СҰЛТАНӘЛІНІҢ СЫР БОЙЫНДАҒЫ МЕРЕЙТОЙЫ
04.11.2016
1408
0

14642269_1789376967967534_2271648371140194761_nДүниежүзі қазақтары Қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы-драматург, профессор Сұлтанәлі Балғабаев жақында ғана Алматы қаласында 70 жасқа толған мерейтойын салтанатпен атап өткен еді. Қаламгердің бұл мерейтойы енді туған жері – Сыр бойында қазан айының 24-26 күндері одан әрі жалғасты. Мерейтой Қызылорда облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы университеттің Студенттер сарайында «Сұлтанәлі Балғабаев – драматург, жазушы, публицист» атты ғылыми-танымдық конференциямен басталды.

Жиынды облыс әкімінің орын­басары Руслан Рүстемов ашып, қаламгерге Сыр елінің мә­дени-рухани дамуына қосқан үле­­сі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасын тапсырды.

Конференцияда осы мерейтой­ға оңтүстік астанадан арнайы кел­ген Алматы қалалық Тілдерді да­мыту, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетов, Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Қызылорда об­лыс­тық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітова, Қо­р­­қыт Ата атындағы универ­ситет­тің ғалымдары, филология ғылым­да­ры­ның кандидаттары Алдажар Әбі­лов, Айман Айтбаева, Гүлмира Әшір­бекова С.Балғабаевтың қа­ламгерлігі мен қайраткерлігін жан-жақты талдап, баяндамалар жасады. Қорқыт Ата универ­си­те­ті­нің бірінші проректоры Абайбек Жүнісов мерейтой иесіне осы уни­вер­ситеттің «Алтын медалін» тап­сыр­ды.

С.Балғабаевтың 70 жылдық ме­рейтойы бұдан әрі өзі туып-өс­кен Сұлутөбе ауылдық округінің ор­тал­ығындағы Мәдениет үйі мен «1 мамыр» ауылындағы №40 орта мек­тепте жалғасты.

Мәдениет үйінде «Өмірі де, өнері де – өнеге» атты тақырыппен өткен салтанатты жиынды Шиелі ау­данының әкімі Қайратбек Сәр­сенбаев ашып, қаламгерге «Ыбы­рай Жақаев – 125 жыл» медалін тапсырып, басқа да сый-сияпат жа­сады. Сондай-ақ, қаламгердің жер­лестері мерейтой иесіне арнап жы­лы лебіздерін білдіріп, об­лыс­тық филармония мен аудан орта­лы­ғынан келген өнер шеберлері ән­нен шашу шашты.

Мерейтой иесі осыдан 52 жыл бұрын бітірген № 40 орта мектеп­те­гі «Даланы сағынатын дара тұл­ға» атты шығармашылық кездесуде де. С.Балғабаевтың қаламгерлік, қай­раткерлік өмір жолы жан-жақ­ты сөз болды. Кездесуде мектеп оқу­шылары С.Балғабаевтың осы ауыл­да туып-өсіп, үлкен өмірге қа­­дам басуы жөнінде шағын қойы­лым көрсетіп, шығарма­ла­ры­нан үзінді орындады.

Мерейтой барысында С.Бал­ға­баев атақты Оразай ишанның ке­сенесіне барып, аруақтарға құ­ран бағыштап, «1 мамыр» ауы­лын­дағы Мұстафа Шоқай меші­тін­де ата-бабаларға арнап үлкен ас бер­ді.

Мерейтойға орай Қызылорда об­лыстық Н.Бекежанов атындағы театр Сұлутөбедегі мәдениет үйін­де қаламгердің «Ең әдемі келін­шек» пьесасы бойынша сахна­лан­ған жаңа қойылымды жұртшылық на­зарына ұсынды.Қойылымның соңында С.Балғабаев мерейтойын өт­кізуге қолдау көрсеткен барлық жер­лестеріне шын жүректен ри­за­ш­ылық білдіріп, соған орай ұзақ жыл­дардан бері шығармашылық са­лада тығыз байланыс жасап келе жатқан Н.Бекежанов атындағы театр­дың көркемдік жетекшісі, Қа­­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Хұсейн Әмір-Темірдің иы­ғына құрметпен шапан жапты.

Қаламгердің Сыр бойындағы мерейтойы «Сырдың сыршыл пер­­­зенті» атты тақырыппен көр­кем­сөз  оқу  байқауымен қоры­тын­дыланды. Бұл байқауға аудан­дағы он жеті мектеп пен Мәдениет үйі­нен үміткерлер қатысып, С.Бал­ға­баевтың өлеңдері мен про­залық шы­ғармаларынан  үзінділер оқып, сын­ға түсті. Байқау нәти­жесінде бас жүлдені Шиелі кенті­нен келген Әйгерім Ахметжанова, бірінші орынды Ақмая  ауылының өкілі Гүл­нәр  Дүйсебаева жеңіп алды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір