МҰҚАҒАЛИҒА ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ
Таяуда Талдықорғанның қала күні аталып өткені баршаға аян. Аталмыш шаһар Алматы облысының орталығы болып белгіленгеніне, міне, 15 жыл болыпты. Талдықорған жылдан-жылға көркейіп келеді екен. Қала күні қарсаңында қазақтың ақтаңгер ақыны Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш орнатылған-ды. Осыған дейін Қарасаздағы мұражай алдында біріншісі, ал Алматыдағы Мақатаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында екіншісі бой көтерген еді. «Жер жаннаты – Жетісу» өз перзентін аялап, ақын рухын тағы бір асқақтатты.
Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын! – деп жырлаған көрнекті қаламгер көрегендікке бара алды. «Шаң басқан архивтерден табылған» талай тарланбоз бүгіндері қазақ руханиятының айналымына кіріп те үлгергені ел үшін аз олжа емес екенін сезіну қиын емес-ау, осы. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Атақты ақынымызды біз көтерсек, ақын еліміздің, жеріміздің атын биікке көтереді», – деді. Ақын әкімді емес, ақын әкімді іздеп жатса, бұның өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Жақсы жаңалық естісе ел-жұрттан сүйінші сұрайтын шіркін, қазақы көңіл-ай! Енді Талдықорғанға кірген бойда-ақ Мұқаң – Мұқағали қонақтарға жыр оқып, сыр шертуден әсте жалықпайтын шығар!.. Бұл дегеніңіз – Поэзияға, жалпы Сөз өнеріне құрмет көрсеткісі келген халық ескерткіш жанына жиылып, өлең оқуына болады деген сөз. Нобель сыйлығының лауреаты, Чили шайыры Неруда тас-мүсінінің алдына әйелдер жиылып, жыр оқығаны секілді, енді Өлең атты құдірет-кие де өңірді тебіренте тербетеді деген сенім бар. Өшпейтін де өлмейтін Өлең әр қазақтың жүрегінде жатталса, жазарман үшін одан асқан бар ма екен, сірә?! Алдында ғана, Шығыс Қазақстанда Ұлт анасы Зереге еңселі ескерткіш қойылғанда бір қуанып ек, міне, соның жалғасы іспеттес осынау бір уақиға да Уақыттың талабы және Тәуелсіздікке тарту деп түсінген жөн болар!..
Әлібек БАЙБОЛ.