ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТЫҢ «АҚТЫҚ СӨЗІ» – ӨЗ СӨЗІ
14.10.2016
5364
2

ajrat«Өз елі өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді…».
(Ілияс Жансүгіров).

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ


Үлкендердің әңгімесіне орта жолдан киліге кету – бұрыннан әдетімізде жоқ. Аға сыйлап өскен қазақ баласының дәстүрін бұза қою да ойымызда болмаған. Осы жолы да үндемей қоя салуға болар еді. Бірақ амалсыз төтеден қосылуға тура келіп тұр.


Ақиқатын айтқанда, «Қазақ әде­биеті» газетінің бетінде жарық көр­ген бұл тосын әңгімеге жолағым кел­меген. Оның мәнісі – қалам­дарын сайлап, бір-бірімен бетпе-бет келген екі жазушы да сыйлас аға­­ларым. Бір өлкенің ауасын жұ­тып, бір өзеннің суын ішіп дегендей, бауырлас жақындығымыз тағы­бар.

Роллан Сейсенбаев – Абай шы­ғар­маларын шет елдің 15-тен аса тіл­деріне аудартып, жалғыз өзі бір инс­­титуттың жүгін арқалап жүр­ге­н әлемдік құлаштағы жазушы.Жур­налдағы редакторлығы өз ал­ды­на.

Ал қашан көрсең тіп-тік, Ал­тай­дың алып қарағайы секілді ас­қақ жүретін Ғаббас Қабышұлы да қара жаяу емес, сатира мен көсем сөздің өлкесінде  атой салып жүр­ген баһадүр.

Өрістері басқа болғанмен, екеуі ­де рухани ортада әлдеқашан та­нылған, елге сыйлы, бір-біріне «салмағы тең» тұлғалар. Ең бастысы – бұл кісілердің дуалы аузынан шық­қан әрбір сөзге бүкіл халық қалтқысыз сенеді. Мәселенің түйі­ні осында болып тұр.

Роллан Сейсенбаев «Тамыры те­рең талант» деген мақаласында («Қ.Ә.», 09.09.2016 ж.) Қайрат Рыс­құл­­бе­­ковтің «Ақтық сөз» атты өле­ңі «Деш­ті қыпшақ жырлары» жина­ғы­на енгенін айтып, сүйі­нішін біл­діріпті. Дұрыс-ақ! Қолдан келсе, қазақтың қара баласын сыртта­ғы­ларға таныта жүргеннің пайдасы бол­маса, зияны жоқ.

Ал кезінде «Ара-Шмель» жур­на­лының бас редакторы болған, жур­налистиканың аға буын өкілі, сатирик жазушы Ғаббас Қабыш­ұлы «Тамырдың таязы да бар» деген мақаласында(«Қ.Ә.», 16.09.2016 ж.) бұл өлеңнің авторы Қайрат екен­дігіне күмән келтіріпті.

Сонымен, ойлана келе, Қазақ­стан Республикасының Жоғарғы Сот процесінде Қайрат Рысқұлбе­ков­тың ақталуына үлес қосқан қо­ғамдық қорғаушысы болғаным бар, өмірін зерттеп, кітап жазғаным бар дегендей, өзім білетін осы бір жайт­қа түсініктеме беруді жөн санадым.

Өйткені, ақиқатты білу – өл­ген­дерге емес, тірілерге қажет.

Әйгілі Желтоқсан құрбаны Қай­рат Рысқұлбеков тірі болса, биыл­ғы 13 наурызда ердің жасы 50-ге толатын еді. Жарты ғасырлық ме­рейтойы дүркіреп өтпегенімен, есімін ел есінде қалдыру мақса­тын­да біршама шаруаның басы қайы­рылды. Туған ауылында, Та­раз­да, Семейде ескерткіштері ашыл­ды, мектептер мен көшелерге аты берілді. Елбасының жарлы­ғы­мен 1996 жылы «Қазақстанның Ха­лық қаһарманы» атанды. Бұл атақ еліміздің бостандығы мен тәуел­сіздігі жолында күрескен, ер­лік көрсеткен, халық мойындаған бірегей тұлғаларға ғана берілетінін атай кеткен жөн.

Міне, осындай шырқау биікке ру­хы көтерілген айбарлы ұланның өмір өткелінен, сөйлеген сөзінен, өкінішке қарай, кемдік іздеушілер әлі тыйылар емес. Қазақтың төбесін­де қанды қылыш ойнаған сонау бұл­ғақты кезеңде:

Сөйлесем даусым жетпейтiн,

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм едi ғой,

Басты себеп жанжалға! – деген Қайраттың «Ақтық сөзіне» күмән­мен қараушылар сыртта емес, ара­мызда жүргені қын­жыл­тады. Әң­гі­ме осыдан өрбімек.

Алдымен, құдайшылығын ай­тайық, бүкіл кеңестік жүйенің бет-пердесін жұлып алған мынандай уытты сөз Мәскеудің ең жанды же­ріне тигенінде дау жоқ. Бас ке­терлік көзсіздікті олардың кешіре алмайтыны және анық. Баяғыда «Великодержавному шовинизму – бой!» деген Лениннің ұраны болған, бірақ Қайраттың айтқаны одан да асып кетті. Соны түсініп, ба­ғалаған халықаралық «Гардиан» газетi (Лондон), «Ди Вельт» газетi (ФРГ), «Исни форум» журналы (Түркия), «Нью-Иорк таймс» газетi (АҚШ), Франц-пресс, Рейтер агент­тiктерi қазақ баласының жүрек­тілігін жарыса жазды. Уақыт дә­лелдегендей, ұлы орыстық астам­шылықтың көрінісі, бір ұлт­тан екінші ұлтты биік қоюдың ақыры – Кеңес империясының құлауымен аяқталды.

Содан бері ширек ғасыр өтіпті. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл, Желтоқсанға 30 жыл толып отыр. Сөз жоқ, Тәуелсіздік пен Жел­тоқсан егіз ұғым! Бір шынжырмен маталып, бір бұғаумен құрсау­ланған – Якутия, Балтық  жаға­лауы, Грузия мен Әзірбайжан, тағы басқа бауырлас елдердегі демокра­тиялық қозғалыстардың көшба­сын­да да осы киелі Желтоқсан тұр.

Қаймана қазақ қамы үшiн

Қарусыз шықтық алаңға.

Алыстан әсер алдырып,

Қырып салды-ау табанда! – деп, халық қасіретін төлеңмен жеткізген Қайрат Рысқұлбеков­тың «Ақтық сөзі»  сол Желтоқ­сан­ның кілті десе де болады.

«Ақтық сөз» ағаш рет Жоғарғы сот­та оқылды. Бертінде «Экспресс К» газетінің қызметкері Серік Малеев  орыс тіліне аударды. Стам­бұл­да бі­лім алған Мақсұтхан Жақып пен филология ғылымының кандидаты Конан Кочтың бірле­суімен түрік тіліне тәржімаланды. Қырғыз, та­тар, әзірбайжан, латыш, ағылшын тілдерінде жарияланды. Бұдан бас­қа да тілдерде жарық кө­руі мүм­кін. Ол жағы енді тере­ңірек зерттеуді қа­жет етеді.

Сөйтіп келіп, бүгін ойламаған жер­ден мынандай шу шыққан соң, сол ағайындар: «Әй, қазақтар, не болған сендерге? Орталарыңнан шық­қан жалғыз  батыр  ұлдарың­ның тір­лігі осы ма?» дейді ғой. Дейді. Ен­ді не болдық? Бұл арада жалғыз Қай­раттың ғана емес, бүкіл жел­тоқсандықтардың абырой-беделі тағы да таразыға түсейін деп тұр.

Тағы да дейтінім, Ғаббас Қа­быш­ұлы бұл мақаласын осыдан он жыл бұрын, 2006 жылдың 7 қыр­күйе­гінде «Ана тілі» газетінде «Ры­­құлбековтың ақтық сөз өлеңін жазған Шәріпжанов кім?» де­ген тақырыппен жариялағаны бар. Сол жылы іле-шала жарық көр­ген «Қазақтың Желтоқсаны» ат­ты кітабымда мен бұған сыпайылап жауап қайтарған едім. Сірә, аға­мыздың назарына ілікпеген болу керек. Пікірінен қайтпапты.

Басқа басылым болса бір сәрі, зиялы қауымның бас газеті болып есептелетін республикалық  ұлт­тық газеттерде Желтоқсанның дәл 20 жылдығында, енді міне, 30 жыл­ды­ғы қарсаңында – осындай дә­йек­сіз мақаланы қайталап ұсыну­дағы мақсат не?

«Тағдыр менi аямады, қорлады,

Жалынсам да, жыласам да болмады.

Қараңғы өмiр, бақытым жоқ, жоқ менiң,

Армандаған ақ сәулеге жетпедiм…», – деп, абақтының тар қапасында тор­ға түскен көкжалдай арпалысып өткен Қайраттың тірі кезінде жи­наған абырой-беделіне шәк кел­тірудің мәнісі не? Бөтен ойға қи­май­сың.

О дүниедегі боздақтың енді қай­тып келіп: «Ағасы, бұл өлеңді ме­нің жазғаным рас еді» деп, куә­лікке жүгінбесі хақ. Жоғын жоқ­тай­тын ағайын-туыстарынан да көп­тен бері хабар-ошар болмай кет­ті. Ендеше, «Айтылмаса, сөздің ата­сы өледі», шетке ығысып тұру­дың жөні қайсы деп қолыма қа­лам алдым. Соған байланысты, ер­теректе өткен тағы бір оқиға есі­ме түсіп отыр. Ол да Желтоқсан та­қырыбына қатысты.

Он алты жасында алаңдағы ала­сапыранда мерт болған Ләззат Аса­нованы да «Желтоқсанға қа­тыс­қаны күмәнді екен» деген же­леу­мен, сан-саққа жүгірткен біреу­лер ­төбе көрсеткен еді. Сол негізсіз жаланың кесірінен анасы Алты­най ­қаншама сот процесін бастан ке­шірді десеңізші! «Аққа Құдай жақ» дегендей, ақиқат жеңіп, он екі­де бір гүлі ашылмаған Ләззаттың жел­тоқсан құрбаны екендігі ар­хив­тік құжаттармен дәлелденді. Бірақ көңілде ащы із қалды. Енді келіп, қайран Қайраттың басына да сондай қауіп төніп тұр.

Газеттегі мақалада есімі аталған бел­гісіздеу аудармашы әйелдің ес­те­лігіне сүйеніп, Қайраттың  өле­ңін басқа біреуге тели салу – асы­ғыстық шешім болар еді. Қазір кім не айтпай жатыр? «Желтоқсанда студент­тер­ді алаңға алып шыққан мына мен болатынмын!» деп, кеудесін соқ­қан профессорды да көрдік. Со­ның бәріне сене беру – көзі­қарақ­ты жанға абырой әперер іс емес. Айғақсыз, дәйексіз көпіріп сөй­леушілер көбейіп тұрған қазіргі уа­қытта, тіпті, абайлаған жөн. Оның үстіне, жаны нәзік әйел за­ты ­кейде көңіліндегі қимас бейнеге бар­ды-жоқтыны жинақтап, таңа­тынын өмірден көріп жүрміз.

Жәнібек Кәрменов ағамыздың «Ой­ламаңдар, жігіттер, баста дәу­рен тұрмайды. Өтіп кеткен сұм жал­ған, қайтып бір мойын бұрмай­ды. Адам қонақ өмірге, бір күні қо­лын бұлғайды…» деп келетін «Өмір туралы толғауын» күйеуінің қойын дәптерінен тауып алған бір апамыз жан-жүрегі елжіреп, қала­лық газетке жариялатып жібергені бар. Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаевтың араласуымен бұл әңгіме, әйтеуір, өршімей тоқтады. Кім біледі, дер кезінде байқа­ма­ған­да, ол да біреудің еншісінде ке­тер ме еді?

«Ақтық сөздің» хикаясы да со­ған келіңкірейді. Қайраттың өлеңі­нің жазылу сырынан бейхабар жа­н өзімен дәмдес-тұздас болған ақын ­рухын әспеттеу үшін ұсын­ғаны анық  аңғарылып тұр. Ал Тоқ­тар­хан Шәріпжановты көзі ті­рі­сінде неге баспасөзде жария­ла­маған? Орынды сауал. Жақсы бол­сын, жаман болсын, әрбір туын­ды­ның иесі мен киесі барын, біреудің еңбегін иеленудің салмағы ауыр еке­нін ақын ағамыз жақсы білген. Сол себепті, Қайраттың өлеңінен бойын аулақ ұстаған. Оның екінші жағы тағы бар – оған төменде тоқ­та­ламыз.

Бұрында жазғанмын, қайталап айтайын, Қайрат Рысқұлбеков еш­қашан ақын атанған емес. Кезінде данышпан Абайдың өзін «кер­тарт­па заманның ақыны», Жам­был­ды «қолдан жасалған жырау» деп, ағаш атқа теріс отырғызған қа­зақ қоғамы поэзияның есігінен сы­ғалап көрмеген бозбаланы ақын ре­тінде қабылдай қоюы  да екі­талай. Десек те, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» (Абай), сөз қуған қазақтың төл баласы екені анық. Қайраттың арғы аталарының бірі Сауытбек сал Ұсаұлы Шу өңіріне танымал ақын болған деседі.

Өміріміз жылаумен өтер ме екен,

Бармағымыз тістеулі кетер ме екен?

Адамзаттың түспеді рақымы,

Арызымыз Құдайға жетер ме екен?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!, – деп ке­летін «Ақбөпе» дейтін дастаны осы күн­ге дейін елдің аузында сақтал­ғаны айтылады. Оған қоса, туған жері Мойынқұм – арғы беті Арқа­мен, бергі беті Шумен шекте­сіп жат­қан, халқы шетінен әнші, тер­ме­ші, өлеңші боп келетін ұлан-ғайыр өлкенің алтын қақпасы. Сон­дай  сауыққой жыршылар, өнер­­паздар шыққан өлкенің өрені ­бір-екі ауыз ұйқас құрастыра ала­ты­нына ешкім шүбә келтіре қой­мас.

Тұтқынға түстiм жаутаңдай,

Жоламай ешкiм қасыма.

Бара қалсаң сәлем айт,

Елдегi құрбы-досыма, – деген қа­ра­пайым жолдарды айту үшін үл­кен талант иесі болу шарт емес.

Дегенмен, Қайраттың бойында ту­мысынан жазуға, сызуға үлкен құлшыныстың болғанын көзкөр­ген достары мен ауылдастарының аузынан талай естідім. Оны­ сәу­лет­ші мамандығына жетелеп келгенде – сол өнерге деген ынтызар­лық  деп ой­лаймын. Төле би ауы­лын­дағы Сәду Шәкіров атын­дағы мектеп-интернатта Қайратқа 8 сыныпқа дейін дәріс берген ұс­тазы, қазақ тілі мен әдебиетінің ма­маны Ба­қыт­гүл Қасымованы тыңдап кө­рейік. (1991 жылы 28 қа­рашада айт­қан сөзі менде сақтаулы екен.)

– Ол талапты жаратылған бала еді, – дейді ұстазы. – Сурет салуды қат­ты ұнататын, оның  үстіне ақын­­жанды қасиеті де бар еді. Кей­біреу­лер жүз жыл жасаса да, соңына ай­та жүрерліктей бір із қалдыра ал­майды. Ал Қайрат болса, қас-қа­ғым сәтте, жасындай жарқ етіп өте шықса да, бір ауыз отты сөзімен туған халқының жүрегінен мәңгі­лік орын алды.

Қарапайым оқытушының берген бағасы – ең әділетті баға бол­мақ. Өйткені, шәкіртін ұстазынан артық білетін адам жоқ. Ғұлама Конфуцийдің: «Кімде-кім  тумы­сы­­нан білімді болып туса, ол бар­лық адам­дардан биік тұрады. Одан кейін­гі орында оқып, білім алған­дар болмақ…» деген тәмсілі дәл Қай­ратқа арнап айтылғандай. Ал өре­лі жастың бойындағы оянбаған та­лантына келсек, оған ол кінәлі емес, заманы кінәлі. Тірі қалғанда, ол сөз жоқ, үлкен ақын болатын еді.

1992 жылдың 20 маусымында сол кездегі Мем­лекеттік жастар ісі жөніндегі коми­теттің басшысы Иманғали Тас­мағамбетовтың ұйыт­қы болуымен Семей қаласын­да Қайрат Рыс­құл­бековті еске алу күндері ұйым­дас­тырылды. Алаш­тың рухани ас­­та­насы болған осы шаһардан мәң­­гілік мекен бұйырған Қайрат ол кезде әлі ақталмаған. Соған қа­рамастан, осындай батыл­дық іс жа­сап отырған замандастарымды қол­­дап, әкесі Ноғайбай ақсақал бас­­таған бір топ ағайын­дармен бір­ге мен де мәдени шараға қатысып қайттым.

Мен не етермiн, не етермiн,

Мен келмеске кетермiн.

Көрмеген қош бол таңдарым,

Көре алмай мен өтермiн, – деген сыр­шыл өлеңдері жұртқа жаңа та­ны­ла бастаған Қайратқа се­мей­лік ­зия­лы қауым мен жас­тар­дың ілти­па­ты ерекше еді, әсіресе, пе­даго­ги­калық институтта болған жүздесуде ол айқын сезілді. Роллан Сейсенбаев ағамыздың соңғы жаз­ған мақаласынан сол ықылас пейіл­­дің әлі де төмендемегенін се­зін­дік.

Айтайын дегенім, жиналыстың ара­сында Ноғайбай ақсақал екеу­міз Семей облыстық про­кура­ту­ра­сы­ның  архивіне барып, аға тергеу­ші Се­рiк Әбдiкәрiмовтің қолынан Қай­раттың тұтынған заттарын қа­был­дап алдық. Алдын ала келі­сім­дері болған екен. Көнетоз сары рюк­закта сақталған заттарының арасынан тор көзді қалыңдау күн­делік шықты. Мұқабасы ескі­ріп, кей­бір беттері жыртылған. Бұдан сәл бұрынырақ, інісі Талғат тағы бір күнделігі болғанын айтып жү­ре­тін. Онысын мен көрмедім. Ал мы­на күнделіктегі Қайраттың өз қолымен жазылған 12 өлеңі мен ой-толғаныстарын түгелдей көші­ріп алдым. Жыртылған беттердің бірінде «Ақтық сөздің» бір-екі шу­мағы сақталып қалыпты. Одан бас­қа, сотта оқылған «Прокурорға» де­ген өлеңі жүр. «Анама» деген ли­ри­калық жазбасынан қоштасу са­ры­ны сезіледі.

Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды,

Құпия шерттім осы жан сырымды.

Хош енді жолықпасаң, қайран ана,

Көзімнен ақ жаулығың жасырынды… – дегеніне қарағанда, Қайрат өзіне бір тықырдың таянғанын сезген сияқ­ты.

Ертістің бірқалыпты аққан түн­гі сарынын тыңдай отырып, сар­ғай­ған күнделік беттерін парақ­та­ған сәтте, неге екенін білмеймін, есі­ме­ татардың батыр ақыны, фа­шис­тер­дің тұтқынында мерт бол­ған Мұс­­а Жәлелдің «Моабит дәп­тері» түсті. Оның да тағдыры осын­дай жұлым-жұлым дәптермен сырласумен аяқталған еді-ау.

Өгей ұлың болдым ғой мен өз елім,

Өлім күтіп шетте өртенді-ау өзегім.

Өлсем – қызыл гүлдер өссін қаныма,

Көз жасымды қабылдасын өзенің, – («Асау жүрек») деп шер төккен Мұ­са Жәлел мен Қайраттың тағды­рын­дағы ұқсастық домбыраның қос ішегіндей қатар өріліп жатыр.

Алматыға оралған соң, Қайрат­тың «Түрме жыры», «Анама», «Ана тілі», «Бір досыма», «Өкiнiш» атты өлеңдерінқысқаша алғысөзбен «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсындым.Ішкі көңіл-күйін сыртқа көп сез­діре бермейтін Бас редактор Оралхан Бөкеев қалай қабылдағанын білмеймін, бірден нөмірге салыпты. Кейіндері бір тілдескенімізде, «Желтоқсан желі» деген пьесасын жазу­ға осы өлеңдердің ықпалы тиге­нін жасырмады. Ал қастерлі күнделікті мен Қайраттың әкесіне қайтарып бердім.

– Нәке, мына күнделікке мұ­қият болыңыз. Уақыты келгенде, бұл жазбалар баға жетпес жәдігерге айналады, – деп, айтқаным сол екен, қаршыға қабақтың астындағы қара-қоңыр көздерден тарам-тарам аққан жасты көрдім…

Ноғайбай ақсақал «Ақтық сөз­ді» 1987 жылы Қайраттың сотында қор­ғаушы болған адвокаты өз қа­ғаз­дарының арасына жасырып алып шыққанын айтқан еді. Соны қайта еске салып едім: «Иә, иә, ол ба­лама үлкен рахмет. Қолынан кел­генше көмегін аямады ғой» деп күр­сінді. Ал ағасының өлеңін ма­шин­каға бастырып, көбейтіп, жал­пақ елге таратқан туған інісі – Тал­ғат болатын. Бір данасын маған да әкеп берді.

Елбең-елбең жүгiрген,

Ебелек отқа семiрген.

Арғымақ мiнген жаратып,

Ақсауыт киген темiрден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!.. – деп, түйдектеле келетін төкпе жол­дар­дың ұйқасы әлсіздеу, әрине. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе – Қай­рат­тың сот алдында қас­қа­йып тұ­ры­п осыған дейін Кеңестер Ода­ғын­да жан баласы ашып айта ал­ма­ған «Шовинизм едi ғой, басты себеп жанжалға!» деген ақиқатты жайып салуында!

Осы өлеңнің бір данасы Тоқ­тархан Шәріпжановтың қолына апарып бергенін белгілі журналист Марат Тоқашбаев бір кездескені­міз­де айтқан еді. (Интернетте жа­рия­ланған соған ұқсас пікірін тө­менде қоса ұсынып отырмын).

Ал Тоқтархан ағамыз Қайрат­тың өлеңіндегі кейбір қабыспай тұр­ған жолдарды поэзияға жақын­дату ниетімен қайта толықтыр­ға­нын анық байқауға болады.

«Сусылдап келіп шешінген,

Еркелеп жатып көсілген,

Жар қызығын көре алмай,

Аймалай алмай төсінен,

Арманда кеткен – мен бейбақ…», – деген кәсіби ақынның қаламынан туған жолдар соның айғағы. Мұн­дай эротикалық сипаттағы шумақ­тар түпнұсқада мүлде жоқ. Ақи­қа­ты­на жүгінсек, осы жапсырмадан кейін­гі ой толғамдары кейін қо­сыл­ған. Сот залындағы көріністен де тым ал­шақтап кеткен. Шығар­ма­шылық адамдары жақсы білетін «си­туация­ға» мүлде лайық емес. Қа­раңыз.

Қайраттың соңғы сөзінен: «Мен алаңға біріншіден елімді, же­­рімді басындырмаймын деп шық­тым. Қылмысым сол болса, соттай беріңіздер. Жатақ­ха­на­лар­дағы жастарды көтергенім, екі мың­дай адамды алаңға алып барға­ны­м рас. Мойындаймын! Сол үшін де соттаймын десеңіздер, өздеріңіз біліңіздер. Бірақ ана Савицкийдің өліміне еш қатысым жоқ. Мен ер-аза­матпын, егер қатысым болса, оны да мойындайтын едім. Бір дәу ми­лиционер қазақтың қызын ша­шы­нан сүйреп бара жатқанын кө­ріп: «Әй, жіберсеңші!» деп ай­қай­ла­ғаным рас. Бірақ ол жібермеді, сонда мен оны бір ұрып құлаттым да, қызды ажыратып алдым. Ол, мі­не, сот залында отыр» деп, «жә­бір­ленуші» роліндегі Алмабеков деген майорды көрсетеді.

Әне, солай!

Жазықсыз талай қазақ баласы­ның обалына қалған жазалаушы күштер мен Грабарник сияқты қа­ты­гез соттың қанжығасында басы ке­терін сезіп, шындық үшін шырылдап тұрған бозбаланы «Жар қы­зығын көре алмай, аймалай ал­май төсінен…» деп, төс пен төсек ту­ралы сұңқылдатып қою, ар­тық­тау, әрине. «Ақтық сөз» тек пат­риот­тық рухта жазылған өлең. Ма­хаббат сезімі онда жоқ.

Бұған қарап, Қайрат махаббат тақырыбын мүлде қозғамаған деген ой тумаса керек. Оның:

«Мұң жалайды, көңiлдi мұң жалайды

Жанарымнан ақ сүңгi сырғанайды.

Сүйген жардың жабырқау жанарындай,

Тереземнiң тұсынан түн қарайды…», – деген сияқты жастық шақ туралы жазған бірнеше өлеңі бар.

Таңғы шықтай мөлдір, тау суындай таза, балаң көңілдің боямасыз сезімі. Әсірелеу жоқ. Қара­пайым тіршіліктің жылуы бар.Қай­раттың кез келген өлеңі осынай бір демде оқылатын қысқа шу­мақтардан тұрады.

Осы арада айта кетейік, «Ақтық сөздің» ізімен жазылған өзге де жа­лынды жырлар әдебиетімізде аз емес. Мысалы, белгілі ақын Зайда Ел­ғондинованың қаламынан туған Қайраттың (Ләззат, Ербол, Сәби­ра­ның) монологтары бүгінде елге кеңінен тарады. Алайда, мектеп, колледждерде өтетін кездесулерде авторы айтылмай қалатындықтан, олар­ды кейде кейіпкерлері жазған­дай әсер қалдыратыны бар. Мұ­н­дай­да қателікті түзеткеннің артық­тығы жоқ.

Мақаланың бас жағында «Тоқ­тархан ағамыз Қайраттың өлеңінен саналы түрде бойын аулақ ұстаған. Оның екінші жағы тағы бар» деген едім. Оның мәнісі мынау.

1987 жылдың қаңтарынан кейін қа­зақ зиялылары үшін зобалаң күн­дер басталып кетті. Кремльдің пәр­менімен КПСС Орталық Коми­тетінің қазақ ұлтшылдығын айып­та­ған арнайы Қаулысы қабылда­нып, бүкіл сот, прокуратура, пар­­тия органдары қазақ қоғамына лап қойды.

Аяқты қия басу жоқ,

Орыстың салған жолы бар.

Емін-еркін заман жоқ,

Ендігі жүрген жігіттің,

Маңдайында соры бар, – деп, сонау ХІХ ғасырда Шортанбай ақын­ды қинаған қилы заманның қитұр­қы істері жаңаша көрініс берді.

«Балапан басына, тұрымтай тұ­сына» безген сол дүрбелең күн­дері – ортасында осы Қайрат бар, сот залында қасқайып түскен бес боздақтың фотосуретін газеттерде жариялап жіберген ҚазТАГ-тың директоры Жұмағали Ысмағұлов, Мамадияр Жақыпов, Мейрамбек Төлепбергенов сияқты жазушы, журналистер қызметінен қуылды.Редакциялар мен баспалардағы қа­лам ұстаған қазақтар КГБ-ның қа­таң бақылауына алынды. Күнде жи­налыс, күнде талқылау! Тал­қы­лаудың соңы міндетті түрде біреуді жа­залаумен бітеді. Мәселен, алаңда ұсталып қалып, таяққа жығылған ақын, «Пионер» журналындағы Мейірхан Ақдәулетов, сати­рик, «Қазақ фильм» журналындағы Лесбай Оспанов, баспахана маманы Майра Жағыпарова сияқты қызметкерлер шығармашылық ортадан аластатылып, қара жұмыс­тың өзіне әрең орналасты. (Бұл тізім­дегілер аз емес – реті келгенде жа­рияланатын болады – Авт.).

Осының бәрін күнде көріп, көңіліне тоқып жүрген Тоқтархан Шәріпжановтың мәшіңке басып отырған аудармашы қызға «Бұл Қайрат Рысқұлбековтың өлеңі еді» деп айтпайтыны түсінікті. Сыры ашылса, өзімен бірге өзгенің де басы кететінін Орталық Комитет­тің органы «Арада» қызмет істейтін сақа журналист жақсы білген.

Ал «Ақтық сөз» «ауалық почта» арқылы жұртқа таратылыпты дегенге келсек, бұл жерде сырттағы ел білмейтін бір жайт бар. Мен сол 1986 жылдың желтоқсан күндері «Лениншіл жас» газетінің секретариатына жаңадан ғана қызметке орналасқам. Редакциялар мен бас­пахананы жалғастыратын ауалық «пневмопочтаның» қыр-сырына жақсы қанықпын. Хат-хабарды пластмассадан жасалған қол тоқпақтай трубкаларға шиырлап саласың да, желілік жүйе арқылы атып жібересің. Қайдан шыққаны, қайда баратыны «қызыл түймелі» датчик арқылы көрініп тұрады. Онымен жеке жазбаңды жолдауға болады, әрине. Бірақ өте қауіпті. Өйткені, әрқайсысы нөмірленген. Қай редакцияға, қай цехқа тиесілі екендігі сыртында көрсетілген, әрі арнайы журналда тіркелген. Трубка адасып, басқа жаққа түскен жағ­дайда, сол нөмір бойынша оп-оңай тауып алуға болады.

Сондай-ақ, газет шығатын күн­­гі кезекшілікте болған  адам­дар­дың аты-жөндері түгелдей жур­нал­ға жазылып, қабырғада ілулі тұрады. Оның  барлығын ғимаратты күндіз-түні торуылдап жүрген «үш әріптің» тыңшылары жіті қада­ғалап отырады. «Сау басыңызға са­­қина» тілеп алғыңыз келмесе, сақ  жүруге тырысасыз. Сол себепті, Мәскеудің тікелей бақылауындағы «халық  жауы» Қайрат Рысқұлбеков­тың өлеңін Орталық Комитет құ­зы­рындағы баспаханада «пневмопочта» арқылы жұртқа тарату деген жай сөз. Жау кеткеннен кейінгі бос мақтан. «Осындай­жүрек­­жұтқан жанның мынандай ерлік ісі болған еді» деген әңгімені осы күнге дейін бірде-бір әріптесім­нен естіген емеспін.

Қайрат болса, аузына біреу сөз салып беретіндей бозөкпе жан емес екенін, жоғарыда талдап көр­сеттім. Ату  жазасына кесіліп, «өлім камерасында» бірнеше ай бірге отырған Мырзағұл Әбдіқұлов оның қандай қиындықта болса да өмір сүруді, жасымауды үйрет­кен ­қайсарлығына тәнті болған куәнің бірі. Ең бастысы, Қайрат – жазатынын өз қолымен жазып, айтатынын өз аузымен айтып кеткен – қазақтың нағыз қайсар перзенті!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар!» – деп дауылдатқан дауысын өз құла­ғымен естіген Дос Көшім (сотта аудармашы болған), ағасы Есентай Рысқұлбеков, тағы басқа куәлар да бүгінде ортамызда жүр.

«Қайрат бұл өлеңін оқығанда, сот залында жыламаған адам қал­ған жоқ шығар», – деп еске алады Есентай ағасы.

Сондықтан жас жүректің қа­нымен, көз жасымен суғарылған «Ақтық сөз» өлеңін Қайрат Рыс­құл­­бековтен олжалап алу – ешкім­нің қолынан келмейтін шаруа.

«Ақтық сөз» – кешегі азаттық аңсаған желтоқсандықтардың ғана емес, бүкіл қазақтың рухын көтер­ген мәңгілік ұранымыз.

Міне, бұл өлеңнің құдіреті осын­да!

Қазіргі күні де қазақстандық патриотизмнің нағыз үлгісі ретінде оқулықтарға еніп, мектептерде оқы­­тылуда. Тәуелсіз еліміздің ертең­­гі тірегі – жас ұрпақты мемле­кет­шіл, халықшыл болуға тәрбие­леп, Отанын, туған жерін сүюге ша­қырған жыр қуаты әлі де сол биі­гінде.

Түйіндеп айтар болсақ, Қайрат Рыс­құлбековтың «Ақтық сөзі» әде­би кем-кетігіне қарамастан, бүкіл түркі жұртына ортақ «Дешті қып­шақ жырлары» жинағынан орын алуға әбден лайықты туынды.


Марат Тоқашбаев,
«Президент және халық» газетінің Бас редакторы:
– Тоқтархан онда республи­ка­лық «Ара» журналының қызметкері еді. «Қайрат сотта мынадай өлең оқып­ты. Соны толықтырып Қай­рат­тың атынан бір өлең жазсаңыз. Өлең халықтың рухын көтеретіндей бол­са», – дедік. Тоқаң да патриот адам болатын. Рухтанып 11 шумақ­тан тұра­тын, арасында 7-8 буынды жол­дары да бар, машинкаға бас­қанда бір бет болатын өлең жазды. Ол кезде машинканың бірінші да­насын елге таратуға болмайтын. Өйткені, машинкалардың барлығы ҰҚК-ның базасында сақталатын. Бірінші данасын жыртып тастадық та, одан кейінгі шрифті көмескі­ленген даналарын таныстарымыз арқылы жұртқа тараттық. Қай­раттың өлеңі болып Тоқтарханның өлеңі елге тарады. Кейін 1991 жы­лы ғой деймін, Қайраттың шағын кітапшасы шықты. Сонда оның сотта айтқан өз варианты жарияланды. Мәселе мы­нада – екі өлең бар. Бірі – Қайраттың өз өлеңі, екін­шісі – Қайраттың өлеңі деп ха­лықтың рухын көтеру үшін жаз­ған Тоқтархан Шәріп­жановтың өлеңі. Қайраттың өз өлеңін Тоқ­тар­хандікі деуге болмайды.

(Әңгімелескен Қарлыға Ибрагимова)

ПІКІРЛЕР2
Ерлан Декелбаев 17.10.2016 | 17:56

Сот залында үкім тыңдау дегеннің өзі адам баласына аса ауыр тиетінін тек сотталушылар ғана түсінетінін елдер білсе ғой. Қайраттың «Атам десеңдер атыңдар» деп айтқан бірақ ауыз сөздің өзі бүкіл Кеңестер Одағының барлық қанышер өкімет пен сот, прокурорлардың үрейлерін ұшырғандары да анық! Соңғы кездері желтоқсан тарихы қатты бұрмалануда! Болмағанды болды деп, сатқындар желтоқсан қахармандары, сатқындыққа еш қатысы жоқты сатқын етіп тарихи кітаптарға енгізіп жатқандарын байқаймыз. Қайрат Рысқұлбеков — біздің ұлттық бренд! Оның жазбағанын жазды жеп, айтпағанын айтты деп ешкімнің моральдық тұрғыдан айтуға құқығы жоқ! Қайым — Мұнар аға Алла Сізге разы болсын!

Күлән 21.10.2016 | 22:04

Фейсбукте 2016 жылдың 21 қазанында осы тақырыпқа байланысты жарияланым жарияладым. Оқырсыздар.
құрметпен Күлән БЕРІКБОЛОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір