ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЗИРАСЫ – ОТЫРАРДА
Таяуда аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Риода өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына күмістен олжа салған Жазира Жаппарқұл отырарлықтармен кездесті.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Бәкірұлы сыйға тартқан жол талғамайтын темір тұлпардың тізгінін өзі ұстаған Жазира Жаппарқұлды аудан орталығына кіре берістегі «Домбыра-Қобыз» композициясынан Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манаповтар қарсы алды.
Тау көтерген Толағайын аудан жастары Жастар сарайында би қойылымымен күтіп алды. Жас ақын Дәурен Полатбаев жыр шашу шашқан соң, қонақтар Жастар сарайында тағатсыздана күтіп отырған отырарлықтардың ортасына енді. Кездесуде сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан тұрғындары және өз атынан құттықтауын жеткізсе, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова жүлдегер сіңлісіне арнаған «Қазақтың Жазирасы» атты өлеңін оқып, жүрекжарды, алғысқа толы тілегін айтып, «Сахарда тұрдым сені іздеп» деген кітабына қолтаңба жазып, табыстады.
Кездесу барысында олимпиада жүлдегері аудан жастарымен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың толғандырған сауалдарына жауап берді. Әңгіме арасында жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Кездесуді қорытындылаған ауданы әкімі: «Ұлылар отанына қош келдің! Киелі өңір, шұрайлы өлке – Оңтүстігімізді, егеменді еліміз Қазақстанды әлемге танытып, ерлік жасадың. Айналайын Жазира, спорттың да, өмірдің де биік белестерін бағындыра бер», – деген тілегін жеткізіп, Жазираға Түркияның Анталия қаласына демалыс жолдамасымен қатар, аудан тарихынан сыр шертетін «Ұлылар елі – Отырар», «Шәмші әлемі» кітаптарын отырарлықтардың атынан сыйға тартты.
Сондай-ақ, әкесі Әбдірахман Жаппарқұлұлы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, облыстық ауыр атлетикадан олимпиада резервін даярлайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Андрей Макаров, аталған мектептің әдіскері Айжан Ермашоваларға естелікке сый ұсынылды.
Кездесу соңында Жазира Жаппарқұл отырарлықтармен естелік суретке түсті.
ЖАЗИРАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ
Рио де Жанейроның аспаны,
Дүр қыздарды марапаттай бастады.
Жазиражан, бұл ерлігің өшпейді,
Тоныкөктің жазуындай тастағы.
Көз алдында барша әлемнің барша ұлттың,
Ақ тайлағым тау көтеріп, нар шықтың.
Рухтары жарқ-жұрқ етіп оянды,
Томиристің, Әлияның, Мәншүктің.
Дүниенің жүйріктері жаланған,
Секунд сайын рекордтар жаңарған.
Көкжал жүрек, мәрмәр білек қыз тапқан,
Айналайын Күлайхандай анаңнан.
Көп күттірген жеңіс еді бұл деген,
Самал есіп қоя берді іргеден.
Қолдарыңды көкке қарай жайғанда,
Құшағыңа сыйып кетті күллі әлем.
Ұлтын сүйіп, уызына жарыған,
Өр намысы көкірегін қарыған.
Алла шебер, асқақ айбын, бұла күш,
Жеті қыздың кенжесіне дарыған.
Зілтемірге күші керек білектің,
Сен шыққанда Олимп шыңы дүр етсін.
Аман сау жүр, Жазирасы қазақтың,
Отыз бапты Отырар да тілекшің.
Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,
Қазақстанның халық ақыны.