ІСКЕРЛІК ТАҚЫРЫП
30.09.2016
1657
0

14408092_374018842985972_1484359693_oнемесе ҚАРЖЫ, ЭКОНОМИКА, БИЗНЕСТІ ҚАЗАҚША «СӨЙЛЕТУДІҢ» ЖОЛЫ

 

Ербол АЗАНБЕК,
«Qazaq Media Group» компаниясының директоры

 

Алматыда «Іскерлік журналистика мектебі» жұмыс істей бастады. Қырықтан аса жас журналисті тегін оқытуды қолға алған жобаның мақсаты – қаржы, экономика, бизнес тақырыбында жазатын студенттерді оқыту.  Қазақстанда салалық журналистиканы дамытуға ниетті жоба сәрсенбіде алғашқы дәрісін өткізді.

 

– Ербол, бұл жобаны қолға алудағы мақсат не?

– 2013 жылдан бері банк сала­сын­да қызмет етемін. Банкке ал­ғаш келген кезде қазақ тілінде қар­жы тақырыбында жазатын жур­налистер аз екенін ұқтым. Тіп­ті, бұл тақырыпта қазақ тілінде мә­селе қозғайтын журналист жоқ де­се де болады. Бір ғана мысал: банк­ке журналистер тарапынан орыс тілінде күніне 6 сауалхат ке­ліп түссе, қазақ тілінде жылына 6 сауалхат әрең келеді. Оқырманға қар­жы өнімдерін қазақша түсін­ді­ріп, бағыт беретін материалдар аз. Бізге кейде ауылдардан адамдар өте қарапайым сұрақпен хабарласады. Өткенде бір ақсақал 300 шақы­рым жерден ат арытып келгендегі бізге қойған сауалы: «Несие алып, төлей алмай қалсам не болады?» дегенге саяды. «Газет­тің бәрінде не­сие жаман, алмаңдар дейді. Ме­нің несие алмасқа амалым жоқ. Бі­рақ ертең оны төлей алмай қал­сам не болады, оны ешкім жазбайды, тек осыны ғана білу үшін ауыл­­­дан келдім», – дейді қария. Егер қаржы, несие  тақырыбындағы ақ­парат қазақ БАҚ-да жиі жарияланып тұрса, қария алыс елді­ме­кен­нен Алма­тыға сандалмас еді ғой.

Елімізде 5 млн адам несие ал­ған. Оның 1 млн-ы проблемалық не­сие. Бәлкім, қаржы сауат­ты­лы­ғы, несие алу мен оны қайтарудың жол­дары жайлы дұрыс ақпарат бол­­са, проб­лемалық несие мәсе­ле­сі аз болар ма еді?! Дәл қазір біз­дің қоғамға қар­жылық сауат­ты­лық, қаржыға қатысты ақпарат маңызды болып тұр. Оның жоқ­тығынан, түсін­беу­шіліктен қоғам­да қаржы, экономика, бизнеске деген сенім азайды.

Мемлекет шағын және ор­та бизнеске көңіл бөле бастады. Бі­рақ ары-бері сабылып, не істерін біл­мей жүрген адамдар тағы көп. Көп­шілігі ауылды жердің халқы. Бұның да басты себептерінің бірі – қаржы, бизнес тақырыбында қазақ тілінде ақпараттың жоқты-ғы дер едім.

БАҚ қаржы тақырыбын қау­заудың орнына, тек жарнаманы жариялағысы келеді. Қаржы ұйым­дары мен мемлекет тарапынан бизнеске қолдау білдіруші операторлар өзінің тұйық  әлемін­де жүр. Олар халыққа ақпарат жетіп жатыр деп ойлауы да бек мүмкін. Ақпарат аударма түрінде, қазақ қоғамына түсініксіз тілде жеткендіктен, қаржы, бизнес құ­рылымдарында БАҚ-пен байланыс дұрыс жолға қойылмаған деп айтуымызға негіз бар. Бұл тақы­рып­қа маманданған БАҚ та аз. Ке­рісінше, рейтинг үшін әнші­лер­дің «бентли» алғаны, тойда тө­бе­лескені сияқты пайдасыз ақпарат кө­бейді.

2014 жылы ҚазҰУ-дың жур­на­лис­тика факультетінің студент­терін жинап, бұл мектепті пилот­тық жо­ба ретінде аштық. Бір жыл­дан кейін оларды жұмысқа орналас­тыру қажет болды. Жоба жал­ға­сын табуы үшін 7kun.kz ақпарат агенттігін құрып, оған 5 тыңдау­шыны жұмысқа алдық. Жақында Жа­дыра Аққайыр есімді түлегіміз атал­ған сайтта бір жыл жұмыс іс­те­ген соң, «Айқын» газе­тінің эко­но­мика бөліміне тілші болып ауыс­­ты. Тағы үш тыңдау­шыны Ас­та­наға жаңа ашылып жатқан жобаға алып кетті. 7kun.kz  бір­қатар жүл­делерге ие болды. Жас маман­дарға сұраныс бар, қаржы, экономика, бизнес тақы­рыбында жазатын жас журналис­тер қажет, мек­теп аясында бас­талған жобалар табысты болған соң, биыл «Іскерлік  журналистика мектебін» үлкейтіп, қырықтан аса жас журналисті ірік­теп алдық.

– Оларға қандай талаптар қойы­лады? 

– Жоба келесі жылы жалғас­пай­ды. Іскерлік тақырыпта жазатын елуге жуық жас журналисті дайындап, журналистикадағы сүрлеуін табуына кө­мектессек, соның өзі үлкен же­тіс­тік. Сон­дық­тан биыл елуге жуық адамды ірік­теуге барынша күш салдық. Алдымен Алматыдағы 8 жоғары оқу орнында болып, журналистика, филология, экономика ма­манды­ғының студенттерімен кездестік. Кейін 3 кезеңді іріктеу: әңгімелесу, анкета, эссе жазу ар­қы­лы үздіктерін таңдадық. Жалпы, 150 өтініш келіп түскен, біздің та­лапқа сай келген 75-ін іріктеуге шақырдық. Оның 41-ін таңдап ал­дық. Біздің мектепте оқитын студенттердің жалпы ортақ порт­реті мынандай: «ұлты – қазақ, жасы 20-да, журналистика фа­куль­тетінің 3 курс студенті, орысша түсінеді, ағылшын тілін мең­геру­де, nur.kz, tengrinews.kz сайт­­тарын оқиды, Вконтакте, инс­таграмм желілерінің тұрақты қол­данушысы. Тіпті негізгі жаңа­лық­ты инстаграмнан оқиды. Көп­шілігі тележурналист болғысы ке­леді. Журналистикада тә­жіри­бе­сі жоқ. Мақала жазып көрмеген. Мультимедиалық өнімдерді мүл­дем жасап көрмеген. Айына 3 кі­тап оқиды. Газет пен сайт журна­лис­інің айыр­машылығын біл­­­мей­ді».

Біздің мақсат – алдағы үш айда осы бейнені өзгерту. Шамамен 3 ай­дан кейінгі портет мынандай бол­са дейміз: «Қаржы саласында жа­затын жас журналист ре­тінде та­ныла бастаған. Қар­жы, эко­номика, бизнес тақырып­та­рында кемінде 25 материалы жарық көр­ген. Жаңалық, мақала, сұхбат, са­раптама жаза алады. Аудиоподкаст, фоторепортаж, ви­деосюжет, инфографика және т.б мультимедиалық өнім­дерді жасаудан хабары бар. Қаржы, экономика, бизнес тақырып­та­рында ке­мінде 30 кітап оқыған. Әлеу­­мет­тік желіде күн­делікті шолып отыратын 10 жа­ңа­­лық сайты бар. Қаржы, экономика, бизнес саласын­дағы жаңалықтардан хабардар. Банк өнім­­дерін түсініп, басқаларға түсін­діріп, талдап бере алады. Эко­номика, бизнес саласына қа­тыс­ты негізгі түсініктерді, са­рап­шы­ларды біледі, талдап айта ала­ды. Еліміз­дегі же­текші жур­налистердің бар­лығын таниды. Қазақ тіліндегі республикалық газеттерді біледі, оқиды. Жақсы журналист болуға сені­мі бар. Тұрақты ізденетін, сайт­та, газетте істеуге дайын тұлға».

– Мектеп тыңдаушыларына кімдер, қандай тақырыптарда дәріс оқиды?

– Бастапқыда бірден іскерлік тақырыптан дәрістер жүргізе бас­таймыз деп ойлап едік. Алайда, жалпы жағ­дай біз ойлағандай болмады. Сондықтан студенттерді алдымен мотивациялық тұрғыдан дайындаймыз деп шештік. Алғаш­қы дәрісті сәрсенбі күні, шет­елде білім алған, ірі компания­ларда менеджерлік қызметте бол­ған кәсіпкер, бизнес-тренер Олжас Сүлейменов «Журналист – көш­басшы болуы керек» тақы­ры­бында өткізді. Бұл бағыттағы дәрістер жалғасады. Бұдан кейін журналистика негіздерін түсін­діреміз. Жаңалық жазудан бастап, сараптама, мультимедиа­лық өнім­дер жасауға дейінгі жұ­мыстарды тәжірибелі журна­листердің кө­мегімен үйретеміз. Кейінірек іскерлік журналис­тика­ға көшеміз. Бұл ретте тыңдаушы­ларға «Даму» АҚ, «Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қоры» АҚ, Қазақ­стан қор биржасы, Silk Road Kazakh-Chinese Center of Cooperation, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қаз­Транс­Газ» АҚ, Исламдық қаржы дамыту қауымдастығы, «Қазақстанның Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ, Алматы қалалық Статистика депар­та­менті, Халық банкі – жалпы саны 30-дан аса қаржы, бизнес құры­лымдарының басшылары дәріс оқиды,тәжірибелік сабақтар жүргізеді. Дәріс 3 ай бойы, аптасына 3 рет өтеді.

– Іскерлік журналистика мектебін аяқтаған сту­дент­терден қандай нәтиже күте­сіз­дер?

– Қаржы, экономика, бизнес күр­делі сала екені түсінікті. Үш айда бә­рін меңгерту мүмкін емес. Біз­дің мақсат – 3 айда осы саланың жур­налисі болуға ынталандыру, бас­тапқы ақпаратты беру, осы «әлем­мен» таныстыру. Қаржы, эко­номика, бизнес тақырыбында ақ­паратты қайдан, кімнен алу, ақпарат, мәліметті қалай өңдеу, саладағы өнімдерді біліп, ол туралы қалай дұрыс ақпарат тарату ке­рек, т.б қажетті мәліметке қол жет­кізу жайын айтамыз. Үш айдан соң барлық тыңдаушылар сертификат, мінездеме алады. Үш тың­даушыны 7kun.kz  сайтына штатқа, 5 тыңдаушыны штаттан тыс тілші қылып алсақ  деп отырмыз. Қалған тыңдаушыларды да ұмытып кет­пейміз. Бір жыл бойы олардың ара­сында іскерлік тақырыпқа ай­лық, тоқсандық конкурстар ұйым­дастырып отырамыз. Оған қа­растырған қаржылай жүлделер бар. Бұл оларға 3 ай бойы үйренген нәрсені ұмытып кетпеуге, ары қа­рай меңгеруіне септігін тигізуі тиіс.  Және түрлі БАҚ-на тәжіри­бе­ден өтуге, жұмысқа тұруына мүм­кіндік жасағымыз келеді. Бұл – жоба мақсаттарының бірі. Журналистика факультетін бітір­ген жастар көп жағдайда жұмыс таппай немесе редакцияларда ұзақ уақыт тәжірибеден өтіп жүреді. Көпшілігін «тәжірибең жоқ» деп кері қайтарады. Әрине, реда­к­ция­ларға дайын маман керегі түсінікті. Егер жас маман өзі жаза алса, өзі муль­тимедиалық өнімдер жасай ал­са, өзі әлеуметтік желімен жұ­мыс істей алса, көшбасшылық қа­білеті болса, мұндай проблема бол­мас еді. Қазір әмбебап маман­дар­ға сұраныс бар. Біз жастарды осыған дайындап, журналистердің жаңа буынын қалыптастырсақ дейміз. Бұл бір шеті студенттерге пай­далы: оқиды, үйренеді, тәж­і­ри­беден өтеді, жұмысқа тұрады. Қа­зақ журналистикасында сала­лық журналистика дамиды. Оқыр­ман үшін  де тиімді: олар қар­жы, экономика, бизнеске  қатысты ақ­парат ала бастайды. Қаржы, эко­номика, бизнес құрылымдары үшін тиімді тұсы – ақпараты ха­лық­қа дұрыс жете бастайды.

– Бұл жоба сізге не береді?

– Бала күннен журналист болуды армандадым. Мектеп бітіре сала халықаралық қатынастар ма­мандығы бойынша оқыдым. Екі жылдан кейін журналистика фа­культетіне қайта оқуға түстім. Қа­зақпарат агенттігінде тілші, «Қа­зақстан» РТК АҚ интернет жо­балар редакциясында бас ре­дак­тор болдым. Өзім оқыған жур­налистика факультетінде сабақ бердім. Журналистика бойынша 100-ге жуық тренингтерге қатыс­тым, өзім де түрлі тренингтер өткіз­дім. Банк саласына келген соң, қаржы саласы туралы ақ­параттар қолымнан өтетін болды. Іскерлік журналистиканы дамыту керегін, бұл салада мәселе көп еке­нін түсіндім. Журналисти­ка­дағы, журналистік білім берудегі, қаржы саласындағы аздаған тәжірибем маған осы саланы дамыту керек деген миссия жүктеп тұр­ғандай көрінді.

– Жобаны кім қаржылан­ды­ра­ды?

– Проблеманы көріп отырған, түсінген, қазақ журналистика­сы­ның дамуына көмектескісі келген демеуші бар. Жастардың болаша­ғы­на инвестиция салғаны үшін ол кісіге алғысымыз шексіз. Әрине, қа­ражатсыз қандай жоба болсын, жү­зеге асуы қиын. Сондықтан жо­­баны қаржыландыру үшін  был­тыр «Qazaq Media Group» компаниясын құрдым. Қазір бұл ком­пания 7kun.kz ақпарат агент­тігі,  Рr және event шаралар ұйымдас­тырумен айналысады. Іскерлік жур­налистика мектебі де бар. Бірақ бұл – әлеуметтік жоба. Өйт­кені, табыс таппайды. Ақылы оқыт­паймыз. Қосымша жобалардан түскен қаражатты Іскерлік жур­налистика мектебінің мақса­ты­на жұмсаймыз.

– Тәжірибелі журналистер де бұл саланы меңгергісі келеді. Бұл ба­ғытта курс ұйымдастыру ойла­рыңыз­да жоқ па?

– Біздің мақсат – алдымен жас­тарды дайындау.  Жалпы, биыл «Іскерлік журналистика мектебі» аясында 30-ға жуық қар­жы, бизнес, мемлекеттік құрылым­дардың басшылары дәріс оқиды. Барлық журналистер бұл дәріс­терге қатыса алады. Бұдан бөлек, жуырда «Атамекен» ҰКП өңірлік журналистер үшін «Іскерлік журналистика мектебі» жобасын бас­тады. Алғаш­қы шара Ақтөбе облысында өтті. Алдағы уақытта басқа өңірлерде жалғастырсақ деген ниеттеміз. Сондай-ақ, іскер­лік тақырыбында жа­затын журналис­тер үшін арнайы платформа ашылмақ. Ол жер­де қаржы, экономика, бизнеске қатысты дайын контент жа­рия­ланып отырмақ. Журналистер қалаған ақпаратты, деректі алып пайдалана алады.

– Алдағы жоспарларыңыз қан­дай?

– Келесі жылы іскерлік  жур­на­­лис­тика, жеке қаражатты бас­қару, биз­нес бастау  бойынша  кітап­тар, нұс­қаулықтар шығарсақ  деп отыр­мыз. Қаржылық сауат­тылық, қа­ражатты басқару, кәсіп­кер­лікпен айналысу өте маңыз­ды.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен Меруерт НҰРЛАН.

ПІКІР ҚОСУ