«Ер Едігенің» елге тартуы
05.07.2022
521
0

Кейінгі үш жылда әдебиет пен мәдениетке маңыз берген Ақтөбе облысы әкімдігі Едігедей ердің атын ұлықтау мен «Едіге» жыр-дастанын қайта жаңғырту мақсатында қала орталығында батырға ескерткіш орнатты, облыстық халық шығармашылық орталығы жанынан «Ер Едіге» жыр мектебін ашты, «Едіге деген ер екен» республикалық жыршылар байқауын өткізді. «Едіге» жыр жинағының күйтабағын шығарды, ал «Ер Едіге» қойылымы — соның заңды жалғасындай сахнаға жол тартты.

Этно-фольклорлық қойы­лымды сөзі уытты ақын Светқали Нұржан жазса, режиссер Данияр Базарқұлов сахнаға алып шықты. Қойылымды этно-фольклорлық деп таңбалауда бір сыр бар: «Ер Едіге» жырының мазмұнын ашар бояуындай қойылымға Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хор ұжымы жанды дауыста ән салса, «Арайлы Ақтөбе» ұлт­тық фольклорлық аспаптар ансамблі бірнеше аспапта оқиға шиеленісін құбылта жеткізуге жан салады.
«Ер Едіге» – қазақ тарихындағы ең жарқын кезең Алтын Орданың 750 жылдығы аясында сахналанған өр рухты Едіге батырдың зор тұлғасы баяндалған һәм түркі жұртының түп атасы Ахмет Ясауи бабамыздың топырағымызға еккен рухания­ты туралы алғаш кеңінен айтылған қойылым деуге болады. Қойылымда Тоқтамыс хан, Әмір Темір, Едіге бидің ұлы Нұрадын бейнелері кезеңдермен көрсетіледі.
Тақ пен бақтың бақталасында, нәпсі мен ардың шайқасында, ұлт пен ұлтанның майданында ұлттық аспаптардың әуенімен батырдың жан ышқынысы сәтті беріледі. Нәпсі майданында алысқан батырға А.Ясауи бабамыздың хикметтері бабалар үніндей жанына жебеу, хақ жолда медет болады.
Режиссер Данияр Базарқұловтың айтуынша, әдетте тарихи тұлғаға арналған спектакльдерде басты кейіпкерге ғана бар назар салып, қалғандары соның көлеңкесінде қалып қойы­п­­ жатады. Бұл жолы Едігенің жанында жүрген Тоқтамыс хан, Әмір Темір, Сыпыра жыраудың да болмыс-бітімін ашуға көңіл бөлінген. Яғни досына қарап адамды тану идеясы да алға тартылған.
Сахналық нұсқада қара шляпалы қос баяндаушының – бірі ақын, бірі тарихшының көзқарасымен тарихи драмаға деректілік сипат беріледі.
Режиссер Д.Базарқұлов оқиғаны ашу үшін метафоралық құралдарды сәтті пайдаланған. Ханның тағы күн, ай, аспан секілді ауысып, түрлі мағынаны үстейді. Сахна ортасында төбеден сусылдаған құм – уақыт төрешісі.
Жем-Сағыз өзенінің бойын­да өмір сүрген ер Едігенің айбары мен қуатын дәріптейтін болашақ жастарға үлгі, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталуы тиіс ғибратты туынды сәуір айында киелі Түркістан төрінде қойылды. Ал маусым айында «Ер Едіге» қойылымымен облыстық драма театр ұжымы – Қызылорда, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына гастрольдік сапармен шықты. Қызылорда мен Шымкент қалаларының сахнасында үлкен алқауға, қошеметке бөленген ұжымның келесі тоқтар аялдамасы – Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының сахнасы. Барша алматылық зиялы қауым өкілдерін, өнерді қастерлейтін барша көзіқарақты көрерменді этно-фольклорлық қойылымды тамашалауға шақырамыз!
Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары! Сіздерді 1шілде, сағат 19.00.-де М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында күтеміз!

Сағадат ОРДАШЕВА,
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір