БАҚЫТ ЖЫРЫ
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ
Енді маған дүние туыс дәйім,
Бақытымды құшайын, уыстайын.
Құлағыңа сырымды сыбырлайын,
Ай астында мүлгіген күміс қайың.
Уыз шаттық ұйыды ұртқа бірден,
(Ұмыт енді қайғыны құлыпта мүлдем).
Ақ жауын боп төбемнен сібірлеп тұр,
Менің аппақ арманым бұлтқа мінген.
Жұрт аңырап таба алмай сенер себеп,
Маңдайымнан сүйеді жел еркелеп.
Табаныма төсейді жапырағын,
Есі шығып шулаған емен, терек.
Қосып бір сәт уақыттың көшіне дем,
Жыр өргіздім даламның төсіне кең.
Шын бақыттың дұғасын күбірледім,
Дүниеге дем салып есінеген.
Көзден қуып қайғының нұрын шаңыт,
Кісінейді кеудемде құлын-шабыт.
Сүю жайлы ақ жарма сыр айтайын,
Былдырлаған бұлақтың тілін табып.
Жаратылған сезіммен мүлдем ардан,
Көңілімде қуаныш бүрлер алуан.
Бақытымның шырынын бөліп берем,
Көбелекті ұстап ап гүлге қонған.
Түсінбеймін себебін өзім де ешбір,
Өтті қанша үдеріп көз ілмес түн.
Алматыға сен қайтып келген күні,
Дәл осындай алапат сезім кештім…
Түсінбеймін себебін өзім де ешбір.
ТУҒАН ДАЛАҒА ХАТ
Ат басын ақ сапарлы жолға бұрып,
Аттансаң қолтығыңнан қолдар үміт.
Кең дала көз алдыңда дөңгеленер,
Жортқанда бұйра құмда жорға мініп.
Атар күн аймаласа жүзін қырдың,
Оянар жүрегімнен үзім бір жыр.
Жетелер сағынышқа арманыңды,
Кірпігін күн қақтаған қызыл жыңғыл.
Көп ойлар көңіліме салады ақ таң,
Желдіртсем ен даланы аралап паң.
Тұрлаусыз дүниені ойға оралтар,
Шар қаңбақ жел ұшырып бара жатқан.
Елітіп мейірімге қанық көктем,
Самал жел сүйеді еппен танып беттен.
Түбінде тораңғының тұр үйездеп,
Қиялым кең далаға маңып кеткен.
Туған жер таусылмас жыр, таусылмас ән,
Сен десе бәсеңдеген даусым қашан.
Кеудемнен қайыру бермей қашқан өлең,
Құланның қағын иіскеп мауқын басар.
Тірлігім құйқылжытып сазын алуан,
Жолығар күлім қағып жазым алдан.
Әзірге жансерігім ащы жырым,
Түбінен боз жусанның қазып алған.
Өртеніп ғазиз жаным отқа небір,
Несіне жабырқайды жоққа көңіл.
Даламнан тағы мені барады алып,
Анамның тағдырындай соқпақ өмір.
ҚАРАША САПАРЫ
Қайтқан құстар қағады қанатын жай,
Дүбірлейді, дүрлігіп дала тынбай.
Елегізіп келемін, дене қызып,
Қарсы алдымнан сен күтіп алатындай.
Қала, міне, сабылған күнделікті ел,
(Күмілжумен жүремін күрмеліп мен).
Тұрағыңды айтардай түнде келіп,
Құлағыма күбірлеп бір көріпкел.
Арман жебеп жанымды асқақ тұнық,
Жолға шықсам жүйрік ат баптап мініп.
Жолымды ашып жіберсе жортар түні,
От айналып бақсылар сақ-сақ күліп.
Ай алқалы аруым күн сырғалы,
Құлазыған көңілге күлкің дәрі.
Тұман басқан жолдармен жөнелсем бір,
Арғымақтың астымда сусып жалы.
Ұрасы көп жолдардан жырасы көп,
Аман өтсем түндерде қара түнек.
Қыр басында көк бөрі ұлып қалса,
Сапарыма тәңірден дұға тілеп.
Күзгі шықтай мөлдіреп жерге сіңген,
Кетсем кезіп таулардың кеудесін кең.
Қарашада аттансам бір сапарға,
Келерім де белгісіз, келмесім де…
ТҮНГІ ЖАҢБЫР
Шөккен күн көтере алмай мүрдеңді ауыр,
Айнала қазып жатыр түннен қабір.
Сатырлап қара кеште қара аспаннан,
Адасып мынау қайдан жүрген жаңбыр.
Жүрісі хабар берген бір кесірден,
(Қарасаң жаңыласың мүлде есіңнен)
Сабалап қардың бетін бара жатыр,
Ауылдың тиген жаудай іргесінен.
Жұт дермін, апат дермін, бәле дермін,
(Қайтемін басылмаса ал егер бұл?)
Жауынға әлде нені күбірлейді,
Бұтағы діріл қағып кәрі еменнің.
Өзгеріп сала берді бірдемде өмір,
Жан бітіп нөсер алды түрленді өңір.
Адасқан жауынға еріп «кетем» дейді,
Алқынып, алақызып жүрген көңіл.
Айтасың қандай ақыл енді ағайын,
(Іс болсын әйтеуір түбі елге қайыр).
Жетіңдер көктемге ұшып үміттерім,
Ішінде қара түннің мен қалайын.
Апыр-ау, тағы ненің төркіні бұл,
Көңілдің басылмады-ау өрті құрғыр.
Адасып мынау қайдан жүрген жаңбыр,
Түн қатып аттарындай жортуылдың.
Наурызбек САРША
МЕЗГІЛ МЕЛАНХОЛИЯСЫ
Қала күзі,
Жаным нені жатсынды?
Әлденені аңсай ма әлде шалғайдан?
Шаңырағы қаңыраған қарт сынды,
Кәрі бақтың самайлары сарғайған.
Мұңға мен де маталдым…
Қоңыраулы қоңыр күз-ау, бұлты – Өлең!
Сенен есер қоңыр желді шаһардың
Алып-алып ғимараты бүркеген.
Көңілшек бұлтты Көк Аспан,
Мен де сенің жауа алмаған бұлтың ем.
Көкке асыққан о бастан
Мұңым да бар мың түмен…
Есі ақшаға ауған ел,
Есек аңдып есіріп жүр, не істейін?
Бұл қоғамға – саудагер
Менің мұңым – бес тиын!
Күл, мейлің.
Бүгін тағы Мұң тағында тақсырмын!
Қала күзі…
Неге екенін білмеймін,
Бүгін сені жатсындым.
КҮЗГІ ХАНДРА
Жүрегім менің сыздап алар-ды,
Дегбірімді алып дегдар мұң.
Жанымда жалғыз күз ғана қалды,
Жанында күздің мен қалдым.
Тыраулап көкте тырналар ұшқан,
Мейірін аңсап мекеннің.
Сағыныш дейтін мұңға қауышқан,
Жалғыз мен емес екенмін.
Тырналап көкті тыраула, құстар
Сағынышыңды сездірме.
Көңілдің бұлты жылауға құштар,
Онсыз да осы мезгілде.
Татқызыңдаршы еркіндік дәмін,
Қалқысын небір құс әні.
Мұңымның кетші, серпілтіп бәрін,
Шалқысын көңіл – құсалы.
Тұнжыр аспанды сазға бөлеңдер,
Арылсын сүркей түрінен.
Жапырақтарға жазған өлеңдер,
Оқылсын желдің үнімен.
Тыраулап көкте тырналар ұшқан,
Сендерге мендік жетер ме үн?!
Кеудемді менің тырналап ұшқан,
Сағынышымды не етермін?..
Айбол ИСЛАМҒАЛИЕВ
ІЗ
Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап,
сүрмелі көздердің ішінде өртенді.
…Қиялда – Версальды тербеткен мың гүлзар.
Даланы жалғыздық көмкерді.
Жалғыздық – емексіп, өрекпіп,
Ауада қалқыған өксіктің соңынан еруге асығар.
Кенет.
Күт.
Қорқыныш төгіліп қылқалам ұшынан
Адасқан қиялдың ішінде қан болып жосылар.
Әуейі желдерден ұшындық,
Әулекі бұлттардан ұшындық
Содан соң…
Үй Елесі жанымызды түске орап,
Бақидың суреттерінен үзілген
Қып-қызыл отқа сіңді.
Экран ішінде Эвтерпа зарығып,
Жанарында әкетті жоқ ғасырды.
Түн күлді тасадан,
Түн күлді тасадан
Құсни xаттарды ұшырып
Жетім үркердің қолымен.
Іргеден естілген көрбілте шақтардың үнінде
Маңдайымдағы жазуды көшірмек болды
өлі дем.
…Жаураған аспанның көзі ісіп,
Мұңды мелодиядан оянған үйдің шатырын тоқтаусыз қақты.
Есік алдында – ақ қанат көгершін,
Бер жағында көлеңке сұлап жатты…
«Қош» дей алмай,
Жетім ойларды құшаққа ап
Көнерген кітаптай түледім.
Ал, кейін
Қабырғада гүлдеген үрейдің
қабағында қатып қалғанымды білемін.
Үрке қарадық кімге?
Үрке қарадық неге?
…Қара ағаштың қауырсындары шашылып,
Жер ауыр күрсінді –
Мен де ауыр күрсіндім.
Сәби тұрды терезеге асылып,
Жол ауыр күрсінді.
Мен де ауыр күрсіндім…
ТҮН КЕШУ
Жолдан – сабыр сұрадым, құстан – қанат,
Жылағанда төбемнен мыстан қарап.
Жанарымнан жұлдыздар төгіледі
Қара түннің кеудесін құшқанда алап…
Еміреніп, егіліп көл толқиды,
Тебіреніп, төгіліп жел толқиды.
Есірік күй еңсемді езгілесе,
Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды.
Жалдамшы боп шығардай жаным сонда,
Алдамшы боп тұрардай сағым сонда.
Бір ғажайып сәуленің жоғалды ізі,
Үмітімді, қайтейін, шағылса ол да.
Үзілмеген түстерден таптым медет,
Гүл еркелеп, ішінде бақ гүлдеп ед(і).
Көлеңкеме қолымды созып тұрып,
Обалымның отына баттым кенет?!
Бетін жапқым келді ме күнәлі ойдың,
Бетім шаққың келді ме жыланы ойдың?!
Мынау шексіз ғаламның тақсіретін
Таспасына тағдырдың жылап ойдым.
Қайтара алмай аспанның жасын, отын.
Күрсініс боп төгілер қасіретім.
Мінәжатын оқимын сынған айдың
Жалғанбаған жолдардың басып өтін.
Сосын мені көтеріп дүрия аспан,
Табанымнан түрткелер дүлей асқан.
Сорлы ақынның маңдайын күнге таңып,
Қойынына әкетер дүния астам.
Алагөбе шақ келер Арды байлап,
(Алауыз таң тап келер қарғы байлап).
Арманымды Хақ көрер сонда менің
жалғыздығын отырған қалғып-ойлап…