ХАЛЫҚТЫҢ БЕДЕЛІ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДА
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,
ғалым
Бізде шетелде оқу бітіріп келгендерді міндетті түрде жұмысқа қабылдау керек деген бір ұғым бар. Бұл жағдаймен келіспеймін. Меніңше, егер шетелден алып келген білімі күшті болса, арнайы сынақтардан өтуі керек. Егер ондай бәсекелестіктен өте алмаса, онда ол адамды жұмысқа алуға болмайды.
Шетелде оқыды екен деп, оған барлық жағдайды жасай беру – қате түсінік. Бірақ өкінішке қарай, біздің елімізде көкесінің немесе әкесінің арқасында еш қиындықсыз шетелде оқып, келген соң жақсы орындарға жайғасып жатқандар өте көп. Талап барлық университеттің түлектеріне бірдей болуы қажет. Мен шетелден білім алғандардың барлығы да біреуге сүйенеді деп айтудан аулақпын. Бірақ олардың көпшілігі елімізге қызмет етудің орнына, сол шетелде қалып қойып жатады. Оның әр түрлі себептері бар. Біздің жастар көп еңбектеніп уақыт жоғалтқанша, тез арада баюды көздейді. Жеке өз басының ғана мүддесіне қызмет ететіндер көп. Әрине, заманға сай өмір сүрсін. Бірақ туған жерді, Отанды, халықты ұмытпау керек қой…
Нағыз ғылым мен білімді жасайтын, елімізді дамытып, халыққа қызмет ететін де ауылдан келген қазақтың қара домалақ балалары. Мен басқа саланы емес, өзім дәріс беретін математика саласын айтайын. Бізге жаңағы айтып отырған шетелден білім алған білімі мен білігі жоғары деп саналатын жастар келмейді. Олар қаржы саласына, мұнай компаниясына, болмаса банктерге барып жайғасып, өз жұмыстарын жасап жатыр. Осы орайда мен шетелден білім алғандар мен өз елімізде оқыған жастардың айырмашылығы неде дегенге ештеңе айта алмаймын. Білім бәріне ортақ. Бала қай жерде оқыса да, шын мықты болса өзін дәлелдейді. Қазір көп жастар: «Бәленбай дипломымыз бар, бірақ жұмысқа тұра алмаймыз» деп жұмыссыз жүреді. Бұл жағдай бәрімізді де қатты алаңдатады. Осыған қарағанда, біздің мемлекетте мамандарды жұмысқа орналастыру жағы дұрыс қарастырылмаған. Болмаса, ол адам керексіз мамандықты оқыған деп ойлаймын. Адам өзіне жақын, жүрегімен жақсы көретін мамандықты таңдап, соның жолында аянбай еңбек еткенде ғана соның жемісін жейді. Шын еңбекпен, нағыз біліммен ғана адам басқалардан даралана алады. Жастар осы мәселені жадында ұстаса екен деймін.
Мен кешегі өткен олимпиаданы қарап отырып, қазақ бір-бірінің мұрнын бұзып, зілтемір көтеру үшін ғана туған ба деген ойға қалдым. Әрине, штангы көтеру оңай емес, оны кез келген адам көтере алмайтыны рас. Ол үшін спортшы бес жыл болмаса да, он жыл жаттығуы мүмкін. Сол нәтижені спортшы бес минутта көрсете алады. Ал ғылым-білім саласында бір жаңалықты ашу үшін отыз, тіпті елу жыл еңбектенуі мүмкін. Оны дәлелдеу үшін одан да ұзақ уақыт кетеді. Бірақ ондай ғылымға өмірін арнаған адамдардың еңбектерін біреу білсе, біреу білмейді. Оларға тиісті жағдай да қарастырылмаған. Біздің мемлекетімізде аз еңбектеніп, тез байып кетуге мүмкіндік басым. Қазір әншілер мен спортшылардың заманы. Халықтың басты назары соларда. Жастардың тез арада материалдық жағдайды түзеп, танымал болғысы келетіні де сондықтан. Қазақта көптеген балуандар мен батырлар болған. Бір жұдырықпен талайды құлатқан қара күш иелерінің ешбірі де қазақтың атын әлемге шығара алмаған. Қазақты әлемге танытқан әл-Фараби ғой… Ол қазақтан туғанымен қазақ жерінде өмір сүрмеген. Ғылым-білімді құрметтейтін елге кетіп қалған. Бағдаттағы ғалымдар үйіне әлемдегі бар мықтылар жиналған. Онда ғалымдарға бар жағдайды жасап отырған. Жұрттың әл-Фарабиді арабтың ғалымы дейтіндері де содан. Халықтың беделін, мықтылығын ең алдымен одан шыққан ғалымға қарап бағалайды. Сондықтан әлем таныған өркениетті мемлекет болу үшін алдымен ғылым-білімді бірінші орынға қоюымыз керек. Өз арамыздан шыққан шын білімділерді құрметтеп, соларға жағдай жасауымыз керек. Ал басқа ойын-сауықтың бәрі уақытша нәрселер деп ойлаймын.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.