БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ…
07.10.2016
6022
0

1111(АЯУЛЫ ЖАРЫМ РЫСҚАЛЫМ БІРЛІКҚЫЗЫНЫҢ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ)

 

Жыл мезгілінің қайсысы болсын, адамдар соның бәрін де шы­найы қабылдап, табиғаттың мінезіне үйре­нісіп, мойынсұнып жа­тады. Десек те, өткен жылғы қоңыр күз біздің көңілімізге қаяу салған уақыт болды. Балаларым аяулы анасынан, мен өзіме аса бір қымбат жан – асыл жарымнан айырылып, қайғыға баттық. Бірақ ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдас – бәрі де бізбен бірге болды, қасымыздан табылды, ықылас-пейіл­дерін білдіріп, жылы сөздерін арнап, қолтығымыз­дан демеді. Ал журналист әріптестерім, інілерім өздері басқарып отырған газеттері арқылы көңіл айтып, жұба­тып жатты. Менің аяулы жарымды ойлап, ішкі тебіре­ні­сім­­нен туған еске алу мақаламды жариялады («Қазақ әдебиеті», 4 желтоқсан, 2015 ж.). Бұл қайғымызды біраз жеңілдетті де.

Бірақ аяулыңды ұмыту мүм­кін бе? Ай өтер, жыл өтер, уа­қыт одан әрі жылжып сені біз­ден қашықтата түссе де саған деген сағынышымыз сар­қылмас, сені ойлауымыз тау­сыл­­мас. Міне, енді сен өмірден оз­ған өткен жылғы қоңыр күзден биыл­ғы күзге де жеттік. Бірер күн­нен кейін жылыңа арналған дас­тарханымызды жа­йып, өзіңе арнайы құран оқы­тып, дұға жасап, еске аламыз. Сенсіз өткен бір жыл ма­ған оңай болмады, дегенмен уайым-қай­ғы­ны ұмытуға, қиын­дық­ты жең­у­ге тырыстым. Бұған ба­лаларым да қолдау жасап, күн сайын хабарласып, екі-үш күнде бір үйге келіп, қал-жағдайымды бі­ліп кетеді. Әрине, әрқайсының өз үйлері, отбасы бар ғой, жұ­мы­сы де­гендей… Дина Астанадан күнде қоңырау шалып, «әке­та­йым, қа­лың қалай, шешемді көп ойлай бер­мей, жұмысыңмен ай­налыс, есі­гіңді мықтап жауып отыр, ерте­рек жатып, демал», – деп ақыл ай­тады. «Анасының жоқтығын біл­діртпей, маған қам­қор болып жүр­ген бір тал қыздан айнала­йын» деп қоямын оған іштей ­сүй­сініп.

Осылайша уақытым өтіп жатыр. Әйтсе де сені ұмыта алар емес­пін. Саған деген сағыныш та­ғы да қолыма қалам алғызып, өзіңмен, сенің рухыңмен сыр­лас­қым келді. Ойландым, толғандым, өткенге көз жібер­дім. Егер маған сол кезді, екеу­міз­ді табыстырған жастығымыз­ды қайтып берер болса, бәрін де жаңадан бастап, өмірімізді бұ­рын­ғыдан да мәнді етіп өткізуге көңіл бөліп, саған қам­қор, қор­ған болып жүрер ме едім деп ойлаймын. Айтпақшы, өткенді еске ала отырып, сенің мектеп бітірер кездегі, он сегізге жаңа тол­ған, уайым-қайғы жоқ, ар­ман­­ға қол созған албырт шақ­тағы күнделік дәптеріңді тауып алып оқып шықтым. Оның әр бе­тіне түскен жазулардан, сырға толы жолдардан көп нәрсе аң­ғарылғандай. Соның ішінде өзіне айрықша назарымды аударт­қан мына бір жолдар болды. «Әйелің – сенің көңілдесің емес, бүкіл ғұмырлық досың әрі сері­гің, демек оны біз егде тарт­қан әйел болған шағында да, кемпір болған кезінде де сүюге ерте бас­тан ойланып, дағ­дылана беруіміз ләзім». Бұл – орыстың ойшылы, ұлы сыншы Вис­сарион Белин­скийдің ұлағатты сөзі екен. Не деген ғибрат! Әйел затын сыйлап, құрметтей білуді өмір бойы есте ұстау керектігін орыс­тың тағы бір ойшылы, ре­во­люционер-демо­крат ғалы­мы Н.Г.Чернышевский де айтқан екен. Оның сөзі де күнделігіңнің көр­некі жерінен орын алыпты.

Қымбаттым, сен сол кезде-ақ осы жайында ойладың ба? «Мені қа­лыңдық ретінде таңда­ған, жақ­сы көрген жарым кейін, егде тарт­қан кезімде де солай сүйер ме екен, шын сыйлар ма екен, жоқ, әл­де басқаша да болуы мүмкін бе?» деп ойлап, қам жедің бе? Жыл­дар бойы бірге жүргенімізде ол сырды менімен неге бөліспедің, күнделігің жайын­да бұрын неғып білмегем? Әлде оны маған ескерт­кіш­ке қалдырдың ба, артынан тауып оқысын деп. Ал ол маған қа­лай әсер еткенін білсең ғой. Осы жол­дарды жазып отырғанда қалам ұстаған қолым дірілдеп, көңілім босап, көзімнен ыршып түскен жас ақ қағазды бояғанын айтайын ба, әлде саған жаңағы күнделігіңде жа­зып қалдырған ұлылардың сө­зіндегі өмірлік мәні бар ұлағатты ой төңіре­гіндегі тебіренісімді жет­кізсем бе екен?!

Расында, ұлы ойшылдың сө­зі­нен нені ұғынуға болады? Махаббат деген не өзі, «сүйдім», «күйдім» деу ме немесе үнсіз ұғынысу, тү­сі­нісу ме, әлде астарында терең сыр жатқан шынайы сыйластық па? Осы біз өзі қалай сыйластық? Жас кезіңде де, орта жастан асқанда да махаббатымыз бір деңгейде болды ма, жоқ әлде ренжіткен кезім де бар ма, қай уақытта көңіліңдегіні тауып, дөп бастым, қай жер­де мүлт кеттім? Аяулым, мен қазір осы сұрақтар төңі­ре­гін­де ойланып, тол­ғанып, соған жауап іздеп отыр­­мын.

Күнделігіңде жазғаныңдай, сен­дер арман қуып, оқу іздеп Ал­матыға келдіңдер. Тағдыр сені ма­ған кезіктіру үшін де осында алып келді білем. Біз осында та­ны­­сып, көңіліміз жарасып, отбасын құрдық. Отбасын құрған ал­ғаш­қы жылдарда сен әлі уни­­вер­ситеттегі оқуыңды аяқта­маған едің. Жазуға тал­пын­­ған, журналист болсам де­ген еркіңе қарсы шықпадым. Сырт­тай оқудағы жылына бір рет ке­летін соңғы сессияң тұң­ғы­шы­мыз – Мұхиттың алты айлығымен тұспа-тұс келді. Үйде отырып алты айлық баланы бағу үшін ке­зек­тен тыс демалыс алып, оқуың­нан қалмауға мүмкіндік жасадым. Фурманов пен Шевченко көше­ле­рі­нің қиылысын­дағы біздің бір бөл­мелі үйіміз КазГУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық универ­ситеті) бас оқу ғи­мара­тына жақын еді. Сен әрбір үш-төрт сағатта уақыт та­уып үйге жүгіріп ке­ліп, баланы қолыңа алып, та­мақ­тандырып қайтадан сабағыңа ке­тетінсің. Сөйтіп жүріп универ­си­тетті бітірдің, қолыңа диплом ал­дың. Мұхит бір жастан асқанда оны ауылға, әке-шешеңнің қа­рауы­на жібердік. Өйткені, бұл кез­де Мұх­тарға аяғың ауыр еді. Кейін Мұхитпен бірге Мұхтар да үш-төрт жасқа келгенше атасы мен әжесінің қамқорлығында бол­ды. Ал қызымыз – Динагүлді еш­қайда жібермей, бағып, күтуге өз шамамыз жетті.

Балаларыңды өсіре жүріп, жұ­мыстан да қалмадың. Журналист мамандығын алған соң, соған сай абы­ройлы қызмет атқардың. Бұл жайында, сенің журналистік жо­лың мен шығармашылығың қа­қын­да өткен жылғы еске алу ма­қа­­ламда айтқандықтан, оны қай­­талама­ғанды жөн көрдім. Менің айт­пағым, сенің балалар­дың қамы үшін, отбасының қажеті үшін керекті қаражатты табуға мені­мен бірдей үлес қосып отыр­ған­дығың. Бұл ретте тіпті менен де көбірек жұмыс істедің бе деймін. Жұмыстан шаршап келгеніңе қарамастан, балаларыңның кешкі асын беріп, оларды төсек­теріне жатқызған соң жазу столына келіп отыратынсың. Бірде аудармамен айналыссаң, енді бірде тықыл­да­тып машинка басып, түннің бір уағына дейін ұйықтамаушы едің. «Мұның не, жатсаңшы, ертең жұ­мысқа барасың ғой», – деп жа­нашыр­лық танытсам, сен: «сенің аз ақшаң­ның орнын толтырып, байытсам ба деп жүрмін», – деп әзілге бұратынсың. Ал мен саған жұмыс істетіп қойғаныма ың­ғай­сыз­данып, іштей өзіме рен­жи­тін­мін. Бірақ сөйтіп екі жақ­тап ең­бек­теніп, үйге қосымша табыс кел­тіріп, кем-кетігімізді толтырып жүрдік. Мағыналы өміріміздің барысында біз бір-бірімізді тың­дап, шынайы сыйласып кел­дік. Мүмкіндігінше мен сені ренжіт­пеуге, айтқа­ның­ды орындауға тырыстым. Қолыңнан ауырыңды алып, жұмысыңды жеңілдеткім-ақ келетін. Бірақ жұмыр басты пен­деде бар қателік менен де та­бы­латын. Енді ойласам, көңі­ліңе қаяу салған кезім де болыпты.

…«Социалистік Қазақ­стан» га­зетінде жұмыс істеп жүрген ке­зім еді. Талдықорған жақтан сов­хоз директоры болып істейтін мектепте бірге оқыған сыныптас досым Ты­ныштай Шабдарбаев (қазір ол да арамызда жоқ, марқұм болып кетті, жаны жән­натта бол­ғай) қоңырау шалып, Жаңақорған курортына жолдама алып қой­ғанын айтты. Мен сенімен ақыл­даспай жатып, бірге баруға келі­сімімді беріп қойған едім. Ал үйге келген соң сенің көңіл-күйіңнің болмай тұрғанын аңғардым. Ол кезде сен Мұхтарға босанып, дек­реттік демалыста, үйде едің. Оған қо­­са екі жасар Мұхитты да ауылдан алдырт­қанбыз қасымызда бол­сын деп. «Екі баламен ол қалай күн көреді, азық-түлігі таусылса дүкенге кім барады?» деген ой кел­мепті басыма. Жарымды, балаларымды тастап Жаңақор­ған­ға кете бардым. Ал сонда сенің қабағыңда бір кірбің қал­ғаны сөзсіз-ау. Осын­дай жағдай тағы бірде қайта­ла­нып, сені екінші рет ренжітіп ал­дым ба дей­мін. Бұл оқиға­лар­дың өмір­лік мәні болмаса да, кей­бір қателерге жол бергенімді еске салады. Енді оған ақталудың да жө­ні жоқ, сен жоқсың қасымда бә­рібір. Егер сен аман болғанда, шай іше отырып өткенді еске алып, кешірім сұраған болар ма едім, кім білсін? Енді сенің рухың­ның алдында басымды ие отырып, Ұлы Раббымнан кешірім сұраймын білместігім үшін және одан саған пейіштен орын бере гөр деп жалынамын, жалбарынамын.

Жылдар өте келе сүйіп қо­сыл­ған жарың сүйіктіңнен күтушіңе, қамқоршыңа айнал­ғанын білмей де қаласың. Өйткені, ол бұл кезде қа­лың­дықтың ролінен гөрі, абзал ана, аяулы жар болғандығын анық байқатады. Балаларын аялап, бар жылуын төге қамқорлығына алады, сенің жағдайыңа қарай­ды, денсаулығыңа алаңдайды, көңіл-күйің болмаса, өзіңмен бірге уайым­дайды. Аяулым, сен де дәл осын­дай бір ғазиз жан бол­дың. Сенің мейірімің мен ала­қа­ның­ның жылуын балала­рың­мен бірге мен де толық сезін­дім. Сен мені қиындыққа төзе білуге, кешірімді болу­ға үйреттің, қауіп-қатерден, оғаш мінез-құлық көр­сетуден сақтан­дырып отырдың.

Менің бар өмірім, еңбек жолым сенің көз алдыңда өтті. Уни­вер­ситет бітірген 1972 жылы «Социа­листік Қазақстан» газе­ті­нің редакциясына жұмысқа орна­лас­тым. Мені қызметке алған сы­пайы мінезді, сабырлы да сал­мақ­ты жан, қарымды қа­ламгер, «Социалистік Қазақ­стан­ның» ре­дак­торы Ұзақ Бағаев болды. Ол кі­сіні сыйлаған жан­ның бәрі Ұза­ғаң дейтін, сол Ұза­ғаң қалам ұс­та­ған көптеген жастардың ақыл­шы­сы, тәрбие­шісі бола білді. Мен де ең бірінші сол кісінің мектебінен өткенімді мақтан тұтамын. Ұзағаң өмір­ден озғаннан кейін «Социа­лис­тік Қазақстанға» Сапар Байжанов редактор болып келді. Кейін оны бұл орында Балғабек Қы­­дыр­бек­ұлы аға алмастырды. Сайып­қыран қос журналистің, осы екі бас­шының да біздерге бер­ген тәлімі мол болды. Әсіресе, Бал­ғабек аға көп нәрсе үйретті, қа­лай жазу керектігі­мізге жол көрсетті. «Социалистік Қазақ­стан­ның» табалдырығын имене ба­сып, жаңа жазып жүрген кезімде де, кейін қала­мым ұштала түскен уа­қытта да біраз материалдарым жарамай, Балғабек ағаның алдынан кейін қайтып жатты. Бір күні ре­нішім­ді білдіріп, алдына бардым. «Осын­дай-ақ материалдар га­­­зетте жарияланып жатыр ғой», – деп едім, ол қатқыл үн­мен: «Ал сен олай жазба, атыңа сөз келеді», – деп ақыл-кеңес берді. Сөйтсем, мені тәрбиелеп жүр екен ғой. Ал ол маған үлкен сабақ болды. Мен өз жазған­да­ры­ма сын көзбен қарай бастадым, басшының қолдауына ие болу үшін емес, өзім үшін, қала­мымды қатайту үшін тер төгуге тура келді. Кейін оның құп­­тауы­на ие болған (Балғабек аға ол кезде газет редакторының бі­рін­ші орынбасары еді), өзі қол қойып, баспаханаға терімге жі­бе­рер­де шекесіне: «өте жақсы мате­риал» деп белгі соққан «Ақ­жайық­тың ақиығы» деген очер­кім га­зет­те жарық көрді («Социалис­тік Қа­зақстан», 7 наурыз, 1980 ж.). Редакцияның лездемесінде бұл очер­кіме біраз әріптестерім жақсы пі­кірлер айтып, тоқсанның қоры­тын­ды­сы бойынша 50 сом сый­лық­қа ие болдым. Журна­листің ай­лық жалақысы 110-120 сом ке­зінде бұл көп ақша еді. Менің шы­ғар­ма­шылық жолда өсіп, өзім­ді көрсетуіме алғашқы ұстаздарым, газеттің бөлім меңгерушілері Уа­қап Қыдыр­ханұлы, Мамадияр Жа­қыпов, Бекболат Әдетов­тер де игі ықпалын тигізді. Сол аға­ла­рым­­ның ізін басып, мен де шың­дала түстім, қызметім де өсті. Ал­дымен газет редакция­сының та­биғат қорғау және қосалқы шаруа­шы­лық бөлімінің тізгінін ұстап, сонан соң ғылым және жо­ға­ры оқу орындары бөлімін бас­қардым.

Адам өмірде қателік жасайын деп жасамайды ғой, оған біл­мес­тікпен жол беріп алады. Ондай кем­шілік менде де болды. Сен менің шығармашылық жолдағы әрбір қадамыма қуа­нып, ал қия басқан жерімді, кем­ші­лігімді тап басып көрсе­тіп, дұрыс жолға сала білдің. Жұмысыма көңілім толып, өзіме сенімді болып, асып-тасы­сам, «асықпа, аптығыңды бас, ат­қарар ісің әлі алда», – деуші едің. Редакцияның лездемесінде тура­шылдығым ұстап әріптестің жаз­ғанына сын айтсам, ол оны дұ­рыс түсінбей, мені өзіне жау са­нап, біраз уақыт сөйлеспей жү­ре­міз. Үйге келген соң ойланып, «әл­де мұным қате болды ма?», – деп іштей өкін­генімді де сен сезіп қоятын­сың. Сонан соң: «Не болды, біреумен ұрыс­тың ба?», – деп сұрап, мән-жайға қаныққан соң, «қызба­лыққа са­лынба, әріптестің көңіліне келетін сөз айтпа, тек жүр­сең, тоқ жүресің», – деп ақыл қо­сатынсың. Сен сияқты ақыл­шым, жанашырым бол­ған­дықтан да мен тәубеге келіп, мінезімді тү­зеп, қызметте де, үйде де өзімді ұс­тай білуді үй­рендім.

Аяулым, сен айдынды Ала­көл­дің жағасында тудың. Тау мен да­ланы шарлап, суын сол көлге барып құятын асау Тентек өзенінің бойында ойнап өстің. Содан ба, сенің мінезіңде тула­ған толқын­дары­мен тәнті еткен сол Тентекке ұқ­сас­тық бар еді. Сенде мінез бол­ғанда қандай еді, «біреудің көңі­лі­нен шы­ғай­ыншы» деп тігісін жат­қызып, жаймашуақтап сөйле­мей, ойыңа келгенді тіке айтатын­сың, турасын айтатынсың. Жұ­мыс­та да, үйде де, туысқандармен қарым-қатынаста да солай болды. Сенің бұл мінезіңе көне қойғысы кел­меген бауырым Сүлеймен мар­құм: «Япыр-ай, мына кісі қайтеді өзі, неге баспайсың, ор­нына қой­майсың ба» дегендей болып маған қа­райтын. Ал мен сенің жөн сөй­леп тұрғаныңды сеземін де, оны «сабаңа түс, ол сенің жеңгең, жолы үлкен» деп тоқтататынмын.

Сөйтіп, мен отағасы болсам да, ота­насына қалай бағынға­нымды білмей де қалдым. Балаларым да се­нің ақылыңды тың­дап өсті. Олар есейе келе тіпті өмірлік мәні бар мәселелерде де менімен емес, сенімен сөйлесіп, сырласатын-ды. Ал ол мәселе­лер­ді шешуді сен бәрі­бір маған қалдыратын едің. Бұл жәйт көңіліме келіп, іштей саған рен­житінмін «әкелеріңнен сұра» деп неге айтпайды екен деп. Бұл сырды Тәсіберік ағамен (ол кісі – Рысқалымның әкесі, менің атам Бірлік ағамен сыйлас, сырлас болған жақын інісі) бөліс­кенімде, ол: «Болат, сен оған ренжіме, бұл та­биғи нәрсе, балалар, әсіресе ұлдар жағы әкемен әңгімелесу барысында «сөзге келіп қаламын ба» деп ойлайды, ал анасы оларды сабырмен тыңдап, саған жеткі­зеді», – деп басу айтатын.

Сен әкең мен шешеңнің алты баласының алды едің, аяулы әжең Торымқан шешейдің әл­пештеген, бауырына басқан немересі болдың. Ол кісі сені меншіктеген соң оның туған баласы мен келіні сені «балам» деп те айтуға бата алмапты. Сен де әкеңді «көке» деп, туған анаң­ды «тәте» деп келдің өмір бойы. Сен солай деген соң, мен де енем­ді «шеше» демей, «тәте» деп ата­дым. Сол тәтем былтыр күзде, қыр­күйектің басында сенің жағ­дайыңа алаңдап Ал­матыға келгенде, сен «тәтем келді» деп қуан­ған сыңай танытып бір ауыз сөз айттың да, әрі қарай сөйлемей қой­дың. Бұл – ауру әліңді алып, ма­заң кете бастаған кез еді. Ол тө­сектегі сенің қасыңа келіп, қо­лың­ды ұстап алақанына салып «қы­зым-ау, есіңді жи, берілме ау­ру­ға, тұрсаңшы орныңнан» деп те айта алмай, тұнжырап отыра бер­ді. Сонан соң ауырып отырса да ырық бермейтін қызының мінезін көріп «үлкен кісінің баласы бол­ған­дықтан, сөйлеуге, бірдеңе деуге әлі де бата алмаймыз» деп ақ­тал­ды. Ол үлкен кісінің (Торымқан әженің) қайтыс болғанына 30-40 жылдан асып кетсе де, бүгінде сек­­сен­нің сеңгіріне шыққалы отыр­­ған шешеміздің қазақы дәс­түрді сақтап, енесінен асып сөйле­мей­тіндігін, оның мен­ші­гіндегі баласын әлі күнге дейін иемдене алмайтындығын бай­қат­қан кей­пін көріп, таң қал­дым. Есіме ойшыл, рухани ағартушы Фетхуллаһ Гүленнің түрік тілінен аударылған «Призма» деген кітабынан (Алматы, 2009, «Көкжиек» баспасы) оқыған ішінде ғибрат аларлық ой­лары мол мына бір жолдардың оралғаны. Онда жазылғандай, сүйікті Пайғам­барымыз бір күні жа­сы ұлғайған сахабаларына «шөл­де өсетін, өзі муминге ұқ­сас бір ағаш бар, қане та­бың­ыз­­дар­шы?» деген сауал қояды. Сахабалар қанша тырысса да, мысалда си­патталған ағаштың атын дөп ба­сып айта алмайды. Ал жас сахаба Абдуллаһ ибн Омар әлгінің құр­ма ағашы екенін іштей біл­ген­мен, үлкен­дердің жанында әдеп сақтап, үндемеген екен. Осы әдеп­тілігін дұрыс деп топшылаған Абдуллаһ кейінірек әкесі Омардан білгенді сыпайы түрде айтудың еш­қан­дай әбестігі жоқтығын түсі­не­ді. Иә, әдептен озбау, үлкен тұ­рып кішінің сөйлемеуі, алға шы­ғып, көзге түспеуі сияқты иба­­лылық әрекеттері сонау Мұхаммед Пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан бастау алып, бізге жетіп отыр десек, дұрыс болмақ. Сонау бір үлгі­сін аяулы жарым Рысқа­лымның «көке», «тәте» деп қана өткен ар­дақ­ты ата-анасының ішкі мәде­ние­ті, тәрбиесі көрсетіп отыр.

Сен тік мінезді, тура сөйлей­тін жан болсаң да, адамгершілігің мол, көңілің ақ, жүрегің таза болды. Үлкенді үлкен ретінде, кішіні кіші демей, сыйлай біл­дің, тыңдай алдың. Көмек күт­кен ағайынға ара­ша түстің, қолдау көрсеттің, бауыр­­ларың­ды, сіңлілеріңді бауы­рыңа бастың, қамқорлығыңа ал­дың. Солардың жағдайын (оқуын) ойлап, мазасыз­данатының әлі күнге есімнен кетпейді.

Павлодарда оқып жүрген Ал­мас­ты (Рысқалымның ортаншы бауыры) Алматыға ауыстыру ке­ректігін айтады ол.

– Неге, – деймін мен.

Бірақ оның жауабы белгілі еді. Солкезде Солтүстіктегі жал­ғыз тех­никалық жоғары оқу орны саналатын Павлодар индустриялық институтында оқу ауылдан келген қазақ баласы үшін қиындықтар ту­ғызған­дай. Ретін тауып оны Ал­маты­дағы Қазақ ауыл шаруа­шы­лық институтына ауыстырып ал­дық. Ол осы жерде оқуын жал­ғас­­тырып, инженер-техник маман­дығын ал­ды. Кейін Қазақс­танда кеден іс­тері жөнін­дегі Комитет құрыл­ғанда оның алғашқы бастығы бол­ған Нұрлан Тілеміс­ов (менің уни­верситетте біге оқыған курс­тас досым) оны «Достық» кеденіне қызметке алды. Ол сонда әлі күнге жұмыс істейді.

Рысқалымның тағы бір бауыры Жалғас та оның айрықша махаббатына бөленді. Ұлдардың кішісі болғандықтан ба, әлде өте аңғал, ақкөңілділігінен бе, әй­теуір ол оны еркелетіп «Жәке­най» дейтін. Балаларымды алып, ауылына кеткен ол бірде маған сол жақтан хабарласады:

– Болат, әлгі Жәкенайдың жағ­­дайына алаңдап отырмыз. Инс­титуттағы оқуын үзіп, бір жыл­ға академиялық демалыс ала­тын болыпты. Бірақ бұған жол бер­меу керек, бір қалса, қа­лып қоя­ды, оқуын жалғастыруы қиын бо­лады.

– Әй, мен ректор емеспін ғой, институттың оқытушысы да емес­­пін, мәселелерді шеше бере­тін.

– Білемін, бірақ ретін тап, мен со­ны ойлап ауырып қалдым, – дей­ді ол.

Сонан соң оның уайымын азай­тудың жолын іздестіре бас­тай­мын. Сөйтіп, Жалғас та инс­ти­тут­тағы оқуын жалғас­ты­рып, қо­лына «мал дәрігері» деген дип­лом алды.

Сол Жалғас інісі ауруға ұшы­рап, фәниден озғанда бүкіл отбасына түскен ауыртпалық менің жа­рымды да қатты күйз­ел­тіп жі­берді. Оны ойлап уайымдай келе, жылай-жылай шүй­кедей болып шөгіп қалды. Бұл қасіретті ол бі­раз­ға дейін ұмыта алмады. Содан ба, кейін оның да денсаулығы сыр берді. Мұның ақыры одан айырылып қалуы­мыз­ға әкелді. Бауырға да, бас­қаға да бүйрегі бұрып, жү­ре­гі ел­жіреп тұратын, қайран, ар­дақ­­тым-ай! Енді біздің бәріміз үшін де сенің орның үңірейіп, бос тұр ғой.

Ауру әбден қажытқан жа­рым­ның жүзінен нұр тайып, ақтық демі таусылардан бірер күн бұрын үлкен баламыз – Мұхиттың үшін­ші перзенті – тағы бір қыз бала дү­ниеге келді. Оның бірінші қы­зы­ның аты – Айша болса, екінші қызы Хадиша еді. Енді бұл нәрес­тенің есімі Фатима болсын деп шеш­тік. Мұхиттың үйіндегі сүйік­ті Пай­ғамбарымыз әз Мұхаммедті еске түсірер бұл есімдер біз үшін де аса қымбат еді. Бірақ сол күнді күт­кен аяулы әжесінің сүйікті не­мересін көре алмай өмірден өтуі де өзегімізді өртеді. Аяулы жарым ба­қилыққа аттанған кешкі апақ-са­пақта Мұхит жас босанған ке­ліншегін перзентханадан алып шы­ғып үйіне келе жатты. Иә, бұл – бір өкініш, бір үміт еді. Өкі­ніш­тісі – ошағы­мыздың берекесі бол­ған бізге аса қымбат жанның ара­мыздан кеткені де, үмітіміз – оның сегізінші немересі, ақ жөр­гекке оранған Фатимамыздың бо­саға­мыздан аттап кіруі еді. Көңіл­ге медеу болатыны – осы.

Мен өзім осындай жар сүй­ге­німе, онымен қырық жыл бір шаңырақтың астында тұрып, ба­ла­ларыммен бірге, немере­лерім­мен қауыша отырып бақыт­­ты ғұ­мыр кешкеніме мың да бір шү­кір­шілік етіп, сондай мүмкін­дік туғызған Аллаға шексіз рах­ме­тімді айтамын. «Жаратқан Ием, ол сыйды (жарымды айтамын) маған өзің бердің, енді оны өзіңе қай­та­рып алдың, көнбеске лажым жоқ» дегім келеді. Басқа не деуге болады? Тағдыр де­ген сол емес пе.

Болат АСАНБАЕВ,
журналист, баспагер.
Алматы қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір