«АБАЙ СӨЗІНІҢ ЛИНГВОПОЭТИКАСЫ» ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ…
30.09.2016
1938
0

abaj-ozininБұл – филология ғылымының докторы, профессор Салқынбай Анар Бекмырзақызының 2015 жылы «Қазақ университеті» баспа үйінен жарық көрген кітабының атауы. Тілші-ғалым аталмыш монографиясында Абай поэзиясындағы Сөз атты құдірет-киенің мән-мағынасы мен семантикалық һәм лингвопоэтикалық қыр-сырын терең зерделеп, жан-жақты саралаған. Ғылыми еңбектің құндылығы сонда, хакім мәтіні мәнінің терең динамикасы, мәтінінің мәндік құрылымы, мәтінінің семантикалық кеңістігі, бағалау мен таным, поэтикалық лебіз мазмұны мен мәнінің көркемдік-эстетикалық, діни-философиялық, этикалық құнды-лығын Поэзияның биік өлшемі тұрғысынан қарастырады.

Автор: «Абай өлеңдерінің поэтикалық семантикасы тек мәтінішілік синтаг-мати-калық ерекшеліктерімен емес, сондай-ақ, парадигматикалық мәндік бейнелілігімен де ерекше көрінеді. Жақсылық пен жамандықты, асыл мен жасықты, адамдық пен надандықты қатар қойып салыстыру арқылы ой өрбіту, аксиологиялық қарама-қарсы коннатацияны туғызады да, оқырман алдына таңдау құқығын қояды», – деп ой түйеді. Ғұлама ға-лым Михаил Бахтин поэзияны «абыздар тілі», «Құдай тілі» деп бағаласа, Нобель  сыйлығының лауреаты, ақын-модернист, драмашы Томас Стернз Элиот «хаостан ой жию» деген еді. Осы орайда, зерттеуші «Абай – Сөз жүйесінің данасы», «Абай – Сөз киесін танытушы», «Абай – Сөз даналығын бағалаушы», «Абай – Қазақ Сөз патшалығының киесі» сынды пәл-сапалық категорияларға баса назар аударған. Ұлы шайыр шығармашылығын Уақыт пен Кеңістік, Заман мен Дәуір, Ақыл мен Сана, Мінез бен Мін, Өлең мен Өмірді сабақтастықта, бір-бірінен еш бөлін-бейтін тұтас дүние ретінде зерттеген.

Ғалым кітапты: «Абай шығармашылығының басты негізі – адам. Негізгі образы – адам, сондықтан оның тыңдаушысы да бүкіл адамзат. Абайдың поэти-калық семантикасы сөз даналығының методологиялық және эстетикалық негізіне иек артады, сөйтіп, жалпы шығармашылығының басты концепциясын айқындайды», – деп қорыта келе, оқырманға үлкен ой салады. «Абай сөзінің лингвопоэтикасы» «қазақтың бас ақыны» поэтикалық мәтінінің денотаттық, сигнификаттық, эмотивтік мағыналарын, сөзжасамдық сыпатын, авторлық экспрессия мен ассоциативтік құрылымын ішкі гармониялық үйлесімде талдап, саралап, анықтап, айқындаумен қоса, Анар Салқынбайдың бұл еңбектегі орталық зерттеу объектісі – Мән, Сөз, Өлең секілді ұғым-түсініктерін ұтымды аша білгенді. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласын» жазба әдебиет қалыптасқанда ғана ұғынып, ұлылар шығармашылығына жаңа кезең көзімен қарап, зерттеп, зерделей бастағанымыз көңіл қуантады. Немістің энциклопедист-ғалымы әрі философы Вильгельм фон Гумбольдт Гете турасында: «Оны ана тілінде ғана дұрыс түсінуге болады, ол басқа тілге аударыла алмайды» деген ойын Абайға да қатысты айтуға болады. Белгілі бір авторды талдау үшін оның  дүниетанымын, ареалын, әлеуметтік ортасын, білім-білігін, тарихи-мәдени құндылығын жете білуіміз қажет деп ойлаймыз. Сол себепті, тіл мен лебіз, тіл мен ойлау, мән мен сөз аспектісі адамзаттық деңгейде де, жеке бастың проблемасы ретінде үлкен ғылыми мәселеге айналған мына бір мазасыз ғасырда «Абай сөзінің лингвопоэтикасы» сияқты танымдық бағытта жазылған осынау кітаптың құны уақыт өткен сайын арта бермек. Ал бұл еңбек жөніндегі талдаулар мен зерттеулер  алдағы уақытта молынан болары сөзсіз.

Ғ.ШОЙБЕКОВА,
филология ғылымының кандидаты,
қауымдастырылған профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір