай және тек бар болумен ғана тоқталмай, алуан түрлі әдіс-тәсілдермен дамып бара жатқан пәлекет. Технологиялық жетістіктерді бізден әлдеқайда бұрын мол пайдаланған батыс елдерінің білгірлері бұл туралы баяғыда дабыл қаққан. Бірақ дабыл қаққандарға, тіпті де ақымақ емес, оқыған-тоқығандары соншама мол идеологтар мен социологтар басу айтумен ғана шектелмей, электрондық төңкеріс әр үй мен әр бөлмеге, әр кабинетке кіретін телевизия мен радио, интернет арқылы біржола дерлік тоғышарлық мәдениет қалыптастыратынын баян етіп, көнсеңіз де, көнбесеңіз де, халқыңыз түптің түбінде тұтынушылық қоғамның мүшелеріне толықтай айналатынын (о, сақтай гөр!) теория жүзінде дәлелдеумен келе жатыр. Ұлтымызды мәнсіз дарақылыққа, сана мешеулігіне сүйрейтін жолдар соған қарағанда әлде де тарам-тарам болып әр қиырдан қосыла бере ме деген де қауіп ойламасқа амал кем.
Ешбір ісіне ішіңіз жылымайтын АҚШ-ыңызда да, қанша дегенмен де, осының да ақыр-соңын ойлайтын бастар бар екен. «Бір
ел — бір кітап» дейтін жобаны ойлап шығарған солар, америкалықтар. Солайша қазір біздің еліміз де жыл сайын бір кітапты жаппай оқуды дәстүрге айналдырды. Дегенмен, ертеректе бір жазушы ағамыздың «екі жүз километрге бір жарты не болсын» дегеніндей, бір елге бір кітап не болсын, әйтеуір сонда да көңілге демеу. Сол бір кітабымыз жүз кітапқа ұласқай.
Нұрлан ҚАМИ,
жазушы, драматург
«СӨЗ БҰЗЫЛДЫ, ЖАЗУШЫМ, ЖАУАБЫН БЕР!»
Неге қазақтың прозасы небәрі жүз-ақ жаста? Мүмкін «жазба проза» шығар? Әйтпесе, прозаның озық үлгісі біздің ертегілеріміз, аңыздарымыз, мақал-мәтелдеріміз, жұмбақтарымыз емес пе? Мұхтар Мағауиннің бір сөзін сәл түрлендіріп айтсақ, «халық бір жерге жиналайық, бәріміз бас қосып ертегі ойлап шығарайық деген жоқ», кезінде соның бәрінің авторы болды, халық қай кезде де дана, қазіргідей авторды емес, оның шығарған туындысын дәріптеді, соны кейінгіге жеткізді, ұмытылған авторлар сол шығармалары арқылы мәңгі жасап келеді, бас-басына атаулы рахмет естімесе де жанымызды байытып, сезімімізді ұштап, санамызды кеңейткені үшін бақи дүниеде сауабын алып жатыр.
Жазба прозаға келсек, халық жаппай сауаттанған соң, әрине, әдебиеттің атқарар міндеті орасан арта түсті. Бұл міндет – ең алдымен, жас ұрпақтың көркемдік әлемін қалыптастыру. Адам мен айуанның арасындағы айырмашылықтың бірі – көркемдікке ұмтылу, ондай құлшыныстың түпкі мұраты Алла-Тағаланы тануға барып тіреледі. Жаратқан жалғызды толық танып-білу мүмкін емес, бірақ адам баласы жасампаз болып жаралған, «мүмкін емеске қол созатын кеңкелесің мен емес» деп қол қусырып отырмайды, алға ұмтыла береді, адамзаттың табиғатпен бірге мәңгі жасайтын себебі де осы. Көркем туындының тілі шұрайлы, образы шынайы, рухы асқақ, ойы терең, сезімі таза болсын – міне, әдебиеттің халыққа берер, ұрпақтың бойына сіңірер мәйегі. Ал идея мен пәлсапа өмірдің мәні мен мазмұны тәрізді, қай кезде өмір сүріп, қандай мақсатқа ұмтылуыңа байланысты өзінен-өзі қалыптасатын немесе әдейі алдыңа бағдар етіп ұстайтын өзгермелі құндылықтардың қатарынан. Көкірекке түйген көркем шындығымды халықпен бөліссем деп талаптанған әр жазушы саналы түрде ме, өзі де түсінбестен бе – әйтеуір осы тұрғыда еңбектенеді. Ниет дұрыс, талап оң болғанмен шама-шарық деген өлшем бар, «самородный сары алтын» деп ұсынғанның бірқатары сарғылт жез немесе қара темір болып, уақыт-сыншы айналып қараймын дегенше бояуы оңып, тот басып, іске алғысыз болып қалатыны бар. Сондықтан қай жазушы мықты, қайсысы осал, кім қалады, кім кетеді, өзі ғана кетпей, өзімен бірге қара сөздің әрі мен нәрін қоса ала кетіп, артында қалған халықты, келер ұрпақты қан-қақсатпақ болып жүрген кім, қазақ байғұс оған не жазып қалыпты – соның бәрін қазіргі бірер тиынға жалданып, әлгі жазғыштың не табиғатында, не туындысында жоқ көркемдікті тауып, қолдан классик жасап жүрген жасанды сыншылар емес, шынайы сарапшылар анықтағаны жөн. Ондай сарабдалдар қазір арамызда болмай тұр, келешектен күтейік.
Проза да, сатира да, драма да, «сөз патшасы» – поэзия да ешқашан бастық болып көрген емес, ойды да, тойды да, басқаны да басқармайды. «Жетекші ой иелері» деген де қазақы ұғымға жат, жасанды тіркес, дегенмен мағынасын түсінуге болады. «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген сөз бар, күйініштен айтылған мақал. Ойлануға, ойын ортаға салуға әркім де хақылы, кейде сол ойыңыз біреулердің ойымен үндесіп жатады, ал егер көпшіліктің көкейінде жүрген пікірге сәйкес келе қалса «жетекші ой» дегеніңіз сол болуы мүмкін. Ондай ойды халыққа танымал, бұрыннан көзге түсіп жүрген адам айтса – би, көзге түсуді ұнатпайтын, қалың жұртшылыққа беймәлім біреу болса – құл. Құлдың сөзі кімге дәрі, жұрттың бәрі «аузы қисық болса да бай баласын» қолдайды, «жетекші ойдың иесі» қылып шығарады, сөйтіп өздері құлдыққа ұрынады. Құдайдың бір аты деп ұлықталатын халықтың тобырға айналуы осындай құлдық мінездің белең алуынан басталады. Әлгі мақал сондайға ұшырап қалмаңдар деп ұрпағына алдын-ала жасалған ескерту, ал оны қаншалықты ұғына алдық – бұл жағын әркімнің патша көңілі сараптап алсын.
Айтылған ойды ұғу үшін сананың сергектігі қажет, ал оны (сананы) түрткілеп отырмасаң қалғи бастайды, біртіндеп өмір-бақи ұйқылы-ояу жүретін маубасқа айналып кетуі ықтимал. Сондықтан құдіретті Құдай-Тағала халықтың санасы қалғымауын қадағалайтын қызметшіні де адамзатпен бірге жаратқан, ол – Ұлы мәртебелі өнер. Ең алдымен, Сөз өнері. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деген заман өтіп кетті, қазір «Сөз бұзылды, жазушым, жауабын бер!» дейтін кез. «Қазаннан қақпақ кеткесін» әшейінде қасиетті қара қазаннан аңқыған хош иіске елтіп, соған мас болып, әрісі сол қазанды қайнатқан аспазды дәріптеуге ғана жарайтын иттерден ұят кетіп, төбемізде тайраңдауына көндіккелі де біраз болыпты. Қайдағы әнші?! Сахнаға әнші шықпағалы қашан! Халық музыкасының уызына қанып, Шәмші мен Ілияның әнінен сусындап, Қайрат Байбосынов пен Гүлбаршын Ақпанованың дауысынан, орындау мәнерінен ләззат алып өскен ғазиз басым ылғи «жұлдыздардың» сахнада жылтылдап, қылтылдап, секеңдеп, тепеңдеп, екі иығын жұлып жеп айғайлауын, ойбайлауын, ақыруын, бақыруын, шыңғыруын, шырылдауын, қырылдауын, сыбырлауын ести-ести кеуіп қалған көнектей болғалы не заман.
Қазіргі «талғамды» солар қалыптастырып жатыр. Дұрысы, талғам атаулыны, өнердің табиғатын түсіну дегенді түбірімен құрту үшін жанталасып жүр. Өнер қазанының құлағын ұстаған «ұлт жанашырларын» солардың концертіне апарып қамап қояр ма еді.
Дайындаған
Айнара АШАНОВА.