АУЫЛДАҒЫ АБАЙ БАҒЫ
Биыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Жиырма бес жылда тапқанымыз бен жоғалтқанымызды елеп-екшеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының бас редакторы, «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің профессоры Гөзел Құлжабаева өзінің азаматтық ұстанымы – елдегі орман қорының көбейтуіне атсалысу деп біледі.
«Еліміздегі орман қоры – 4-ақ пайыз. Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы алып ел деп кеудемізді кереміз. Алайда, сол ұлан-ғайыр жердің қаншама пайызы көгалдандырусыз жатқаны, топырақтың күннен-күнге эрозияға ұшырағаны бізді көп алаңдата қоймайтындай. Ата-бабаның бізге қалдырған аманаты – жер болса, ол жерді біз өзімізден кейінгі ұрпаққа қалай сақтап отырмыз деген сауал бізді қатты толғандыруы керек. Әрине, тек қана ойланып-толғанып отыра бермей, осы мәселені қалай шешеміз деген сауалдың да жауабы табылуы тиіс. Бұл орайда мен көп сөзге бармай, әуелі өз ауылымның айналасын орманға айналдырсам деп шештім», – дейді Г.Құлжабаева.
Осылайша, Гөзел Құлжабаеваның бастамасымен Басши ауылдық округіне қарасты ауылдар мен мектептерде жалпы аумағы 52 гектар жасыл аймақ қалыптасыпты. 2011 жылы Қарағайлыбақ (2 га.), Көктерек бағы (7 га.), 2013 жылы ҚР халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне алма бағы (5 га.), 2015 жылы «Батыр ана» (10 га.) саябағының ресми ашылу рәсімдері өтіпті. Ал 2011–13 жылдары Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы, Нұрым және Аралтөбе ауылдарындағы орта мектептердің ауласы «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жасыл желекке бөленіп, сәндік бұталар, жеміс ағаштары, кактус алаңымен, әр түрлі гүлдермен көмкеріліпті.
Аталған бақтарды аралап, ауыл маңындағы орман-тоғайды көріп қайтуға Алматы мен Талдықорғаннан арнайы барған зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен журналистер Кербұлақ ауданының Басши ауылында өткен бірқатар іс-шараларға қатысып қайтты.
Әуелі Нұрым ауылында «Гүлзар» саябағы және балаларға арналған ойын бағы ашылды. Туған ауылын көркейту мақсатында әсем Алматысын қиып, ауылға көшкен азамат Ерлан Құлжабай басшылық ететін «Жасыл аймақ» жекеменшік тақырыптық бақтарына арнайы барған қонақтар – ақын Оразақын Асқар, Бауыржан Жақып, Алмат Исәділ мырзалар, тележурналист Гүлмария Барманбекова, «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының PR менеджері Батима Қабдолданова, журналистер Айнаш Есали, Бауыржан Кариповтар ағаш екті. Белгілі ақын Оразақын Асқар ауылдағы ағайынға ақ батасын берді.
Бұған қоса, Нұрым орта мектебі ауласында Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен «Абай бағы» ашылды. Нұрым ауылындағы орта мектептің жаңа ғимараты ауласындағы бұл баққа былтыр қазан айында 170 түп емен егіліпті. Биыл бұл бақты енді тағы 100 түп көпжылдық бұталар көркейте түспек. Жүз түп ағашты Алматыдан келген құрметті қонақтар арнайы әзірленген орындарға мектеп оқушыларымен бірге екті. Бұл бақты Нұрым орта мектебінің оқушылары күтіп баптайды екен. Әр сыныптың өзіне тиесілі ағаштары мен гүлдері бар. Олар өсімдіктердің гүлденіп өсуін өздері қадағалайды. Осы арқылы оқушылар табиғатқа, оның құндылықтарына құрметпен қарауды үйренеді. «Абай бағының» ресми ашылу салтанатынан соң, қонақтар мектептің жаңа ғимаратын аралап, кітапханадағы арнайы көрмені тамашалап, мектеп оқушыларының жатқа оқуында Абай өлеңдерін тыңдады. Нұрым орта мектебінің кітапханасына «ГҮЛЗАР» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 550 кітап сыйға берілді. Айта кету керек, жеке кітапханаларынан әдеби кітаптарды ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, ақын Оразақын Асқар, жазушылар Шәрбану Бейсенова және Заря Жұмановалар тарту етіпті. Ақын Бауыржан Жақып жеке кітапханасынан 40 кітапты мектеп кітапханасына сыйға тарты.
Журналистерден құралған топ түс ауа Н.Нүсіпжанов атындағы және «Батыр ана» саябағын, Көктерек, Қарағайлыбақ аумағындағы орманды алқапты аралады.
Айғайқұм мен Алтынемел табиғи қорығының іргесінде орналасқан Басши ауылы – ертелі-кеш боран үзілмейтін елдімекендердің қатарында. Ауылға ұйытқи соққан сол боранның жолына бөгесін үшін жасалған үлкен теректі орман қалқан болып, осы күні ауыл жұрты желдің саябырсығанын айтады. Әрі ауыл маңындағы жайқалған орман бұл жердің экожүйесін де өзгертіп, жыл сайын түскен жапырақ шіріндісі арқылы топырақ құнарланып, қара топыраққа айналып, сәндік ағаштар мен гүлдерге қызылды-жасылды көбелек қонып, алты ай жаз қырғауыл секілді құстар ұя салатын, алты ай қыста қояндар мекендейтін аймаққа айналып үлгеріпті. Осылайша бұл орман өңірдегі экотуризмнің де бастамасына айналмақ. Экотуризм демекші, Гөзел ханым болашақта осы сала бойынша және агротуризм саласы бойынша да Алматы облысы аумағында бірқатар жобалар бастап, елдегі жасыл аймақтың көбеюіне атсалыссам деп отырғанын да айта кеткен абзал.
Журналистер тобы бұдан кейін Райымбек батыр атындағы мектеп пен Аралтөбе мектебінің ауласына отырғызылған әралуан ағаштар, гүлдер мен өсімдіктерді, жеміс-ағаштарын көріп, олардың түрлері мен ерекшеліктері туралы сол мектептер оқушыларының әңгімесіне қанықты. Қос мектептің оқушылары Алматы мен Талдықорғаннан келген қонақтарға арнайы даярлаған шағын концерттік бағдарламаларын ұсынып, Абай өлеңдерін және Абайға арналған өлеңдерді жатқа оқыды.
Сапар соңында «Гүлзар» саябағында Ерлан Құлжабайдың бастамасымен Басши ауылдық округі бойынша жасөспірімдердің қатысуымен жыл сайын өткізілетін «Асығыңыз алшысынан түссін» сайысының марапаттау рәсімі өтті.
Бас жүлдені Нұрым ауылының, бірінші орынды Ақтөбе ауылының, екінші орынды Басши ауылының мектеп оқушылары жеңіп алған сайыстың жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Қарагөз СІМӘДІЛ.