БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІН КІМДЕР ЖАЗЫП ЖҮР?
30.09.2016
8054
1

26-bet-suretҚазақстан Жазушылар одағының жыл сайын өтетін Әдеби жыл қорытындысында Балалар әдебиетінің жай-күйі туралы баяндама жасаған Сәбит Дүйсенбиев сөзін: «Балаларға арналған кітаптар өте аз. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар жоқтың қасы. Осы орайда балаларға арналған кітаптарға тендер бөлек өткізілсе дер едік. Өйткені, балалар әдебиеті ылғи да үлкендер әдебиетінің көлеңкесінде қалып қойып жүр», – деген болатын. Шынымен де, балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі қалай, оны кімдер жазып, кімдер оқып жүр деген ос саланың мамандары жауап береді…

 

serikbol-hasanСерікбол ХАСАН,
ақын

ОҚЫРМАН БОЛУ – БАЛА КЕЗДЕН

Сұлтан Қалиұлы, Ескен Елубаев ағалар да жазуды сиретті. Өткен­де көр­дім, екі ағамыз да таяқ ұстай­тын бо­лыпты. Байбота Қо­шым-Ноғай аға да «кеште таяғыма сүйеніп серуен­деймін» дейді. Балалар әде­бие­ті қартайып барады.

Аз жылдың алдында Тұманбай аға бар еді. Қадыр аға бар еді. Фа­ри­за апа бар еді. Тұманбай аға «Бал­­­дырғанға» нөмір сайын бұр­қыратып балалар өлеңдерін бе­ре­тін. Қазір «Балдырғанның» редакциясына барған сайын Байбота ағалар жаңа өлең сұрайды. Үл­кен­дер­дің берері таусылған секілді, ал жас­­тар жазбайды. Сонда, балалар әде­биетінің ертеңі қалай болады?

Үлкендер дегеннен шығады, қа­зіргі балалар прозасының дең­гейі түсіп бара жатқандай көрінеді. Ке­зінде ірі-ірі дүниелерін берген аға­ларымыздың соңғы кездері жаз­ған шығармаларын оқысаңыз, жа­ның құ­лазиды. Бұрынғы мөлдір дү­ние­лерін өздерін лайлап жатқан­дай кө­рінеді. Баланың тілін, ой-өрісін ес­кермейді. Қазіргі балалар­дың қа­лай әзілдесетінін білмейді. Бір кө­ріністі бірнеше бет етіп баяндайды. Баланы жалықтырып жібе­реді. Бердібек Соқпақ­баев­тың дең­­ге­йіне жете алатын бірде-бір балалар хи­кая­ты әлі дүниеге келген жоқ. Ба­ла­ларға жазатын жас прозаиктер де көрінбейді. Лира Қоныстың «Тиы­ны», Бейбіт Сары­байдың «Рау­ғаш ерте гүлдейдісі», Аягүл Ман­таеваның «Маргаритасы» балалар қызығып оқитын қан­дай әп-әдемі дүние­лер еді. Олар да ба­ла­ларға жазуды сиреткен секілді.

Балалар поэзиясының да бү­гін­гі жағдайы осындай. Тірісінде Есен­құл Жақыпбек ағамен сыйласып, сөйлесіп тұратынмын. Бірде ол кісіге «Не жазып жүрсіз?» деген сұ­рақ қойдым. «Тақпақ жазып жүр­мін» деді. Және ол сөзді күрсініп айт­ты. «Немерелер мектепке барады. Мұғалімдері мерекелік кештер­ге арнап, үйге тақпақ жаттауға бе­реді. Жазып бергендерін оқып оты­рып, қарным ашады. Сөйтіп, әлгі тақпақты өзім қайта жазып шы­­ғуға тура келді. Мұны байқа­ған мұ­­ға­лімдері маған құда түсіп, соңын­­да балалардың бүкіл тақ­пақ­тарын маған жаздыратын болды» деген еді.

Сол Есағаның жағдайын енді т­ү­­сіндім. Балам балабақшаға барады. Күнде бір тақпақ жаттап келеді. Әл­гі тақпағын тыңдап отырып, күл­­кің келеді, жылағың келеді. Жа­­лаң педагогикалық қалып. Не ұй­­қас жоқ, не мән жоқ. Екі сөздің ба­­сын біріктіруді өлең деп түсі­не­ді.

Бұрынғы балалар өлеңдері қан­дай еді?

Педагогикалық қалыптан пәл­сапалық деңгейге дейін өскен бо­ла­тын. Ақындар айтарын өлеңнің ас­тарына бүгетін. Сөз ойнататын, оқу­шысын ойландыратын. Олар­дың қиялдары ұшқыр еді. Бастысы, бала болып ойлай алатын.

Балалар әдебиетінің ең негізгі шарты бар. Ол – қарапайым­дылық. Екіншіден, жаттауға жеңіл келетін. Мектеп оқушы­ларына өлең жазу аз­дап жеңілдеу, ал балабақша бал­дырғандарына сай келетін тақпақ тудыру оңай іс емес. Бұл жағынан қа­зақта Жақан Смақовтың айы оңы­нан туды. «Бөпем», «Қаз-қаз бас» деген өлеңдері қандай тамаша! Ал қазір балабақшаға арнап өлең жазатын ешкім жоқ.

Бала жанын тереңнен түсіне біл­­­ген ақынның бірі Әнуарбек Дүй­­­сенбиев еді. Ол кісі балаға сұрақ қойып отырып, ой салатын. Ермек Өтетілеуұлының мадақта­ма­лары мен мазақтамалары қандай еді? Бұрынғы балалар ақындары фор­малық ізденістерге көбірек бар­ды. Жарасқан Әбдірашев аға­мыздың орны бір бөлек. Ол кісінің «Алфавит сыры» өлеңін жатқа соқпайтын бала жоқ шығар. Қадыр Мыр­залиев пен Тұманбай Молда­ғалиев түрлі эксперименттерге ба­рып, балалар поэзиясын биік бе­леске көтерді. Өлеңге ұлттық бояу беріп, қазақша қалыпқа түсір­ді. Өтепберген Ақыпбековтың өлең­дері қандай көркем! Балаға ұғы­нықты, техникасы тең түскен, жат­тауға оңай. Бұлардың профес­сионалдық деңгейіне әзірше жете алмайтын да шығармыз.

Енді не істеу керек?

Балалар қаламгерлерін ынталандыру керек. Мұзафар ағамыз құсап зорлықпен жаздыру да артық етпейтін шығар. Рас, «Балдырған», «Ұлан», «Балабек» секілді балалар ба­­с­ылымдарында бояуы кеппеген жаңа шығармалар жарияланып тұрады. Бірақ «Қазақ әдебиетінің» де балалар әдебиетіне арналған же­ке беті болса, жарасып кетер ме еді. Ресейдің «Литературная газета­сы» балалар әдебиеті туралы жиі жа­зады. Балалар кітаптары туралы ба­ғыт-бағдар береді. Балалар жазушыларымен сұхбат құрады. Бәл­кім, осы тәсілдерді бізге де байқап көруге болатын шығар.

Біз нені ұмыттық?

Оқырманды бала кезінен тәр­бие­леуді назардан тыс қалдырдық. Бүгін балаларға арнап шығарма жаз­басаңыз, ертең сіздің том-том кітабыңызды ешкім оқы­май­ды! Осыны түсіну керек!

Сосын балалар әде­бие­тіне төн­ген қатер барын да ескерген дұрыс секілді. Ахмадия де­ген діни ағым бар. Өткенде сол ағымның же­те­гінде кеткен бір жігіт қызық ұсыныс айтты. «Балаларға арналған діни өлеңдер жазып берсең, балаларға ар­нал­ған кітаптар шығарғалы жа­тырмыз» деді. Қаламақысы әжептәуір екен! Қазір мәсіх­шілер балалар өлең­деріне назар аударды. Мәсіх­ші­лердің «Шарапат» деген балаларға ар­налған жур­налы бар. Сонда түрлі тақ­пақ­тар шығып жатады. Бұл не деген сөз? Секталар балаларымызға ауыз са­ла бастады. Ал біз, «Әліп­пе­нің» өзін керек қылмай отырмыз. Бұл қа­тер емей, немене?!

 

img_0407Бақтияр СПАНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының директоры

ҚАЛАМ ҰСТАҒАННЫҢ КӨБІ ТАРИХ ҚУАЛАП КЕТТІ

Көктемде ҚР Мәдениет министрлігі республикадағы күллі театр ұжымын шақырып алып, үлкен коллегия өткізген еді. Сонда қойылым мәселесін де, жас драматургтердің шығарма­ларын насихаттау жағын да сөз қылғанбыз. Келісім бойынша, министрлік республикадағы жаңа шығармаларды жинап, әрбір орталықтағы және өңірдегі театр ұжымдарына жолдап отыратын болған еді. Өкініштісі, әлі ол ойымыз жүзеге аса қойған жоқ. Бірақ осы жобадан көп үміттіміз. Себебі, біз Оңтүстік Қазақ­станда отырып, өзге өңірде қандай драматург бар, оның қандай шығармасы бар – еш хабарымыз жоқ. Бір орталықтан бірнеше шығарманы таңдап, оны өз театрымызда қоюға мүмкіндік алсақ, әрине, нұр үстіне, нұр болар еді. Республи­кадағы театр­лар әдістемелік іс-шаралары­мызды өзара алмасып, ақылдасып отырсақ, көп өзгерістер болар еді ғой.

Ал енді нақты біздің театрға, оның ішінде балаларға ар­нал­ған қойылым қаншалықты жиі жазылады деген мәселеге кел­сек, жағдай қиындау болып тұр. Себебі, балаларға арнап жа­затын драматургтер біздің театрда ғана емес, жалпы Қазақстанда өте аз. Әрі Қуыршақ театры мамандарын даярлау жағы да кем­шін. Қазір, бізге арнап жазатын драматургтерді былай қой­ған­да, актерлар, Қуыршақ театры мамандары тіптен сирек. Әри­не, «Ел іші – алтын кеніші» деп, елден актер іздесек, табар едік. Алайда, оған арналған штат та, актерді қамтамасыз ететін баспана да жоқ болып тұрған заманда кімді бізге кел деп қол бұлғап шақыра қоясың? Бұл жайында айта берсем сөз көп. Балаларға арнап кім не жазып жүр деген әңгімені қаузап отырғандықтан, сол төңіректен аспайын.

Өзіңіз білесіз, қазір қолына қалам ұстаған жұрттың бәрі та­рихшы болып кетті. Қалам ұстамағаны – банкир, заңгер. Бізге, мысалы бір жылда көп болса, төрт-бес шығарма келеді. Ал­матыда Әдібай Табылды деген ағамыз бар, сол кісі жылына бір-екі рет дүниелерін ұсынып тұрады. Көбінесе, «балаларға арналған дүние жазып беріңізші» деп драматургтерге өзіміз шығамыз. Қазір театр Мархабат Байғұт, Нұрлан Оразалин, Дулат Исабектов, Рахымжан Отарбаевтардың шығармаларын қойып жүрміз. Өте жақсы дүниелер. Бірақ өзіңіз байқағандай, бізге жазатын жастар жоқ. Жылына алты жаңа спектакль шығара­мыз. Оның төртеуі – қойылым, екеуі – мерекелерге арналған бағ­дарлама сипатындағы дүние.

Тағы бір мәселе, балаларға арнап жазылған пьесалардың кө­бі бізге жарамай қалады. Себебі, балаларға жазудың өзі – проб­лема. Оған маман керек. Балалар дүниесін түсінетін, бала­лар тілінде сөйлей, армандай алатын драматургтер аз.

 

adina-zh-sipovaӘдина ЖҮСІП,
«Ертегілер елінде» журналының редакторы

БІЗДІ ҰСТАЗДАР ҚОЛДАП ОТЫР

Қазақстанда балаларға арнап шығатын газет-журналдар саны өте аз. Осы аз газет-журнал өзара көркемдік, танымдық жағынан бәсекеге түсуі керек. Балалар басылымдары деңгейлі басылым болуы керек. Деңгейлі дегенімді түсініп отырған шығарсыз. Мысалы, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған журналдар. Бастауыш сынып, оның ішінде 6-7, 8-9 жастағы балаларға арналған журналдар деп, әрі қарай өсіре беру керек. Сонда ғана газет-журналға жазылу да көп болады. Ата-ана да баласына керектісін тез табады. Қазір ата-аналар балаларына газет-журналдарды жаздырып береді. Бірақ журналдың мазмұны баласының жасына, түсінуіне сай келмейді. Сондықтан ата-ана газет-журналдарың қызық емес, балам оқымайды деген сөзді айтады. Осыдан келіп балалар газет-журнал, кітап оқымайды деген сөз шығатын сияқты.

Мектеп басшылығына біз көп рахмет айтуымыз керек. Газетің немесе журналың керек емес дейтін бір басшыны кездестірген емеспін. Бізді қолдап отырған ұстаздарға дұрыс басылым ұсына білсек болды.

 

ПІКІРЛЕР1
Мәрия 26.03.2018 | 11:43

Не үшін көшіріп алуға болмайды? Мен мектеп кітапханашысымын. Ақпараттарды осылай алмасақ, қалай аламыз? Оқушыларға қалай береміз? Әрине, теріп жазып алуға да болады, бірақ ол уақытты алады ғой. Мына заманда теріп жазу деген не?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір