СУРЕТКЕРГЕ АШЫЛҒАН ТАРАЗДАҒЫ ОРТАЛЫҚ
Қазіргі таңда Қазақстандағы тұлғатаным мәселесі кеңінен өріс алып жатқан жайы бар. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарынан ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, тұшымды жұмыстар атқаруда. «Кенен дарындарды» зерттеп-зерделеу – үлкен міндет, сезіну – үлкен бақыт.
Әсіресе, әдебиет айдынында талай тарихи зобалаңдардың куәсі болып, кез келген туындысын ішкі жан-тәнімен сезіне жазып, болашақ ұрпаққа мұраға қалдырған, онымен қоса, халқының қоғамдық өміріне де етене араласқан тарландарды зерделеу әр заман перзенттерінің еншісінде. Осындай зерттеу орталығы ретінде, Тараз қаласындағы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 2009 жылдың 22 сәуірінен бастап өзінің жұмысын жүргізуде. Университетіміздің ұйытқы болуымен ашылып, ғылыми-зерттеу орталығының жоспарлы түрде атқарып жатқан үрдісті жұмыстары бар.
2009 жылы-ақ орталыққа Шерхан Мұртазаның біршама мұрағаттық дүниелері әкелінді. Халық жазушысының қолжазбалары сканерден өткізіліп, электронды нұсқалары сақталуда. Жазушымен байланыс орната отырып, шығармашылық лабораториясына қатысты мұрағаттық материалдар жинақталуда. Олар тақырыптық жүйеге келтіріліп, сұрыпталу үстінде. Сонымен қатар, жазушының фотогалереясы да дайындалып жатыр.
Орталыққа жазушының әр жылдардағы түрлі баспалардан жарық көрген шығармалар жинақталып, сөрелерге қойылуда.
Ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы халық жазушысы Ш.Мұртаза шығармашылығын зерттеумен шектелмейді, бүгінгі әдеби процесті, сонымен қатар, облыс көлеміндегі әдеби-тарихи тұлғаларды, белгілі бір тарихи жағдайды бейнелейтін халықтық туындыларды зерттеумен, жалпы әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелерімен де айналысады.
Орталықтың 2010 жылдан бергі айналысып жүрген негізгі жұмысы «Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық шығармалар жинағын даярлап, жарыққа шығару. Орталықта жинақталып отырған Шерағаның мұрағаттық материалдары негізінде осы күнге дейін жеті кітабы жарыққа шыққан жайы бар. Олардың әрқайсысына ішіндегі мазмұнына қарай айдар тағылып, атау беріліп отыр.
«Қазақтың Шерағасы» атты жинақтың бірінші кітабы 2010 жылы «Тұран» баспасынан жарыққа шықты. Жинақта Ш.Мұртазаның шығармашылығы туралы кезінде жазылған мақалалар, зерттеу еңбектер іріктелініп алынды. Қандай да бір зерттеу жұмысы, алдымен, зерттеу объектісі туралы кім не айтты, жалпы объектінің зерттелу деңгейі қандай деген мәселеден басталса керек. Біз де осы мақсатта арғы-бергі материалдарды жинақтап, таңдаулыларын іріктеп дайындадық. Бұл кітаптың екінші бір қажетті жағы – студенттерге, магистрлерге арналған арнаулы курстарда оқу құралы ретінде пайлануға болады.
Екінші, «Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті» атты кітапта Ш.Мұртазаның тәуелсіз еліміздің рухани мүддесіне, талаптарына сай жазылған жүйрік ойлары мен қуатты пікірлері, тәуелсіздік толғамдары, сұхбаттары берілген.
Ш.Мұртазаның бес томдық шығармалар жинағының «Шалғайдан сәлем жолдаймын» атты үшінші томын хаттар мен әр түрлі мазмұндағы қызмет хаттары құрайды. Жинақта алыс және жақын шетел жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің, халық жанашырларының, ағайын-туыстары, ізбасарларының хаттары, қызмет хаттары берілген.
«Ш.Мұртазаның публицистикасы» атты төртінші және бесінші жинаққа енген дүниелер тақырыптарының әржақтылығымен, сипат-бояуларының даралығымен оқшауланып, жалпы Ш.Мұртаза публицистикасының 1960-70, 1980-90 жылдардағы толымды пішінін, қасиеттерін түзеді. Жинақ мақсаты да, елеулі табыстарының бірі де осы деп бағалаймыз. Әрбір мақала жарық көрген жыл ретіне қарай орналастырылды. Мұның өзі онша мән берерлік жай болмағанмен, жинақтың жалпы тұтастығын, композициясын көрсетеді. Сонау 1956 жылы жазылған Ш.Мұртазаның «Ихсан ханым» атты аудармасынан бергі оның публицистикасының есею жолын, кемелденуін де хронологиялық ретпен жүйелейді.
«Оның журналистік тұлғасы суреткерлік болмысына: ал ақынжанды суреткерлік тұлғасы журналистік болмысына сәулесін шашып, өзара бірін-бірі шырайландыра, ерекшелендіре түскен егіз қасиеттері… соншалықты терең із қалдырған, жеке бір мектеп болғандығымен даусыз мойындалған, көптің көкейінен шыққан. Демек, Ш.Мұртазаның 1963-1992 жылдардағы редакторлық мектебі сүбелі-сүбелі арнаулы зерттеулерді күтіп тұрған тың тақырыптар…», – деп С.Жұмабек айтпақшы, Шерағаның осы кезеңдердің барлығында жазып өткен публицистикалық дүниелерін зерттеуге ынта-ықылас танытып жүрген жандарға септігі тиеді деген ниетпен кітапты жинақтап, жарыққа шығаруды мақсат тұттық.
Төртінші томда Шерағаның 1960-70 жылдардың ішіндегі дүниелері жинақталған, бесінші томда 1980-90 жылдардың дүниелері, одан әрі 2000-шы жылдан осы күндерге дейінгі дүниелерін жинақтап, жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.
«Бұл кітап – құрақ көрпеше сияқты. Менің анам Айша шебер тігінші еді. Баяғыда бай бабадан қалған «Зингер» машинасымен бүкіл ауылдың киім-кешегін осы Айша тігетін. Сонда әр түрлі маталардан қалған қиықтарды құрастырып, мақталап, түрлі-түсті, әп-әдемі көрпешелер жасайтын. Мына кітап «әп-әдемі» болмаса да, сондай қиындылардан құралған. Әр кезде жазылған публицистикалық мақалалар, очерктер… Бірақ бәрі де әр жылдан елес беретін, заман лебін сездіретін, бәлкім, әлі де қажетке жарайтын жазбалар.
Өзінің көзіңнің тірісінде жинастырып, басын біріктіріп қоймасаң, кейін кім оны мұрағаттан іздеп жүрер дейсің. Не десе де еңбек қой. Кейінгілер: «осындай да заман өткен екен ғой» деп кітаптың бетін парақтаса болғаны», – деген екен Ш.Мұртаза «Ақындар мен әкімдер» атты 2002 жылы «Елорда» баспасынан шыққан кітабының алғы сөзінде.
2012 жылы Жамбыл облысы көлемінде аталып өткен Шерағаның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында осы бес кітап жарыққа шығып, тұсауы кесілген еді. Орталықтың жинақтап, жарыққа шығарған дүниесінің тұсауын халық жазушысы Шераға мен белгілі әдебиеттанушы, ғалым М.Мырзахметов кескен болатын.
Шераға тойына байланысты Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Шерхантану» ғылыми-зерттеу университеті Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен біріге отырып
«Ш.Мұртаза және тәуелсіз елдің руханияты» атты республикалық конференция ұйымдастырған еді. Сол конференцияда республикамыздың танымал тұлғаларының тұшымды мақалалары оқылған болатын. Мерейтойдан соң орталық қызметкерлері Елбасы жолдағаннан бастап барлық құттықтау хаттарды, Шерағаң жайлы мақалаларды жинақтап «Ш.Мұртаза – 80 жаста» деген алтыншы кітапты жарыққа шығарған жайы бар. Онда арнайы құттықтаулар, замандастар лебізі мен інілер ілтипаты, ғылыми мақалалар жинақталған.
Сонымен қатар, осы жылдың 22 қыркүйегінде жазушының туған күніне орай екі іс-шара жоспарланып отыр. Алғашқысы, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы мен университетіміздің Ардагерлер кеңесі біріге отырып, Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен облыс ардагерлері арасында бильярдтан облыстық турнир өткізуді жоспарлап отыр. Екіншіден, жазушының туған күніне орай, яғни 28 қыркүйек күні орталық тағы бір жинақтың тұсауын кеспекші. Ол – «Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық шығармалар жинағының 7 кітабы.
Тәуелсіздік кезіндегі қайта құру мен жариялылық әкелген соны лептің тұрлаулы нышанын біз Ш.Мұртазаның драматургиясынан да көре аламыз. Прозашы Ш.Мұртазаның алғашқы кездерде драматургиядағы қадамы мүлде тосын көрінгені, кездейсоқтыққа баланғаны рас еді. Алайда, прозада кемеліне келген суреткердің ат басын кенеттен драматургияға бұруына себеп болған тек жаңа жанрда өз күшін байқап көру ғана емес сияқты, сонымен қатар, тамаша драматизм мен трагедиясы мол өмірлік материалдардың сахнаға сұранып тұрғандығында болар. Оның алғашқы қалам тартқан «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», Қ.Ысқақовпен бірлесіп жазған «Қызыл жебе» («Революция сарбазы») пьесалары Жастар театрында қойылып, зор табысқа ие болғандығы ешкімді де бейтарап қалдырған жоқ. Бұл екі туындысы арқылы Ш.Мұртаза театр мен драматургия атты жұмбақ та сиқыр әлемнің енді ертеден өз адамындай болып кетті. Осындай екі драманың сахналық зор табыстары суреткерді драматург ретінде одан сайын қанаттандырып, шабытына шабыт қосқан еді.
«Кешегі кеңестік дәуірдің аса көрнекті суреткері Ш.Мұртазаның өзінің ғажайып әдеби шығармаларымен енді тәуелсіз еліміздің, тәуелсіз әдебиетіміздің берекелі де, пәтуалы, ғұмыры баянды тірліктер атқарған тарлан тұлғасына заңды айналғаны қандай ғанибет», – деп С.Жұмабек өзіндік баға берген еді. Осы орайда, Ш.Мұртазаның тәуелсіздіктің он жылы ішінде тіршілігіміздің көптеген қырларын қамтитын елеулі табыстарының бірі және бірегейі десек болады, драмалық шығармаларын қалың көрерменге ұсынып, келесі жинақ ретінде жарыққа шығару негізгі мақсатымыз болды.
Осы дүниелер арқылы қазақ драматургиясының Шерхан Мұртаза стиліндегі даму сипаты, бағдары, проблематикасы бой көтереді.
Мұнда Шерағаның «Домалақ ана», «Есек саудасы» және әлі де жарияланбаған «Бауыржан батыр» («Ноқтаға басы сыймаған») шығармаларын жинақтап, жарыққа шығардық.
Бұған Ш.Мұртазаның «Қыз-Қасқыр» атты әңгімесінің желісімен жазылған А.Атымтаеваның «Қыз-Қасқыр» трагедиясы да енгізілді. Шығарманың символикалық негізгі кейіпкері, танымал тұлға – М.Мырзахметұлы деп саналады. Осы мәселені зерттеу де болашақта өзінің шешімін табады деген ниеттеміз.
«Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жазушының мұрағаттық материалдары негізінде сұрыптау, саралау жұмыстарын жүргізіп, «Қазақтың Шерағасы» жинағының 8-томын, сондай-ақ, жазушының қолжазба түріндегі «Бір кем дүние» тәмсілдері баспаға әзірленді.
2011 оқу жылының қараша айында ғылыми-зерттеу орталығында «Шераға» атындағы әдеби бірлестік Шерхан Мұртазаның өзінің қатысуымен салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Әдеби бірлестікке қаланың жиырмаға жуық мектептерінен, колледждері мен университеттерінен оқушылар мен студенттер мүшелікке кірді. Әдеби бірлестік отырысы айына бір рет, бекітілген жоспармен жүргізіліп отырады.
Осыған дейін орталықтың ұйымдастыруымен облыстық «Шындықтың жебесі – Шераға» айтысы, республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты оқушылар мен студенттер айтысы, «Қазақтың қайтпас Шерханы» атты үздік шығармалар байқауы, «Білікті ұстаз – заман талабы» атты облыстық жабық мұғалімдер байқауы, «Руханияттың көшбасшысы – Шераға» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы, Тараз қаласы ішкі саясат бөлімі қолдауымен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы және «АСЫЛ АРМАН» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен І қалалық Шерхан оқулары өтті. Байқау барысында жазушының шығармашылық әлемі мен өмір жолына арналған «Ш.Мұртаза шығармашылығы және ұлттық руханият» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалынды. Сондай-ақ, университет кітапханасы жазушы Ш.Мұртазаның тұғырнамалық еңбектері бойынша университетте дайындалатын «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарының студенттеріне «Ш.Мұртаза шығармаларының әдеби-көркемдік қуаты» тақырыбында дайджест өткізді.
Университет басшылығы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының озат студенттеріне арнайы Шерхан Мұртаза атындағы стипендиясын тағайындады.
«Шерхантану» орталығы тарапынан қандай іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылса да негізгі мақсатымыз – өскелең ұрпаққа Шерағаның болмысын танытып, қасиеттерін сіңіру болып табылады.
Ерболат САУРЫҚОВ,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор.