ӨМІР КІЛТІ – БІЛІМДІЛЕРДЕ
Кез келген адам ештеңеден мұқтаждық көрмей, дәулетті өмір сүруді армандайды. Иә, бар болған, бай болған жақсы. Бірақ мол табысқа кенелу үшін алдымен бойымыздағы кертартпалық пен күдікшілдіктен арылуымыз керек. «Дүниеде кедейлік жоқ – өнерпазға» дегендей, қолынан іс келген адам ешкімнен қайыр күтіп отырмаса керек. О баста Құдай біреуді біреуден артық немесе кем қылып жаратпаған. Тек сол Алланың берген қабілеті мен икемін пенде қалай пайдаланғанына қарай ризық несібесін еншілемек. Демек, бай болу да, жарлы болу да, өз қолымызда. Осы орайда қазақстандық кәсіпкер Ахметбек Нұрсила мырзамен «Қазақ қайтсе байиды?» деген тақырыпта әңгіме-дүкен құрған едік.
– Қазақтың байлыққа деген көзқарасын кейінгі ұрпақ қалай түсінеді деп ойлайсыз?
– Халық бойындағы байлыққа, ақшаға деген теріс көзқарас кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан болатын. Революция уағында бір жерде айқай-шу болып жатыр дейді, сөйтсе бір дворян қызына: «Сыртқа шығып қарашы. Бұл не шу десе, қызы: «Қоғамда байлар болмасын деп көтеріліс жасап жатыр», – депті. Сонда әкесі «Ойпыр-ай, қоғамда кедей болмасын деудің орнына бай болмасын дегендері қалай?», – деп таңқалыпты. Ақыры сондай ұранмен байлардың тұқымын құртты. Олардың мүлкін талан-таражға салды. Біразын Сібірге айдады. Ең ақырында үкімет басына тақыр кедейлер келді. Соның салдарынан адамдардың байлыққа, жақсы тұрмысы бар адамдарға, ақшаға деген көзқарастары өзгерді. Ал шындығында Құдайдың берген қысқа ғұмырында әрбір адам дені сау болып, білім алып, еш нәрседен таршылық көрмей, бай-қуатты өмір сүруі тиіс. Яғни байлыққа, барлыққа, дүниеге, кәсіпке деген халық пікірін толық өзгерту керек деп ойлаймын. «Атадан ұл туса – құл болам деп тумайды, анадан қыз туса – күң болам деп тумайды» дегенді айтқан қазақ ертеден-ақ ұрпағының бай болғанын қалаған. Жалпы, біздің қоғамда кедей адамдар болмауға тиіс. Дені сау, он екі мүшесі түгел адам біреуге алақан жайып отырмауы керек. Абай: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?», – дейді. Дәулетті адамдарды қайырымды немесе қайырымсыз дей алмаймыз. Себебі, Қазақстанда адамдар бай болмаса да, орта жағдайда өмір сүре алады. Адам өзін-өзі асырай алатын деңгейге жеткен кезде басқаларына көмек қолын созуға тырысуы тиіс. Жарлы-жақыбайларға, мүгедектерге қайырымдылық жасағаны жөн, бірақ дені сау, тепсе темір үзетін азаматтарға берген ақша оларға дүние болмайды. Қазақтың «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген сөзінің түп-төркіні осыған саятын секілді. Америкада кедей адамдардың санын азайту үшін үй-күйі жоқ жандарға тегін баспана салып, барлық жағдайын жасап берген. Бірақ олар сол үйге көшіп келгеннен кейін бұл орын нашақорлардың, маскүнемдердің ордасына айналыпты. Үйдің кіреберісіндегі қабырғаларға әр түрлі жазулар жазылып, терезелер шағылып, өте лас күйге түскен. Ақырында бірнеше жылдан соң ол үйді бұзып, түп орнымен жоқ қылған көрінеді. Осылай эксперимент жасау арқылы егер адамдардың өзін-өзі басқару қабілеті қалыптаспаған болса, онда ешбір көмектің пайдасы тимейтінін дәлелдеген. Швеция сияқты дамыған елдерде сексен пайыз халық орта жағдайда өмір сүреді. Олардың қатарына басында баспанасы, астында көлігі, алдында ішіп-жемі жеткілікті, жылда демалысты басқа елдерде өткізуге мүмкіндігі бар адамдар жатады. Сондықтан біреу келіп маған қашан көмектеседі деп емес, мен де өзіме жағдай жасай аламын деп алға ұмтылуымыз керек.
– Біз қай салада болса да шетелдік мамандардың көмегіне иек артамыз. Солардың берген кеңестері арқылы өз ойымызды іске асыруға талпынамыз. Тәуекелге баруға неге жүрексінеміз? Қорқақтай беруіміздің себебі неде?
– Оның себебі, мидағы кісенде. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге»,– деп Бұқар жырау айтқандай, адамның ойлау жүйесі де атадан балаға беріледі. Кешегі кеңес өкіметінен кейін де төрт ұрпақ ауысты. Соның өзінде біздің халық әлі баяғы санадан арыла алмай отыр. Ол кезде ата-ана балаға «өкімет өлтірмейді. Бір жерге барып жалданып жұмыс жаса. Әйтеуір бір оқу бітіріп ал», – деп тәрбие берген. Сондықтан да біз көп жағдайда тәуекелге баруға, жауапкершілікті өз мойнымызға алуға жүрексінеміз. Ойлау жүйеміз бір шеңбердің ішінде ғана қалыптасқан. Одан асып, өз бетімізбен әрекет жасауға бармауымыздың себебі осында. Егер адам белгілі қалыпта ғана өмір сүріп үйренген болса, сол ыңғайлы болып табылады. Одан шығып шамадан тыс энергия жұмсауға өзін-өзі аяп тұрады. Ми да артық энергия бөлуге автоматты түрде тежеу жасап отырады. Мәселен, кейбір адамдар басына қиын іс түсіп, қайғырған кезде, ауырғанда жүдеп кетеді. Себебі, миға шамадан тыс қысым жасалады да адамның энергиясын жеп қояды. Осындай биологиялық ерекшеліктерге байланысты да адамдарда «қорқақтық» деген қасиет басым болады. Сондықтан біз тек қана «ыңғайлы аймақта» отыра бермей, ойлау жүйемізді өзгертуіміз керек.
– Біздің елде жұмыссыздардың саны өте көп. Соған қарамастан отандық кәсіпкерлер Өзбекстаннан, Қытайдан, Қырғызстаннан, т.б. елдерден келген азаматтарға жұмыс беріп, соларға қаржы жұмсайды. Қазақ жастары да өте қабілетті емес пе? Неге оларды еңбекке баулымаймыз?
– Иә, қазір біздің елімізге келіп тіл білмей, жеріміздің қасиетін білмей пайда тауып жүрген пысықайлар өте көп. Біздің жерасты байлығымыз бағымыз емес, керісінше сорымызға айналды. Ғалымдар дәлелдеген «Голландская болезнь» деген термин бар. Голландияда жер асты қазбаларына өте бай болғандықтан мұғалімдердің, полиция қызметкерлерінің, басқа да салаларда жұмыс жасайтын адамдардың жалақысы жоғары болған. Оларда дәл біздегідей өздерін қинап, шаршап-шалдығып еңбек етуге құлықсыздық танытқандықтан, шетелдік эмигранттар келіп жалданып жұмыс жасаған. Ал жерасты байлығы біткеннен кейін Голландия үлкен дағдарысқа ұшырады. Өйткені, ол елдің халқы жұмыс істеуден шығып қалған. Яғни жұмысқа деген икемділіктері азайып кеткен. Мен өзім мал ұстаумен айналыспақшы болып, малшы іздегенде мал бағатын бірде-бір қазақ таппадым. Өйткені, қазақ ағайын-туғанының көмегіне арқа сүйеп, одан қала берді үкіметтен төленетін зейнетақыға үміт артып үйреніп қалған. Қысқасы, біз бойға сіңген жалқаулықты жеңе алмай отырмыз. Ал қырғыздар өте еңбекқор халық. Соның нәтижесінде Қырғызстан бізден біршама озып бара жатқан секілді.
– Бұрынғы байлар байыса мектеп ашатын, мешіт салатын. Бүгінгі кәсіпкерлер ел игілігіне жарайтын қандай іс атқарып жүр деп ойлайсыз?
– Байыса мешіт салу керек деген пікірмен мен келіспеймін. Дінге қарсы емеспін. Бірақ Оңтүстік Қазақстанда мектептің санынан мешіттің саны көбейіп кетті. Сол мешіттерде отырған имамдардың барлығы да халықты имандылыққа тәрбиелеп отыр деп айта алмаймын. Одан да егер қаржы жұмсап, елге көмек көрсететін болсақ, білім ордаларын салғанымыз абзал. Біз білімнен кешін қалудамыз. Қытай халқы «Қарны аш адамға балық берме, сен оған қармақ бер де балық ұстауды үйрет. Оған тамақ беріп, бір күн тойдырғанша, өмір бойы өзін асырауға тәрбиеле», – дейді. Сондықтан басқалардан бір саты алдыға шығып, кәсібіңді дөңгелеткен болсаң, елді уақытша жарылқамай, оған ешкімге алақан жаймай өз күнін көріп кетуді үйреткені жөн деп ойлаймын. Үкімет тарапынан беріліп жатқан субсидиялар мен жеңілдіктердің де еш пайдасы жоқ. Адам жеңіл ақшаға, жеңіл табысқа тез үйренеді де соны үнемі басқалардан талап етіп отырады. Ежелден қанымызға сіңген мал өсіруден де, сүт өндіруден де артта қалдық. Еуропа мен Американы айтпағанда Беларуссия мен Украинадан жүз жылға кейін қалып қалдық. Еуропаның, Украинаның бір жасар, яғни он төрт айлық бұзауы 450 кг. салмақ артса, біздің бұзауларымыз жүз кг.-ға да жетпейді. Сиырлары 30-50 литр сүт берсе, біздің сиырлар 10-15-ақ литр сүт береді. Сондай-ақ, еттің көп мөлшерін шетелден әкелуге мәжбүрміз. Қазір бүкіл ресторандарда, ет комбинаттарында Аргентинадан, Бразилиядан әкелінген еттерді қолдануда. Сүтіміз Қырғызстаннан, Беларуссиядан келеді. Сондықтан бізге жұмыс істеудің тетігін үйрететін курстар керек. Шетелдерге жіберіп, өзіміздің мамандардың біліктілігін көтерсе жақсы болар еді. Әрбір қалада, ауылдарда кәсіпкерлерді дайындайтын арнайы мектептерді көбірек ашуымыз керек. Онда дәріс беретін адамдар өмірі кәсіп істеп көрмеген жоғары оқу орнының ұстаздары емес, ірі кәсіппен айналысып жүрген бизнес өкілдері болуға тиіс. Сонда елімізде кәсіпкерлер көбейер еді. Себебі, мемлекетті асырайтын, бюджетке ақша құятын – кәсіп.
– Кез келген адам бай болғысы келеді. Бір іс бастауды ойлап жүреді. Бірақ соның тетігін таба алмайтын секілді. Болашақта бизнеспен айналысқысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?
– «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөз тегін емес. Қазіргі заман білімділердің заманы. Жоғары жетістікке жету үшін адамға біліммен қоса адамгершілік, адалдық, төзімділік, имандылық секілді қасиеттер өте қажет. Адам бір кәсіппен айналысу үшін өзінің неге икемі бар екенін анықтап алғаны жөн. Сонымен қатар, қандай кәсіпке деген сұраныс жоғары, қандай бизнесте бәсеке аздау болады соны ескерген дұрыс. Мәселен, компьютер жөндейтін орындарда, көлік жөндейтін ірі орталықтарда ылғи өзге ұлт өкілдерін көресіз. Қазақтарды шанда ғана кездестіруіңіз мүмкін. Мен жақында интернет-маркетинг, менеджер керек деп хабарлама бердім. Сонда бір айдың көлемінде бірде-бір қазақ азаматын таба алмадым. Бұл мамандықтардың төлемақысы өте жоғары. Осы себептен мамандық таңдауға да жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.
Болашақта бизнеспен айналысқысы келетін адамдарға заман қайда бара жатыр, сол көштің соңынан қалмай, ілесіп отыруы керек дер едім. Кәсіпкер болғысы келетін адам әлемдік бизнесмендердің жазғандарын, бизнес жоспарын көп оқуға тиіс. Іскерлік адамнан табандылықты, төзімділікті қажет етеді. Адамды Құдай о баста жаратқанда қарым-қабілеттен құралақан қалдырмаған. Әркімнің әйтеуір бір іске икемі болатыны сондықтан. Соны әрі қарай дамытып, басқаларға көрсете білу керек. Алланың берген қабілетін тиімді пайдалануды үйренгеніміз дұрыс.
– Жастарға экономикалық тәрбие беру үшін қандай ұстанымды ұстанған жөн деп ойлайсыз?
– Біз экономикалық тәрбиені мектеп жасынан бастауымыз керек. Өкінішке қарай біздің елде кәсіп жасауды, бизнеспен айналысуды, экономикалық категориямен ойлауды мектеп тұрмақ, жоғары оқу орындарында да оқытпайды. Адам өзін асырап, жақсы табыс табуы үшін өз-өзіне жұмыс жасап үйренуі керек. Ол үшін заманға сай білім алып, не өндіру тиімді, немен шұғылданған дұрыс деген сұрақтарға жауап іздегені жөн. Әр ата-ана балаға жастайынан оның неге икемі барын аңғарып, сол қасиетін ұштай түскені абзал. Егер сіздің қолыңыздан елдің пайдасына жарайтын бір іс келетін болса, оны халыққа дәлелдеңіз. Біреулер қоғам әділетсіз дейді. Бірақ мен олай ойламаймын. Себебі, өмір тек еңбексүйгіштерді, төзімділерді, білімділерді жақсы көреді. Қазақ «Еңбекке қарай құрмет, Жасына қарай ізет» деп бекер айтпаған.
– Қазақтың алғашқы романының жазылуына түрткі болып, бәйге жариялаған да қазақ байлары еді. Бүгінгі қалталы азаматтардан руханиятқа бетбұрыс байқала ма?
– Иә, сұрағыңыз орынды. Қазір біздің сонау арғы ата-бабамыздан қалған маржан жырларымыз, ән-күйіміз күресінде жатыр. Ал екі нотадан тұратын, ешқандай мағынасы жоқ арзан музыка сиқы жоқ бірдеңелер сахна төрінде жүр. Осыған қарап қазақ талғамының соншалықты төмендеп кеткенін аңғаруға болады. Біздің ең бір кемшін тұсымыз– дарақылығымыз. Кезінде ақындарымыздың бірі:
Сенде жоқ қулық-сұмдық, тәсіл-айла,
Жаралғаннан іздемедің байлық, пайда.
Мырзалық пен қонақжайлық сорың болып,
Сүйегің қалар ма екен құм мен сайда, – деп жырлаған екен. 1930 жылдары қазақтардың сүйегі сол азамат айтқандай, құм мен сайда қалды. Қазір елдің есіл-дерті спортта. Біреу жұдырықтасса, біз соған бөркімізді аспанға атып, мәз боламыз. Ал ол сол жұдырықпен халықты асырай ма? Үй-күйі жоқ, баспана аламыз деп үкіметтен алған қарызын өтей алмай, тепеңдеп жүрген халыққа сол спортшының пайдасы тие ме? Өзге ұлттардың бітімі еркек пішіндес штангист қыздарын жиып алып, соларға қыруар ақша беріп жатырмыз. Оларға тек ақша жұмсап жатқан жоқпыз, өсіп келе жатқан балалардың психологиясына кері әсер тигізіп отырмыз. Қазір кішкене балалардан «кім боласың?» деп сұраса, «штангист болам», «боксер болам», «әнші болам» деп жауап береді. Ал енді біреуді соғып, қан-жоса қылатын, жас қыздарды ерге тән қылықтарға әуестендіретін әрекеттерді қолдай берсек, ертеңіміз қандай болмақ? Мықты мемлекет болу үшін жүйелі де көреген саясат пен экономика керек.
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып, гөләйттап,
Қызықпен жүріп жазды алған, – біздің қазіргі жағдайымыз осындай. Күз түсті, біз әлі ән салып жүрміз. «Күз» дегенде табиғаттың мезгілін айтып отырған жоқпын. Мен «экономикалық күзді» меңзеп отырмын. Жерасты байлығымызға сеніп отыра беруге болмайды. Оның да заманы өтіп бара жатыр. Енді бір отыз жылдан кейін мұнай мен газдың құны көк тиын болуы мүмкін. Сол кезде Қазақстан қалай күн көреді? Ұрпағымызды немен асыраймыз? Бюджетті қалай толтырамыз? Міне, осы мәселелер жайлы алдын ала ойлануымыз керек. Алыс елді мекендердегі қарапайым халықтың жағдайы қалай болмақ? Тек көз алдымыздағы қызыл-жасыл дүниеге мастанып өмір сүрудеміз. Елімізде ірі-ірі меценаттар көп. Бірақ солардың ішінде ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, оларды сақтауға қаражат жұмсап жүргендері саусақпен санарлықтай ғана.
– Сіз Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндіктер көп, бірақ қиындықтар да бар дедіңіз…
– Кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы мемлекеттің бірі – қазақстан дер едім. Неге десеңіз, бізде бәсекелестік Еуропаға, Жапонияға, Қытайға, Түркияға қарағанда жүз-екі жүз есе, тіпті бес жүз есе кем. Кез келген қазақ басқа елдерге барып кәсіп бастап көрсін, сол кезде нағыз бәсекелестіктің қандай болатынын сезінеді. Егер біздің елде кәсіп жасау қиын болса, шетелдерден ондаған, мыңдаған адамдар келмеуші еді. Ал қиындықтарға келетін болсақ, бізде кәсіпкерлерге берілетін несие пайызының жоғарылығы жағдайды қиындатады. Қытайда кәсіп бастайтын болсаң, үкімет тарапынан көп жеңілдіктер қарастырылған. Несиелердің пайызы да қанағаттанарлықтай. Түрік ағайындар қазақтарға айтады екен: «Сендер кәсіп бастауға келгенде өте ақылдысыңдар. Жүз ойланып, мың толғанасыңдар. Ал біз ол уақытта істі бастап кетеміз», – деп. Сол айтқандай, адамда тәуекелшілдік қасиет басым болуы тиіс. Қазақта «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген сөз бар. Сол секілді, салықтан, қаржы полициясынан, т.б. қорқып, бола ма, болмай ма деп үрейге берілмей, сенімді түрде алға қадам басуымыз керек.
– Бай болу үшін үнемшіл болған жөн бе, әлде жомарт болған дұрыс па? Жалпы, ақшаны қалай жұмсау керек?
– Кәсіптен түскен пайданың жиырма пайызын ғана алып, ішіп-жеміне, киім, көлік алуға, үй алуға жұмсау керек те, қалғанын айналымдағы ақшаның көлемін үлкейтуге жұмсаған дұрыс. Кәсіпте кейде алға жылжисың, кейде құлдилайсың. Бір орында тұру мүмкін емес. Үнемі бәсекелестікте жүресің. Бүгін сен басқалардан алда болсаң, ертең басқалар сенің алдыңа шығады. Сондықтан үнемі алға жылжуды көздеу керек. Ол үшін шығарған өніміңіздің сапасын арттырып, оны халыққа жеткізу жолын жеңілдетуді ойлаңыз. Кәсіпкердің маңайында жақсы, білікті мамандар болуға тиіс. Адам ешқашан үнемдеп байымайды. Әлемге әйгілі кәсіпкерлердің өмірбаянын оқысаңыз, олардың әрқайсысы кемінде төрт-бес рет банкротқа ұшыраған. Сондықтан ақшаға жеңілірек қарамай, үнемдеп ұстайтын болса, кәсібі құлдырап, миллиондарын жоғалтқанда жүрек талмасына ұшырауы немесе психологиялық әлсіздік танытуы мүмкін. Ақшаға өмірдің мәні деп емес, қажеттілікті өтейтін құрал ретінде қарау керек. Капиталды жиғанда байысам деп емес, елге еңбегімнің жемісін жегізсем, соңыма із қалдырсам деп ойлаған дұрыс. Тек ақша үшін жұмыс жасайтын адам бақытты болмайды. Өйткені, оның алдында одан гөрі ақшасы көп, одан гөрі бай адам елестеп тұрады. Сондықтан ондай кісінің өмірінде де, жүрегінде де тыныштық болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлім СЫДЫҚОВА.