«АВЕСТАДАН» АЗАТТЫҚТЫ АҢСАҒАН ЕЛГЕ ДЕЙІН
28.10.2016
2080
0

5cf394fc795df653a9473055db3Әлқисса…

Ұлы адамдар ұмытшақ келеді екен. Дәлелденген, дауласа көрмеңіз, өтініш… Ұмытшақ болғанда, қалай! Солай, енді… Кісіні қажытқан қаншама дүние қапталында бір белгісіздік бар. Ниц­шенің қайбір философиялық трактатын қайта қарап шыққанда Зәрдөшт – Заратустраның зары құлағымызға кеп, көзге жас алған ек. Бұған қоса, «Авестадағы»: «Кемел болыңдар!..» деген айқай-үндеуді де естігендей болдық. Біз ештеңе естіген жоқпыз!

Ұлы адамдар ұмытшақ келеді. Оны айттым, иә. Сол секілді, ұлы әдебиет те кей тұста өз маңындағыларды көре алмай қалатыны бар, таң қалмаңыз. Байырғы әдеби мұрасы бай болғанымен де, атын Әлемге әйгілей алмаған әдебиет бар және көп те. Соның бірі – күрд әдебиеті. Өзіміз үшін аса маңызды көрінген сауалдарды Ассамблеяның орынбасары, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Князь Мирзоевке қойған ек. Жауабын назарыңызға ұсынып отырмыз…

 

– Қазақ елі бауырына басып, ешкімге жат деп қарамай, қайта жанына жақын тартып, өзінде барды өзгемен бөліскен ел аз ем­ес еді. Соның бірі – күрд халқы. Солай емес пе?..

– Солай, солай!..

– Дәстүрлі сұрақ: аталмыш ұлыс ұлан-ғайыр мекенге қалай келді? Тауарихтан сыр шер­т­сеңіз…

– Сауалыңыз орынды әрі маңызды деп білем. Алдымен күрд ұлты жөнінде айта ке­тейін.

– Жақсы!

– Күрд тайпаларының жалпы бөлігі Күрдістан деген аймақта – Загрос тауының ор­талық және солтүстік және Тигр мен Эфраттың жоғарғы жағында шоғырланған еді. Қазіргі кезде күрд жерін Түр­кия, Иран, Ирак пен Сирия иемденіп отыр. Күрд диаспорасы Еуропа мен АҚШ-та бар. Бірақ ең көп бөлігі Түркияда, нақтырақ айтқанда, оңтүстік-шығыста орналасқан-ды. Ал Ирандағы күрдтер батыс жа­ғын­дағы – Илам, Керманшах, Маку, Батыс Әзірбайжан, Хамадан мен Зенжанда тұрады. Ирактағы бауырларымыз «Ирак Күрдістаны» деген автономияны алып жатыр. Бұнымен қатар, Сириядағы күрдтер жалпы тұрғындардың 15-20 % құрайды да солтүстік, солтүстік-шығыс жағына орныққан. Оны – «Сириялық Күрдістан» дейді. Күрдтердің өзі ол мекенді Рожава «Батыс Күрдістар» («Ұлы Күрдістанның» бір бөлшегі іспеттес) деп атайды. Алғаш рет XII ғасырда Күрдістанның «Күрдтер елі» деген этногра­фиялық атау пайда болғанына қарамастан, аталмыш ұлыстың тарихы тым тереңде. Ең басында ол аймақ Таяу Шығыста орналасқан еді. Орталығы – Бахар қаласы-тұғын. Аталмыш аймақты Селжұқтар династия­сы­ның өкілі Санжар құрған. Ал Бахар – әрі шаһар, әрі қорған қызметін атқарған еді. О провинция құрамына Хамадан, Динавар, Керманшах, Шехризур, Санжар мен Алания­ның он алты ауданы кірді. Атап айт­қанда, Алиштер қаласы зоро­астрлардың жиналатын орта­лығы – Арухш немесе Ардехш; Бахар; Заб өзені жағасын­дағы Хуфтиан қамалы, Дербенде Тәж Хатун мен Дербенде Зең­ге қалашықтары мен Дезбіл, Динавар қалалары, Бехистан, Шехризур, Керманшах (Кармансин) баурайындағы Сұлтан Абаде Жем-жемал, Керенд пен Хошан, Кеңгевер (Қаср эль Лесус), Мәхидешт (Мәхдешт), 50 елді мекен, Херсин қорғаны, Вестам ауылы. Және XIII ға­сыр­ға дейін Күрдістан құра­мына Луристан (Иран) да енген еді.

– Уағындағы Күрдістан тә­у­ел­сіз әрі жеке-дара күрд княз­діктерінен тұрғаны тарихтан белгілі… 

– Иә, сол әр княздікті тайпа көсемі әулетінен шыққан басшы басқаратын болған. Бірақ олар көбіне Шәддәді, Мерваны, Аюби секілді күрд династиясынан өрбіген феодал-принцтер еді. Тарихқа жүгінсек, X-XII ғасырда Қапқаз аумағын Шәд­дә­ділер басқарғанға ұқсайды. Ол Күр мен Аракс арасы арасын жал­ғап жатқан атыраптың орталығы – Гәнж бен Двин еді.

– Аюби  династиясынан «Крес жорығында» мұсылман намысын қорғаған Салах ад-Дин шыққан еді ғой.

– Иә, ол көп жыл бойы Мысырды биледі. Чалдарын шай­қасы мен Зохаб келісімінен (1514, 1639 жылдар) соң, Күрдіс­танның жағрафиялық жағдайы күрт өзгеріп, ол өз тұтастығын жоғалта бастады. Күрдтер тұра­тын аумақ бөліске түсті. Ал Түркия, Иран, Ирак пен Сирия өз шекарасын белгілеуі күрд халқының әлеуметтік-эко­но­ми­калық  және мәдени дамуына кері әсерін тигізді. Соның ке­сі­рінен десем болады, бүгінге де­йін күрдтер ел қатарлы тәуел­сіз мемлекет атана алмай ке­леді.

– Осы бір тарихи аспект күр­д­­тердің рухани  һәм  саяси ор­та­лыққа шоғырлануына оң әсе­рін тигізді деуге негіз бар ма? Тарих­ты адам жасаса да, ол адам ер­­кі­нен тыс нәрсе ғой. Дегенмен де…

– Дегенмен де, ру-тайпа мен көптеген конфедерациядан тұратын Күрдістанда соңғы он жылда руаралық қарым-қаты­нас әлсіреп, бұл тұтас ұлт боп ұйысуға алып келді.

– Конфедерациялар жөнінде тарқатып айтып берсеңіз…

– Горан, кельхор, лур, құр­манжы сияқты төрт ірі конфедерация жөніндегі XVI ғасыр­дың аяғындағы, «Шериф-нама» атты күрд жылнамасынан біле­міз. Күрдістан бөлінген соң тай­­па-аралық байланыс әлсіре­уімен қоса, экономика­лық ахуал да нашарлады. Содан ба дейм, мәселен, гәркі руының көсем­дері қыстау мен жайлауға кө­шіп-қонып жүргендіктен өзін Иранның да, Ирактың да тұр­ғы­нымен деп есептеген.

– Сондықтан тұтастық деген ел тіршілігіндегі ең маңызды дүние деп ойлаймын. Айналып келгенде, әлгі фактор соның кесі­рі­нен ғой…

– Сол ғой, дәл сондай бір ауыр жағдайды күрдтің шекек, артоши секілді тайпалары да басынан өткерді. Бірін Иран-Түрік, екіншісін Ирак-Түрік шекарасы бөліп тастады.

– Қос Корея мен кезіндегі қос Германиядай (ГДР мен ГФР) нәр­се ғой. Әрине, қиын… Бағана­дан бері күрд тайпалары турасында көп айттыңыз. Қазақ та ру дегенге бай ұлт. Мемлекет боп қа­лып­тасу жолында эволюция өз Заңын алға тартатыны белгілі. Да­му ба­рысында дағдарыс та, үл­кенді-кішілі жеңіс те болады. Бірақ ұлыс я ұлттың құрамы да ма­ңызды роль ойнаса керек-ті… 

