ӨНІМДІ ЕҢБЕК – ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету басты назарындағы мәселе екенін атап өтті.
«Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін-өзі сезінулері тәуелді», – деді Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында. Еліміз ілгері дамып, кемелденген сайын Мемлекет басшысы қоғам алдында үнемі жаңа міндеттер қойып отырады. Әр қазақстандыққа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсету, елімізде мүгедектерді, сал ауруына шалдыққан адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге және олардың белсенді өмір сүруіне ықпал жасауға байланысты қатысты тапсырмалар Елбасы Жолдауларында да көрініс тапқан болатын. Мысалы, «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында
Елбасы: «Бізде ондай адамдар аз емес, оларға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл біздің қоғам алдындағы парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған мұнай квотасына енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Сол кезде біз оларды белсенді өмірге тартамыз. Олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмыстарды қолға алғандары жөн. Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдар өз жұмысын осы арқылы көрсеткен маңызды», – деді. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында партия «Кедергісіз келешек» атты мүгедектердің тұрмысын жақсартуға бағытталған идеяны қолға алды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды белсенді өмірге тартып, өздерін қоғамның пайдалы мүшесі ретінде сезінуіне, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік жасап, оларға көмектесу мақсатында Шымкент қаласында «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы өтті. Аталмыш іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, демеушілік жасаған жомарт азаматтарға алғысын білдірді. «Тағдыры ерекше адамдар – біздің қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың көпшілігі талантты, білімді, іскер, өнерлі жандар. Сондықтан олардың көбісі қатардағы азаматтан артық болмаса, қабілет жағынан төмен емес. Конституцияға сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттің барлық азаматтарымен теңдей құқықтары бар. Сол себептен, біз осы отандастарымызға барынша қолдау жасап, үнемі жағдайын жақсартып отыруға тиіспіз», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, ұйымдастыру шараларының бастамашысы болған ОҚО прокуроры Ибраһим Иманов акцияға қатысушыларға алғысын білдіріп, демеушілік жасаған азаматтарға Алғыс хат табыс етті. Айта кетелік, бүгінгі таңда облыста 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрса, олардың 26,7 мыңының тірек-қимыл аппараттары бұзылған, оның ішінде 8,5 мыңы арнайы қол арбамен қозғалады, ал 16,4 мың азамат көру және есту қабілеттері жағынан мүгедек. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, сәуір айынан бастау алған «Біз біргеміз!» акциясы аясында қоғамдық нысандардың 403-не пандустар салынып, дыбыс және жарық беретін 44 бағдаршам орнатылған. Ал 51 жерге арнайы жол белгілері мен көрсеткіштері қойылыпты. Сондай-ақ, 13 автотұрақ салынып, 1072 жеке кәсіпкерлермен 42 млн. теңгеге меморандумдар түзілген. Акция шеңберінде 370 мүгедек азамат жұмыспен қамтылған. Ал кешегі акцияда демеушілер тарапынан төрт би қоларбасы мүгедектер спорт мектебіне берілсе, 14 азаматқа медициналық көмек алу үшін 140 мың теңгелік сертификаттар мен дәрі-дәрмектер пакеті тапсырылды. Мүгедектер спорт мектебіне демеушілік жасағандардың бірі – «Отау строй» ЖШС президенті, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Молдасейітов бұған дейін де жомарттығымен ел алғысына бөленген азамат. «Отау строй» компаниясының демеушілігімен киелі Түркістан қаласында 100 баланы қабылдайтын «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мен 16 пәтерлік үй салынып, 16-сының да кілті тұрмысы төмен, мүгедек жандарға табыс етілгенін өңір халқы ұмытпас. Сондай-ақ, кәсіпкер Қ.Молдасейітов Шымкент қаласында «Нұрсәт» шағынауданынан ғасыр індетін жұқтырған балаларға арнап «Ақпараттық оңалту орталығын» салды. Яғни кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсене араласып, еңбек етуіне, ел дамуына өз үлесін қосуына септігін тигізуде. Елбасы идеясын ілгерілету мақсатында жүзеге асырылған қамқорлық өз нәтижесін де беруде. Мысалы, Риодағы Паралимпиялық ойындарда спортшыларымыз ел абыройын асқақтатып, еселі еңбектің қашанда табысқа жетелейтінін іс жүзінде көрсетті. Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, қазіргі жаппай жаhандану заманында елдің де, ұлттың да әлемдік бәсекеде өзінің лайықты орнын табуында осы Еңбек мәселесі шешуші роль атқаратыны анық. Мұның әсіресе индустриалды-инновациялық жобаны жүзеге асыруға зор маңыз беріп, қызу кірісіп кеткен біздің еліміз үшін маңызы тіпті өзгеше. Тек еңбексүйгіш, жаңалыққа бейім, оны білім мен ғылымның жетістіктерімен тығыз ұштастыра білетін ұлт қана тарихтың қойнауында қалып қоймай, өркениет көшіне қарқынды ілесе алады. Әрбір азаматты еңбекке үндейтін және еңбек етуіне мүмкіндік жасайтын бастамалар мен нақты бағыт-бағдарлар Елбасы Жолдауларында жалғасын тапты.
Индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономикаға басымдық берілуде. Әртараптандырылған экономикаға бағыт алу жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беруде. Бұл орайда, Елбасы жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор екенін атап көрсетті. Ал бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржы бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағытталуы тиіс. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қызметке кіріскен алғашқы күндерде-ақ инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне белсене кірісті. Облыс басшысы ірі бельгиялық «WILLEMEN Groep NV» компаниясының президенті Йохан Виллені және аталған компанияның өкілдерін қабылдап, өңір үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары инвестициялық жобаларды талқылады. «WILLEMEN Groep NV» компаниясы Бельгияда тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың, автожолдардың және медициналық нысандардың құрылысымен айналысады. Кездесу барысында Шымкент қаласында онкологиялық орталықтың құрылысы жобасын әзірлеу туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Инвестициялық көлемі 250 млн. еуро болатын онкологиялық орталық 350 орынға лайықталған. Сондай-ақ, кездесу барысында, бельгиялық компания өкілдері Сарыағаш-Мақтаарал автожолының құрылысы және Шымкент әуежайы терминалын жаңғырту құрылысы жобалары бойынша жұмыс істеуге әзір екендіктерін білдірді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін индустриаландыру картасы қала, аудандарда да нәтижелі жүзеге асырылып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға септігін тигізуде. Мысалы, «Оңтүстік» индустриалды аумағында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары бойынша іске қосылған «Ferrum-Vtor» ЖШС-і қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін сұрыптық металл прокатын өндіретін кәсіпорын осы индустриалды аймақта орналасқан. Зауыт шегеден бастап, сұйық натрий шынысына дейін шығарады. Атап айтсақ, түрлі диаметрлі арматура, бұрыш, сызба сым, шаршы, шегелер және метиздер, темір бетондық құрылымдар үшін арматуралық және дәнекерлік торлар, сынақ құдықтардың люктері, сонымен қатар, натрий силикаты және сұйық натрий шынысын өндіреді. Кәсіпорын өнімдері елімізде және Ауғанстан мен ТМД елдерінде сұранысқа ие. Яғни өнімдерінің 40 пайызын экспорттайды. Сондай-ақ, «Ferrum-Vtor» ЖШС-інің өндіріс аумағы кеңейтіліп, аммоний көмір қышқылы тұзын өндіретін цех іске қосылған. Көпсалалы кәсіпорын ауылшаруашылығы өнімдеріне арналған тыңайтқыштардың түрін де шығарады. Бұл бағытта қосымша 150-ден астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. «Оңтүстік» өндіріс аймағында орналасқан кәсіпорындардың тағы бірі – «Компания ЮгПласт» ЖШС-і су, газ, кәріз жүйелеріне арналған құбырлар шығаруда. Кәсіпорынның өнімдері тұтынушылардың талабына сай. Жалпы жобалық құны 350 миллион теңге болатын кәсіпорын жылына 6 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бұйымдары түгелдей ішкі нарыққа арналған. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Зауыт инновациялық соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Сондықтан да өнімдері сапалы. Бүгінгі таңда облыста құрылысқа немесе жөндеу жұмыстары барысында отандық өнімдерге басымдық берілуде. Бұл орайда «Югпласт» компаниясы тапсырыс берушілерге ұзақ мерзімге жарамды, сапалы құбырлар ұсынуда. Ал Қазығұрт ауданында индустриаландыру картасы бойынша биыл жалпы сомасы 722,7 млн. теңгелік 2 жоба өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған. Облыс әкімдігінің шілде айындағы қаулысымен «Отырарбат құрылысы» ЖШС-нің құны 120,0 млн.теңгелік «газоблок өндірісі» және «Асыл бастау КZ» ЖШС-нің құны 602,7 млн. теңгелік «майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май өндіру» жобасы индустриаландыру картасына енгізілген. Сонымен қатар, индустриаландыру картасы аясында «Компания SERPER invest» ЖШС-і 200 тонна ет, «Сапа-2002» ЖШС-і 1000 тонна өсімдік майын және «Қайып ата» ЖШС-і 1000 тонна ет өнімін өндіруді жоспарлаған болатын. Серіктестіктер ай сайын бекітілген кестеге сәйкес өнім өндіріп келеді. Айта кетелік, ауданда өнеркәсіп саласында 16 кәсіпорын бар. Биылғы 8 айда өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 3971,8 млн.теңге болып, нақты көлем индексі 105,4 %-ды құрады. Өнеркәсіп саласында «Lotus Food Company LLC» ЖШС-нің құны 471,0 млн.теңгелік «тез әзірленетін тағамдар» жобасы Елбасының қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір шарасында іске қосылып, 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылған болатын. Ал ағымдағы жылдың ІІ-жартыжылдығында «ЮКГУ» ЖШС-нің «газоблок өндірісі» жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту бәрінен бұрын барлық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеуге бағытталуы керек деген сенімде екенін білдірді. «2020 жылға қарай экономиканың өсуі ғана емес, әлеуметтік құрылымның ауқымды өзгеруі орын алатындықтан да бұл өте маңызды. Атап айтқанда, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Еңбекпен қамтылу құрылымында білікті мамандардың үлесі де 40 пайызға жетеді. Басқаша сөзбен айтқанда, елде жаппай орта тап қалыптасуда. Бүгінде Қазақстанда өмір сапасының белгілі бір әлеуметтік үлгі-қалыптарын, соның ішінде мемлекет кепілдік ететіндерін де, белгілеу үшін тиісті әлеует те, экономикалық алғышарттар да бар», – делінген бағдарламалық мақалада. Сондай-ақ, мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып табылатынын үнемі айтып келе жатқан Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдерге еңбекке жұмылдыру және жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің бірін-бірі іздеп табуына ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл орайда жоғарыда біз атап өткен Қазығұрт ауданының даму бағдарламасына сай, 2016 жылдың 8 айында тұрақты жұмысқа орналастыру, ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлары артығымен орындалыпты. Тарата айтатын болсақ, 8 айда 1382 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, 1498 жаңа жұмыс орындары ашылып, жоспар 108 пайызға орындалған. Тұрақты жұмысқа орналастыру жоспары 111 пайызға орындалып отыр. Ақылы қоғамдық жұмысқа 340 адам жіберу қаралса, оған 364 адам тартылған. Ауданда жұмыссыздық денгейі 3,18 %-ды құрайды. Осы жылы 3 рет жәрмеңке өткізіліп 33 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасса, ағымдағы бос жұмыс орындарына мүмкіндігі шектеулі 36 азамат жолданып, барлығы 69 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды. Аудан көлемінде биыл «Өрлеу» пилоттық жобасына аз қамтамасыз етілген 24 отбасы өтініш беріп, оның ішіндегі 26 еңбекке қабілетті адамды «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына, яғни тұрақты жұмысқа тарту арқылы балаларын қоса алғанда 131 адамға 5117 мың теңге шартты ақшалай көмек тағайындалған. Аталмыш бағдарлама бойынша үш бағытта жұмыс жүргізілді. Бірінші бағыты бойынша елді мекендердегі құрылыс жұмыстарына 10 жұмыссыз азамат тартылса, екінші бағыты бойынша жыл көлемінде 79 азаматқа несие беру жоспарланған. Жоспар артығымен орындалып, 110 адамға 294,5 млн. теңге несие берілді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 138 азамат әлеуметтік жұмысқа орналастырылды. «Жастар практикасына» 100 адам жіберу жоспарланса, 106 маман тәжірибеден өтті. Мемлекеттік және аймақтық бағдарлама бойынша жұмысқа 330 адам тартылды. Ақылы қоғамдық жұмысқа 364 адам жолданыпты.Тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыру жоспары 1010 адам болса, оған жолдамамен 1119 адам жолданып, жоспар 111 пайызға орындалды. Жалпы, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1897 адам қамтылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2009 жылдан бері 326 маманға 38,8 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы, 112 маманға 284,0 млн. теңгеге тұрғын үй сатып алуға жәрдемақы берілген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға да ерекше мән беріліп келеді. Жыл басынан бергі 8 айда кәсіпкерлік субъектілер саны 6849 болып, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,3%-ға өскен. Осы бағытта 10766 адам жұмыспен қамтылған. Олардың өндірген өнім көлемі 28 310,4 млн.теңге болып, 298,9 млн.теңге бюджетке қосымша салық түсірілді. Жалпы, шағын және орта бизнес саласы бойынша 17 жоба іске асырылып, 60 адам жұмысқа тартылды. Қазығұрт ауданының жүзімдері Алматы, Астана сияқты ірі қалалармен бірге, еліміздің өзге де өңірлерінде сатылып, Ресейдің Мәскеу, Новосибирск, Екатеринбург сияқты қалаларына экспортқа жіберілуде. Өткен айда ауданнан 150 тоннадан астам жүзім, 100 тоннаға жуық алма, сондай-ақ, шабдалы, киви, алмұрт, алхоры сияқты өнімдер экспортталды. Бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы ұйымдары да қолдау көрсетуде. Мысалы, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өңіріміздегі «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2011-2015 жылдар аралығында 1003 жобаны 2,1 млрд.теңгеге қаржыландырыпты. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 888 жоба; егін шаруашылығы бойынша 106,5 млн.теңгеге 44 жоба; ал әр түрлі қызмет түрлері бойынша 150 млн. теңгеге 71 жоба жүзеге асырылған. Биыл аталған бағдарлама аясында облысқа 7,0 млрд.теңгеден астам қаражат бөлініп, оның 3,8 млрд.теңгесі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы таратылған. Ал Түлкібас ауданында Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1026 жоба қаржыландырылып, белсенді жеке кәсіпкерлер саны 2961-ге жеткен. Сондай-ақ, Түлкібасқа тартылған инвестиция көлемі 1991 жылы салынған 37 млн. теңге қаржыдан, 19 474 млн. теңгеге (2016 ж) жетіп, 52,6 есеге өскен. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 2016 жылы 54 млрд. теңге болып, 7,3 есеге өсіп, жан басына шаққанда 487,4 мың. теңгеге жеткен. Ауданда 1991-2016 жылдар аралығында барлығы 1619,5 га жерге алма бағы мен жүзімдіктер егіліп, 13,5 га жерге жылыжай салыныпты, 4474 га жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілген.
Жоғарыда аталған нәтижелер, көрсеткіштер еңбекпен келгені мәлім. Дегенмен, еңбек етуде және оның өнімділігін жоғарылатуда адам денсаулығының маңызы зор. Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау керектігін атап көрсетті. «ХХІ ғасырда әлеуметтік қамтылу әншейін жұмысқа орналастырудан гөрі әлдеқайда кең ауқымды ұғымға ие. Әлеуметтік қамтылу – сол сияқты жергілікті билік органдарының күш-жігерін қоғаммен үйлестіре отырып ұйымдастыратын бұқаралық іс-шаралары. Еуропа, Америка, Азия сияқты дамыған елдер агломерациялары мен мегаполистерінің мәдени өмірлерін модельдеудің шетелдік бай тәжірибелері бар, олар – көпшілік алдындағы велосипедті шерулер, бұқаралық шахмат турнирлері, қалалық марафондар, ұлттық спорт түрлерінен байқаулар, ауылшаруашылық мейрамдары, жастар театрларының карнавалдары, балалар турнирлері және басқалар, жалпы алғанда, құмар ойындарға жатпайтын іс-шаралар. Сондықтан мен сөзімді барлық әкімдерге арнаймын: қоғамдық, әлеуметтік өмір әрбір жекелеген ауылда, қалада, аудан орталығында, облыста тұрақтылық ахуалын нығайтатындай тұрғыда ойластырылған бұқаралық оң сипатты іс-шаралар арқылы дамытылуы тиіс», – делінген Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында «Shymkentbike» велостанциясы тұрғындар мен қала қонақтарына қызмет көрсетуде. Қала көшелерінде велосипедке отырғандардың қатары артып келеді. Сабағына, жұмысына денсаулыққа пайдалы, отбасы бюджетіне тиімді осы көлік түрімен қатынауды әдетке айналдырған да бар. Қазіргі таңда орталық көшелерде 18 велостанса орнатылған. Мамандар жұмыс әлі жалғасады деп отыр. Сондай-ақ, Д.Қонаев даңғылы бойында аяқжол мен веложол да қатар салынуда. Екеуінің де ені –
3 метр, ал ұзындығы 600 метрге жуықтайды. Қазір қалада 160-тан астам адам дисконттық картаны сатып алған көрінеді. Олардың қатары ай сайын арта түсуі әбден мүмкін. Оның бір себебі велоға әуес студенттер көбейіп келеді. Талдау жұмыстары көрсеткендей, Шымқала тұрғындары экологиялық көлікке таңертең және кешкі уақыттарда көп мінеді екен. Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе іске асырған жобаның өміршең боларына сенім зор. Мамандар қазір тұрғындардың веломәдениетін арттыруға күш салуда. Сондай-ақ, облыс орталығында Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен ашылған Тәуелсіздік саябағындағы ашық ауада жаттығумен айналысатын спорт алаңдары көпшілік жиі келетін орынға айналды. Салауатты өмір салтын сақтауға арналған «Street workout» қозғалыс құралдары облыс орталығының бірнеше аумағына орнатылып, қалалықтардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік тудырып отыр. Бұл спорт алаңдары 20-дан астам түрлі снарядтардан құралған. Айта кетелік, аталған спорт алаңдарының құрылысы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен, әрі қаржылай қөмегімен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен салынған. Аталмыш жоба балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятуды көздейді. Сонымен қатар, адамдардың өздерінің денсаулығы үшін жауапкершілігін арттырады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық еңбегінде көптеген адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтынына, іс жүзінде дені сау болуға құнт жасамайтынына қынжылыс білдірді. Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керектігін атап көрсетті. Яғни әрбір отбасы, әр азамат өз денсаулығын нығайтса еңбектегі белсенділігі де бәсеңдемей табысы еселенетіні, мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді болатыны анық.
Диас НҰРКЕНҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.