ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰДАЙБЕРГЕНІ
30.09.2016
1217
0

kudibergenАдам баласының қайғысыз, мұңсыз, алаңсыз, аңғал бақытты кезеңі – балалық шағы ғой. Мен Құдайбергенмен бес жасымнан бастап бір жүрдім. Үйдің арасы жақын, қала­дағы темір жолдың арғы бетіндегі «Шаңқай» деп аталатын мөлтек ауданда тұрдық.

Бірге асық ойнап, ләңгі тептік. Құдайбергеннің үйінің қасында үлкен сор бар еді, сол сор­ға барып балшықтан тос­таған жасап, жерге ұрып, тарсылдатып, содан шыққан ды­бысқа мәз болатынбыз. 4-5 сы­­­ныптарда Құдайберген кіш­кене фотоаппарат сатып алып, сурет түсірумен айналыс­ты. Оның қараңғы бөлмеде суретті шығарғанына тәнті болдым, ол мені де суретке түсі­ріп, шыға­ру­ды үйретті. Біздің жас кезімізде Арал арнасынан асып, асау толқындар жағаға ұрып, оның салқын лебі қала шетіне келсе, кейбір кездері су дамбыдан асып шығып кө­ше­лерге құйылып жататын. Сабақ­тан кейін теңізге түсеміз, жүзуді үйренеміз. 9-10 сыныптарда жүргенде кешкісін «вечер» жасайтын болдық. Сыныптастарымызбен, жолдастарымызбен кездесіп, өлең айтып, домбыра, гитара, тартып, қы­зық­ты кеш­терді өткіздік. Ортамызда гитараны бірінші үй­рен­ген Құдай­бер­ген еді. Өлеңді де жақсы ай­та­тын. Балалық шақ­тан бас­тап ол өнер өріне өрістеп келе жатқан екен. Кешке жинал­ған кезде «скетч қояйық» деп жалынатын. Өзі кемпірдің рөлін ойнап, маған шал бол дейтін. «Қо­лым­нан келмейді десем», тыңдамайтын. Кештегі дос­та­ры­ның мінез-қылықтарын айнытпай салып, «шек сіле­міз­ді» қатыратын. Екеуміз алма-кезек асаба болып, жастарды күлді­ріп, түрлі анекдоттарды айтатынбыз. Досымның қолы­нан кел­мейтіні жоқ, спорттың түр-түрімен, әсіресе, бокспен, кү­респен айналысты. Қылқалам шебері екендігін қазір халық біледі. Онжылдықты бітірген соң Алматыға кетті. Екеуміз бір-бірімізді іздеп жүретінбіз. Мен үйленгенде ол маған күйеу жолдас болды. Достығымыз одан сайын балаларымызбен жалғасты. Балаларымыз үй­лен­генде бірге болдық. Кейде ол ме­­нің үйіме, мен оның үйіне қо­на кететінбіз. Ол қона кету әке-шешелеріміздің досты­ғы­на ұласты. Ол кезде Құдай­бер­ген өнер шебері, айтулы актер, қоғам қайраткері болады деген ойымызға келмеген. «Тамаша» десе Құдайбергенді, Құдайбер­ген десе « Тамашаны» білмейтін халық  кемде-кем шығар. «Тамаша» ойын-сауық отауының тар­лан­дары, оның ішінде Мә­ди­на Ералиева, Нағима Есқа­лиева, Жарасқан Әбдірашев, Кеңес Дүй­секеев, Лұқпан Есеновтар бар. «Құдайберген елу жас­та» де­ген документальді фильм тү­сі­руге Аралға келді. Біз­дің үйге келіп, әке-шешеме сә­лем берді. 1995 жылы «Аралға бара жатырмын» деп үйге телефон шалды, келген соң, «Мен алдағы сайлауға Республика Парламент мәжілісіне депу­тат­тыққа» кандидат болып түссем деймін, қайда жүрсем де қызмет жасау парызым ғой», – деді. Досымның бұл ойын Алматы­дағы, Арал­дағы, өнердегі дос­тары қолдады.Мен де «жолың оң болсын!» де­ген оймен, оның сенімді өкілі бо­лып, жұмысқа кірістік. Ха­лық­тың көңілінен шығатын бағдарламасымен жерлестерінің ортасына барды. Оның адал ниетін көріп, құптап жерлестері республика парла­ментінің мә­жілісінің жоғары заң шығарушы органына депутат болуына се­нім білдірді. Құ­дай­берген жас­тайынан елгезек, дос-жарандарын қиын­шылық кезде қол ұшын беретін. Өнер адамы болса да сол қасие­тін жо­ғалтқан жоқ. Үлкенді үлкен­дей, кішіні кішідей сыйлады. «Мен­менсіп» тұмсығын көтерген жоқ. «Қа­зақс­танның халық әр­тісі» ата­ғын алды. Елбасының осы бел­гіні беріп, күліп тұрған суреттері бар. Бірде үйінде ілулі тұрған суретті көріп: «Құдеке, не айтып тұр­сың, Елбасы күле­тіндей?» деп сұрадым. Көп­ші­лікке тара­ған бір әңгіме бар «Депутат­тар­дың бәрі әртіс, со­ның ішінде про­фессио­наль­ный әртіс жал­ғыз мен» дегенмін. Нұрекең: «Сол сөзіңді мына мінбеден тағы қайталап айтшы» деді. «Нұреке, мен айтуын айтамын ғой, бірақ одан кейін бұлар мені жеп қояды ғой» дедім. Осы сөзге риза болған Елбасы қар­қылдап күлгені бар» деп, екеуі­нің күліп түскен суреттерінің сырын айтып берді. Теледидардан «дарынды актеріміз Құдай­берген Сұлтанбаев 63 жасында көз жұмды» дегенді естіген ха­лық түс көргендей, сенер-сен­бесін білмей, тек қана Құдай­бергенді емес, бүкіл «Тама­шадан» айы­рыл­ғандай болды.  «Орнында бар оңалар деген», Құдайбер­ген­нен тәрбие алған жастарға еш­кім кедергі бола алмайды. Әлі де болса, сах­на төрінен іні-қарын­даста­ры­мызды көреміз.

Үлкен жүректі, асыл дос ара­мыздан кетсе де, оның жолын, өмірін жалғастырып, өшпес ізін баласы Еркебұлан, немерелері Әнуар, Самир, Саминалар мен жары Дәкен жалғастырар.

Бауыржан ЖЫЛҚАЙДАРОВ.
Қызылорда облысы,
Арал қаласы.

ПІКІР ҚОСУ