ҚАЛАМГЕР ҚАРЖЫ ҮШІН БЕ, ӘЛДЕ ҚАРЖЫ ҚАЛАМГЕР ҮШІН БЕ?
28.10.2016
1484
0

990_1459876237cartaОсыдан дәл екі жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2014 жылдың маусым айында дәл осы мәселе көтеріліп, онда да Қажекең жауап беріп еді. Осыған қарап «Қаламгер мен қаржы» дауының жалғыз Төбе биі Қажекең шығар» деп ойлауға да болатын сияқты. Сол кезде Қажекең: «Ешқандай экономиканың әдебиет дейтін сфераға тікелей әсері жоқ» деп еді. Ал екі жыл өткен соң: «Бес жыл кітап жазып, бес мың теңге (әлде доллар) таппаған жазушының халыққа қандай қадірі болады, қоғамға қандай қадірі болады?», – дейді.

Әрине, кімге салса да, қаламгердің қадірі, беделі, құқығы, абыройы, ең­бе­гі қорғалғанға не жетсін. Келіспеске амал жоқ.

Бірақ… Осы кітапты жазайын да қар­жы табайын. Қаржы тапсам ғана ха­лыққа танылам деген мақсатпен кі­тап жазса, ол қандай қаламгер?

Алдымен демалыс үйін, бильярд, ка­фесін, «салулы төсек, салқын үйін» дайын­дап алмаса, жаза алмайтын ол қан­дай жазушы?

Оқырманды дүр сілкінтетін бір туын­дының тумай жатқанының себебі сая­жай, жекежай, вилла жоқтықтан екен ғой, тегі…

Мұның бәрі сылтау. Өз дарын­сыз­ды­ғымыз бен әлсіздігімізді, оқырманға таныла алмаған қабілетсізді­гіміз­ді бүр­кеу ғана. Хас талант екенсің – тас жа­рып шық та таныл. Өзіңді еріксіз мойын­дат. Шын талантты танымайтын халық ақымақ емес. Ал халық та­­ныса болды – өзі-ақ дүрк көтеріп ке­­теді. Абырой да, атақ та, даңқ та өзі із­деп келіп табады. Сол кезде баға­лан­бай жатсаңыз, сонда сөз сіздікі, қа­лам­гер.

Болмаса алдымен мені байыт, сонда ғана кереметімді көрсетем деу қай қи­сынға сияды? Қаламгер қаржыны із­деп таппай, қаржы қаламгерді іздеп табуы керек шығар.

Арғы-бергі заманда Абайдан басқа құс мамықты шынтақтап жатып жаз­ған жазушы бар ма?

Кешегі аға буын да алдымен танылды, сонан соң барып атақ-абырой, бақ-беделге, саяжай, жекежайға жетті емес пе.

– Біз қайтіп жақсы туынды жазамыз, ешқайда ұзап шықпасақ, – дейді біреулер.

Ау, шырағым-ау, «15 жасар капитан­да» теңізге тән бір сипат пен бір термин ай­тылмай қала ма? Ойлайсың, теңізде жүріп жазған шығар деп. Шындығында, дәл осы кітабын жазған Жюль Верн үйден 15 шақырым да ұзап шықпап­ты.

– Джек Лондон «Мартин Иденді» виллада жатып жазды ма? Кір жуушы боп жүріп жазған ғой.

– Есениннің  ғажап  ғашықтық ға­зал­­дары тұманды қабақтарда жазылды.

– Лермонтовтың керемет өлеңдері жер ауып жүргенде.

– «Моабит дәптері» түрмеде жазылды.

– Мұқағали, Қасымдардың аузынан ақ май ағып жүріп пе еді?

– Кененнің «Бозторғайы» қой соңын­да тумап па еді.

Шынына келсек, қазіргі қалам­гер­лер­дің тұрмысы аға буыннан көш ар­тық. Шын дарын мен шабыт та толғақ сияқ­­ты. Пісуі жетіп, дерткен кезде, өзі-ақ тулап шығады. «Бағаланам ба, қа­­ламақы бере ме?» деп ойлануға да мұр­шасы болмайды.

«Пәлен деген керемет дүние жазып едім, соным бағаланбай жатыр» деген қаламгер болса айтсыншы, тегі.

«Шұғаның белгісі» кітап болып ба­сы­лып шықпай тұрып-ақ, қолжазба күйін­де ел арасына таралып кеткен екен. Бейімбет асыл туындыларының бәрін аядай бөлмеде, аласа столға шын­тақтап отырып жазады екен. Ана шет­те Гүлжамал іс тігіп отырады. Балалар ұсақ, шулай берсе керек. Сонда әйелі:

– Тыныш, шуламаңдар. Әкелерің жазу жазып отыр, – деп, балаларға жиі зеки берген ғой. Бір кезде Би-аға:

– Гүлжамал-ау, балаларға ұрса бер­ме. Мен тіпті солардың шуын естіп те отыр­ғам жоқ, – депті. Әне, нағыз дарын, шын талант  деген  сол. Жаратушы ерекше дарын берген болса, жазушы – тозақтың түбінде де жазушы боп қа­ла бермек.

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір