ТҰЛҒАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ТАРТЫС
Өмірден өткеніне бір жыл толған көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының «Мағжан-Сәкен» атты зерттеу еңбегі жуырда жеке кітап болып шығып, тұсаукесер рәсімі де сәтімен өтті. Жазылу формасы өзінің ерекшелігімен назар аудартатын бұл шығарманың басты кейіпкерлері, кітаптың аты айтып тұрғандай, қазақ халқының ұлы тұлғалары Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Туындының жазылуындағы шығармашылық мақсат – осынау екі қайраткер қаламгердің арасындағы күрделі қарым-қатынасты талдай отырып, олардың азаматтық әрі шығармашылық бейнелерін әлеуметтік, адамгершілік, шығармашылық және тарихи тұрғыдан жан-жақты ашып көрсету.
Әлқиссасында айтылғандай, авторды алғаш қызықтырған мәселе – Мағжан мен Сәкеннің арақатынасының қандай сипатта өрбігені. Бірақ тақырып нысанына жете үңіліп, зерттеу жұмыстарын індете түскен сайын, оқырманға ұсынуға тиіс әңгіменің де ауқымы кеңейе беріпті, сөйтіп қызғылықты эпизодтар мен детальдар қатары да молая түскен.
Егер автор екі кісінің арақатынасын анықтаумен ғана тоқталуды ниет етсе, кітап көлемі шағындау болып шығары сөзсіз еді. «Сең бұзылғанда», «От шашқан сауық», «Ақпанның жүзі жылы»,
«Мәскеу – қызыл көздер ұясы», «Матасқан тағдырлар», «Мақтау мен даттаудың арасы бір-ақ тұтам», «Сәлемнің де сәті бар», «Кекесін», «Қанды да қасіретті отыз жеті» және т.б. тараулардың әрқайсысы оқырманды тартып тұрады.
Бұл тараулардың әрқайсысын жеке-жеке шығарма ретінде алып қарастырған жағдайда бүкіл кітаптың мазмұны, көркемдік болмысы мен идеялық қазығы айқындалмай қалуы әбден ықтимал. Аталған тараулардың әрқайсысы жеке-жеке алғанда бір деректі әңгіме немесе тақырыптық зерттеу тәрізді көрінеді. Ал екінші бір тұрғыдан алып қарағанда, тарауларды даралап, бөлшектеп тастауға болмайтын синтездік тұтастыққа көз жеткізесіз.
Кейіпкерлер басынан кешкен әлеуметтік-моральдық жағдаяттарды баяндай келіп, автор бір сәт олардың шығармашылық бағдарларына тоқталады. Өйткені, Мағжан да, Сәкен де – қазақ әдебиетінің тарихында айтулы із қалдырған аса кесек шығармашылық тұлғалар. Сондықтан олардың қаламынан жосылып түскен сөз өрнектеріне назар аудармау, назар аударған күннің өзінде атүсті, салғырт қарау әңгіме мазмұнын жалаңаштап, жеңілдетіп жіберер еді.
Туындының табиғатына бір ғана жанр өлшемімен қарауға болмайды. Оған жекелеген әдеби талдаулар мен теориялық пайымдаулар басқаша мазмұн береді. Демек, анықтамасына автордың өзі айқындап бергеніндей, бұл кітапты таза эссе жанрында жазылған дүние деп қарауға болмайды.
Т.Кәкішұлының оқырманға жол тартқан көркем публицистиканың бұл кітабы бүгінгі оқырманның талабына жауап бере алатын, көптеген мағлұматтардың басын тоғыстырған салиқалы еңбек. Бас кейіпкерлер өмірінің бірнеше жылдық кезеңін қамтитын болғандықтан, сюжеттік желілердің үзіліп қалуы, күтпеген тұстан басқа арнаға қарай ауысып барып, алғашқы оқиғалық желінің қайтадан байланысып, ұштасып кетуі заңды да.
Қазақтың ұлы перзенттері Сәкен мен Мағжан арасындағы қарым-қатынастың қандай сипатта дамығандығы жөнінде төмендегі ықшам эпизодтардан анық көрінеді:
«Айқап» журналында «Манап» деген пьеса жарияланып жүр. Соны оқып, жарайтын болса, халыққа көрсетсек те теріс болмас, – дегенде, Мағжан жұлып алғандай:
– Оны «Қазақ» газеті жамандап тастады ғой, оқыған жоқ па едің? – деп қисынсыз қыстырылған соң, әлгінде көңіліне дық алып қалған Сәкен «Саған жауап берудің реті келген-ақ шығар» деп:
– Ойпырым-ай, Мағжан, өзіңнен басқаны да бірдемені шамалайды деп ойлағаның жөн болмас па? Мәселенің немен тынарын білмей жатып шоштаңдау – шолжыңның ісі, – деп салды».
«Омбыға биыл қазақ жастарының қалың келгендігі «Бірліктің» күзгі жиналысында анық байқалды. Бұрынғылар қастарына елден ертіп келген қыз-жігіттерді мүшелікке жаздырып жатқаны қанша… Осындай қауырт шақта Сәкен мен Мағжан тағы килігіп қалды.
– «Айқап» дегенде ішкен асыңды жерге қоюшы едің, оқыдың ба соңғы номерін, жабылып қалды ғой сорлы, – деп Мағжан кекеткенде, Сәкен:
– Бой тасалағаны шығар, – деп жауап берді».
Әрине, екі ақынның арасындағы кикілжіңдер сипаты нақ осы айтылғандай болған екен деп үзілді-кесілді тұжырымдау қиын. Бірақ авторлық топшылаулардың деректілік шеңберіндегі қиялдың жемісі екендігін де қаперден тыс қалдыра алмайсыз. Үзінділер мазмұнынан туындайтын басты мағына – екі жас ақынның жұлдыздарының бір-біріне қарама-қарсы келе бергендігін көрсету.
Әлбетте, эсседегі екі жас ақынның арасындағы әңгіменің өрбігеніне қарап, өмірде де нақ осындай болды деп тұжырымдау асығыстық шығар. Бірақ шығарма жанры эссе болғандықтан, автор жекелеген ой еркіндігіне тізгін берген және онысы оғаш деп айтуға болмас.
Дегенмен, Сәкен мен Мағжан таптық күрес үстінде, ұлт азаттығы жолында, шығармашылық өрістерде бір-біріне үнемі қайшы келе бермегендігі, бірінің идеясын екіншісі сырттай болса да қолдап отырғанын білдіретін ойлары қисынсыз емес.
Халықтың мәдениеті, әдебиеті мен өнері ірілі-уақты деңгейіне қарамастан, қашан да жекелеген тұлғалар арқылы жасалатыны белгілі. Олардың шығармашылық және жекебастық өмірбаяндарын реалистік деңгейде жазып шығу арқылы автор сөз болып отырған кезеңнің шындығы көрсете алса, ол оның шеберлігін аңғартатыны рас. Бұл бағытта көсемсөздік реңмен жазып, нақты фактілерге құрылған бұл зерттеуді тарихи мәнге ие, әлеуметтік жағынан салмақты деп білеміз.
Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері.