ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ…
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленгені мәлім. Биыл төртінші рет атап өтілетін мерекенің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеяларының шеңберінде өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында еңбекті насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады. Бұл орайда, Оңтүстік Қазақстан облысында «Еңбек күні» мерекесін атап өтуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары сәуір айында жасалған болатын. Ол жоспарда аудандар мен қалаларда «Еңбек» акциясын, «Еңбек – баршаға» тақырыбымен бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер ұйымдастыру, «Өз кәсібінің үздігі», «Үздік жас жұмысшы», «Жас қызметкерлердің үздік тәлімгері» салалық кәсіби шеберлік конкурстарын, жұмыскерлер мен еңбек династияларының қатысуымен салтанатты жиындар, «Сенің мамандық таңдауың» тақырыбында сабақтар өткізу сынды іс-шаралар қамтылған.
Көктемнен бері өткізіліп келе жатқан іс-шаралардың қорытындысы іспетті жиын Түркістаннан бастау алды. Түркістан қаласының әкімдігі «Еңбек күні» мерекесін атап өтті. Қала әкімі Ә.Өсербаев еңбеккерлердің басын қосқан жиында көпшілікке құттықтауын жеткізіп, атаулы күннің негізгі мақсатына кеңінен тоқталды. Аймақтағы белсенді қызметкерлер мен жұмысшыларды және еңбек ардагерлерін арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Салтанатты жиында еңбегі жоғары бағаланып, марапатталғандардың бірі – Ізбасар Әбдіраев 1984 жылы еңбек жолын «Казгидромед Қызылқұм станциясында» техник-оператор болып бастапты. Осы мекемеде тапжылмай 12 жыл жұмыс істеген соң 1997 жылы «Түркістан тазалық жарық» мекемесіне шебер болып қабылданып, осы күнге дейін еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Ізбасар Темірәліұлы аталған мекемеде бас механик қызметін атқарады. Ал 1981 жылы еңбек жолын Түркістан техоснастика зауытының темір жону оқушысы болып бастаған Әжібай Әріпжанов кейіннен Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы зауыт – жоғары техникалық оқу орнында инженер-металлург мамандығын алған. «Ремстройдормаш» зауытының құю цехының жұмысшысы, аға шебері болған ол 1992-97 жылдары Түркістан қаласы әкімшілігінің азаматтық қорғаныс штабының бастығы болды. Әкімшілікте төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бас маманы және осы салада жауапты қызметтерді атқарған Ә.Әріпжанов 2014 жылдан бері Түркістан қаласы әкімі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы. Еңбегі бағаланып, мерекеге орай марапатталғандардың тағы бірі – Пернекүл Нәлтаева өнер саласының өкілі. 2001 жылы Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының иегері Райымбек Сейтметов ашқан драма театрына жұмысқа арнайы шақыртылған Пернекүл Сейтбекқызы рухани астанамыздың мәдениетін дамытуға зор үлес қосты. Драма театрда алғашқыда администратор, бас админстратор қызметтерін атқарып, халқына қалтқысыз қызмет еткен П.Нәлтаеваның еңбегі бағаланып, 2006 жылы театр директорының көрермендер жөніндегі орынбасары болды. Ал 2009 жылдың қазан айында Түркістанда балалар мен жасөспірімдер сазды драма театры ашылып, сол театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болып қызметін жалғастырады. 2012 жылы қалалық Мәдениет үйіне әкімші-ұйымдастырушы қызметіне шақыртылған Пернекүл Сейтбекқызы өз жауапкершілігінен, ұйымдастырушылық қабілетінен жаңылған жоқ. Өнер, театр саласында атқарған еңбектері бағаланып, 2014 жылы ҚР Мәдениет майталманы төс белгісімен марапатталған. Облыс, қала басшыларының марапатына ие болған. Көптеген мәдени шаралардағы еңбегі үшін алғыс жарияланып, бірнеше рет еңбек кітапшасына жазылған.
Елбасы Н.Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында еңбекті ынталандыру қағидаты да нақтыланған. «Мемлекет қазақстандықтар өз бетінше өзінің өмір сапасын жақсарта алулары үшін жағдайлар жасауда. Мемлекеттік әлеуметтік қолдау адресат-тарға олардың еңбек, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін оятуға бағытталып отыр. Иә, мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс. Және бұл әділетті болмақ» делінген бағдарламалық мақалада. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» өтуге барып тірелетінін, сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі екенін атап өткен болатын. Осы орайда, Сайрам ауданы әкімдігі бірқатар еңбек ардагерлерін жас ұрпаққа үлгі ете отырып және ауданның дамуына, білім, өнер саласына сіңірген еңбектерін бағалап, «Еңбек күні» алғыс хаттармен марапаттады. Атап айтсақ, Шымкент қаласындағы Педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1962 жылы бітірген Роза Бердібекқызы зейнеткерлікке шыққанға дейін білім беру саласында еңбек еткен. Р.Бабашева 1963 жылы аудан орталығындағы «Мирная» сегізжылдық мектебінде екі жыл ұстаздық етіп, 1965 жылдан 1974 жылға дейін оқу-тәрбие жұмысының меңгерушісі, ал 1974 жылдан сол «Мирная» мектебінің базасында қайта құрылған С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің директоры болып, 1994 жылға дейін қызмет атқарды. Яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін. Мектеп ісін басқара отырып, ол ауданның қоғамдық жұмысына да белсене араласты. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, Ақсу ауылдық Кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болды. Оның еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының оқу ағарту ісінің үздігі. 1994 жылдан Сайрам ауданының «Құрметті азаматы». Сайрам аудандық оқу бөлімінің мақтау грамотасымен бірнеше рет марапатталып, аудандық оқу бөлімінің құрмет кітабына жазылды. Зейнеткерлікке шыққанымен, ол ұрпақ тәрбиелеу жұмысын одан әрі жалғастырып, қатардағы ұстаз ретінде 2004 жылға дейін үзбей еңбек етті. Бүгінде немерелерін тәрбиелеп отырған ұстаздың еңбек жолы жастарға өнеге ретінде дәріптелуде. Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген Баян Тіленшина да бүгінде Сайрам ауданының Құрметті азаматы. 1986-1989 жылдары облыстық атқару комитетінде, ал 1991-1999 жылдар аралығында балабақшада меңгеруші, 1999-2009 жылдары №29 Керім Тіленшин атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарған Баян Тіленшина 2009 жылы зейнеткерлікке шықты. ҚР Жазушылар одағының мүшесі. Білім беру ісінің үздігі. «Оңтүстік Қазақстан облысына еңбек сіңіргені үшін» медалінің иегері. «Аяулы, ардақты аналар» жинағына, 2012 жылы «Лучшие люди» атты халықаралық энциклопедияға еніп, «Лучшие люди» төс белгісін алған. Еңбек ардагерлері ғана емес, бұл күні жастардың да еңбегі бағаланып, марапатталды. Мысалы, №33 Шойынбай атындағы мектептің оқушысы Аяжан Марқашева өзінің еселі еңбегінің, ынта-талабының нәтижесінде елге танылып үлгерді. №1 Сайрам аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2013 жылдан бері еркін күрес бөлімінде жаттығып келе жатқан Аяжан 2014 жылы спорттың осы түрінен Қарағанды қаласында өткен ҚР чемпионатында І орын алды. 2015 жылы еркін күрестен Түркістан қаласында өткен ел чемпионатынан І орынды иеленді, сондай-ақ, Ақмола облысында өткен әйелдер күресінен олимпиада резервінің дайындығына іріктеу турнирінде жеңімпаз атанды. Ал биыл ақпан айында Белоруссияда өткен Халықаралық жарыста І орын алған. Сәуір айында Талдықорған қаласында өткен әйелдер күресінен ҚР чемпионатында ІІ орынды иеленсе, Т.Сайхановты еске алуға арналған «Азия балалары» ойындарына іріктеу ІІІ республикалық турнирде І орын және Түркияда өткен Халықаралық турнирде ІІ орын алды. Шілде айында Якутия елінде әйелдер күресінен «Азия балалары» біріншілігінде ІІІ орыннан көрінген Аяжан Марқашева қазіргі таңда Тбилиси қаласында Әлем чемпионатына қатысуда. «Еңбек күні» жеңіске деген жігерінің, төккен терінің нәтижесінде жас та болса үлкен жетістікке жеткен Аяжанның еңбегі өз құрбы-құрдастарына, замандастарына да үлгі етілді. Осылайша тізе берсек, оңтүстікте Еңбек күні мерекесіне орай марапатталғандар өте көп және олардың барлығы да құрметке лайықты жандар.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жұмыспен қамту орталықтарына да жаңа міндеттер жүктегені мәлім. Бұл бағытта бүгінде Отырар ауданында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері бағдарламаға қатысуға 1524 азамат өтініш білдірген. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда жоспарланған меже 106,9 пайызға орындалыпты. Оның ішінде, бағдарламаның I бағыты «Инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бойынша 7 нысанда 130 жұмыс орны ашылып, 67 жергілікті азамат жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта қосымша осы бағыт бойынша 95 жұмыс орны ашылып, 50 азаматты жұмыспен қамту көзделуде. II бағыт «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» арқылы жыл басынан бері 85 адамға 214,2 млн. теңге шағын несие беріліп, онда 99 жұмыс орны ашылды. 15 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Бағдарламаның III бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» аясында бос және жаңа жұмыс орындарына 881 адам тартылып, жылдық жоспар 79,3 пайызға орындалды. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындары 38 мекемеде ашылып, оған 121 адам жолданды. Ал 89 жас маман жастар практикасына тартылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 84 адам жұмыспен қамтылыпты. Ал Сайрам ауданында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының І бағыты бойынша 5 жобаға 53 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 8 айдың қорытындысымен мектептердің жөндеу жұмыстарына 56 адам жолдамамен жұмысқа жіберілген. Бағдарламаның ІІ-ші бағыты аясында 2016 жылы 35 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 134 адамды 3,0 млн.теңгеге дейін, 74 адамды 6,0 млн.теңгеге дейін шағын несиелеу жоспарланған. Бұл орайда, 86 адамға 249,5 млн.теңге шағын несие беріліп, 8 айлық жоспар 112,8%-ға орындалды. Бағдарламаның ІІІ-ші бағыты аясында жыл ағымында нысаналы топтағы 250 адамға әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру жоспарланса, 277 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 27 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл басынан бергі 8 айда 229 адам жастар практикасына жолданған, 284 нысаналы топтағы азаматтар ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, жоспар орындалған, 1858 адам жаңа және тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс орталығы Шымкент қаласының тұрғындарын жұмыспен қамту да күн тәртібінен түспеген мәселе. Бұл орайда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 8 айда 12415 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Облыс тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыспен қамтылуына несиелік қолдау көрсету де оң септігін тигізуде. Бүгінде өңірде көптеген кәсіпкерлер шағын несие алып өз істерін жандандырып жүр. Мысалы, Талғат Әлжановтың «Әлжан агро» ЖШС-і күндігіне 5-6 мал сойып қаладағы базарларға таратуда. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» арқылы 11 млн. 200 мың теңге көлемінде қаржы алып, 5 жылға 7 пайыздық мөлшермен алған сомасын қайтаруда. Мұнда малдың бірінші кезекте құжаттары тексеріліп, содан соң сойылады. Сойылған малдың етін зертханада тексеріп жарамды болса ғана сатылымға жіберіледі. Ал тұрмыстық техника дүкені мен металлопластикалық цехы қала тұрғындары үшін алты айға пайызсыз тұрмысқа қажетті заттарды сатылымға шығаруда. Дүкенге қажетті тұрмыстық техникалардың көбі Алматы қаласынан әкелінеді. Мұнда 20-ға тарта адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер «Ырыс» МҚҰ-ы микронесие арқылы 10 млн. теңге алған болатын. Сондай-ақ, осы шағын қаржылық ұйымнан 4 жылға 4 млн. теңге алған кәсіпкер Ерғали Таженов құрылыста қолданылатын сылақ торын шығару кәсібімен шұғылданып келе жатқанына үш айдың көлемі болыпты. Өндірілген өнім Кентау, Түркістан қалаларына сатылымға шығарылады. Алдағы уақытта кәсіпкерлігін одан әрі ұлғайтып, өнімін басқа да қалаларға сатылымға шығармақ. Жалпы, Кентау қаласында кәсіпкерлер саны артып, ел дамуы мен өсуіне өз үлестерін қосуда. Кәсіпкерлер саны Сайрам ауданында да өсуде. Ауданда бүгінде 15353 кәсіпкерлік субъектілер ел дамуына қызмет етіп келеді. Аудан әкімі С.Сапарбаевтың айтуынша, кәсіпкерлік саласында 30,2 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 15,2%-ға жеткен. Жыл басынан бергі 8 айда 107 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 437 жұмыс орындары ашылған. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында өткен жылы және биылғы 8 айда жалпы құны 1304,0 млн.теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 332 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Кәсіпкерлікті қаржы институттары арқылы қаржылай қолдау мақсатында аудан көлеміндегі микрокредиттік ұйымдар арқылы жыл басынан 1793 жобаға несие берілген. Оның ішінде «Аймақтық инвестициялық орталық «Максимум» арқылы 11 жоба, «Ырыс» шағын несиелік ұйымы арқылы 36 жоба нақты несиеленді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында былтырғы жылы 14 жоба 22,5 млрд.теңге көлемінде қолдау алған болса, биылғы 8 айда 1,3 млрд.теңгеге 8 жобаға қолдау көрсетілген.
Оңтүстікте тұрғындарды жұмыспен қамту облыс әкімінің басты назарында. Жуырда өткен алқалы жиында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов аудандар мен қалаларда кәсiпкерлiк пен ауыл шаруашылығы кооперацияларын жаппай дамыту мәселесiне ерекше тоқталды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында Оңтүстiк Қазақстан облысында «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы қолға алынып отыр. «Мемлекет басшысы Үкiметке облыс әкiмдерiмен бiрлесе елдi мекендерде кооперативтер желiсiн ұлғайтуды тапсырды. Бұл өз кезегiнде iшкi нарықты жергiлiктi ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтып, қайта өңдеу кәсiпорындарының желiсiн ұлғайтпақ. Бұл жұмыстарды Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Сарыағаш аудандарында белсендi атқаруды тапсырамын», – дедi облыс әкімі. Сондай-ақ, сүт өнiмдерiне деген сұраныс жоғары көрші өңiрлермен әрiптестiк байланыс орнату жүктелдi. Бүгінгі таңда астығын қамбаға құйып, көкөністерін жинап жатқан оңтүстік диқандарын, оның ішінде мақтааралдықтарды тағы бір жауапты науқан күтіп тұр. Аталмыш аудан диқандары биыл жиын-терiм науқанын жылдағыға қарағанда ертерек бастады. Аудан 83 мың гектарға егілген мақтадан 200 мың тонна өнiм жинауды көздеп отыр. «Ақ алтын» өнімін дамыту мақсатында мақта кластерi құрылғаны мәлім. Бұл орайда, облыс орталығы Шымкенттің iргесiндегі «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында және қалада бiрнеше тоқыма кәсiпорны мен жiп иiру фабрикалары жұмыс iстейдi. Жаңадан мақта зауыттары бой көтердi. Мақташылар үшін көктем қолайсыз болғанымен, мақтаның шығымы жақсы. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы А.Маханбетовтің айтуынша, биыл мақтааралдықтар су тапшылығынан қатты зардап шеккен. 28 тамызға дейiн «Достық» каналындағы су деңгейi секундына 30-32 текше метрден көтерiлмепті. Шiлде суын iшпеген мақта гүл, шанақ тастап, көп өнiмнен айырылғанымен диқандар әр гектардан орта есеппен 24,1 центнерден өнiм алуды жоспарлап отыр. Мақта терiмiне дайындық ретінде аудан бойынша 1659 гектар жер дефолиациядан өткен. Бұл аз. Сондай-ақ, есептегі 162 ОВХ агрегатының 136-сы ғана науқанға дайын. Мақта жинайтын 297 комбайнның 240-ы iске жарамды. Тасымалдау тракторлары мен тiркемелерi толыққанды дайын емес. А.Маханбетовтің мәлімдеуінше, Биыл 11 мақта зауыты, 141 мақта қабылдау бекетi өнiм қабылдайды. Өткен жылы мақтаның 54,9 пайызы комбайнмен жиналған. Биыл бұл көрсеткiш 65,7 пайыз болмақ. Қол терiмiнде жергiлiктi азаматтарды, әсiресе, жұмыссыздар есебiнде тұратын 972 адамды мақта жинауға қатыстыру көзделіп, 20 мың терiмшiден 440 бригада құру жоспарланған. Қазiрдiң өзiнде бiр келi мақтаны теру 12-14 теңгеден бағаланып отыр. Яғни науқанға белсене қатысып, 1-1,5 айда қомақты табыс табуға болады. Ал «Ақ алтын» АҚ-ының мақта зауыты мен 19 мақта қабылдау пунктi өнiм қабылдауға, шаруалардың өнімін жинап беру үшiн 42 америкалық «Джон Дир» комбайны науқанға дайын екен. Диқандарды мақтаның бағасы ерекше қызықтырып отырғаны мәлім. Қазiргi орташа индекстер бойынша мақтаның бiр тоннасы 130 мың теңгеден түседi деген болжам бар. Дегенмен, шаруалар нақты баға Ливерпуль биржасы, доллар бағамы, шиттiң құны мен бәсекелестiк ортаға байланысты болатынын жақсы біледі.
Еңбекке ынталандыру бағытында еңбек заңнамасының сақталуы да маңызды. Тұрғындарды еңбекке ынталандырудың бір жолы осы десек те қателеспеспіз. Өйткені, адал еңбегіңіздің жемісін көруге деген сенім қай бағытта болсын құқығыңыздың сақталатынына сеніммен тікелей байланысты. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының жыл басынан бергі 8 айда атқарған жұмыстарынан қысқа деректер келтіре кетелік. Өткен 8 айда еңбек қатынастары 668 рет бұзылыпты, оның 603-і заңға сәйкестендірілген. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі бұйрықпен таныстырмау, басқа жұмысқа келісімінсіз ауыстыру, жұмыстан заңсыз шеттетуге қатысты, сондай-ақ, жалақы төлеу мерзімін сақтамау, еңбек шартындағы сәйкессіздіктер де көп. Еліміздің «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының талаптарын сақтамағаны үшін 51 кәсіпорын бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқаулықтар беріліпті. Сондай-ақ, 8 айда жоғарыда аталған заң талаптарын бұзғаны үшін 33 заңды тұлға 805980 теңге айыппұл көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қызметкерлердің жалақыларын уақытылы және толық төлемеу бойынша орын алған заң бұзушылықтар мемлекеттік еңбек инспекциясының тұрақты бақылауына алынған. Мысалы, Шымкент қаласындағы «Вымпел Group» ЖШС-ін арыз бойынша тексеру барысында мемкеме тарапынан 2015 жылғы желтоқсан – 2016 жылғы ақпан аралығында жұмыскерлердің 15,1 млн. теңге жалақысы төленбегені анықталған. Жұмыс берушіге нұсқама беріліп, бүгінгі таңда аталған жалақы қарызы өтеліпті. Жалпы, облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 айда мекемелер мен кәсіпорындарда 548 тексеру жүргізген. Тексерулер барысында 902 заң бұзушылық анықталып-ты, оның ішінде еңбек туралы – 668, еңбек қауіпсізідігі және еңбекті қорғау бойынша – 179, халықты жұмыспен қамту – 55. Анықталған бұзушылықтар негізінде 394 нұсқама берілген. Салынған айыппұлдардың 11 368 560 теңгесі өндіріліп алынған.
Осылайша құқы қорғалып, мемлекеттік қолдау көрсетілген еңбек адамының жылдар бойғы ел дамуына қосқан үлесі алдағы жексенбіде атап өтілетін «Еңбек күні» мерекесіне орай бағаланып, марапатталуда. Олардың еңбек адам өмірінің мәні екенін бір сәт те жадынан шығармағаны анық. Ұлы Абайдың: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын…» деген сақтандыруын, «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» – деп еңбекті биік орынға қойғанын да жақсы білетініне күмәніміз жоқ…
Диас НҰРКЕНҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.