– Сөзсіз! Күрдтердің діни көзқарасына қарап, олар Таяу Шығыста тарыдай шашыл­ғанын байқаймыз. Мәселен, күрд-езидтердің өкілдері Ирак, Сирия, Түркия мен Қапқазда орналасса, олардың басшысы Иракта тұрады. XIX ғасырдың басы мен XX ғасырдың орта шенінде Күрдістанда күрдтер­мен қатар көптеген ұлыстар тұрған. Бұл көбіне ауылшаруа­шылық, тау маңы мен таудың жоғарғы жағында тұратындар еді. Сол кездері күрдтермен қо­са түрік, парсы, араб, түркімен, армян, ассириялықтар, жебі­рей­лер мекендегенмен, саны жағынан аз болды. Иран Күр­діс­танының солтүстік-батыс жағы – Маку, Сейгмен таулары, Котур шатқалы, Салмаса, Тергевера, Мергевера, Резайе (Урмия) өзені маңында тұрған күрдтің ірі тайпаларына желали, зилани, мылая, шекаки хайдеранлу, хасаниа, бруки, сипкилерді (немесе сипканли) жатқызамыз. Ал зерза, мукри ру одағы (бек-заде, дебокри, мамаш, мангур, пиран, геурык), сусани, кел-бахи, арделяндар орталықта мықтап орныққан-ды (Ушту, Мехабада, Бокана, Сердешта, Секыза, Бане, Сенедеджа). Жаф, гуран, авроман, балавенд, валатбегы, вандур, кальхани, дорадж, кельхор, мериван, сенжабилер Иран Күрдістанының оңтүстігінде орналасқан еді. Желали, мысырки, зилани, милани, сипки, бруки, шекаки, жаф, горанилер Түркия, Иран, Ирак, Сирия мен Қапқазда да болған. Күрдіс­тан аумағындағы әлеуметтік-экономикалық, әкімияттық, ауылшаруашы­лық, тарихи жағдайларға байланысты этни­ка­лық құрамының қатты өзге­ріс­ке ұшырауына байланысты күрд тайпаларының орналасқан мекен-орнын анықтау да қиын­ға соғып тұр. Этникалық құ­рам­ның өзгеруі ішкі және сырт­қы факторларға да байланысты. Эрзурум трактатына сәйкес, 1823 жылы Иран басшылығы Осман мемлекетіне қалың күрд тұра­тын мекен – Зохаб сан­жагының батыс бөлігін бермек болған. Осман билігі болса, парсыларға Зохаб санжагының шығыс бөлігін тұтастай және Керенд  даласын өткізбекші боп келіскен-ді. Сөйтіп, осынау бір шарт күрд тарихында өзіндік ізін қалдырды.

– Күрдтер өз түп-тегін сонау кардухтартан (гордиендер, кордуктар, кирттар), бір ғалым­дар­дың ойынша пактиліктерден (бок­хтандықтар) тартатынын, ал тілінде диалект-сөздер көп болғанына қарамастан ол сол­түс­тік-батыс иран тілдік тобына (оның өзі мидийліктермен өзек­тес) жататынын айтсақ, таңды таңға соғатын түріміз бар. Сол себепті, Тауарих атты қалың кі­тапты аз-кем парақтағандай бол­дық. Енді, бері келсек. Күрд­тер қазақ топырағына Сталин депортациясы кезінде келген. Әң­гі­мені осы тұстан өрбітіп көр­сек…

– Сол 1937, 1944 жылдар ғой. Тек Қазақстанға ғана емес, Орта Азияға жер аударған еді. Бұл Совет үкіметі қолдан ұйым­дастырған тоталитаризм, «кіші ұлттарға» деген қысым, ашар­шылық пен қуғын-сүргіннің бір ғана көрінісі. Күрд ұлысын 1930-50 жылдар аралығында денсаулығына, жасына, қыз­ме­тіне қарамай, жаппай жер аударды. Архивтердегі деректерге қарасақ, бұған себеп, күрдтерге «түрік шпиондары» деген дә­лелсіз жала жабылуына байланысты екен. Өйткені, күрд пен түрік тауар-байланыстарын ұзынқұлақ жоғары жаққа басқаша қырынан жеткізгенге ұқсайды. Сөйтіп, Түркиямен шека­ралас орналасқан Әзір­байжан, Армения, Гүржістан гүр етіп көшкен күрдтер шаршы Әлемге тарыша шашылды. Осы бір күштеп көшірудің ке­сірінен ұлт өз өзегін жоғал­тып, тамырынан ажырап қал­ды.  Жер аудару кезінде жұқпалы аурулар мен репрессияның әсерінен қайтыс болған бауырларымыз қаншама. Бұған қоса, руханият, яғни мәдениет, әде­биет, өнер, тіл, білім саласына сан дақ түсті. Қазақ жеріне кө­шу бірнеше кезеңнен тұрды деуге болады. Үдере көшкенде көп күрд отбасы еңбекке қа­білетсіз боп шықты. Себебі, басым бөлігі қарттар мен балалар еді. Өмір сүрудің өзі қиын­дай түсті. Қайтпек керек? Сонда бауырлас қазақтар өзінде болмаса да өзгеге бөліп беріп, ептесіп-септесіп, бір-біріне көмектесіп жүріп сол бір зоба­лаң кезді өткердік. Қазақтарға алғысым шексіз!.. 1937 жылдың өзінде Қапқаздан 2000 күрд отбасы жер аударған еді. Киім-кешек болмағандықтан көбісі кө­шеге шыға алмай жүрді. Бұ­ған тіл білмеудің себеп-сал­да­рын қосыңыз. Балалар мектепке бара алмай қиналды. Жұмыс жоқ. Амалын тауып ақша тап­қан­дар аман қалды, қалғандары қынадай қырылды. Ал 1989-90 жылдары Армения мен Әзірбай­жан арасындағы Таулы Қара­бах­тағы қақтығыстың әсерінен Орта Азия, Қапқаз, Ресей, Армения мен Әзірбайжаннан көшкен күрдтер байтақ та бай Қазақстанға келді.

– Міне, одан бері жетпіс жыл­дан аса уақыт өтіпті. «Артқа қарап қуанам…» деп Шығыс шайыры Хафиз айтқандай, ескі дәуірді еске алмағанда бүгінгі күрдтердің жай-күйі қандай?

– Соңғы санаққа сенсек, Әлем бойынша күрдтер саны 40 миллионға жетіпті. Бұның өзі әдебиет, тіл, ғылым-білім, мә­дениет, тарихымызды бір ізге қоюға мүмкіндік беріп отыр. Бізде жексенбілік және жалпы- білім беру мектептері бар. Он­дағы сабақтың  бәрі  күрд тілінде өтеді…

– Бұрынғы Иран отқа табын­ған. Оның құрамында күрдтер де бар. Ал бүгінгі кезде ол ұлт әлеуметтік-этникалық жағынан біртектес емес, осы орайда олар­дың ұстанатын діні қандай?

– Жалпы, Күрдістан туралы айтар болсақ, онда сан түрлі сенім түрі бар. Халықтың басым бөлігі, яғни 75 % сүнниттер, ал аздау бөлігі шейіт пен алавиттер. Христиандар мен ези­дизмді ұстанатындар да бар. Бірақ күрдтер өзінің байырғы дінін өзіңіз айтқандай, зороас­тризм деп санайды. Қазақс­тан­дағы ұлыс исламды ұста­нады.

– «Барбанг» атты Қазақстан­дағы күрдтер Ассоциациясы бар. Оның негізгі қызметі мен жоспары жөнінде өз аузыңыздан естісек.

– «Барбанг», қазақшаға ау­дар­ғанда «таңсәрі» деген ма­ғына береді. Бұл жаңару, бола­шақ­қа сену дегеннің нышаны. Ал болашақ жастардың қолын­да. Ассоциация құрамында жастармен жұмыс жасайтын комитет бар. Сондағы мақса­ты­мыз – өскелең ұрпақ жүрегінде елжандылық сезімін оятып, нашақорлық, арақкештік сияқ­ты кесірден аман сақтап, спорт­қа бет бұруына ықпал ету. Күрд жастар құрамы республика кө­ле­мінде өткен футбол жарысында үшінші орын алды. Жалпы, күрд халқы спортқа өте жақын. Мәселен, Микаэль мен Исмаил Надировтар және Рамазан Саядов кикбоксингтан Еуропа чемпиондары, Малик Шах Мырзаев спорт шебері, Туризм және спорт академия­сының кафедра жетекшісі.

– Ирак жеріндегі Оңтүстік Күрдістан автономиясы құрыл­ғанда Күрдістан Аймақтық Билігі жартылай тәуелсіз елдің мемлекеттік рәміздерін: ту мен елтаңбаны белгіледі. Егер ұмыт­пасам, елтаңбада Көк Аспанның еркесі бүркіт бейнеленген…

– Бүркіт Күнді қос қанаты­мен көтеріп тұр-дағы, төрт жақ­тан сәуле түсуде. Бұл төртке бөлінген Күрдістан жерінің символы. Ту үш түстен тұрады. Қызыл, ақ және жасыл түс бар. Күрд туының бір ерекшелігі – алтын Күн. Бұл – ежелгі діни және мәдени белгі. Күннен шашырап тұрған 21 нұр, пішіні мен көлемі жағынан бірдей. Зороастрлардың қасиетті кіта­бы «Авеста» 21 кітаптан тұрған. Қазір біреуі ғана қалды. 21 саны қандай мағына беретіні енді түсінікті болған шығар.

– Ал тудың түсі ше?  

– Тудың түсі күрд халқының дүниетанымынан туған дүние. «Авестаға» сай, ежелгі ирандағы егеменді ел үш сословияға (зо­роас­тризмнің доктринасында: таза ой – ақ пейіл – адал іс деген үштаған бар) бөлінген. Әр сословияның өз белгісі бар-тын. Айталық, әскери каста – қызыл түс; жоғарғы идеал үшін жан қию, Отанды қорғау, ар мен намысты алдыға қою, руханият кастасы – ақ түс; таза­лық, әдеп, еркін каста – жасыл түс; сиыршы-шаруалардың бел­гісі, яғни табиғат, жастық пен өсіп-өну.

– Князь Ибрагимұлы, ғалым­сыз, педагогсыз, қоғам қайрат­керісіз, Армян КСР-ның Масис ауданының Рейганлу ауылында туған екенсіз. 1970 жылы Х.Або­вян атындағы Армян мемле­кеттік университетінің тілші-шығыстанушы мамандығын тәмамдапсыз. Ал 1970-90 жылдар аралығында аспирант, аға оқытушы, доцент, профессор, жоғарыда  аты  аталған универ­ситет­тің әзірбайжан тілі мен әдебиеті кафедрасының жетек­шісі қызме­тін атқарғаныңыз белгілі. Тоқса­нын­шы жылғы тоқырау тұсында Қазақстанға көшіпсіз…        

– Абай атындағы педагоги­ка­лық университетіне ауыс­тым, жұмыс бабымен ғой. Ба­қан­дай тоғыз жыл бойына Әлем тілдері орталығының бас­шысы болдым да, алты жыл бойы халық­аралық байланыс жө­ніндегі проректор болып іс­тедім. Соның әсерінен пе­даго­гикалық университет өзге елдер мен тіл орталықтары­мен тығыз қарым-қатынаста болды. Сол 1990 жылдары әлем әде­бие­ті, салыстырмалы әдебиеттану, әдебиеті теориясы, шығыс тілдерінің тәжірибесі мен методологиясы жөнінде лекциялар оқи бастадым да, соның негі­зінде қазақ-күрд әдеби байланысыны ғылыми айналымға енгізуге ықпал еттім. Мен зерттеп жүрген тақырып – Шығыс халықтарының классикалық әдебиеті негізіндегі компаративизм.

– Әлем тілдер орталығында қызмет еткен Мирзоев мырза қанша тіл біледі екен?

– Қазақ, орыс, әзірбайжан, армян, күрд, түрік және парсы тілдерін меңгердім.

– «Қазақ әдебиеті» әдеби басылым болғандықтан, күрд «сөз өнері» туралы әңгімелеп берсеңіз. Әлем контексте «ежелгі әдебиет», «орыс әдебиеті», «ағыл­шын әдебиеті», «француз әдебиеті», «испан әдебиеті» деген ұғымдар бар. Бірақ «күрд әде­биеті» бар әдеби мұрасы бола тұра, белгілі бір кеңістікке шыға алмай келе жатқаны шындық… Келісесіз бе осы оймен?

– Күрд әдебиеті дегенде Түр­кия, Иран, Ирак, Сирия, Әзірбайжан, Гүржістан, Қазақ­стан және Орта Азия елдері еске түсетіні бар. Әдеби мұрамыз бай болғанына қарамастан, қиын кезеңді бастан өткерді. Ауыз әдебиетімен сусындаған күрд шайырлары туралы дерек­терді сонау VIII ғасырда жолық­тырамыз. Атап айтқанда, Баба Тахир (935-1010), Әли Хәрири (1009-1079), Фәки Тейран (1302-1375), Ахмед Молла Жизири (1101-1069), Мелла Бате (1417-1491), Ахмед Хәни (1591-1652), Нәли (1797-1855), Харис Бәтлиси (1758-?), Сәлім (1805-1869), Әджі Қадыр Кийи (1815-1898), Күрди (1809-1849) және т.б. Осы бір ізгі дәстүрді қазіргі күрд ақын-жазушылар жалғастыруда.

Нобель сыйлығының лауреаты, орыс жазушысы Иван Буниннің «Жастық пен қарт­тық» әңгімесінде күрд ақсақал­дың аузымен адам өмірінің кезеңдері жөнінде аңыз айтылады. Құдай адамды жаратқанда оған отыз жыл өмір беріпті. Ал қалған уақытты жан-жануар, аң-хайуанға арнайды. Шал өз сөзін философиялық түйінмен аяқтайды: «мен секілді адам өте аз. Ессіз есек те емес ем, ит боп тіршілік те кешпедім, онда неліктен маймыл болайын? Неге қарт боп қаусап қалдым екен?». Жазушы Қырымға кетіп бара жатқан кемедегі жолаушыларды сипаттай келе, мына бір диалогты ұсынады: «Мен келіп, жанына отырды-дағы, «салам» деп амандасып, орысшалап:

– Қапқазданбысыңдар? – деп сыр суырды.

Ол да орысшалап:

– Иә, мырза. Біз – күрд­піз…

Ол сыпайы әрі өте сенімді жауап берді:

– Ыстамбұлға, падишахқа бара жатырмыз! – дейді». Бұл мысалмен айтайын дегенім, бү­гіндері шығыстанудың маңыз­ды бір бөлшегі – күрд­тану. Яғни Н.Я.Марр, В.Ф.Миллер, В.Диттель, И.Березин, А.И.Аверьянов, И.Ю.Крачковский, А.Орловтар ұлт әдебиеті, мәдениеті, тарихы, этнографиясын зерттеген…

– Сіз  атап  өткен  ғалымдар­дың ішінде қазақ халық ауыз әде­биетін зерделегендері де болды. Мәселенки, Березин, Крачковский, Орлов, т.б. Бұл кезіндегі орен­талистердің Орта Азия мен жалпы Еуразия құрлығын мекен еткен ірі-ірі бірлестіктер мен қағанат, сұлтанат, династияларды зерттесек деген қызығу­шы­лықтан туындыған нәрсе ма деймін. Бұдан бөлек оның көптеген саяси, діни, экономи­калық, ғылыми қырлары да баршылық. Осы орайда қазақ-күрд әдеби бай­ланысы жөнінде аз-кем баян етсеңіз…

– Қазақ пен күрдтерді байланыстыратын дүние – әдебиет, сенім, мәдениет, тарих. «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жүсіп пен Зылиха», «Қалила мен Димна», «Мың бір түннен» алынған образдар мен сюжеттер Сіздерде де, Біздерде де кездеседі. Кейін оны қарымды қаламгерлер өз шығармасына өзек етті. Қазақ-күрд әдеби байланысы XX ға­сыр­дың басы, яғни 30 жылдарда дами бастады.

– Қос елдің әдеби интеграциясын жер аударумен байланыс­тырып отырсыз ғой деймін, иә?

– Иә, себебі, сол бір қиын ке­зеңді әдеби туындыға айнал­дырған жазушылар аз емес. Со­ның бірі – «Қырық еркек», «Түрме», «Калинактың» автор, ойшыл жазарман Анвар Надиров. Одан бөлек, қазақ жеріне деген махаббаты ерекше болған Гасан Қажысүлейманды айтпай кетпеске болмас. «Менің қазақ бауырыма» деген өлеңінде ол: «Ты со мной поделился, как брат, хлебом-солью, хоть и не богат, и с тех пор набирался я сил, в твоем стане гнездо свое свил» деген еді. Салех Саяди, Мәджіте Селемін, Кәрлене Чачани, Әлие Абдулрахман, М.С.Юсубов, Г.А.Алиев, Маду Дылдах, Хәлима Амо Надырова, Флора Алиеваларды ұмытып кетсек ұят болар.

– Әңгімеңізге рахмет!     

 

Сұхбаттасқан Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір