БАҒЫ ЖАНАТЫН ШЫҒАРМА
Жазушы Айгүл Кемелбаеваның баспасөз бетінде жарияланған шығармаларын қадағалап оқып жүруші едім. Осыдан он екі-он үш жыл бұрын «Сорос Қазақстан» қоры ұйымдастырған «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» әдеби конкурсында жүлдегер атанған «Мұнара» романы қолыма түспеді. Қайдан тапсам екен деп ойлап жүргенде, ғаламтордан көрнекті сыншы, үлкен ғалым Ш.Елеукеновтың: «А.Кемелбаева «Мұнара» атты романның тұтас сюжетін Аллаға деген сеніммен көмкерген» деген пікірін көріп, одан сайын ынтықтым. Сол «Мұнара» жуықта қолыма тиді.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы
Бірінші бөлімде Москва шаһарымен таныстым. Дұрысы, сол шаһарда әдебиет институтында оқитын Айжан есімді студент қызбен. Бала бағушылық өмірі арқылы «аласы ішіндегі» адамдардың екіжүзді, аяр, жымысқы, аумалы-төкпелі мінездерін жеріне жеткізе суреттеген авторға риза болдым. Айжанның оқу бітірер мерзімі Кеңес Одағының ыдырауына тұспа-тұс келіп, Ресей мен Қазақстан арасында, пошта арқылы қаражат жолдау тоқтап қалады да, елдегі анасы жіберген ақша қолына тимеген студент қыздың мардымсыз стипендиясы күн көруге де жетпей тығырыққа тіреледі. Мәскеудей алып мегаполисте көк тиын қаражатсыз қайтіп күн көруге болады?! Көп жағдайда нанға май жағып ашқұрсақ жүруіне тура келеді. Бала жасынан Тәңірді қапысыз мойындаған, тағдыр талайына иланған Айжан өзінің далада қалмасына сенеді. Ақиқатында Алла деген жанның нәпақасыз, түксіз, аш-жалаңаш қалуы мүмкін емес. Әлбетте әрекет жасаған жағдайда. «…Соңғы күндері астан өзге ештеңе ойлауға қабілетім жоқ болып кетті, дұрыстап құнарлы ас жемей, еттен қағылған соң, (қазақ баласы!) аш қарын өзге дүниеге мұқтаж емес…» дейді студент қыз. Аштық сезімін бұрын-соңды бастан кешпеген, беймәлім жалғызкөз дүлейдің өзіне айналды. Тіпті, кей кездері миын қалжырау мен дағдарыстың шарпуы меңдейді, оқып отырған кітабы қолынан сусып түсіп кете береді. Сондай шақта өзі оқыған жазушылары: Кнут Гамсунның «Аштық» атты романы, Генри Миллердің романы, Эдгар Поның қаламынан туған «Мальстам ағысы» әңгімесі, Гогольдің «Өлі жандар» поэмасындағы Чичиковтың дастархан үстіндегі сәті, қаймаққа былғанып кеп ауызға сүңгіп кететін галушкалар көз алдына елестейді.
Не істемек керек? «Өлмегенге өлі балық». Курстас құрбысы Лиля себепші болып бала күтуші болып жұмысқа тұрады. Бағатын баласы тоғыз жастағы Ританың әкесі – орыс, шешесі – қазақ, ныспысы – Жамал. Бастапқыда Лиля екеуі бір күннен кезектесіп істейді де, кейін келе Айжан жалғыз өзі қалады. Еңбекақысын қожайындар күнде кешке төлеп тұрады. Күні бойғы тамақ ішу үй иелерінің есебінен.
Әсілі бала күтуші жұмысы деп аталғанымен, Айжанның күнделікті міндеті – пәтердің тазалығы, түскі және кешкі ас қамдау, Ританы мектептен ертіп әкелу, сабағын қарату сияқты іш пыстырар күйбең жұмыстар. Яғни бұл жұмыстың рухани жағы өте ауыр, бейне байлаулы ит тәрізді күйкі тіршіліктің дәл өзі. «Демек, бұл фәниде неге болса да шыдап, көніп бағудың арты жаман болмайды, – дейді Айжан ойланып. – Бәлкім, бұл алдамшы дүниеде не көрсең де Құдайдың басқа салғанына ризашылық қылудан артығы жоқ болар. Өйткені, кішірейтетін де бір Өзі, зорайтатын да бір Өзі. Адалдықтың ала жібін аттап кетпеген адам ештеңе жоғалтпайтынына қылаусыз сенемін, бұл сенім маған қанмен берілген, оның туған даламның күмбезіндей шексіз болмағын немен өтеймін…».
Бала бағушылық мерзімі бітіп, жатақханаға қайтып бара жатқан сәттегі Ританың анасы Жамалға қарата айтылған монологқа айызым қанды. Әсілі есеп-қисап мамандық иелері: экономист, сатушы, бухгалтер, т.б. адамдардың көпшілігінің мінезі тақ-тұқ, сараңдау, қатыгездеу келетіні белгілі. Бауырмалдықтары кемшін. Ал Жамалдың тасбауырлау болуының бір себебі, діні басқа ұлт өкіліне тиюінде жатса керек. Жамал мен Айжанның жұлдыздары қарсы. Ақиқатында Алла қожайын әйел мен бала күтуші студент Айжанның бірімен-бірінің тіл табысуын, жақсы көруін қаламайды. Капитал билеген қоғамдағы екіжүзді, қатыгез, негізінен дүние-тіршілікті ғана ойлайтын, өмірдің мақсат-мұраты баю, ақша деп түсінген адамдар жиынтығы осы Жамал сияқтылар. Жамалдың мінезі жуас, жібі бос, көп нәрсемен шаруасы жоқ Максим Андреевичке тұрмысқа шығуында есеп те жатуы әбден мүмкін. Әсілі Жамал аса жаман әйел емес. Бірақ оның аяқасты хамелеон сияқты өзгере қалуында адамнан шыққан сайтанның ролі жатыр. Қасиетті Құранда: «…адамдардан шыққан белгісіз сайтанның азғыруынан сақта деп, Тәңірім, сенен пана тілеймін», – деген («Нас», 114) сүре бар. Кішкентай Ританың да тоғыз жасар балаға ұқсамайтын тосын, тәкаппарлық мінездері толғандырмай қоймайды.
Жазушы бірінші бөлімдегі санаулы кейіпкерлер арқылы адам жанының бұлтарыс-қалтарыстарын суреткерлік шабытпен терең суреттеген.
«Соңғы жолбарыс» аталатын екінші бөлімдегі әңгіме ішіндегі әңгіме әдісімен жазылған қарт аңшы, ұзын бойлы, ақ сары дөңгелек жүзді, қыр мұрынды келбетті Тарбақ арқылы Арқадағы аң-құстардың тыныс-тіршілігі кең қамтылған. Жазушы Айгүл Кемелбаеваның суреткерлік дүниетаным ерекшелігі, айшықтау мәдениеті автордың аталмыш романды жазардағы жан-жақты дайындығын риясыз жеткізеді. Әсіресе, көктегі ай мен күндей маңғаз, сабырлы, көзі сары түсті, қарашығы кейде жасылданып көрінетін Жолбарыстың түп-тұқияннан бастап, күнделікті қам-қарекеті, мінез-құлқы жан-жақты ашылған.
Жолбарыс өз туған жерін адамнан бетер сүйеді. Ата-мекенін ол жаттан қызғанып, өзінше қориды. Оның жерді меншіктеп иемденгені сүйіспеншілігі мен қимастығынан.
Осы екінші бөлімде он сегіз мың ғаламның иесі Алла жаратқан дала еркелері, дала сәні аң-құстардың өмір сүру дағдылары, бітім-болмыстары дәлме-дәл, нақты таңбаланған. Бұл көркем әдебиеттегі – зоологиялық проза. Жолбарыс жаратылысында қазақтың өршіл, мықты рухы бар!
«Мұнара» интеллектуалды, таза реалистік шығарма. Бағы жанатын роман. Болашағы алда.
Астана қаласы.