РУХАНИ КЕНІШ
Б.Майтановтың қаламынан туған өрелі ой желісі әдебиеттану әлемінің сын, тарих, теория салаларын көктеп өтіп, ХІХ-ХХІ ғасырлардағы ұлттық сөз өнерінің аясын қамтиды. 1960 жылдардың соңынан әдебиетке араласа бастаған жас әдебиетші өткір ойларымен, байсалды байламдарымен өзінің зор шығармашылық әлеуетін танытқан еді.
Әуел баста әдеби сын секілді жауынгер салада қалам сілтеген жас ғалым кейін теориялық зерттеулерге ойысып, осы арнада өмірінің соңына дейін өнімді еңбек етті. Б.Майтановтың әр жылдары жарық көрген «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» (1982), «Көркемдік нәрі» (1983), «Қаһарманның рухани әлемі» (1987), «Суреттеу мен мінездеу» (1991), «Мұхтар Әуезов – суреткер» (1996), «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), «Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы» (2001), «Сөз сыны» (2002), «Автор в повествовательной системе казахского романа» (2003), «Абай» (2004), «Психологизм в художественной литературе» (2004), «Портрет поэтикасы» (2006), «Монолог құрылымы» (2006), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» (2009), «Пейзаждың көркемдік семантикасы» (2010), «Тәуелсіздік – күрес мұраты» (2012) сынды кітаптары – отандық әдебиеттанудың ғылыми-зияткерлік өресін танытар қабырғалы еңбектер. Ғалымның басты ғылыми бағдары Абайдан бүгінге дейінгі қазақ көркем сөз өнері негізінде психологизм, жеке қаламгерлік поэтика, әдеби даму үрдістері сынды теориялық мәселелерді зерттеумен байланысты болғанын осы кітаптарда қордаланған рухани мұраның мазмұндық ауқымынан аңғаруға болады.
Қаһарманның рухани әлеміндегі толассыз танымдық, психологиялық үдерістерді саралау арқылы олардың әдеби мәтін кеңістігіндегі алуан түрлі қызметін анықтауға бағытталған зерттеулер теориялық тереңдігімен, тарихи үдерістерді сараптаудағы барынша объективтілігімен құнды. Тарихи туындылар негізінде көркем прозадағы психологиялық талдау үлгілерінің даму, түрлену жолдарын зерделеу бойынша жасалған ғылыми қорытындылар жалпы қазақ әдебиетіндегі көркем психологизм поэтикасы жайлы ой-тұжырымды айқындап, ол туралы нақты теориялық түсінік қалыптастырды. Осы орайда зерделі зерттеуші діл және мәдениет, болмыс пен мінез қырларын бейнелеудегі көркем сөз қуаты мен жеке қаламгерлік шеберлік мүмкіндіктерінің шексіздігін айқындайды.
Ұлттық мұраттарды ұлықтап, мәдени мұраны қайта салмақтай бастаған жылдары (ХХ ғ. 1990 жылдары) революциялық романдардың классикалық әдеби қазынадан ығыстырыла жаздағаны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұтас ұлтты жайлаған азаттық эйфориясы сондай жағдайға жеткізген еді. Осы бір аралық кезеңде өткенге – әдебиет тарихына, әдеби жәдігерлерге салыстырмалы тұрғыда баға беру қажеттігін саналы түрде мойындатқан еңбектердің қатарында Б.Майтановтың зерттеулері де болды. Кейіпкердің ішкі әлемін, күрескерлік рух табиғатын, мінездер мен дүниетанымдар қақтығысын кезеңдік идеологиядан тыс саралаған ғылыми еңбектер – шын мәніндегі классикалық зерттеулер. Қаһарманның рухани әлемін, ой-сезімін қоғам, тарих, ұлттық мәдениет аясында саралау кезінде ғалымның базбір кезеңдік солқылдақ көзқарастардан бойын аулақ ұстап, бәріне биік адамзаттық идеялар тұрғысынан баға беруге, неғұрлым тамырлы толғамдармен ой түюге ұмтылғандығы аңғарылады. Кеңестік өмірдің бел-белестерін бейнелейтін ХХ ғасыр романдарын қарастыратын «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі», «Қаһарманның рухани әлемі» – мазмұндық, ғылыми-теориялық сапа жағынан уақыт озған сайын өзектілігін жоймайтын еңбектер.
Б.Майтанов мұрасында, әсіресе Әуезов сынды заңғар тұлғаның шығармашылығы төңірегіндегі зерттеулердің шоқтығы биік. Бақытжан Қауасқанұлының басшылығымен жүзеге асырылған «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті», «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлер және ұлттық өрлеу үдерісі», «М.О.Әуезовтің көркемдік-эстетикалық ізденістері», «М.О.Әуезов дәстүрлері және қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері», «М.О.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» сынды іргелі ғылыми жобалар аясындағы ізденістер ұлы қаламгердің шығармашылық мұрасының үңіле зерделеуді күтетін тұстары уақыт өткен сайын ашыла түсерін паш еткен еді.
Қаламы қарымды зерттеушінің Әуезов тақырыбындағы «Мұхтар Әуезов – суреткер» (1996), «Сөз сыны» (2002), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» (2009) атты жеке монографиялық еңбектерін бөліп атаған жөн. Ғалымның әуезовтану саласындағы ғылыми ізденістері де ғылымның жаңа жетістіктерінің биігінен назар салатын бірегей көзқарасымен, соны пікірлерімен бағалы. Әдіснамалық тұрғыда жаңғырған әдебиеттанудың пәнаралық, салааралық зерттеу ыңғайлары негізінде жүргізілген зерттеулер қызықты деректерге, тың толғамдарға, жаңаша пайымдарға толы.
М.Әуезов творчествосы негізінде жасалған ұлттардың пайда болуы мен тарих сахнасындағы өміршеңдігі, этнос психологиясы және діл ерекшеліктері жөніндегі пайымдар әдебиеттанудың шекарасынан асып, тарих, мәдениеттану, әлеуметтану, философия, психология сынды салалармен астасып кетеді. Томаға-тұйық талдаулар шеңберінен өтіп барып, тұжырым тапқан дүние-болмыстың сыры, адами қарым-қатынастар, жан әлемі жайлы мейлінше кең қанатты толғамдар оқырманды үнемі парасатты ой сапарларына жетелері сөзсіз. Себебі, әдебиеттану дегеніміз – адамтану. Ғалым қаламына іліккен кез келген әдеби туынды белгілі бір дәуірдің ғана қоғамдық көзқарас аясында емес, мейлінше әділетті, байсалды ғылыми назар тұғырнамасынан бағамдалған. Б.Майтановтың «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» атты көлемді монографиясына кірген «М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері» атты арнайы тарауы осы ыңғайдағы пәнаралық зерттеулер қатарынан саналады. «Біз бүгін талай тасу мен тартылудың негізінде жалпы адамзаттық көлемде пассионарлық өрлеу жолындағы ақтық асуға жеткенімізді не әлі де алдағы биіктердің етегінде тұрғанымызды білмейміз. Алайда, технократиялық төңкерістер барысы қалыпты даму көзі – табиғи тепе-теңдік заңын бұзғаны анық. Уақытша тілек, ниеттер мәңгілік мүдделердің жағасынан алды. Бұл өркениеттің іздері су астында жатар, жатпасы да белгісіз» дей келе, адамзат тарихының асулары мен белестерін шарлап өтіп, этнос теориясы мен «қазақ» ұғымының қалыптасуы жөнінде ой сабақтайды. Жаһанды алаңдатқан өркениеттер қақтығысы, базбір этностардың жасампаздығы, не керісінше қыршынынан қиылуы мәселелері де ғылыми деректермен дәйектеліп, ұлттық діл мен болмыстың сақталуындағы табиғи, саяси, мәдени факторлар тілге тиек болады. Сайып келгенде, зерттеушінің негізгі ой-өзегі – ұлттық құндылықтарды сақтаудағы әдебиеттің мән-маңызына баға беру. Осы орайда кезеңдік идеологемаларға иек арту, әсіре эмоционалды пафосқа берілу Б.Майтанов стиліне жат қасиеттер екенін айта кеткен жөн.
Жалпы, көркем әдебиеттегі психологизм, әдебиет поэтикасы, туындыдағы баяндау жүйесі мен мәтін құрылымы, автор және қаһарман, көркем мекеншақ сынды теориялық мәселелер мен категорияларды тұрақты зерделеу үстінде де ғалым Мұхтар Әуезов мұрасына соқпай өтпейді. Ол өзіне дейін алуан тақырыптағы ғылыми зерттеулерге нысан болған М.Әуезов туындыларын жаңаша қырынан танып-таразылауға ден қоюмен болды. «Абай жолы» және тәуелсіздік рухы», «М.Әуезов және Абай өмірі мен шығармашылығы», «М.Әуезов және Абай өмірбаянының нұсқалары» сынды мазмұнды дүниелер ұлы жазушының әдеби қазынасына деген осындай айрықша қызығушылықтан туғаны анық.
Бақытжан Майтанов әлемдік әдебиеттанудың үздік табыстарын отандық сөз өнері туралы ғылымның айналымына енгізуге күш салды. Ол шығарманың баяндау жүйесі, таңбалар жүйесі сынды әдеби мәтін құрылымы аясындағы герменевтикалық, синергетикалық талдау әдіс-амалдарының ұтымды тұстарын ұлттық әдебиетті зерделеуге қолдануға ден қойған еді.
Профессор Майтанов үнемі іздену мен өмір бойы білім алуды шын мәнінде өмірлік қағидаға айналдырған еді. Ғалымға қажет екі қасиет – толассыз ізденіс пен қажырлы еңбек екенін кейінгі әріптес, шәкірттерге өнеге етумен болды. «Өнер де, ғылым да таным жолындағы ұлан-ғайыр ізденістермен көктемек. Бағыттан ауытқу, жаңылыс басу, адасу соны ақиқат шырағын жағумен ұштасып жатса – қуаныш, – деп жазған еді ол Б.Кенжебаев туралы естелігінде. – Немкетті, тиіпқаштылықтан ада еңбек, толассыз дамыған қабілет, сергектігін жоғалтпас жіті зерде – жемісті нәтижелердің бастауы. Көбіне шарттылыққа жүгінетін, болжам мен ойдың тағдырын уақыт талқысына тастайтын, кезінде дұрыс байламдары өзгеріп-толығып отыратын әдебиеттану мен әдебиет сынында дауға соқпай өркендеу де болмайды. Ғылым қамын, өнер мүддесін көздеген адамда тартыс додасынан жалтару, іркіліп қалу, сыңай бағу кездеспесе керек. Асықпай толғанып, алдамас деректерден әділ түйін шығарып, байыптай-саралай сөйлеу керек». Осы бір сөздері, шын мәнінде, оның ғалымдық кредосына айналғандай.
Бақытжан Қауасқанұлының артында қалған мол рухани қазынаны жиып-тергенде, сегіз томдық салмақты топтама жиналды. Әр кезеңде түрлі таралыммен жарық көрген еңбектердің әлі де маңызын жоймағандығын ескере отырып, осы қажет дүниенің жарық көрер күні жақын болса екен деп тілейміз. «Ғалымның хаты өлмейді». Б.Майтановтың рухани кеніші де соңындағы зерделі ұрпақ өсіп-өнген сайын сарқылмай, жаңғырып тұрарына сеніміміз мол.
Әлмира ҚАЛИЕВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының ғалым хатшысы,
филология ғылымының кандидаты.