ӨЛЕҢ СӨЗДІ ОҚУЛЫҚ
Белгілі ақын Аманғали Сұлтанның «Скифиада» атты қос томдығын қомақты көлемімен ғана емес, тақырыптық әрі көркемдік сипаттарымен де соңғы жылдары қазақ әдебиеті қорына қосылған елеулі шығармалар санатында тұруға лайық туынды деуге болады. Батыс Қазақстанда дүниеге келген ақын соңғы қырық жылға жуық уақыттан бері Ресейде, Мәскеу қаласында тұрады. Кеңес өкіметінің кестесі тарқағанша КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аппаратында жауапты қызметтер атқарды.
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымының докторы,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Журналистика академиясының академигі,
Ресей Аудармашылар одағының мүшесі
Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының түлегі Аманғали Сұлтан әр кезеңде жарық көрген «Талтүс», «Кең дала», «Айдын шалқар», «Жазғытұрым жаршысы» сияқты өлең жинақтары арқылы елге лирик ақын ретінде танымал. Бүгінде сексен жастың босағасынан аттағалы тұрған салиқалы ақын елден шалғай жүрсе де, атамекенін, ана тілін, ұлттық мәдениеті мен халықтық дәстүрін Ресей жұртшылығы арасында насихаттаудан танбай келе жатқан танымал ақсақалдардың бірі. Ресей қазақтарының қоғамдық ұйымдарының жұмысына, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің мәдени-гуманитарлық бағыттағы іс-шараларына белсене араласып, аталы сөзін айтып, баталы тілегін білдіріп жүрген белгілі отандасымыз. Ресей Жазушылар одағының мүшесі. Ол ұзақ уақыт бойғы шығармашылық ізденісінің нәтижесі ретінде бірер жыл бұрын «Скифиада» атты қос кітаптан (Мәскеу, 2012) тұратын тарихи дастанын оқырманға ұсынды. Тақырыпты зерттеу мен зерделеуге әрі жазу үдерісіне ширек ғасырдай ғұмырын жұмсаған ақынның басты кітабы деп санауға болатын бұл тарихи дастан осыдан 2600 жылдай бұрын бүгінгі Еуразия кеңістігінде өмір сүрген сақ-скиф тайпаларының жауынгер жасағының Таяу Шығысқа жасаған тарихтан белгілі айтулы жорығы жайын баяндайды. Осы тарихи оқиғаның негізінде ежелгі тайпа өкілдерінің тіршілік-тынысы, тұрмыс-салты сабақтас суреттеледі. Сақ жұртының өрлеу-өркендеу деңгейі көне өркениет (Мысыр, Қытай, Вавилония, Ассирия, Иудея-Израиль, Ұрарту, Элам, Грекия) өрісімен шендестіріле көрсетіледі. Дастан мазмұнынан көшпелі қауымға тән еркіндік пен құштарлықтың, адамгершілік пен адалдықтың, қаһармандық пен қайырымдылықтың, өршіл рухтың, өшпес тағзымның кіршіксіз көріністерін сезіне аламыз.
Жалпы, аталмыш дастанды бірнеше мәністе қарастыруға болады. Оның алғашқы мәні – «Қалың жұрттың басын қосқан ұлыстың / Айналаға аян аты Ақорда / Сол ұлыстың танытардай тынысын / Ақсампайдай кіндік мекен бар онда» деген беташар сөздерден аңғарылады. Ежелгі сақ жұрты үшін асыл мағынасы болған «Ақорда» мен бүгінгі таңдағы Ақорда сынды тәуелсіз елдің төрткүл дүниеге танымал қасиетті сарайы арасындағы атау ұқсастығы мен озық елдік мұраттың егіз жатқанын өлең жолы осылай сездіреді және дастанның екінші мәнін Аманғали Сұлтан сақтарының салт-санасындағы дала ізінің, қазақы мінездің: «Қонақ келсе, кедейі де ас берген / Жомарттықпен жалғыз атын жайратып /Табылса жан, айнымастай дос көрген/Бармақ қанын жұтысыпты, айғақ қып» деген секілді сөз үлгілерінен көре алсақ керек; сондай-ақ, тарихи шындықтың көркем шындыққа айналу үдерісін туындының үшінші мәні ретінде атай отырып, жалпы шығарманың шығауылында (алғы шебінде) сақ-скиф тайпаларының өз заманындағы атышулы жорығының көркем бейнеленуі тұрғанын түйсінген абзал. Дастанның зейін аударатын тағы бір тағылымы ретінде тарихи жер атауларының қайталанып жаңғыруын, автордың баламалық салмағы бар тың сөздерді тіл қолданысына енгізгенін айтуға болады.
Әрине, автордың ортақ ойының өзгермес өзегі – құжаттар мен жарияланымдарда «сақ жауынгері», «сақ сұлуы», т.б. деп, өзге жұртқа жұмбақтау болып көрсетілетін тарихи тұлғалардың түбі де, тамыры да Қазақ екенін баса көрсету һәм солай деп жарияға жар салу. Аманғали Сұлтан жазған «Скифиаданың» біз үшін қымбаттығы да осында. Аталған шығарманы өзімізді асқақтатудың, ата-бабамыздың абзал тарихынан, айнымас салты мен адал өмірінен өрілгенімізді мақтанышпен баяндаудың бір мысал-үлгісі деп қабылдайтынымыз сондықтан. Сонан да «Скифиаданы» өлең сөзбен өрнектелген тарих оқулығы тәрізді деп және бір мезірет білдірсек, бұдан шығарма мәртебесін әсте кемітпейтініміз хақ.
Аманғали ақынның толғауынша, ұлыстың басын қосқан Ақорданың кіндік мекені – Ақсампай. Аталмыш сөз төркіні түсініксіздеу болғанымен, ол қазіргі Днепрь және Припять өзендерінің аралығындағы өңірді, елді мекен атауын және осындай өзенді білдіреді. Дастан-толғау ұшқынын осынау ескі жұрттан ұшырған ақын сақ өміріне тән «киіз үй», «шаңырақ», «сөзден ғана жығылу», «қара күшке дес бермеу», «аруақ сыйлау», т.б. осы секілді ұлттық ұғымдарды алға тарта отырып, скиф патшасы жер таянған жаста ұлыс басына түскен бір жәйтті – көрші киммерлер тайпасының мал-жанды олжалауға тап берген әділетсіз әрекетін суреттей өтеді. Жау шапты деп аттандап, дабыл қаға, кәрі шерді (арыстанды) сағалап, Ақордаға жеткен скиф жауынгерлері патша мінер Ақбоздың үстінен оның ұлы – адуын жас паралат (патша руының атауы), яки осы дастанның бас кейіпкері Мәдиді алғаш рет көреді. Кәрі әкесін жоқтатпай, салтанатты ақ сарайдан бес қаруын сайланып шыға келген тұңғыш ұлды нарттар (әйгілі жауынгерлер) бірден қостап, «Бапай» (скифтер пантеонындағы Бас құдай) деп ұрандаған қалың жасақ дауылпазын дабылдатып, ақинағын (семсер) асынып, жас қолбасшының соңынан ереді.
Жалпы, дастанның арқаулы сөзі патшазада Мәди бейнесімен тығыз бірлікте бекиді. Оқиғалар барысы да соның төңірегінен желіленіп, жетіліп отырады. Мысалы, Мәди алғаш қол бастап шайқасқа шыққан күні «айбалтасын бұлғаған, болат берені жарқылдаған» жас қыран Әди інісін – әкесінің жас тоқалдан туған баласын ұрыс үстінде көреді.
Ол да бойшаң, аққұба (бұл қарасұр),
Әлпеттес-ті, енді міне тағдырлас.
Деген осы-ау тамырда ортақ қан асыл,
Қары сынбай, қандас қапы қалдырмас!
Ағалы-іні қатар шапқан майданға,
Өзара, әсте, уәделесіп жатпастан.
Туыстықта артық айғақ болар ма?!
Екі жүрек бір намыспен шоқтасқан! – дейді ақын осы сәтті.
Дастанда бұдан кейін «ағасымен арасы жарассын деген үмітпенен ұқсас есімдер қойылған» Мәди-Әди туыстығының тіні ширатылады. Бас кейіпкер тұлғасының толысу үдерісі осы баяндаулар арқылы жүреді. Патша әкесі «бір жорықтан бөгде жұрттың бұлғақтаған сұлуын» әкеліпті. Мәди сол сұлудан туады. Ес біле келе анасының түр-түсі жұрттан өзгешелеу екенін һәм кейде түсініксіз тілде шүлдірлеп кететінін аңғарады. Елгезек ұлына анасы көп ұзамай сыр шертеді. Сөйтсе, ғаламды шарлаған әкесі бұған шешені шалғай шептен тауыпты. Анасының айтуымен, Мәди нағашы жұртының Субарум (Месопотамияның көне атауы) елі деп аталатынын, бұл арадан тым алыс жатқанын біледі.
Автор кейіпкер тұлғасын шыңдау мақсатында оның бойына Тұз ұлына тән қаһармандықты сіңіре отырып, рухани тұрғыда толысуын ана әңгімесі арқылы өрбітеді. Анасының атамекені Ашшур (Көне Таяу Шығыстағы мемлекет) елі, туған жері Велуша (Троя шаһарының басқаша атауы) кенті туралы, атасы мен әкесі (Ассирия мен Вавилония патшалары) жайында сағынышпен сөйлеген сөздері бала қыранның қиялын қайрап, қанаттандыра түседі.
Әр әңгіме, шешесі айтқан өзіне,
Әсерлі де соны сырға бөлейтін.
Бірде естіді мүлде жаңа сөзді де,
Мағынасы шоқпардай зіл – «заң» дейтін...
Соған ұқсас, бірақ басқа тілде ме,
Тағы да естіп деген сөзді «пәлсафа»,
Мағынасы ұнай қалып көңіліне,
Құлағына әуезі де жақты аса.
Қай сырдың да сезді жоғын артығы,
Өскен сайын арта түсіп құмары.
Шеше тілін үйренуге талпынды,
Аз еместей зердесіне тұнғаны, – дейді дастан жолдары бұл туралы. Сөйтіп, адамзат лексиконына Мұса пайғамбар (кейде Платон ойлап тапқан деп жазылады) енгізіпті-міс делінетін «заң» сияқты тосын сөзді түз түсінігімен «уәде» деп ұққан, эллинше айтылатын «пәлсафаны» «кемеңгерлікке іңкәрлік» деп қабылдаған жас батырдың ой-өрісі өскелең тәни тұлғасымен қатар жетіліп келе жатады. Алайда, екеуі екі қиырда өскен әке-шешесінің дәм-тұздары қалай жарасқаны өсе келе оны қызықтырмай қоймайды. Мұның соңы «ерте ақыл жиған перзенттен қиянаттай сыр жасырғысы келмеген» кіндік шешесінің қызық әңгімесіне ұласады. Сөйтсе… бүгінде «моп-момақан патшайым болып отырған анасы – бір кездегі патшаның тәкаппар қызы екен; тайпаның жүзіне еркек қараудан тайсақтаған тотайы екен; қарт әкесін тыңдамай, кезінде аға-інісімен патша тағына да таласқан екен». Кейінірек әкесінің патшалығын жат қосынның жаулау қатері төнгенде, нақ осы қыздың бір әрекеті тұтас елді шапқыншылықтан құтқарып қалады.
Ақ ту ұстап, ешкімді ертпей қасына,
Қолбасыға ол тура жалғыз барады.
Екеуінің кіргенін ақ шатырға
Шаһарлықтар көзбен ғана шалады.
Мұны қыздың әкесіне айтпастан,
Дымы ішінен, тек ақырын тосады.
Құтқарар ма, жоқ па қанды шайқастан
Әйел-елші… патшалықтың тотайы?
Бөгде елдің қолбасшысына (Мәдидің әкесі Бартатуа) ақ ту көтеріп, жалғыз барған сол қаса сұлу ақ шатырдан жат жерлік қаһарманмен қол ұстасып шығады, ал бұл туралы ақын былай сөйлейді:
Шақар сұлу сәтте бәрін ұмытып,
Бұдан былай түкке тұрмай тақталас,
Басқа сірә тайталаста шын ұтып,
Қолбасыға болып шыққан шүйкебас.
Сөйтіп, Ассархаддон патшаның үлкен қызы – Шеруа-этерат (жаңа есімі – Арая) Түз еліне келін болып түседі. Арада біраз уақыт өткенде жас келіншек арыстанша толғатып (көне дүниеде арыстан бір-ақ рет күшіктейді деген ұғым болған), екі түрлі ғаламды ұрпақтас қылып, жалғыз ұлы – Мәдиді дүниеге әкеледі. Патша қызы жалғызсырап жүрмесін деп елден бірге ере келген басқа да кент қыздары Түз ұрпағын көбейтіп, скиф жұртының жақсы келіндері атанады. Бірақ оларды патшайымының жалғыз ұлдан кейін бала көтермегені ойлантып жүреді. Арая да осы жәйттерді салмақтай келе, еріне түз ғұрпымен Нұрзия есімді жас келіншек әпереді. Әди осы Нұрзиядан туады. Ұмай әжеге сыйынып, Арая нәрестенің кіндігін кеседі. Ағайынды екі жігіт Мәди мен Әди скиф-сақ тарихы сахнасына осылай шығады. Автор ағалы-інілі қос батырды әр түрлі сын үстінде шыңдайды. Ең әуелі киммерлерге қарсы шайқаста майдан жеңісі арқылы жетілдіреді, кейін бейбіт өмірде ел басына түскен жұт жылғы іс-әрекеттері арқылы баяндайды. Сөйтіп, сақ ұланының ұлы жорық қарсаңындағы атағы мен қаһармандығы осылайша, бірте-бірте, іс-әрекет үстінде айқындала түседі.
Патшазада Мәдидің бала күнгі достары – Орақ, Сайдақ, Қайсар, Сапа, Баламбер; астына мінген аттары – Ақбоз, Тайбурыл, Құлагер. Жақ жасап, оқ жонуды мерген ағай Алғадай үйретеді. Ауыл сыртындағы алаңқай «Ақ алаң» деп аталған екен. Ұлыс қамын ойлайтын ұлы таластар осы жерде өтіпті. Сөз бастайтын Назарбек нарттың, Әминақ, Байқан нарттардың, Ер Аңсар, Ер Аян, ер Нарын сынды батырлардың тағылымын көріп өсіпті, бұл жас қыран.
Әрине, көлемді шығарманың тұтастай мазмұнын әрі қарай термелеудің қажеті бола қоймас. Оның үстіне біз бұл арада ежелгі тайпаның шығу тарихын тереңдеткелі не бұл жөнінде осы уақытқа дейін мәлім болған ғылыми тұжырымдарды түзеткелі отырғанымыз жоқ. Керісінше, скиф тұрпатын қазақ ұлтының болмыс-бітімімен байланыстыра жырлаған ақынның сол жұрт өмірінің тарихтың тереңінде сақталған елеулі ерлік-дерегін ел жүрегін тосқан творчестволық табысы жайында пікір білдіруге тырыстық. Өйткені, жекелеген жарияланымдарда осы «сақ» (парсы деректері бойынша) не «скиф» (грек деректері бойынша) атанып жүрген тайпалар бірлестігінің түріктік тегіне назар аудармау үрдісі байқалып келгені рас. Аманғали Сұлтанның дастаны, міне әдеби тұрғыда аталмыш үрдіс-үдерістердің бәріне нүкте қойып, скифтердің түркі текті қазақы жұрт екенін өз деңгейінде дәлелдеуге ұмтылған. Айталық, дастанда Қазығұрт тауы өз атымен аталады; Қара теңіз де, Каспий теңізі де кезінде «Скиф теңізі» деп аталған. Скифтерде күйеуге төс беру, әншіге таңдай беру, сондай-ақ, әмеңгерлік салты болған. Әдет-ғұрып, ырым-жора жағынан да байырғы қазақ тұрмысын елестете аламыз. Кейіннен қазақ этносының құрамына кірген бірқатар белгілі рулардың аттары да кездеспей қалмайды.
«Бір кісіден із қалады, екі адамнан сүрлеу түседі» деп ой тастайтын дастан тіліне жүгіне келе, енді саңылаулы сананы сергітетін соны сөз, жаңа деректер төңірегінде ой сабақтасақ дейміз. Өйткені, уақыт пен кеңістік аясындағы ақын қаламы скиф дәуірі тынысын дұрыс та иланымды ашу үшін сол заманның өз сөзін, өз атауын, өз адамын ортаға шығарады. Солардың бірқатары мынадай: аңыз бойынша скифтердің түпкі атасы әрі тұңғыш патшасы саналатын адамның аты – Тарғытай. Скиф жеріндегі, б.э.б. ІІ мыңжылдықтың басында салынған қала – Арқайым. Ра, Арағыс, Әкес – Еділ өзенінің, Дайық – Жайық өзенінің, Яксарт – Сырдарияның, Оқыс – Әмударияның, Кердері – Арал теңізінің, Сияқ-құқ – Маңғыстау түбегінің көне атауы; Тана су – қазіргі Қара теңіз. Бұдан басқа да тарихи жер-су, ру-тайпа аттарын дастан мазмұнынан көп кездестіруге болады, автор олардың бәріне де дәйекті түсінік беріп отырған.
Сондай-ақ, «берен», «дауылпаз», «кіре», «балбал», «тез», «сәукеле», «албар», «һауыз», «итарқа», «таутан», «дәріс», «кесене», т.б. осы сияқты бұрынғы-бүгінгі мағыналық қолданысы үндес жатқан жекелеген ұғымдармен қатар, аталмыш дастанда тіл өрісінде сирек ұшырасатын сөздердің тұтас бір тізбегі орныққанын айтқан жөн. Скиф жұрты әйгілі батырларын «нарт» деп атаған. «Нарт» жетіліп, қол бастайтын «алдар» болуды мақсат тұтқан. Сан мыңдаған адамның ішінен біреу ғана «алдар» атанатын болған. «Нарт» сөзі біздің тілімізде сын есім мағынасында (қып-қызыл, шымқай қызыл, албырау, т.б.) белгілі. «Алдар» сөзі ана тілімізде қазіргі қолданылып жүрген (алдау-арбау) мағынасынан мүлде бөлек. Соған қарағанда, скифтер заманында кең тараған «алдарды» бүгінгі «алдияр» сөзінің бастапқы айтылуы емес пе екен деп болжауға да негіз бар сияқты.
Ұлы жиын-кеңесті скифтер «нихас» деп атаған. Ұрыста қолға түскен олжа, әскери трофейді «алық» депті (Бүгінгі налог – салық, сбор – алым, пошлина – баж сияқты баламалардан алыс тұрған жоқ әрі терминжасам үдерісінде тарихи негізі бар қолданыс бола алар еді). Мұның «алапа» деген нұсқасы да кездеседі. Аюдың еркегін скиф жұрты «қожбан» депті. «Арман» сөзі де скифшеден нәр алады, ол ең беделді қауым қайраткері, саяси жетекші дегенді білдірген. Скифтерше, ең батагөй сыйлы жан – «бабасал», «абай» деп аталған. Рұқсатнама (пропуск) мағынасында қолданылған «пайза» сөзі бар. Әлемдегі ең ұшқыр құс – «сапсан» (Мәскеу мен Санкт-Петербург арасына қатынайтын жүрдек пойыздың «сапсан» аталатыны содан болса керек). Ал «бөрей» – солтүстіктің салқын желі. Ертегі-аңыздағы өліп, тірілетін феникс (бенну) құсыңыз скифтер атауында – «бану». Көне дүниенің мынадай: «мысқал», «сиқыл», «мина», «талант» деп аталатын салмақ өлшемдері болған. Үлкен жайдақ арбаны скифтер «рыйдуан» деген, бұл бүгінгі «ырдуан арба» екені сөзсіз.
Міне, дастанда осы тәріздес мысалдар аз емес. Автор мұндай тың қолданыстарды басқа сөз таба алмаған соң ортаға салып отырмағаны аян. Бұл ретте атап көрсетерлік жәйт – аталмыш сөздеріңіздің бір замандарда сақ-скифтің, яки қазақтың көкірегін қоныстанғаны, қолданысында болғаны, бірақ уақыт өте келе ұмытылғаны. Демек, «кейбір ақпарат-деректерді жылдап іздеген» (өз сөзі) ақын осындай қағаберіс қалған сөздерді халықтың өзіне қайтарып беріп отыр деуге болар еді.
Жинақтай келгенде, «Скифиада» алдымен көркем туынды; соған орай оның болмысы шығармашылық қиялдан қашық тұра алмайтыны белгілі. Шиеленісті жағдаяттар, композиялық құрылым, сюжеттік оралымдар автор еркіне сай жетілуі, әр түрлі көркемдік әдістер қолданылуы бек мүмкін және солай болуға тиіс те. Шығармашылық еңбек болған соң, туындының жетістігі мен жетпестігі қатар жүретіні белгілі. Демек, дастанды «ешбір міні жоқ» деп жосықсыз қисындай алмасақ керек. Алайда, осы жоралғылық жазбамыздағы лебізді сөзді мәселенің бұл жағына емес, қарт қаламгердің әділеттің ақ жолынан ауытқымай, тарихи деректерді тірілтіп, соның сараң әрі сирек мәліметтерін өлеңмен мәлімдеген миуалы еңбегіне, зерттеушілік қаламының зерделі қазақи қасиетіне жұртшылық назарын аударсақ дейміз. Кезінде Астанада, Алматыда, Мәскеуде өткен талқылау-таныстырылымдар барысында «Скифиаданың» жетістігі ретінде шынайы тарихи деректердің көптігі, олардың көркемдікпен сұрыпталып, сарапталғаны, автордың тақырыпқа кездейсоқ келмегені, оқиғаларды өз көзімен көргендей сенімді жырлайтын шеберлігі ілтипатпен аталып өткен-ді. Соған орай, өз тарапымыздан біз де осынау 25 тараудан тұратын, бес жүзге таяу кейіпкері бар күрделі шығарма б.э.д. YII-YIII ғасырдағы скифтердің тарихи жорығының сәулелі бір кезеңін суреттеу арқылы есте жоқ ескі дәуірді әдеби өмірге қайта әкелуімен құнды деп тұжырымдар едік. Жалпы, кәсіби жазушының көз майын тауыса төккен кез келген маңдай терін көре білу парыз. Әсіресе, елден шалғай жүрген қаламгер шығармашылығы атажұрттың жалғыз ауыз жылы сөзіне мұқтаждау болып келетіні рас. Мәскеуде тұратын қазақ ақыны Аманғали Сұлтанның қос томдық өлең сөзді оқулығын – «Скифиада» дастанын бастапқы зерделеуге деген біздік бұл талпыныс та сол ой-санада берік орнығуға лайық ізгі мақсаттан туған еді.