АЗАМАТ. ҚАЛАМГЕР. ҒАЛЫМ
09.11.2021
583
0

Асылы, қандай танымал тұлғаны да өзі ғұмыр кешкен қоғамнан тыс, дербес алып қарауға болмайды. С.Абдрахманов та қазір келіп отырған жасының қырық жылын кешегі кеңестік дәуірдің, отыз жылын тәуелсіз дәуіріміздің тұсында өткізіпті. Адам үшін жетпіс жас белгілі бір дәрежеде асқан асу, жүріп өткен жолыңа үңілу, сүйсіну мен күйіну сәттеріңді сараптау десек, Сәкеңнің атқарған игілікті істері мен көрініп жатқан ізінде ерекшелік сипаттарының барына көз жеткізесің.

Тым арыға бармай-ақ, осыдан екі ға­сырға жуық бұрын дүниеге келген Абайға, оның тәлімі мен сұңғылалық даналығын болмыстарына сіңіріп, тәуел­сіздік идеясын ту етіп көтерген кешегі Әлихан, Халел, Міржақып, Ахмет сын­ды ірілер мен ұлылар қазақ үшін ең абыройлы саналатын нағыз АЗАМАТ деген бағаға ие болайықшы деп әрекет жасаған жоқ, олардың барша бітім-болмысы, ақыл-ой, сана өре-деңгейі ұлы істерді атқаруға бағытталған еді. Ал ол ұлы істер Тәуелсіздік деген қасиетті де киелі ұғымнан бастау алған еді. Қазіргі дербес, егемендік жағдайымызда біз сол кезеңдегі айтулы тұлғалар еңбегін насихаттап, зерделеп қана қоймай, солар қалыптастырған дәстүр өз жалғастығы мен сабақтастығын қалдырды ма деген мәселеге айрықша ден қойғанымыз абзал сияқты.

Өз халқының болмысына терең бойлау, дайын жайды сол күйінде қабыл­дай салмай, оның түп-төркініне үңілу, салыстырмалық сипаттағы сараптамаға бой ұру, сөйтіп, ең өзекті деген мәселелерге ден қою, құнды қорытынды, толыққанды тұжырым жасау С.Абдрахмановқа тән сипаттар дер едік. Қай құбылысқа да ойлылықпен үңілу, індете зерттеу, өз ұлтының тарихи жадын, адами табиғатын зерделеу оны жалпыадамзаттық құндылық­тар­ды саралауға, адам – қоғам – сана ұғымдарын Уақыт пен Кеңістік тұрғы­сынан сараптауға алғышарттар жасады деп айтқанымыз абзал. Түрлі лауа­зым­ды қызметтер атқаруы, ғылыми дәре­жеге ие болуы, мемлекеттік мара­пат­тардың иегері атануы – бәрі де оның шынайы азаматтығына, кешегі Алаш қайраткерлерінің аманатына адалдығына, соны өз уақыты аясында зерттеп, зерделеуі мен насихаттауына, жалғастыруына көрсетілген құрмет еді дер едік. Оның қаламынан «Біздің Пушкин», «Елдік сыны», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода», «Коран и Пушкин», «Әдебиет әлемі», «Абыз Әбіш», «Аударма алыбы», т.б. дүниелері автордың АДАМ атты аса қуатты жаратындының өзіндік таби­ғатына зерттеу жүргізіп, белгілі бір дәрежеде өз шама-шарқынша қорытындылар жасауына жол ашқан еді. Автордың ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының антологиясын құрастыруы, аударма саласындағы еңбегі – бәрі де жоғарыдағы зерттеулермен тұтаса келіп, оның бойындағы ұлтшылдық сипаттағы, сол ұлтшылдық бастау алған құнарлы топырақты тануға жетелейді. Соның нәтижесінде Сәкең қазақ руханиятының басқа да ірі өкілдері сияқты көп жағдайда қоғам өміріндегі түрлі саяси өзгерістерге, құбылыстарға орай қоғамдық сананы қалыптастыруға күш салды. Оның кәміл сеніміне ден қойсақ, қандай уақыт, қандай тығырыққа тірелген кезеңдер болсын, мәдениеттің оты сөнуі мүмкін емес, ол сақталады, себебі, адам бойында өмірдегі небір ауыр жағдайларға қарамас­тан, өміршең қасиет, рухтың ұлы күші сақталуы берік заңдылыққа жатады.

 Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан бекзаттық болмысы, тектілігі мен дегдар­лығы, таным көкжиегінің кеңдігі, зияткерлік сана деңгейінің асқақтығы мен биік рухы көкірегінде сәуле түсер саңылауы бар игі жақсыларға асқан жомарттық жасады десек, сол жақсылар ұзақ уақытын сол қазақтың ұлылық қырларын зерттеуге жұмсады. Солардың бірі – біздің кейіпкеріміз. Тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да, өзінің ұстанымынан айнымайтын ірілер мен ұлылардың руханияттағы орны мен маңызының сырын зерттеуге тырысты. Себеп, салдарына пайымдау жасады, ден қойды.

Жалпы, С. Абдрахмановтың қаламы­нан туған дүниелерінде тұтас бір жүйелі­лік барын байқау қиын емес. Ғылыми еңбектеріндегі Пушкиннің, Абайдың шығармашылық, ұлылық феномендеріне үңілуі автордың жеке тұлғаның ғана емес, солар арқылы қос халықтың, қажет десеңіз, жалпы адамзат қоғамының кес­кін-келбеті мен болмыс-бітіміне үңілуі дер едік.

Қашанда дүйім халқының қуанышы мен қайғысын шығармаларына арқау етіп, халқының төл топырағындағы рухани шүйгіндіктен сусындаған тұлға ғана мәңгілік зердеде қалады. Ол халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан зерделей отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқан биі­гіне көтере алады. Өз халқының болмысын­дағы күллі арналар мен тамырларды шебер ұштастыра білген Абай мен Пуш­кин мұрасындағы түпкі ойға бүгінгі күн биігінен үңілген Сәкең өз таным-түйсігі­мен мына жарық дүниедегі ізгілікті іске де, келеңсіз жайтқа да өзі себепкер боп отыр­ған АДАМНЫҢ болмысына үңіледі.

Бір емес, бірнеше халықтың, жалпы адамзаттың қоғамындағы өнердің, оның ішінде сөз өнерінің алатын орны сонау ерте заманнан-ақ айтылып келеді. С.Абдрахманов өз еңбектерінде жаңа уақыт биігінен үңіле келіп, ұлтаралық татулық, рухани келісімнің қайнар көзі сана жаңғыруында, сана кемелденуінде екенін, онда да қазіргі тынышсыздық белең алған, түрлі қақтығыс, қантөгіс, келеңсіздік жайлаған әлемде оның айрықша қажет екенін жан-жақты сара­лап берген.

Автордың барлық еңбектерінде жүйелі түрде ұштасып жататын негізгі идея төмендегі толғамдарға саяды. Өркениеттің дамуы қоғамдық сана түрлерінің заман талабына сай жетіліп, өрісін кеңей­тіп отыруымен тығыз байланысты. Қоғамдық сана түрлерінің дамуы деп ел мәдениетінің негізін, қоғамның әлеуметтік құрылымын қалыптастырып отыратын дүниетанымдық т.б. қызмет­терге ие дүниелерді айтамыз. Бұлар негізгі құндылықтар ретінде қоғамды бірік­тіріп отырады, мемлекеттің дамуын қамтамасыз етеді. Кез келген жан өз санасының жетілуі мен рухани қалып­тасуында осы құндылықтарды жетік меңгеруі барынша қажеттілікті талап етеді. Адам деп аталатын тіршілік иесі өзін-өзі мейлінше тани алса, санасының жетілгені, рухани тұрғыдан биіктегені. Осыларды жаңа уақыт, жаңа жағдай, көбімізге түсініксіздеу, беймаза кезең аясында терең толғаммен сараптай алуы С.Абдрахмановтың азамат, қаламгер, ғалым атануына алғышарттар жасады.

Бірден басын ашып айтатын мәселе мынада. Өзін шығармашылық жолына арнаған жандардың өзге мамандық иелеріне қарағанда сәл өзгешелеу болып келетіндігі. Ондай адам түрлі ойлардың қоймасы іспеттес боп келеді, үнемі бір нәрселерді іздеп жүрген жоқшыдай әсер қалдырады. Ойланып жүреді, толғанып жүреді.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, өз басым Сәкеңнің бірнеше қырын белгілі бір дәрежеде білетін сияқтымын.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті жанындағы докторлық диссертациялар қорғататын кеңесте мүше болғандықтан, отырыстарында кездесіп жүрдік. Сол тұста оның мол біліміне, терең зердесіне талай рет куә болдық. Аса өзекті деп саналатын мәселелерде Сәкең сөйлеп береді, негізгі тұжырым, қоры­тындыны ғана емес, аталмыш пробле­маның әлем елдері тарихы мен мәдениетінде, әдебиетінде қаншалықты орын алатындығын, жекелеген түйткілді жайттарды қоғам мен адам, ақыл-ой мен сана деңгейімен қарастырып, ол елдердің қалай шешіп, қандай мәмілеге кеп жүргенін кеңінен толғап айтып береді. Диссертацияның қай тілде жазылғанына байланысты қос тілде қатар көсілетіні, қолына жазылған мәтін тұрмақ, тезистер түсірілген бір жапырақ қағаз ұстамай-ақ сөйлейтіні өз алдына. Мәдениеттер тоғысуы, өркениеттің жалпыадамзаттық құндылықтармен қарым-қатынасы жайында айтқандары, тұтас­тай алғанда, сөйлеушінің аса ірі эрудициясы мен биік зияткерлік деңгейінен хабардар ететін. Ал халық пен халықтың, шартты түрде өзіміз Шығыс пен Батыс деп бөліп жүрген елдерді бір-біріне жақындастыратын жайт – әдебиет аудармасы десек, сол мәселе төңірегінде ғылыми еңбек қорғалғанда, өзіне, сірә, бір табан жақын болғандықтан, оң жамбасына оңтайлы келгендіктен болар, Сәкең нақты мысалдармен ұлттық болмыс (менталитет деп аударылып жүрген сияқты қазір) иірімдерінің түп-тамыры неде, олар қалай, қашан шек-шекараны елемей, өзара тоғысуы керек, ол жалпы адамзатқа керек пе, не береді, тоғысқан құндылықтар біз бағамдап жүрген гуманизмге үлес қоса ма, міне, осылардың төңірегінде әңгіме болғанда маңызды да мазмұнды дәріс тыңдаған шәкірттей бір жасап қалатынбыз.

Сәкеңнің екінші қымбат қыры қала­мы қарымды журналист екендігінде. Ұзақ уақыт баспасөзде істеу, бұл саладағы жеміс­ті еңбегі «Егеменде» басшы болған кез­де байқалуы біраз толғам, пікір түюге алғышарттар жасайтыны рас. Бас газеттің тұрақты оқырмандары сол кезде газеттің әр нөмірін, әсіресе «Етженді «Егеменді» асыға күтетін. Ол газет, қолымызды жүрегі­мізге қойып айтайықшы, бас редак­тор мен мықты журналистерге жарыған басылым ғой, оған әр басшы өз стилімен, қарым-қабілетімен келген-ді. Қазір де солай. Сәкеңнің тұсында ақпараттар ағыны онсыз да ағыл-тегіл боп жатқандықтан, редакция оларды мейлінше ықшамдап, оқырманды хабардар етуге тырысты да, есесіне барлық әлеуетті тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір оң қадамына, ұстаным, ұстынын көрсетуге жұмсады. Сонымен қатар Сәкеңнің өзінің ауқымды дүниелері жүйелі түрде, жиі жарық көретін. Дәм айдап, табаны тиген елдердегі көпшілік біле бермейтін оқиға, құбылыстар өзгеше бір мәнермен қазақ оқырманына жетіп жататын. Ауқымды оқиғалар болсын, сырын ішіне бүккен тылсым құбылыстар болсын, қысқасы, соның бәрі автордың ұлт мүддесіне қатысты түпкі ой, идеяла­ры­мен астасып жататынын көзі қарақты оқырман аңғарып отырушы еді. Жеке бір тұлғаны зерттеп, еңбек жазғанда Сәкең сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттарды кешенді түрде алып, толғай жазғанына танымдық талай мақалалары дәлел болса керек. Өткендегі, бертіндегі танымал жандар, олардың өмір, тағдырындағы көпшілік біле бермейтін қызықты да тартымды әрі тағылымдық сипаттары мол жекеле­ген штрихтар Сәкең қаламынан ерекше бір толғамдық, сараптамалық, салыстырмалық сипаттармен төгілгенде ерекше ынтызарлықпен оқитынбыз. Осын­дай циклдегі мақалалардың келесі легін күтетінбіз.

Сауытбек Абдрахманов шығармашылығы сан қырлы. Олардың бәрін той тұсындағы бір мақалада қамти айтудың өзі өте қиын. Сондықтан мен ендігі әңгімені Сәкеңнің аса жоғары бағаланып, Мемлекеттік сыйлықпен аталып өткен «Абыз Әбіш» атты көлемді зерттеу еңбегі төңірегінде айтып көрейін.

Аса ерен, бөлекше тұрпатты Ә.Кекіл­баев тұлғасының феноменін көр­сетуде Сәкең, сөз жоқ, өткен ғасыр­дың 60-70-жылдарында әдебиет әле­міне имене енген, қазірде алды сексен­нің сеңгіріне шыққан талантты қаламгерлер М.Мағауин, Т.Әбдіков, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә.Тарази, қазірде ортамызда жоқ Қ.Ысқақов, О.Бөкеев, т.б. шығармашылық жолдарына үңілгені, негізгі мақсатына недәуір деректер жинап, оларды ой-санасында қорытып, толғанғанына еріксіз тәнті боласың… Расында, бұл қаламгерлер КСРО қоғамындағы аздаған «жылымық» тұсында ат жалын тартып мінген азамат­тар болатын. Олар төңкерісті, азамат соғысын, жаппай тәркілеу, күшпен ұжымдастыру, ашаршылық трагедиясын, «халық жауларын» жою науқанын, екінші дүниежүзілік соғысты көрген жоқ. Олардың балалық шағы да еркіндеу, молшылық кезеңінде өткен жоқ. Алайда елуінші жылдардың екінші жартысында аздау болса да, жылт еткен жылымық олардың санасына серпіліс пен сілкініс ұялатты, олар ұлттық әдебиетке тың сер­пін, соны ізденістер әкелді. Бұл үдеріс сол кезден КСРО, әлем елдерінде де белең алып еді. Бәрінен бұрын, бұл серпінді топ өкілдері түрлі уақытта, түрлі қоғамдық құрылымдарда күн тәртібінен бір түспеген «Адам». Ол кім? Ол қандай жаратынды? Ол не үшін өмір сүреді? Оның өмірінің мазмұны, мән-маңызы неде?» деген өмірлік сауалдарға жауап іздеген еді. Көздерінің жеткені: түрлі келеңсіздік, қантөгіс, соғыс – бәрі де адамға, оның пиғылы мен ниетіне байланысты екен, ендеше, алдымен, сол адамды өзгерту керек екен… Осынау толғаныс оларды айрықша танымал етті. Бірін шешен, бірін көсем, бірін толғампаз, бірін талғампаз етті. Өмірлік ұстаным, тұжырымдамасы (концепция) арқасында олар белгілі бір дәрежеде философ, тарихшы, саясаткер, мәдениеттанушы һәм әлеуметтанушы боп қалыптасты. Ә. Кекілбаев солардың бірі еді, бірі ғана емес, бірегейі еді…

 «Абыз Әбіш» кітабы Ә. Кекілбаевтың ойшылдығы туралы толғаныстардан тұрады. Ұлтының біртуар перзенті бол­ған Әбіш Кекілбаевтың ұлылық сипатын жарқырата көрсету үшін автор еңбегінде жанрдың алуан түрлі иірім­дері шебер пайдаланылған. Бұл орайда С.Абдрахманов ерекше толғанған, ерекше ойланған, тіпті ерекше жүрексінген. Жүрексінуі жазу машығы мен талантының кемістігінде емес, асқақ тұлғаның биіктігін шынайы түрде кескіндей алам ба деген жауапкершіліктен туындағаны бірден аңғарылады. Эссе, эпистолярлық сипат, естелік, негізгі нысанға қатысты әлем ойшылдарының ой-пікір, қағидалары, шығарма өзегіне арқау болған еңселі тұлғаның жалпы адамзаттық құндылықтар қазынасына қосқан үлесі жайлы толғам, толғаныстар, деректілік пен салыстырмалық сипат, публицистикалық тартымды желі, бәр-бәрі тұтасып келгенде автордың Кекілбаев әлеміне именбей енуіне алғышарттар жасаған. Абдрахманов Кекілбаев әлеміне бойлай алғандықтан, Кекілбаев рухы оны жатсынбай, киелі де қасиетті бағытқа бастағанын баса айтуды парызымыз деп білеміз.

Әбіш – абыз. Сол абыздық оны даңғайыр қаламгер етті. Абыздық ойшылдықтан туындайды. Сол абыз­дық ақын Әбішті, прозашы, драматург Әбішті, сыншы, толғанғыш Әбішті, шешен Әбішті дүниеге әкелді. Сон­дық­тан да осынау екінің бірінің маң­дайына жазыла бермейтін ірі қасиеттер тұтаса келіп, ойшылдықтан туындаған қаламгер Әбішке асқан білімдарлықты, ірі мәдениеттанушылық пен өнертанушылықты, философтық, саясаткерлік, тарихшылық, көсемсөз­шілік, әдебиеттанушылық саласында сұңғыла көрегендікті сыйға тартқанын еңбек авторы жан-тәнімен сезіне алған. Адам, бәрінен бұрын, пенде. Періште емес. Сондықтан да оған пенделік мінез, кемшілік тән боп келеді. Бұл Әбекең­де де болса керек. Сірә, замана дауылы қай тараптан долыра соқса да, айылын жи­май, қасқая қарап тұра беретін осынау тұлғаның кемшілігі өзін түсіне қойма­ған, түсінгісі келмеген жекелеген жандардың ұсақтығына, аласалығына налып, сезімтал да нәзік жүрегінің, саф таза, тым мөлдір адами болмысының сыр беруі, налуы, адам айтқысыз күйзеліске берілуінде шығар?! Автор осы жайларды да айқара ашқан.

С. Абдрахманов Әбіштің шыққан биігін Тәңірдің оған сыйлаған ерекше сыйының арқасы дей отырып, даналық, даралық, ойшылдық, классиктік, кемеңгерлік сипаттарын ұлтымыздың төл топырағынан, сондағы рухани, қатпары мол тарихи шүйгіндіктен табуға тырысыпты. Тауыпты да. Тапқаны сол, ұлт тарихындағы туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құба түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған баһадүрлер мен сөз бастаған шешендер әлеміне, Адам атты аса күрделі жаратындының пиғылы мен ниетіне, мінезі мен танымына бойлай алуы Ә. Кекілбаевты мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, саясаткер етіп қалыптастырыпты. Ә. Кекілбаев болмысындағы осынау әмбебаптық сипат төл топырақтағы ұлттық шалқар шабыт, нәзік лиризм, терең философия, ұйыта білетін психологизм, ешкімде кездесе бермейтін, тек қазаққа ғана тән ұлттық бояу иірімдерінен бастау алатынын автор тереңнен тартылған тамырластықтан тапқан сыңайлы. Нәтижесінде Ә. Кекілбаев феноменіндегі ойшылдық қасиет тек оған ғана емес, исі қазақ руханиятына, болмысына қойылған ескерткіш екен, кітап авторы асқақтық сатысымен жоғарылаған сайын төңірегіне ғана емес, төрт құбылаға шалжия орналасқан шартарапқа да молынан көз тастап, өзі де ойланып, өзі де толғанып, өзгешелеу бір сәтті бастан өткергенін пайымдағандаймыз. Автор Ә. Кекілбаевтың өмірдегі ізімен өзі де жүре отырып, өнердегі ізі арқылы АДАМ – УАҚЫТ – САНА – ҚОҒАМ төрттағанына терең талдау жасаған. Ә.Кекілбаев тұлғасындағы азаматтық ажар, кісілік келбет оның бірде ойлантқан, бірде толғантқан, бірде мұңайтып, бірде қиялыңды шарықтатқан нәрсе руханиятты жасаушы бойындағы дала табиғатының мінезі десек, нақты өмірдегі Кекілбаев пен өнер ауқымындағы Кекілбаевтың біте қайнасып, шебер ұштасқанын, әбден кірігіп, әбден бірігіп кеткенін аңғарасыз.

«Абыз Әбіш» – классик дәрежесіне көтерілген тұлғаның адами болмысына, қайраткерлік еңбегіне, руханияттағы нық жайғасқан орнына берілген барынша байыпты баға. Ә. Кекілбаев шығармашылығы қайраткер, саясаткер ретінде, кемел мінез иесі ретінде, ірі жазушы, тарихшы, ойшыл ретінде көптеген авторлардың ірілі-ұсақты, ертелі-кеш жарық көрген еңбектеріне арқау болып келе жатыр. «Абыз Әбіш» кітабының авторы классик қаламгердің сан қырлы еңбегіне, феномендік сипа­ты­на оның ОЙШЫЛДЫҚ даралығы арқылы үңіле алған. Сол мақсатына жеткен.

Міне, жетпістің жотасына шыққан сыйлы қаламгеріміздің, абзал азаматы­мыздың шығармашылығындағы бірер сипатқа ғана тоқтала алдық. Ал С. Абдрахмановтың қайраткерлігі жөнінде қанша айтсақ та жарасар еді. Мақаланы әдебиет газетіне жолдап отырғандықтан, Мәжілістің екі шақырылымында депу­тат болған қаламгер бауырымыздың осыдан үш жыл бұрын мәдениет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралған кезде сол құжат­қа авторлық қаламақы мәселесін заңдас­тыру қажеттігін қадап айтып, сол пікірін табанды түрде қорғап, ақыры қабыл­дануына қол жеткізуін разылықпен жазу­ды сөз соңындағы парызымыз санаймыз. Бұл үшін оған қалам ұстаған ағайынның бәрі қарыздар деудің артығы жоқ.

Мәуен ХАМЗИН,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір