СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЫНДА КОМЕДИЯ ТУҒЫЗУ МҮМКІН БЕ?
Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің көп тиражды газетінің «Қазақ университеті. Казахский университет» атанған уақытында ақысыз-пұлсыз редакторы болып істегенмін. Заң факультетінде кавказдық Элдаров деген азамат Алматыға әлі келіп жетіп үлгермесе де, екі-үш пәннен «емтихан тапсырып», қомақты баға алып үлгеріпті. Сол жайлы сын мақала, артынша «Емтихан» атты сатиралық комедия жазылып, Жамбыл және Қызылорда облыстық театрларында қойылды.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ
Кейін Жамбыл театры аталған комедияны Алматыдағы Жас-өспірімдер театрының сахнасында көрсетті. Белгілі драматург Әлжаппар Әбішев «Емтихан» авторына хат жазып, біршама мақтау сөз айта келе, жазуды талақ етіп мүлдем тастамасаң да, екінші қатарға таста, – деп кеңес берді. Аға ақылы себеп болды ма, қайдам, қазір сыбайлас жемқорлық деп аталып жүрген пәлекет жайлы тағы бір сатиралық комедия жазбаққа материал жинастыруға кірістім. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сын материалдарды екшеп, біраз әлемдік комедияларды қайта парақтадым.
Бірақ әттегене, еңбегімнің зая кететін түрі бар. Неге? дейсіз ғой. Айтайын. Николай Васильевич Гогольдің «Ревизорына» қайта көз жүгіртуім салдарынан. Менің өзімше іріктеген прототиптерім болашақ пьесамда суреттеле қалған күнде қып-қызыл плагиаттың нағыз өзі болайын деп тұр!
Мұхтар Әуезов аударған «Ревизор» комедиясының шекесінде «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» деген эпиграфтағы «беті қисық» маған революцияға дейінгі патшалық заман көрінетін. Хлестаков, дуанбасы Сквозник-Дмухановский, судья Ляпкин-Тяпкин, т.б. шенеуниктердің қылықтарына күлкіге батқанымда, ойымда сол келмеске кеткен заман тұратын.
Енді мынаған қараңыз: бүгінгі заманғы газет, журнал материалдары бойынша ойымда қалыптаса бастаған геройларымның прототиптері, қазіргі дәуір шенеуниктері, Құданың құдіреті, бұдан екі ғасырдай бұрынғы Гоголь комедиясы кейіпкерлерінен айныса ше! Бас геройымның прототипі Қазақстан Республикасының бір шаһарының әкімі болатын. Сол шіркіннің өмір сүрген дәуірі басқа, ұлты қазақ бола тұра, ұрлық-қарлығы Гоголь комедиясындағы дуанбасыдан әлдеқайда асып түседі!
Дуанбасы Антон Антонович Сквозник-Дмухановский қарауындағы шенеуниктерге Петербургтен жасырын ревизор келе жатқанын хабарлаған досы Чмыховтың хатын оқи бастағанда оның: «Мен білем ғой, сен де жұрт қатарлы күнәдан мұнтаздай жан емес ең, үйткені ақылды адамсың ғой, құдайдың беріп тұрған несібесінен кім қашады» – деген сөздерін мадқапыда оқып қояды. Чмыхов ол шындықты досын қағыту үшін жазып отырған жоқ-ты. Петербургтан жасырын түрде ревизор аттанатынын алдын ала хабарлап, сақтандырайын дегені. Дуанбасының, басқа да кейіпкерлердің парақорлығы осы алғашқы көріністен-ақ әшкере бола бастайды.
«Ревизордағы» купецтер: дуанбасыға қанша берсек те аз. Лавкаңа келді ме, көзіне көрінгенді сыпырады. Мынау жақсы шұға екен, «біздікіне апар» – деп жүзі жанбай жүктейтінін айтып Хлестаковке, Петербург алаяғына, жалған ревизордың тілімен айтқанда, «қарыз ақша» беріп тұрып шағынады.
Ал менің прототипімнің, Қарағандының бір әкімінің сыбайлас жемқорлыққа салынған қазіргі қала әкімінің жем-жесін тексере келгенімде дуанбасыдан да жойқын болып шықты. «Аңқау жұртқа арамза молда» дегендей, республика деңгейіндегі қызметке көтерілгенде араны бұрынғыдан әрмен ашылып, ақыры, «ұрлық түбі – қорлық» деген нақылға сай омақасады ғой. Ал Ресейіңде ондай жеп, ішіп қойып сотталған қалалық әкімдерді санамаламағанда, одан да биік сатыдағы шенеуниктері, айталық, Сахалин мен Коми және Киров облысының бастықтары атау-керендері ашылғаны соншалық, қазір көздері жылтырап абақтыда отыр.
«Балық басынан шіриді» демекші, дуанбасының қарауындағылар: сот па, полиция ма, басқа төменіректегі шенеуниктер де шетінен парақор болса, ондай күнәһарлар бізде, солтүстік көршілерімізде де аз емес. Яғни жемқорлықты әшкере ететін пьеса үшін прототип жетіп-артылады. Тек сол құрғырларды образға айналдыруға кіріссең болды, Гоголь комедиясының пішеніне түсе бастағаныңды сезіп шоршып түсесің.
Әкімнен өзге шені төмендеу прототиптерім ашқарақтығы жағынан «Ревизордағы» полицейлер Свистунов, Прохоров, Держимордалардан бір кем соқса ше! Дуанбасы кварталшы Свистуновқа: білем мен сені! Купец Черняевқа не қылғаныңды білесің бе, ә? Ол саған мундирге екі жүз шұға ал десе, сен тобымен алып кетіпсің, байқа! Бойыңа шақтамай аласың! – деп айбат шегеді ғой. («Смотри, не по чину берешь!»).
Менің газеттерден тапқан сол шені төмендеу прототиптерім: Қарағандының Қазыбек би ауданының полицейлері Алматы-Екатеринбург трассасында қатынайтын ауыр жүк машиналарында не бар, не жоқ екенін тексермегендері үшін күніне 200 мың теңге пара қылғытады екен. («Время» газеті. 23. 8. 2016). Бұлардың параны шеніне қарай алатын-алмайтыны, капитан старшиналарға қарағанда көбірек қарпыды ма, ол жағы жуық арада өткізілетін сот мәжілісі барысында анықтала жатар… Ал енді осы Свистунов, Прохоров, Держимордалар іспеттес полицейлерді Пәленшеев, Түгеншеевтер деп атап комедия кейіпкерлері етсең, не жаңалық ашпақсың?! Күні ертең қызылкөз бір сыншы мұныңды әдеби ұрлыққа жатқызса, ләм дей алмайсың ғой.
Әйтеуір, айтары жоқ, Гогольдің «Ревизоры» алды-артымды орап бұрылуға шама келтірмейді, жазбаққа ниеттенген типтерім ұлы драматург пьесасының шенеуниктеріне еліктеп шыға келеді!
«Время» газетінде «Шанхай, за забором отдыхай! деп аталатын шағын заметкада (27.8.2016) Қостанай шенеуниктері Красный Кузнец көшесіндегі ескі-құсқы ұсқынсыз үйлерді келімді-кетімді бастықтардың, меймандардың көзіне түспеуі үшін әдемілеп майланған биік дуалмен қоршап тастапты деген материал бар. Гоголь пьесасындағы дуанбасы «қала жаңа планмен түзетіліп жатқанға ұқсауы үшін ескі дуалды дереу құлатып, орнына жаңа саламын, қарақшы тұрғызылсын» деп бұйырады. Гоголь геройы ескі дуалды құлатса, мен жазбақшы комедияның прототипі жаңа дуал тұрғызады. Мұнда қандай ұқсастық бар? дейсіз ғой. Ұқсастық қана емес, мұның өзі көпе-көрінеу төркіні бір нәрсе. Дуал құлатылды не, қайта тұрғызылды не, бәрібір: екеуі де, сайып келгенде, барып тұрған көзбояушылық қой?! Ендеше, бұл материалды болашақ комедияма қалайша кіргізбекпін?
Жуықта Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған халықаралық форум Семейде емес, Астанада өткізілді. Себебі, Семейдің сиқын анау-мынау дұшпан көзге көрсетуге болмайды. Қаншама қаражат құйылса да, қайда кетіп жатқанын сайтаным білсін, қаланың ұсқыны әйтеуір түзелмей-ақ қойды. Осыны материал қылып пьесама енгізейін десем, тағы да «Ревизорды» көшіріп алғандай болатын түрім бар.
Дуанбасы Петербургтан жасырын келген шенеуниктің қалаға келгеніне екі жұмадай болғанын естіген мезетте частный приставтан: көшелерді тәртіпке келтіру жөніндегі жарлықтарының қалай орындала бастағанын сұрайды. Частный пристав:
– Сол өзіңіздің бұйрығыңыз бойынша кварталшы Пуговицынды онбасыларға қосып тротуарларды тазалауға жібердім, – дейді. Дуанбасы ойбайын салады:
– Ой, әттеген-ай, ұмытып кетіппін-ау, көпір маңайындағы қораның жанында қырық арбадай боқтық жатыр еді! Құдай-ай, бұл не деген былапыт қала!
Бізде де қазір жоғары биліктен біреу-міреу келе жатқаны естілсе болды, талай «былапыт қала» тығыз түрде тәртіпке келтіріле бастамай ма. Ол баяғыдан белгілі жайтты пьесаңа қалайша енгізбексің. Бұдан бір жарым ғасырдан аса бұрын «Ревизорда» әшкереленген шындықты не бетіңмен өзің ашқандыққа жатқызбақсың?!
Жуықта «Время» газетінен (1.06.2016) Атырау қаласы туралы: «Под конец лета город превратился в огромную городскую свалку» атты сын заметканы оқып, қайран қалғаным бар. Махамбет Өтемісовтің 200 жылдығын атап өту салтанатына қатысуға барған кезімде көруге көз керек, жайнап тұрған Атырау шаһары қалайша іп-ілезде «былапыт қалаға» айналған?!
Жасырын ревизордың шаһарға келгеніне екі жұма болғанын естіген бойда дуанбасы жан ұшырады:
«– Екі жұма! (Теріс қарап) Әкем-ау, көкем-ау! Жар бола гөр, әулиелер! Нақ осы екі жұманың ішінде унтер-офицердің әйеліне дүре соғылды! Арестанттарға азық берілмеді… – деп өкінеді. «Ревизордың» он бірінші көрінісінде. Хлестаковке сол унтер-офицер әйелі өзіне полицей дүре соққанын, өлгенше сілейтіп, екі күндей отыра алмағанынын айтып шағымданады. Дуанбасы шағымның уытын қайтармаққа Хлестаковке жалынады: құтқара көріңіз, унтер-офицердің әйелі дүре салды деп, сізге шіп-шикі өтірік айтыпты, құдай біледі, ол өзіне-өзі дүре соғып жүр, – дейді.
Кейін Ресейде «унтер-офицерша сама себя высекла» деген сөз мәтел болып кетті ғой. Міне, дәл сол кесапат мәтел болатындай қылық бізде жоқ сияқты еді, бірақ оным бекерге шықты. Бірер газеттерден сотталып, абақтыға түскен Наталья Слекшина деген әйел түрменің төрт қызметшісі өзін үнемі зорлағанын, ақыр аяғында жүкті болып қалғанын жазып шағымданған. Сол шағымды тексерген полиция шенеунигі әлгі әйелдің зорланғанын оның өзінен көреді. Бас бостандығынан айырылып, түрмеге түскен әйел қайткенде де екіқабат болуға тырысады. Аяғы ауыр әйелге сот қашанда рақымшылық жасайды дейді. Ал енді осы түрмешілер зорлап екіқабат болған Наталья ахуалының өзіне-өзі дүре соқты дейтін унтер-офицер әйелінің «күнәсінен» қаншама айырмасы бар деп ойлайсыз?!
Бүгінгі газеттерде мас күйінде рольге отырып, кісі өлтіргендердің жазадан оп-оңай құтылып кеткендері талай рет жазылды. Бұл жәйт Гоголь «Ревизорындағы» тағы бір кейіпкерді еске түсіреді. Пьесаның үшінші көрінісінде судья Аммос Федорович Ляпкин-Тяпкин: «Міне, мен сот болғалы он бес жыл болды, баяндама хатқа қалай көзім түсті ме, ә! – деп қолды бір-ақ сермеймін. Оның шыны қайсы, өтірігі қайсы екенін Сүлеймен Пайғамбар да айыра алмас», – дейді. Қылмыскерді ақтай салатын бүгінгі кей судьяның заңға немқұрайды Ляпкин-Тяпкиннен айырмасы қайсы?
Жалпы, «Ревизор» комедиясы көріністерінің қай-қайсысының да қайталанбайтыны бізде кемде-кем екеніне көзім әбден жетті. Гогольдің «Ревизорын» бүгін де анда-санда оқи қалсаң, не кинофильмнен көрсең, езу жимайсың: ұлы комедия кейіпкерлерінің прототиптері бүгінгі қазекеңнің арасында аз ұшыраспайтындықтан да болуға керек…
Қазақстан Республикасында 17 миллион халық болса, соның миллионға жуығы абақтыда («Время» газеті. 21. 7. 2016). Бұл жәйттер сыбайлас жемқорлық жайлы болашақ сатиралық пьесада көрініс тапса, «Ревизор» комедиясы тәрізді әрі күлдіруі, әрі күрсінтуі тиіс. Ол туынды Гоголь комедиясына тек осы жағынан ғана ұқсас болуға керек. Басқа бір үтіріне дейін «Ревизорды» қайталамайтын болсын. Соның ретін тап та жаз! Ал мен өз басым дуанбасы Сквозник-Дмухановскийге, Хлестаков, Ляпкин-Тяпкиндерге ұқсамайтын жемқор прототиптерді арамыздан әзірше кезіктіре алмай жүрмін…