БҰҚАРАЛЫҚ САНАНЫҢ КЕСІРІ НЕМЕСЕ ҰЛТ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК
21.10.2016
2014
0

econlit_books_laptop«Жақсы адам алысты жақын етер» деген Сүйінбай талай тарланның ірі мінезіне, аталы сөзіне сүйсінген ғой. Ал: «Екі жақсы қас болмас, екі жаман дос болмас» деген Бұқар бабам да адам қадірін бір кісідей-ақ білген-ді. Сұхбаттасың «жақсы» деген сөзге лайық болса, жанында өткізген бір сағатыңның өзі құндыздан да құнды болмақ. Бірлік пен толеранттылықты насихаттаушы Ассамблея Қазақ топырағын басып жүрген қаншама ұлт пен ұлыстың басын қосқан ұйым болғанымен де, тұлғатанумен айналыспайтыны белгілі.Бізге «сарам», яғни адам (кәріс тілінен аударғанда) қымбат! Соның бірі – ақын, драматург, киногер Лаврентий Сонмен жолығып, қойылған біраз сұраққа жауап алғанымызда сарайымыз кеңи түскендей күй кештік.


2081891421_7Лаврентий СОН,
драматург, ақын,
кино-сценарийші

 

– Қырқыншы жылдары жер аударған көптеген ұлыстардың тағдыры әрқилы болды. Соның ішіндегі кәрістердің Қазақ же­ріне көшіп келгендегі ахуалы есіңізде ме?..

– Кәріс халқы Қиыр Шығыстан Қа­зақ­стан, Өзбекстан, Түркменстанға 1938 жы­лы толықтай көшіп болған. Сол кездері: «Кә­рістер 48 сағаттың ішінде Благовещенск, Владивостоктан қоныс аударсын» де­ген жарлық шыққан. Сөйтіп, кәрістер тауар таситын вагонмен күн-түн жүріп, бел­гіленген жеріне жеткен-ді. Жолда бір­а­зы шейіт болғанына қарамастан олар кө­шіп келген мекеннің аты – Бастөбе еді. Сол кездегі жеркепе орны әлі күнге дейін сақ­талған. Қыстан аман-сау шығып көкке ілін­ген соң өзімен бірге алып келген күріш ұрығын Үштөбе маңына сеуіп, еңбек ете бас­тады. О жақ тұзды әрі тастақ демесеңіз, Қара­талдың көмегі зор болды… Мен 1941 жылы тудым, ал кәрістердің Қазақстанның әр өңіріне көше бастауы 1949 жылдан бас­талды. Бала кезім алаңсыз әрі қызық өтті дей аламын. Қатты қиналып, зәбір көрген ке­зім есімде жоқ. Соған қарағанда, кең­қол­тық қазақтар өте бауырмашыл болды ғой деймін. Матадан жасалған допты бірге теуіп, кешке кір-қожалақ боп үйге қайта­тын­быз. Ол да бір дәурен еді, шіркін. Ағам мар­құм әпенде еді. Төртеуміздің (мен, ағам, екі әпкем) метіркемізбен төрт оқуға тү­сіп, төрт диплом алған. Бүгіндері міне ата боп үйде отырмын. Бір ұл, бір қыздан бес немере сүйдім. Ұлым Санкт-Петер­бург­те, ал қызым Алматыда тұрады. Екеуі де қаржы саласына барды. Қызым Қа­зақ­фильмде продюсер ретінде жұмыс істеп жүр. Жалпы, біз қазақтар де, кәрістер де Шығыс халқы болғандықтан олардың өмір­ге деген көзқарасы, ұстанымы, канондары дәстүрден әсте алыстамайды. Ең бас­ты теңірқазығы – үлкенді сыйлау, кі­ші­ні ренжітпеу, еңбек ету, сабырлы болу. Орыс­тарды ренжіткім жоқ, бірақ олар ағыл­шындар сияқты. Тікбақай келеді. Өсіп-өнген соң ата-анасын ұмытып, кей жағ­дайда қарсы шығады, қатты сөйлейді, күш көрсетеді. «Қарға тамырлы қазақ» де­ген сөз бар, соны кәрістерге де қатыстыра айту­ға болады. Туған-туыс, жақын-жуық­ты түгендей келгенде кәрістер де бір-біріне бауыр, аға, іні, әпке, қарындас боп шы­ға­ды. Одан кейін неге екені белгісіз, Біз кә­ріс­тер немістермен жақындығымыз бар сияқ­ты!.. Тағы бір нәрсе… Өзге елге бар­ған­да кәріс көрсем қуанамын. Бұл ұлтшыл­дық­тан туындаған дүние емес, бір бейсана дең­гейіндегі сезім секілді. Мысалы, қазақ Қы­тай немесе Моңғолияға барып өз бауырын көрсе: «Ассалаумағалейкум!», – деп аман­дасып, шаттанатынындай ғой. Егер де сен белгілі бір ұлтпен тығыз байланыс­та болмасаң, онда уақыт өте келе өзіңді де ұмытасың. Өйткені, басқалардың Құдай бер­ген мінезі, дәстүрі, өзіне ғана тән дү­ние­танымы болады емес пе?! Соларды зерт­тей жүре Жаратушыға жақындайсың! Мен осындай бір түйінге келдім.

– Кәріс тілін ұмыта қоймаған шығар­сыз?

– Негізінен, білемін. Кәріс тілі хангунмаль және коремаль боп екіге бөлінеді. Бі­реуі жазбаша, біреуі ауызша стильді ұс­тан­ған. Кәріс тілінде 44 әріп бар. Бұдан бө­лек хангыль деген бар. Ол 4 мың иеро­г­лиф­тен тұрады. Оны жаттап, үйрену өте қиын.

– Бергі жақтағы кәрістер мен арғы жақ­тағы кәрістердің айырмашылығы неде?

– Бірінші тілінде. Оларда көркем тіл әлі сақталған, ал біздікі диформацияға ұшы­раған. Біз оларға қарағанда жан-жақ­ты, көп қырлы (полифониялық) екенбіз. Се­бебі, біріншіден, бізде шетелмен байланыс өте күшті, екіншіден, ұлт пен ұлыс көп, үшіншіден, қызмет бабымен жан-жақ­ты көре аламыз. Ал ол жақта бір жұ­мыс­қа тұрақтадың ба, болды, Қытай­да­ғыдай зейнетке бір-ақ  шығасың. Екін­­шіден, психологиясында. Олардың мінезі тұйық­тау келеді де, тар профильді мамандық иесі көп. Сондықтан болар, өз саласынан бас­қаға бара алмайды. Өмірге икемсіздік мә­селесі туындайды.

– Бізге қазақтарға кәріс, жапон, қытай­ды ажырату қиындау…

– Қытайларды бірден тани кетемін. Көз­дері өткірлеу және мінезі тік келеді. Жә­не сөйлесіп отырған адамды әңгімесіне аса үлкен мән бермейді. Біз кәрістер сұх­бат­тасымызды қалайда ыңғайсыз жағдайға қал­дырмаудың амалын іздейміз. Бұл жа­ғы­нан бізге жапондар жақын. ВГИК-та Казуо Окада деген жігітпен оқыдым. Атасы ағылшын болғандықтан бойы ұзын еді. Ки­норежиссер Михаил Ромм курсын біті­ріп шықты. Қазір оның өз студиясы бар және Токиода тұрады.

Біз өз арамызда шартты түрде алғанда, Оң­түстік кореялықтарды хангусарам, Сол­түстік кореялықтарды чосонсарам, ал шет­елдегі кәрістерді коресарам деп бө­ле­міз. Сарам – адам деген сөз. Бүгіндері: «Социалистік бағытты ұстанған Солтүстік Корея дамып кетті» деген көзқарас бар. Ай­налып келгенде, бәрін экономика ше­шеді. Сол арқылы барып саяси ұстаным қа­лыптасады. Осы арада, адамдар тек қана эко­номикамен ғана шектелмей рухани жа­ғын да мықтау керек. Адам бойында Отан­ға деген махаббат болмаса, ол саясат­тың құрбаны болып кетеді. Фашизм солай туған. Гитлер  немістерді ұлтшылдықпен ауыр­та келіп, ұлы соғысқа дайындады. Оның артын немен біткенін тарихтан біле­сіз. Ал сондай саяси тұрақсыз, рухани жа­ғынан әлсіз елді жаулап алу оңай. Бар­лық нәрсе ана сүтімен және отбасындағы тәр­биеге байланысты. Тәрбие дұрыс бе­рілмеген жағдайда ол қауіпті қаруға ай­налады. Ондай «мәңгүрттерді» кез келген бағытқа бұра салсаң болғаны, кете бе­реді. Сондай бір келеңсіздікті пайдаланып кететін астыртын топтар, кландар, ұйымдар бар.

– Ресейдегі және Әлемдегі өнер адам­дарын дайындап шығаратын мықты оқу орны – ВГИК-те оқыған екенсіз. Соған қарай, ки­ноға келгеніңіз де заңдылық сияқты кө­ріне­ді. Енді әңгіме ауанын өмірден өнерге қа­рай бұрсақ…

– 1968 жылы ВГИК-ті бітірген соң, Ал­ма­тыға оралып, Ш.Айманов атындағы Қа­зақфильм киностудиясына әдебиет бө­лімінің Кәріс театрына көркемдік жетекші ре­тінде қызметке тұрдым. Оған дейін Сверд­ловск радиотехникумында оқығам. Оны 1961 жылы тәмамдаған соң жолдамамен Барнауылға жіберді. Ол жақта кемелер жасайтын. Бір күні Мемлекеттік филармония 64 адамнан тұратын академиялық ка­пеллаға конкурс жариялады. Бас, баритон, тенор дегендей, мен екінші қатардағы бас боп жұмысқа тұрдым. Сөйтіп, екі қыз­метті қатар алып жүрдім. Күндіз кеме жа­сай­мын, кешке хорда ән айтамын. Бұған қоса, «Капитандар клубының» төрағасы бол­дым.

– Бүгіндері ән айтасыз ба?

– Жоқ, неге екенін білмеймін, жасым ұлғайғандықтан ба, ән салуға ұяламын (күледі). Ол кезде баламыз ғой, басында му­зыкалық сауатым аз болды. Мүлде жоқ десем де болар. Табиғи дарынның арқасы, сол. Кейін мықты ұстаздардан дәріс алып, сольфеджио үйрендім. Үлкенді-кішілі кон­церт, фестивальдарға шығып, орын алып жүрдік. Сөйтсем, бізді теледидардан көр­сетіпті. Жұмыстан тыс кезде өлең, әң­гіме жазып жүрдім. Сөйтіп, «Ленинская с­мена» қазіргі «Экспресс К»-ға шап-ша­ғын туындым жарық көріп, бір күнде-ақ танымал болып шыға келдім. Сол газеттен: «ВГИК-ке жас дарындарды алып жатыр» деген хабарламаны көріп, көлемді әң­гімемді жіберіп ем, бірден грантқа түс­тім. Қуанышымда шек жоқ. Институт 600 адамнан 10-ын ғана таңдап алды. ВГИК-қа түстім, енді жұмысты қайтемін? Барып бас­тыққа бір ауыз айтып едім, қолхат бе­ріп, арқамнан қағып шығарып салды. Ол кезде қызметке тұру да қиын, шығу да қиын. Әйтеуір, жолым жеңіл болды. Өнер инс­титутының емтихандары өте қиын еді. Бірақ бағыма қарай ұстазым мықты әрі бе­делді кісі еді. Әлгі конкурсқа жіберген шы­ғармамның кеме жасайтын зауыт қыз­меткерлерінің өмірі туралы еді. Сөйтсем, оны бәрі оқып: «Мынандай жас жігіт бұн­дай қиын дүниені қайдан біледі, қалай игер­ді?», – деп таң қалып жүр екен (күледі). Оқуды үздік бітірген мен үшін ендігі мә­селеге Отанға оралып, жұмысқа кіру болды. Қазақ киноиндустриясы дүрілдеп тұр­ған кезге тап болдым. «Қыз-Жібек», «Транс­сібір экспрессі», «Атаманның ақы­ры», «Тақиялы періште», «Менің атым Қо­жа» сияқты кинолар жарыққа шығып, кө­рер­мен көзайымына айналған уақыт қой. Мен жақсы бір ортаға, өнерді шын сүй­ген мамандардың ортасына түстім. Тап­сырыс алып, тегін жазып беремін. Бәрі мені аяп: «Мына балаға ақша керек жоқ қой деймін, иә?!» – депті. Бірақ мен қандай тә­жірибе жинап жүргенімді ешкім білген жоқ. Елдар Оразбаев түсірген «Транссібір экспрессінде» генерал Ямагутидің рөлін сом­дадым. Менімен бірге атақты Олег Та­баков пен Захаровтар ойнады. Мен сол киноның редакторы болып істедім, ал сцен­рийін Андрей Кончаловский жазған еді. 2011 жылы «Жерұйық» фильмі шықты. Ре­жиссері Сламбек Тәуекел, сценарийші мен болдым. Кино көрерменге ұнады деп ойлаймын. Бұл кинода қазақ топырағына жер аударылған барлық ұлыстардың тағ­дыры бар.

– Бүгіндері киноның көркемдік сапа­сы­ның түсіп кетуінің себебі неде?

– Қазір капитализм заманы. Адамға ақ­ша қажет. Сондықтан болар, ірі киносту­диялар коммерциялық бағыттағы кинолар тү­сірумен әуестеніп кетті. Оның кесірі сапаның төмендеуіне алып келді. Қазір қазақ классикалық киноларын қатты са­ғынамын. Оған теледидардың тұтқасын ұс­тап отырғандар да кінәлі. Себебі, көрсе­те­тіндері арсыз күлкі, арзан шоу. Ал жақ­сы режиссерлер қалтасында қаржысы бар демеушілерге тәуелді болып қалды. Бұл тек өнердің ғана емес, мемлекеттің, мем­лекеттік жүйенің қасіреті. Мысалы, мен көптеген сценарий жазған адаммын. Бірде жеке киностудияларға жолдаған едім, ұнатпады. «Бізге елді күлдіретін, жеңіл туын­дылар керек», – деді. Кино мен теле­ди­дар – идеологиялық құрал, кино – ұлт­тың айнасы. Руханият майданында жеңіл­сек, онда мемлекеттігімізден де, мына Тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Бүгінгі адамдар кітап оқымайды. Се­бебі, ойланғысы жоқ. Одан да телехикая кө­ріп, көзінің жасын сүрткенді дұрыс көре­ді. Адам ойланбаса, ол еріншек бола бас­тайды. Ал адам ерінсе, оның барлық қа­сиеті, қабілет-қарымы, күш-қуаты жо­ға­лып, ұлт әлсірей бастайды. Кітап оқитын кісі­ні көрсем, қуанып қаламын. «Читающая нация» деген ұғым бар. Біз сол дең­гей­ге жете алмай жүрміз. Жетсек, дамимыз. Батыста неге бұрынғыдай ұлы тұл­ғалар жоқ. Себебі, бәрі ұсақталып кеткен. Жекелеген адамдар бар, бірақ әлуетті топ жоқ. Бәрі бұқаралық сананың кесірі. Сон­дықтан шешілмеген мәселе өте көп. Ки­ногершіліктен бөлек ағаштан бұйым жа­са­ғанды жақсы көремін.

– Бұл өнер кімнен дарыған?

– Әкемнен. Әкем керемет шебер бол­ған. Жесір әйелдерге әр түрлі зат, мүлік-мү­кәмал жасап береді екен. Сөйтсем, ара­ларында бір гәп бар боп шықты (күледі). Та­ғы, әкем көп аңыз-әңгіме, әфсаналар бі­леді екен. Кеш батқан соң ел-жұрт әңгі­ме­сін тыңдауға жиналады екен. Әкем де, ше­шем де ерте кезде қайтыс болған-ды. Әлі есімде, Үштөбе станциясында шешені бол­сын, немісі болсын, орысы болсын кә­рісше сөйлейтін. Себебі, уақытында ол жақ­та кәріс көп қоныстанған-ды. Бір ағам, екі әпкем бар. Ағам дүние салған, бір әп­кем Алматыда, екінші әпкем Солтүстік Осе­тиядағы Маздок қаласында тұрады. Өмір деген қызық қой өзі. Бала кезде қа­зы-қарта, құрт, ірімшік, май, сүт, қымыз іш­пейтінмін…

– Ал қазір ше?

– Одан асқан дәмді нәрсе жоқ екен ғой. Мен кәрістерге: «Неге ең қиын жұмысты таң­дап алғансыңдар», – деп қалжың­дай­мын ғой. Күріш пен пияз өсіру қиямет-қайым ғой. Алты ай бойы су кешіп жүріп еге­сің, өсіресің, қарайсың, арам шөбін жұ­ласың. Көбісінің аяғынан суық өтіп, жү­ре алмай қалғаны да бар. Ревматизм, арт­рит, полиартрит деген аурулар дайын тұра­ды ғой.

Одан бері біраз уақыт өтті. Қазақфильм өз­герді, Кәріс театры драмалық бағыт-бағ­дарынан ажырап, концерт, шоу, ән-би жақ­қа ауысты. Шынтуайтына келгенде, адам­дар ақша қуып кетті. Драмалық театр мық­ты репертуар мен жақсы труппадан тұра­ды. Егер де репертуарлық саясат әлсіз бол­са, онда актер деген халық әр жаққа бы­тырап, жанбағыстың қамымен кетеді. Өкі­нішке қарай, уақытында өте мықты өнер ұйымы – Кәріс театры бүгіндері әлсі­реп қалды. Және бір қызығы – осы бір ахуал өнердің барлық саласына ортақ.

– Бұның себебі неде?

– Бүгіндері Әлемдегі экономикалық кри­зис рухани дағдарысқа ұласып, ұлт ұста­нымынан, басты бағдарын адасып қал­ды. Совет кезінде Партия деген бар еді. Ол коммунизмге, яғни «жарқын бола­шақ­қа» жету жолында барын салды. Сол кез­дері жалғыз партия, монопартия үстемдік құр­ғандықтан, бар нәрсе қадағаланды, мүлік, идеология, адам Жүйенің қарауында болды. Бірақ Қызыл империя құлады, құлдырады, жойылды, жоғалды. Енді қараңыз, жалғыз басқару жүйесін, белгілі бір үлкен орталыққа үйренген ел көп партиялы, поли-партиялық системаға өтті. Көппартиялы жүйе орнау үшін қоғам санасы жетіліп, өсу керек. Мәселен, Аме­рикадағыдай, Консерваторлар, Либерал-демократтар, Республикандықтар деген сияқты. Біз дамушы мемлекетпіз, ал да­мыған елдерде бірнеше партия уақыт өте келе қос партиялық басқару жүйесіне ауысады. Ондай деңгейге жету үшін әлі көп уа­қыт керек. Ол үшін демократия заңды­лық­тары толықтай орнап, мықты, жүйелі, сан саланың басын қосқан, рухани күш-қуаты ғаламат, идеологиясы айқын, діни-философиялық және  этикалық нормалар­ға сай өмір сүретін, өз ділін, дінін, тілін, әде­биетін, мәдениетін, өнерін құрметтеп, шы­­­ғармашылық пен ғылым-білімнің қа­ра ­нарларына жағдай жасап, бар құнды­лы­ғын алға қоятын басшылық орнағанда ғана қоғам да, ел де бәсекеге қабілетті боп, ішкі-сыртқы жағдайы тұрақталып, алдына қойған мақсат-мүддеге жете алмақ. Рес­­публика революциялық емес, эво­лю­ция­лық жолмен даму керек. Қате­лік­­тер, келеңсіз жайттар болады, басқа ти­мей ештеңеге көзің жетпейді. Сондық­тан ұрандатып, жалаулатып, шикі дүниені елге тықпалап, күштеп енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазақстан Орталық Азия­дағы ең көпұлтты әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Даму – Уа­қыттың меншігіндегі дүние. Егер де билік дамуды жеделдетсе, онда құндылық атаулысы саяси диформацияға ұшырайды. Бұл де­геніңіз, бағынатын нақты бір жүйе бол­мағандықтан әр адам ойына келгенін іс­теп, әркім әр түрлі жолмен тіршілік сүре бастайды. Бұның арты қылмыс, наркотрафик, Отанын сату, қашу, жемқорлық, ең маңыздысы, елдік сезімнің жойылуына алып келеді. Әр азамат саяси жауап­кер­ші­лік­тен айырылып, елді күйретіп тынады. Өте қорқынышты жағдай, иә?! Саяси жауап­кершілік – азаматтардың  елдік мүд­деге, Қазақстанның дамуына үлес қосу де­ген сөз. Бәрі Қазақстан Бізге не бере­ді екен деп күтеді, бірақ Біз оның өсіп-өр­кендеуіне бар күш-жігерімізді салуымыз қажет екенін ұғынып отырған ешкім жоқ. Тұрғындар санасындағы тұтыну­шы­лық психологиясымен іштей күресу қажет де­ген ойдамын. Өйткені, сен Қазақстанда тұра­тыныңды түйсінгенде ғана жүрегіңде пат­риотизм деген сезім оянады. Қазақстан де­ген не? Бұл – туған жерің, Отаның! Бас пай­дасын ойлағандар бір нәрсе алып кетсек, жымқырып кетсек дейді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Еңбек ет, өзіңді көрсет… Пай­­даға кенелу кез келген кісінің бойында болатын мінез. Алайда, сол кеселмен кү­рес­кенде ғана адам атана аламыз емес пе?! Менің туған жерім Үштөбе, Отаным – Қазақстан. Қазақфильмде істеп жүр­ге­нім­де шетелге көп шықтым. Қайда бармайын, мен өз елімнің өкілі ретінде сезі­ніп жүр­дім. Соның арқасында өзімді тәуел­сіз әрі еркін екенімді ұғынатынмын. Бөтен ел­ге жұмыс бабымен барған соң үйімді, от­басымды, Отанымды сағына­тын­ды шы­ғардым. Кейін ойлап қарасам, қазақтар ай­татын «қарашаңырақ» деген сөз – өте терең ұғым екен. Шетелдіктердің маған, ба­ла-шағама, еліме, Назарбаевқа қатысты қойылған барлық сұрағына са­уатты, нақ­ты, артық-кем сөз қоспай жауап беруді әр­кез мақсат тұттым. Қазақстанның тарихын, әдебиетін, мәдениетін, өнерін, әдет-ғұр­пын, салт-санасын білуді міндет санадым. Онсыз Біз қалайша Қазақстан азаматы болып саналмақпыз?! Кез келген нәрсе бойға тіл арқылы сіңеді. Сол себепті, қазақ тілін үйреніп, мүмкіндігім келгенше қа­зақ тіліндегі кітаптарды оқуға ты­рыс­тым. Достарым: «Сен қазақша жақсы сөйлей­сің!» – дегенде, мен: «Қайдам, бұның өзі маған аздық етеді. Қазақ тілінің терең, бай, ұлы екенін түсінген сәттен бастап, жер­ге деген махаббат оянды…», – деймін кү­ліп. Досым Анатолий Ким айтпақшы: «Бел­гілі бір тақырыпқа барғың келсе то­лық игер. Егер де күшің жетпесе, барма», – деген еді. Қазақстан туралы көп нәрсе бі­ліп-білмегенімді үйренудің арқа­сында сая­си емес, рухани, психологиялық тұрғы­дан өсе бастағанымды аңғардым. Әгәрәки, тілді білмесең онда сен сол елдің азаматымын деп айта алмасаң керек. Себебі, тіл ар­қылы қазақтың дәстүрін, қазақтың дү­ниетанымын, қазақтың тарихын, қазақ мәдениетін, қазақ мұрасын зерделей ала­сың. Өзгенің алдында ел намысын қорғап, ұялмай-қызармайсың. Өзбекстанда тұра­тын кәріс достарым бар. Өзбекше өте жақ­сы сөйлейді. Оған қоса заңын, тарихын, рухани мұрасын бір адамдай біледі. Жалпы, ұлт алдындағы жауапкершілік деген осы шығар. Және билік тарапынан бәріне ор­тақ талап қойылу керек. Мақсат – біреу­ді бөліп-жару емес, керісінше, ұлт мүддесін жү­зеге асыру барысында барлық ұлыс ұжым­дасып, бірігу.

Сұхбаттасқан
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір