БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ
Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіповтің айтуынша, биылғы жылы орта мектепті 121 мың 90 түлек бітіріп, оның ішінде мемлекеттік грантқа түсуге 86 мың 991 түлек өтініш берген екен. Ал мемлекет тарапынан бар-жоғы 31 702 грант бөлініпті. Мемлекет тарапынан білім гранты аз болғанымен, мемлекеттік бағдарлама аясында жасалған жаңа қаржылық жобаларға назар аударар болсақ, Қазақстанда жоғары білім алудың жолы жылдан-жылға жеңілдей бастағанға ұқсайды…
Орта мектепті жыл сайын жүздеген түлек бітіргенімен, оның үштен бірі ғана мемлекеттік білім гранты есебінен оқи алады. Қалғандарына ЖОО мен колледждердің ақылы бөлімдеріне оқуға ұмтылуларына тура келеді. Әрине, соңғы жылдары ЖОО-лар мен колледждердегі оқу ақысы асажоғарылатыла қоймады десек те, кәсіби білім алу қомақты қаржыны қажет етеді. Осы мақсатта Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ата-аналардың балаларына лайықты жоғары білім алуы үшін қаржы жинауына жол ашып отыр. Яғни баласының болашағын ойлаған әрбір ата-ана қазақстандық «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «НұрБанк» АҚ және «ЦеснаБанк» АҚ секілді екінші деңгейлі банктерден білім депозитін ашуына болады.
Есте болса, 2011 жылғы Жолдауында Елбасы: «Қазақстандықтарда мемлекеттен пайыздық бонустар ала отырып, балаларын оқытуға қаржы жинаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуға тиіс», – деп атап өткен болатын. Осыдан кейін Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін әзірлеу ісін қолға алды. Халықаралық тәжірибе зерделенді, шет елдердегі халықтың пікірлері сараланды. Нәтижесінде 2013 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды.
Осы Заңның аясында бүгінде негізгі оператор болыпБілім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жұмыс істеуде.
Ал сол жылдың маусым айында «ТемірБанк» АҚ-ында бірінші депозит тіркелді. 2013 жылы мұндай депозиттердің саны бар-жоғы 700 ғана болса, биыл оның саны артып, 15,5 мың білім депозитіне дейін өскен.
Бұл депозиттер жүйесі салыстырмалы түрде алғанда, қолданылу қарапайымдылығымен қызықтырады. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бар-жоғы екі құжат – ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі ғана қажет. Бастапқы жарнаның сомасы әрбір орташа статистикалық отбасына қолжетімді және бар-жоғы 3 АЕК-ті құрайды. Бұл шамамен 6 000 теңге. Жарналар кезеңділігіне деген ешқандай тәуелділік жоқ, яғни әрбір салымшы өз депозитін қашан және қанша сомаға толтыратынын өзі шешеді. Әр банктің депозит бойынша 14% өз сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Сонымен қатар, жыл сайын банктің сыйақысын қосқандағы салымда жинақталған сомаға салымшының әлеуметтік жағдайына байланысты жылына 5% немесе 7% мөлшерде мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. 7% мөлшеріндегі көтеріңкі сыйлықақы жетім балаларға, мүгедек балаларға, сондай-ақ, көп балалы отбасылардан шыққан балалар мен аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан балаларға төленеді.
«Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен» атты республикалық акция аясында «Өзіңнен баста!» қайырымдылық жобасы басталып, «Бөбек» қоры 2014 жылы Балалар үйінің сегіз мыңға жуық тәрбиеленушісіне арнап 5 млрд. теңге көлемінде білім депозитін ашқан еді. Ал бұл Қазақстандағы жетім балалардың шамамен 90 пайызы мемлекеттік грантқа іліге алмаса да болашақта жоғары оқу орнында немесе колледждерде білім алуына мүмкіндігі бар деген сөз. Оның мақсаты – тек қарапайым азаматтарды ғана емес, сонымен бірге, бизнес-қоғамдастық өкілдерін, Қазақстанның көрнекті қайраткерлерін мұқтаж балаларға білім беру жинағын ашуға тарту. Аталған акцияға қазірдің өзінде көптеген азаматтар қатысып, балаларға білім беру депозиттерін ашты.
Қайырымдылық қорлары үшін мұндай депозиттер әрқашан да ашық. Демеушілермен жұмыс істейтін қайырымдылық қорлары есеп беру мәселесіне өте ұқыпты қарайды. Яғни олар түскен қаржыны кімге, қандай мақсатқа жұмсағаны жайында есеп берулері қажет. Ал білім беру депозитін ашқаннан кейін кез келген уақытта кімнің атына және қандай сомаға есепшот ашылғандығы жайында шынайы әрі толық есеп беріледі.
Білім депозитін ашқан ең белсенді өңірлер – Алматы, Астана және Оңтүстік Қазақстан облыстары екен. Сонымен қатар, оқуға қажетті ақшаның жартысы ғана жиналған жағдайлар да кездеседі. Мұндай жағдайда Қаржы орталығы кепіл болып, банктен елу пайыз қажетті қаражатты несиеге алып бере алады.
Соңғы деректер бойынша Білім беру жинақтау салымындарының жалпы сомасы үш банктің («Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «НұрБанк» АҚ және «ЦеснаБанк» АҚ) мәліметтерін қоса алғанда – 7,7 миллиард теңгеге жетті.
Ертеңнің кілті – білімде десек, лайықты білім алудың жолын бүгіннен қарастыру – болашақтың кепілі болмақ…
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.