ӘДЕБИЕТ ҚҰДІРЕТІНЕ БАС ИГЕН ҰСТАЗ-ҒАЛЫМ
«Мектептің жүрегі – мұғалім» дегенді соңғы жылдары жиірек айтатын болып жүрміз.
Иә, киелі де қасиетті мамандықты игеріп, шын болмысымен мұғалім бола білу көп адамның қолынан келе бермейді. Әрине, бұл мамандықты игеру талай тер төгіп, шынайы іздене, еңбектене білуді талап ететінін бәріміз де мойындаймыз. Ұлт болашағын ойласақ, сол болашақтың жастарын тәрбиелеу, салт-санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай сақтай біліп, бала бойына үнемі дарыта білу ізгілікті іс екенін мұғалімдеріміз жақсы түсінеді. Олар қашанда тектілік, әдептілік, жауапкершілік сынды асыл қасиеттерімізді бала бойына сіңіруде жылдар бойы аянбай еңбек етіп,шыдамдылық танытқанда ғана жеңіске жететіндіктеріне кәміл сенеді.
40 жылдан аса республикамыздың О.Жәутіков атындағы «физика-математика» мектебінде балалармен бірге жұмыс атқарып келе жатқан аяулы ұстаздарымыздың бірі – Сабурова Гүлшарбан Камылбайқызы. Ол Семей педагогикалық институтының филология факультетін өте жақсы аяқтап, алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болудан бастады (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылы). Жұмысқа келген жас қыз сол кезде-ақ өзін тек жақсы жақтарымен көрсете білді. Ол жаспын демей, мектепте өтетін бүкіл іс-шараға түгел араласа білді, өзіндік ой-пікірімен әріптестеріне үнемі үлгі болды. Жас ұстаздың өткізген әдебиет пен тіл сабақтарын оқушылары үнемі асыға күтті. Апайлары өткізген конференция-сабақ, диалог-сабақ, диспут-сабақ, т.б. олардың жүректеріне жол таба білді. Жаңалыққа жаны құштар ауыл балалары өз ұстаздарынан бір елі қалмай, достаса, сырласа білді. Жас маман педагогикалық институтта өз кезінде дәріс оқып, білім, тәрбие берген ғалым ұстаздарын құрметпен ерекше есіне алып, қашан да мақтан тұтатын. Сол уақытта Білім ордасында еңбек еткен ұстаздары: Л.Е.Малахова, Зоя Иосифовна Кременецкая,Г.М.Нестрова, Светлана Яковлевна Ордынец, т.б. болды. Олардың берген тәрбиесі, ғылым-білімі еш уақытта ұмтылмақ емес, жанымызға «таусылмайтын азық, рухани күш бола бермек» – деп Гүлшарбан үнемі еске алады.
Бүгінде, Гүлшарбан үшін ауылдан Алматыға ауысып, қызметке келгеннен сүйікті ұясына айналған республикалық физика-математика мектебі оның аса ыстық шаңырағына айналды.
Жас мұғалімнің қалыптасу, өсу жолды да тәжірибелі мұғалімдерден іздене жүріп, үйренуі де осы мектепте өтті.
Талай қиыншылықтармен бетпе-бет күресе жүріп, киелі физика-математика пәндері мен әдебиет пәнінің құдіреті оқушы жастар үшін өте бағалы екеніне көзін әбден жеткізді. Ол өз пәнінен сабақ бере жүріп, оқушының ойлау қабілетінің өсуіне, өзіндік пікірлерінің қалыптасуына жол сілтей жүріп, талмай ізденді. Оқыту-әдістемесінің қыр-сырын меңгерді. Ғылымға келу үшін де қаншама белестерді игерді, өмірден тәжірибе жинақтады. Педагогика ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болған Гүлшарбан Камылбайқызы қашан да өзі зерттеген ғылыми еңбектерінен тереңдете зерделеуден бір сәт те ажыраған емес.
Әсіресе, мектептің оқыту-әдістемесін байытуға өз үлесін мейлінше қосып, тың ой-пікірлерін енгізді. «Аударма шығармаларды оқыту», «Әдебиетті түсіне білудің жолдары», т.б. жарық көрген еңбектері осының айғағы.
Өзіміз куәсі болып, қатысқан сабағымызда ғалым-әдіскердің «салыстыру» әдісін өз дәрісінде үнемі ретімен пайдаланып, әдеби сұрақ-тапсырмалар мен әдеби жаттығуларды түрлендіре құбылтып, әр оқушыға ой тастайды, ізденуге бағыт беретіні көңілімізден шықты. Мәселен:
- Ұлттық әдебиетіміз, қазақ халқы, жалпы руханиятымыз туралы шетел ғалымдарының айтқан пікірлерінің мәнін қалай түсініп, бағалаймыз?
- Әдеби аударманың маңызын аша отырып, оның халықаралық байланыстағы қызметін шәкірттер зердесіне ұялату тәсілдері аса қызықты.
Осындай сұрақтар төңірегінде әңгімелесе отырып, оқушыларының бұл тақырыптарды қалай қабылдағанына да ерекше мән берді. Мысалы, Қазақстанның достық пен туысқандық, бауырмалдық бағытында жүргізіп отырған саясаты тәуелсіздік тұғырын баянды ету жолындағы ірі іс-шаралардың бірі екенін жан-жақты дәлелдеді.
Бірер мысалмен шектеле отырып біз Гүлшарбан Камылбайқызының атқарып жүрген қызметін әрқашан қуана құптаймыз. Ол ешуақытта болдым, толдым демей ізденуін жалғастырудан жалыққан емес. Әрі бәрін де ісімен дәлелдеуге дағдыланған.
Осындай ғалымның ЖОО-ға бармай мектептегі оқушылардың танымына нұр ұялатуға бар күш-жігерін арнауы – игілікті іс. Кейде шеберлік сыныптарда сабақ өткізуі де әріптестеріне үлгі-өнеге. Бір сабағында С.Есенин шығармаларын жатқа оқыса келесі кезекте М.Мұқағалидың жырларымен шәкірттерін қызықтыра сусындатады. Сөйтіп, мұғалім оқушыларының жан әлемімен қоса сырласады. Мұндай сабақтардың қатысушылар үшін де пайдасы зор. Оқушылар мәнерлеп жатқа оқуға төселеді. Әдебиет әлеміне еніп, поэзияны сүюге қадам басады.
Енді бірде өзіміз қатысқан сыныптан тыс оқу сабағында ұстаз ұлттық құндылықтар жайында сөз қозғап, оқушылардың ойлау жүйесіне ықпал етуін қадағалайды, соған лайық бағыт-бағдар береді. Біздің негізгі арманымыз – Мәңгілік ел орнату екенін жастарға барынша түсіндіре келе, ана тілін құрметтеуге, өз халқымыздың тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салт-санасын меңгеруге баулиды. Міне, бұл ұстаз әдістемесінің шынайы шеберлігі екені сөзсіз. Жас ұрпақты ұлтымыздың болашағы үшін күресуге дағдыландыру мұғалімдердің, ата-ананың, тәрбиешінің парызы екенін ұстаз-ғалым Гүлшарбан Камылбайқызы үнемі есінен шығарған емес.
Қазір өзі басқаратын «Данашым», «Келешек» мектебіндегі жұмыс істейтін мұғалімдердің біліктілігі жоғары екенін біз жақсы білеміз. Мысалы, Айгүл Бейісханқызы – математиканы өте терең игерген маман. Томскіде білім алып, ол бүгінде шәкірттер тәрбиелеудің үздік үлгісін көрсетуде. Бұл мектептердегі басты қағида – білімнің сапасын жоғарылату. Әдіскер-ғалым Гүлшарбан бар күш-қуатын шәкірт тәрбиесіне арнаған тағылымды ұстаз. Сондықтан да оқушылар оны құрмет тұтады. Өйткені, ол бергенінен берері мол маман. Әдебиеттен әдістемелік-оқу құралдарын шығару бүгінгі күн талабы. Әдістеме ілімінен ғылыми жұмыс қорғап, мектептен бір елі алшақтамай өз еңбегінің қиында қызықты жемісін шәкірттерімен бірге көру Гүлшарбан үшін үлкен бақыт. Республикамызда Г.Камылбайқызы сынды үлгі, өнеге иелері тым санаулы.
Демек, біздің тілегіміз:
Игере білдің қашан да асқар шыңды,
Өнеге еттің өмірге бар асылды.
Үлес қосып елімнің ертеңіне
Шалқар ғұмыр кешіңіз жарасымды, – деген ақын өлеңімен астасып жатқандай.
Төкен ЖҰМАЖАНОВА,
педагогика ғылымының докторы,
профессор.