«САРЫ ҚЫМЫЗЫН САПЫРЫП, САҒЫНДЫРҒАН САРЖАЛЫМ…»
Биылғы жылы ел өмірінде елеулі оқиғалар баршылық. Айталық, ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесімен қоса, Тұңғыш Президентіміздің алғашқы Жарлықтарының бірі – «ажал аждаһасы» атанған Семей атом полигонының жабылғанына да 25 жыл өткені әлемдік деңгейде аталып өтілді. Бейбіт заманда қырық жылға созылған бұл қатерлі апаттың еліміз бен жерімізге қаншалықты қасірет әкелгені туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы
Туған жер, өскен ел, ата-баба тарихы туралы сөз қозғау менің кәсіби журналист ретінде ғана емес, перзенттік парызым деп білемін. Алып империяның басқа жерінен орын табылмағандай, ұлылар еліне соғыстан кейінгі жылдарыжайғасқан атом полигонымен қоңсы қонған, соған орай төтенше радиациялық аймақ деп жарияланған Саржал, Ши өңірі – ежелден құт қонған, берекелі жер. Бүгінгі күні Саржалдың бір ғана қымызының өзінің ұлттық брендке айналғаны сол елден шыққандар үшін зор мақтаныш. Қазірде Саржалдың бал татыған сары қымызына оңтүстік астанамыз Алматының базарларында да сұраныс жоғары. «Мата даңқымен бөз өтеді» демекші, осы орайда тұтынушыны алдап кететіндер де жоқ емес. Айталық, Алматы базарына бара қалған жерлестеріміздің бірі сондай саудагерсымақтың біріне: «Сен өзі Саржалдың қайда екенін білесің бе?» десе, ол беті шіміркенбестен: «Неге білмеймін, білемін, Саржал Шымкент жағында» деген екен. Бұл барлық тәтті дәм, шипалы сусынқаймағы бұзылмаған қазақы орта – оңтүстік жағында болуы тиіс деген түсініктен туындаған тұжырым ба дейміз. Сондықтан Саржалдың сары қымызы жалпы қазақтың сүйіп ішер сусынына айналып келе жатса, оған қайтіп қуанбассың!
Ежелден әл-ауқаты зор Саржал, Ши өңірінен уызына жарыған азаматтар көп шыққан.Шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатұлы ағамыз өзінің «Тобықты-Шыңғыстау» атты көп томдық елеулі еңбегінде жазғанындай тегінде екі-үш ғасырдан астам уақытқа созылған қазақ-қалмақ соғысына ұлы жеңіспен нүкте қойылған соң Тобықтының Мәмбетей,Үмбетей, Құлық, Ырыс, Қаржау тайпалары шұрайлы Шаған, Ши өңіріне келіп жайғасады. Бүгінде осындағы іргелі бір тайпа Мотыш баба есімімен аталады. Сол заманнан әлгі шұрайлы өлкенің тұтас бір бөлігінің Мотыштың Шиі атануы да көп нәрсені аңғартса керек.
Ал сол Мотыш бабамыз Мәмбетей ішіндегі Тәңірбердінің Қуандығының кенжесі. Қуандықтың тоғыз баласының бәрі шетінен бай, кісілікті, жомарт жанды, құдай берген ұрпақ болыпты. Жоғарыда айтқандай, екі ғасырдан астам уақытқа созылған Ұлы Отан соғысы аяқталған соң бұл кезде жігіт ағасы болып қалған Мотыш Шыңғыстауға табаны тиген бетте жер таңдап, Шаған өзенінің бойындағы жалпақ қорықтағы дөңге ат басын тіреп тұрып: «Мына қорық ұрпағыма, мына дөң өлгеніме қоныс болады екен» депті. Бүгінде сол дөң «Бабамның басы» деп аталады.
Сонымен Мәмбетей, Үмбетей ұрпағының жері оңтүстік батысы мен солтүстік шығысы Көкеннен Шыңғыстың сыртындағы Қарашығалыға дейін, оңтүстік шығысы Қыдыр, солтүстік батысы Желші, Майлы өзек, Шұңқыр, Аяқшат, Қаражыра деп аталатын қазіргі көмір бассейні мен Шаң деп аталатын биікке дейін көсілген кең алқап, шұрайлы жер. Сол алқапты суы мол Шаған өзені қақ жарып ағады.
Мотыш бабамыз туралы сөз қозғағанда оның ұлы Доғал (Жылқыайдар) жөнінде айтпай кеткеніміз жөн болмас. Бұл кісі де әрі батыр, әрі би, оның сыртында аса жомарт жан болыпты деседі. Өскенбайдың асында Мотыштың бір баласы Қошетердің Құла аты бәйгеден озып келген екен. Бірақ Құнанбай бас бәйгені одан кейін келген Ұлы жүз елінің атына бергізіпті. Сонда ренжіп, өзіне шағым айта келген жастарға Доғал би: «Құнашжанның бір білгені бар шығар. Бас бәйгені Ұлы жүздің аты алғаны дұрыс болған екен», – депті.
Құнанбай ат жалын тартып мініп, билікке қол созғанда осы Доғалекең бір түйемойнақ алтын, күміс беріп, қазіргі заманның тілімен айтқанда, демеуші болыпты деген де сөз бар. Ал түйемойнағыңыз түйенің мойын терісінен жасалатын үлкен әмиян сынды дүниелік болса керек. Доғал бабамыз ісіне сай денесі де аса кесек адам болыпты деседі. Бұл кісіні жөпшеңді ат көтере алмайды екен. Содан бұл кісі жасы келгенде сырқаттанып қалғанын Құнекең естіп, көңілін сұрап, жайын біліп келуге бірнеше кісі жіберіпті дейді. Әлгілер еліне қайтып барып Құнекеңе: «Доғалекеңнің халі жаман емес, оның бір күндік корегі бір қойдың еті мен тайдың сан етінен қуырылған бір астау майлы қуырдақ» депті. Сонда сұңғыла ойлы Құнанбай: «Е,сендер көп нәрсені аңғармаған екенсіңдер, Доғалекең бір күнде бір өзі бір тайдың етін жеп жүре беретін адам емес пе еді, ендеше халі нашарлаған екен» деп мұңайып отырып қалыпты.
Осы орайда, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің хакім Абай жайындағы ұлы эпопеясында біздің елді қысқаша болса да Ши өңірі деп суреттейтіні, Мотыш баба ұрпақтарына «бұлар өздері кесек, жуан сары, көздері көкшіл болып келеді» деп суреттейтіні еске оралады. Ғұлама Мұхаң, әрине, сөзді біреуден қарызға сұрап алып айтатын кісі емес. Десе де, осы сөзде арғы Құнанбай мырзаның Мотыш, Доғал бабаларға деген ықылас, ниеті жатқандай көрінеді де тұрады.
Мұхаң демекші, жас Мұхтар жиырмасыншы жылдары Шаған болысында ұстаздық етіп, бала оқытқан ғой. Ал одан кейінгі аралықта жылдардан жыл өтіп, жазушы ретінде даңқы жер жарып шыға бастағанда біздің ауылдың сол тұстағы ақсақалдары «осы Әуезов, Әуезов деп аспандатып жүргендерің баяғы қожа Мұхтар емес пе, өзі» дейтін көрінеді таң қалып. Бұл енді ертегі емес, шындық. Соның айғағындай, Мұхаң қырқыншы жылдардың соңы, елуінші жылдардың басында данышпан ақын туралы болашақ эпопеясына тың деректер жинау мақсатымен Аягөздетіп елге келген бір сапарында бұрынғы әріптесі Ыбырай Матаевты сұрастырыпты. Өйткені, ол өзі Шағанда бала оқытқанда Ыбырай мұғалім Ши өңірінде үлкен-кішінің сауатын ашумен шұғылданып жатыпты. Мұны да кейінгі жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен тілге тиек етіп отырмыз. Бұл кісіні жерлестері Абай мұғалім деп ерекше құрметтейтін.
Ал сол жас Мұхтар осы өңірден шыққан Алаш қайраткерлері Халел Ғаббасов пен Ахметжан Қозғабаровтарды өзіне үлгі тұтқан. Халел Мәскеу университетінің заң факультетін патша заманында алтын медалмен бітірген адам. Кейінде Мұхтар Ленинград университетіне оқуға бет алғанда өзіне сол Халелдерді үлгі тұтпады дейсіз бе!
Ал Ахметжанға келетін болсақ, ол Қазан төңкерісінен біршама жыл бұрын Омбының орталық фельдшерлік мектебін бітіріп, дәрігер мамандығына ие болған алғашқы қазақтардың бірі. Оның жиырмасыншы жылдары Абай елінде өз бастамасымен аурухана аштыратыны жеке әңгіме. Ахметжанның жұбайы Тұрар ханым да оқыған, тоқыған алғашқы қазақ қыздарының бірі. Төңкеріске дейінгі кезеңде Семейдегі мұғалімдер семинариясында «Біржан-Сара» айтысынан көрініс көрсетілгенде Біржан рөлін Жүсіпбек Аймауытов, Сара рөлін осы Тұрар ханым сомдаған.
Сөзден сөз шығады, Ахметжан мен Тұрардың ұлы Алаш ағамыз да осал кісі болмаған. Иә, бұлар заман сұрқынан еш сескенбестен ұлдарының атын Алаш деп қойған. Алаш әке жолын қуып дәрігер мамандығын иеленді. Және жай ғана дәрігер емес, ғалым-дәрігер атанды. Яғни әкесі кешегі заманда, ал баласы бергі заманда ел құрметіне бөленген. Соған орай, ана бір жылдары «Егеменде» «Ол Алаштың Ахметжаны, ал Алаш Ахметжанның ұлы еді» деген тақырыппен мақала жазған едік. Шындығында, ауыспалы мағынасы жағынан да, тура мағынасы жағынан да солай. Бүгінде Семейдегі орталық көшелердің бірі Алаш атында. Мұны да қуана құптай отырып, мүмкін ол көше әкелі-балалы Қозбағаровтар көшесі атанғаны жөн бе еді деген ойға да шомасың! Өйткені, мұндай құрметке оның әкесі де әбден лайық еді ғой. Оның үстіне Семейде ағайынды Мусиндер атындағы көше де бар емес пе!
Туған жер, өскен ел туралы сөз қозғалғанда бергі заманның Робин Гуды атанған әрі ақын, әрі батыр Тәуке қақында қайтіп сөз қозғамассың! Ер Тәуке туралы да кезінде «Егеменде» «Шыңғыстаудың Робин Гуды» деген тақырыппен мақала жариялағанбыз. Онда оның қарадан шығып хан атанған Құнекеңнің немерелері әнші Әміремен, ақын Тұрағұлмен аралас-құралас болғандығын, ерлігімен жас Мұхтардың ілтипатына бөленгенін, қилы тағдыры ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің қаламына іліккенін айтқанбыз. Ал оны біреу оқып, біреу оқымаған да шығар.
Осы орайда сөз баспасөз қақында қозғалып жатқанда Ши өңірінен шыққан кешегі заманның атақты меценаты Қаражан Үкібаев туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл кісі бастауында Әуезов пен Аймауытов тұрған «Абай» журналына демеушілік жасаған. Қаражанның аспандағы аққуға әуезді әнімен үн қосқан әнші Әміреге де шапағаты тиген екен деседі. Сол Қаражандардың тұстасы, заманның ағымымен бірі ақ, бірі қызыл жағында болып, айтысып, шабысқан ағайынды Ике, Мұсатайлардың шерлі тарихы өз алдына бір әңгіме. Осы тұста мидай былыққан заманға налисың. Болмаса сол ағайынды аса ауқатты жандардың байлығы ел игілігіне бұйырғанда отызыншы жылдардағы аштыққа жол берілмеген болар еді.
Ал Саржал, Ши өңірінен шыққан атақты жандар легі тек жоғарыда есімдері аталғандармен шектелмесе керек. Айталық, осы елден шыққан Шәймерден Тоқжігітов деген ағамыз сонау отызыншы жылдары бүгінде бірі «Семей таңы», екіншісі «Егемен Қазақстан» деп аталатын облыстық, республикалық басылымдарда басшы қызмет атқарған. Ана бір жылдары менің туған інім Сәкен директор болып жүргенде Саржал орта мектебіне Шәймерден есімін бергізуге мұрындық болды. Ал оның себебі де жоқ емес еді. Өйткені, Шәймерден Тоқжігітов Ши өңірінде алғашқы мектептің ашылуына себепші болған адам.
Өткенде осы Сәкен Саржалға белгілі бір себеппен бара қалғаны-мызда алқақотан бастары тоғысып қалған жерлестер алдында: «Ауылымызда салынып жатқан мәдениет үйіне осы өңірде өмірге келген Бекен Жамақаевтың есімін берсеңіздер екен» деген мазмұнда өз өтінішін білдірді. Өйткені, өз ортамыздан шыққан атақты сазгер осы өңірдің Жанан деген жерінде өмірге келіп, бастауыш білімге Саржал мектебінде ие болған. Тоқсаныншы жылдардың басында Бекеннің алпыс жылдығын Саржалда атап өтуге мектеп директоры Сәкеннің және мұрындық болғандығын айтсақ, басқалар мұны өздеріне бұра тартып жатыр демес.
Айналып келіп Мұхаңа соға береміз. Шындығында, Әуезов Жамақаев бауырының «Махаббат вальсін» сүйсіне тыңдап, жоғары бағалаған, мұның денсаулығына алаңдап қамыққан. Аз ғана ғұмырында әнді аз жазса да саз жазған, «вальс королі» атанған Бекен аға қандай құрметке болсын лайық деп білеміз. Алматыдағы әл-Фараби даңғылымен «Орбита» ықшамауданындағы үйімізге беттеп бара жатқанда осы үлкен даңғылды қиып өтетін сазгер ағамыздың атындағы көшені көрген сайын бойымызды елге, сол елден шыққан ерге деген мақтаныш сезімі баурап жататынын несіне жасырайық.
Әйтеуір, өнер жайлы, өнер адамы туралы сөз қозғалып кетті ғой. Ендеше осы Саржал орта мектебінен қанаттанып ұшып, үлкен өнер шыңына өз жөнімен барып қонған әнші-профессор Кенжеғали Мыржықбаев туралы бір ауыз сөз айтпай кеткенім жөн болмас. Кенжеғали тек Саржал ғана емес, Абай-Абыралы өңірінен шығып Ленинград конверваториясын бітірген бірден-бір кәсіпқой опера әншісі.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді халқымыз. Бұл өңірде ер Тәукенің ақындық жолын жалғастырған Тәңірберген Әміренов, Хамза Икрамбеков сынды нағашыларымыз болды. Тәңірберген нағашымыз басқаны айтпағанда, жыр даңғылы атанған Жамбылдың алдын көріп, кешегі жыр дүлдүлдері Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали ағаларымен, өзінен жасы кіші інісі Қалиханмен бірге аламан айтыстың көрігін қыздырған адам. Сайын сахара Сарыарқаның гимні іспеттес Мейрамбек ағамыздың «Сағындым, Сарыарқаны» әнінің сөзін жазған да осы кісі. Сол нағашымыз көзі тірісінде «сен үлкен шешең жағынан да, өз шешең жағынан да жиенсің» деп үйіне үлкен кісілермен қосып қонаққа жиі шақырып жататын-ды. Сонда қонаққа жиналған жұртшылық от ауыз, орақ тілді нағашымыз бен қайсар мінезді Қайым ұстазымызды ғана сөйлетіп қойып, шерлі де нәрлі әңгімеге ден қоятын.
Ал енді ел тізгінін ұстаған саржалдықтар да аз болмаған. Айталық, Мұқаш Орынбаев деген кісі ертеректе республикамыздың Қаржы министрі деңгейіне дейін көтерілген. Жоғарыда есімі аталған Абай мұғалімнің тұңғышы, Саржалда туып, алғашқы еңбек жолын Бесқарағайда мектеп директоры, колхоз бастығы болып бастаған Хафиз Матаев ағамыз одан кейінгі жерде Шұбартау аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Одан кейінгі жерде ұлылар еліне екі келіп ел тізгінін қолға алды. Абай елінің мейлінше өркендеп, дамығаны сол кез. Хафекең сол екі аралықта облыс басшыларының бірі болып та жемісті еңбек етіп үлгерді.
Ал қаладан ауылға қайтып оралып, жасы отызға келмей жатып мектеп тізгінін қолға алған Бәтташ Сыдықов ұстазымыз кейіннен аудан басшыларының бірі, облыстық телевидение мен радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Жасы келген шағында тілдің шын мәніндегі жанашырына айналып, «Ана тілінің айбары» орденімен марапатталды. Бұл кісінің үлкен ұлы Ерлан Астанадағы Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры болып жемісті еңбек етіп жатса, екінші ұлы Нұрланның алдымен Бесқарағай, соңынан Жарма ауданының тізгінін қолына алғанына бірер жыл болып қалды.
Осы орайда, біздің тұстастардан Бекен Теміровтің қала мен ауданға басшылық жасағанын, қала әкімінің бірінші орынбасары, одан кейінгі жерде облыстық және қалалық әкімшіліктің аппарат жетекшісі болғандығын айта кетсек дейміз. Ал небәрі жиырма үш жасында Абай аудандық мәдениет бөлімін басқарып, атақты «Қаламқас» халық ансамблін ұйымдастыруға ұйытқы болған ағамыз Мұрат Әлин бұдан соң облыстық филармония мен мәдени-ағарту училищесіне басшылық жасап, өмір баспалдақтарынан өте келгенде алдыңғы ұстазының жолымен облыстық телевидение және радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Әр жылдарда Саржал еліне Кәбір Қайырханов, Мұратхан Қорғанбаев сынды ағаларымыз білгірлікпен басшылық жасағанын неге айтпасқа! Мұның алғашқысы республика Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланса, екіншісі Ленин орденін иеленіп, енді болмаса Еңбек Ері атануға шақ қалып еді. Нағашымыз Мұхаңның ізгі ізі Абай елінің басқа да ауылдарында сайрап жатыр. Осы орайда Саржал елінен ертеректе Жиенбай Екібаев, Жұмағайша Жакина сынды Еңбек Ерлері де шыққанын айта кеткеніміз жөн болар.
Саржалдан қанаттанып ұшып, алғаш жоғары оқу орнына түсіп, елге еңбегі сіңгендер қатарында Бейсен Жұмагелдин, Қайырлы Жанбаев, Арғынбек Ахметжанов, Әнуарбек Исаханов есімі де құрметпен аталады. Ал алпысыншы жылдардың басында Арап Еспенбетов, Нәубат Қалиев, апайым Қайыркеш Сейсенова мен кейінде жеңгемізге айналған Нағияш Жиенбаева кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, алғашқы екеуі Семейдегі педагогика, соңғы екеуі медицина институттарына барып түсті. Бұлардың соңғы екеуі Саржал орта мектебінің алғашқы алтын медаль иегерлері болып табылады. Ал Арекең ғылымның шыңына көтеріліп, ғылым докторы, профессор, оның сыртында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Нәукең де ғылым докторы, профессор. Кезінде Әуезов атындағы педагогика колледжіне басшылық жасады. Осы жерде жүргенде республика Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Қазірде Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры.
Биыл Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр дедік. Сол қасіретті де қасиетті Саржал ауылы ел егемендігінің арқасында бүгінде қайта түлеп, жаңғырып отырғандығын айтпасқа болмайды. Соның айғағындай, Саржал Абай еліндегі үш тірек ауылының бірі болып табылады. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда жаңа мектеп, мәдениет үйі, футбол алаңы қатарға қосылып, су құбыры тартылса, биылғы мерекелі жылда ауылдың басты көшелеріне асфальт төселді. Өткен ғасырдың басында ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «әлһәмилла, аз емеспіз, алты миллион қазақ бармыз» деп жазған шақта біздің ауылдағы халық саны алты мыңның үстінде болыпты. Ал содан кейінгі зұлмат пен нәубаттардан, сұрапыл соғыс пен оған жалғасқан атом апаты салдарынан соң мұндағы тұрғындар саны екі мыңға дейін кеміп кеткен еді. Иншалла деп айтайық, қазірде Саржалдағы тұрғындар саны тұрақталып, аз да болса өсім бере бастады. Жақсының жақсылығын айт демекші, осындай оңды өзгерістерге байланысты аудан басшысы Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың атына жылы лебіз білдіре кетсек дейміз.
Иә, топырағы торқа, шөбі шүйгін, суы бал туған жерден, ондағы осындай оңды өзгерістерден қайтіп айналмассың! Шерағаң, талай журналист қаламгерлердің ұстазы болған Шерхан Мұртаза «жасымда Мәскеуде оқыдым, ат жалын тартып мінген соң талай шет елдерде болдым, бірақ соның бірі түсіме кірген жоқ, түсімде тек туған жерімді көремін» дейді.
Бұл сөзге біздің де алып-қосарымыз жоқ. Семейден елге бет алып, орта жолда Қарасу-Знаменкадан, одан арғы Ащысудан өтіп, Бойлауықтан бел асып Саржал ауылы жарқ етіп көрінгенде жүрегімнің кеудемде кептеліп, атқақтап кететіні несі! Иә, туған жер не бар екен сенен ыстық, өйткені сенде туып, сенен ұштық! Саған қаншама жерден төтенше радиациялық аймақ деп жанама ат қойылғанмен, қарға баласын аппағым демекші, сен біз үшін жер жұмағы болып саналасың! Бүгінгі күні сенің басыңнан өткен қасіретті емес, қасиетіңді сөз етіп жатқаным да сондықтан!