ҚҰРЫЛТАЙДАН СОҢ ДА ӨМІР БАР…
Қазақстан Жазушылар одағының кезекті Құрылтайларының алдында бой көтеретін «әдетті» дау-дамайға жауап әрі әріптестерімен ой бөлісу ретінде жазылған Берік Шаханұлының «Құрылтайдан соң да өмір бар…» атты мақаласы 2012 жылы 24 қыркүйекте өткен Жазушылардың XIV құрылтайы қарсаңында газетімізде жарияланған («Қазақ әдебиеті», 21-27 қыркүйек, 2014 ж. №39) еді. Көпшілік ризашылықпен қабылдаған осы ой-толғамды оқырман назарына қайта ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Берік ШАХАНҰЛЫ,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
«Жыл өткенi жылғадан су аққанмен бiрдей» деген сөз бар. Өмiр деген сол – күн артынан күн өтiп, жыл артынан жыл өтедi – өлшеулi ғұмырдың қаншауын артқа тастағаныңды бiлмей де қаласың. Ал соның әр күнiн, әрбiр аптасы мен айын қалам ұстаған жандар өз ойымен оңашада өткiзiп, шабыттың құшағында жүргенге не жетсін. Әдебиеттің басты міндеті – адам жанына ізгіліктің дәнін себу болса, қаламгердің өзі сол ізгіліктің шырақшысындай өмір кешсе керек қой…
Бiрақ олай бола бермейтін тәрізді. Болдырмайтын жағдайлар мен оңдырмайтын жандар болады екен. Жазушылардың арасы бұрын да дау-дамайсыз болмағанын бiлушi едiк, осы ортаның ыстығы мен суығына өзiм де араласа бастағалы қасиетті қаламды араздық пен құраздықтың, өсек-аяңның құрбаны етіп, өзіне де, өзгеге де абыройы жоқ тіршілік жасап, елді алатайдай бүлдіретін жаман әдеттің біздің арамызда кейінгі кезде тым кең етек жайып кеткеніне әбден көзім жетті. Кезектi құрылтайымыздың табалдырығында тұрғандықтан, қалың оқырмандар алдында берген бiр есебiмiз iспеттi болсын деп, соңғы жылдары Жазушылар одағының басына үйiрiлген пәле-жаланың ең үлкенi – «алып қойды, жеп қойды» дейтiн қауесеттiң жай-жапсарына қатысты айтсам деп отырмын. Мен осы қасиетті қарашаңырақта қызмет еткеніме жиырма жылдан асыпты. Он алты жыл Нұрлан Оразалинмен тізе қосып, қанаттасып қызмет етіп келемін. Азаматтың адалдығын, кісілігін, кеңдігін, іскерлігін танып-білу үшін бұл аз уақыт емес.
Жаман сөз жатпайтыны белгiлi, соңғы жылдары: «Алматыдағы көз сүрiнiп, көңiл тоятын ғимараттардың бiрi – Жазушылар одағының үйi әр түрлi сұғанақтардың талауына берiлiптi… Басқарма төрағасы Одаққа берiлген жерден жеке базар салып алыпты… Жазушылардың шығармашылық үйiн жалға берiп, жалғанды жалпағынан басып жүр екен!..» деген сияқты өсек өрттей қаулады. Әр түрлi себептерге байланысты Одақ басшылығымен алакөз болып жүрген өкпелерi қара қазандай кейбiр керауыздардың Құдайы берiп, көктен iздегендерi жерден табыла қалды да, әлгi сөздi үлкендi-кiшiлi жиындардың бәрiнде, баспасөз беттерінде көңiрсiтiп келеді. «Бәсе, болса болар. Пәленшекең тегiн айтпайды ғой» дескен сыпсың сөз көбейдi. Көптiң аузына қақпақ боларсың ба? Тиiстi орындардан апталап емес, айлап жатып тексеру жүргiзiлдi. Бiр емес, бiрнеше рет. Салықтан да, қаржы полициясынан да. Тексерулердің бәрі де Одақ басшылығының сүттен ақ, судан таза екенiн анықтады. Бiрақ «пәленшекеңдер» оны құлақтарына да iлген жоқ. Iлгiсi келмедi. Құдайдың өзi берiп тұрған «iлiктен» қайтіп айырылсын-ау.
Жала әңгімелерге жауапты төрағаның өзі бір емес, бірнеше рет айтты, жазды да. Екі Құрылтайда да, Одақтың пленумдарында да тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді. Ал біздің кейбір бәлеқор әріптестеріміз түсінсе де түсінбеген сыңай танытады. Ал мәселенiң мәнiсi былай едi.
Кезiнде Кеңес өкiметi алақанына салып аялаған Жазушылар одағы нарық келiп қарық боламыз деп жүргенде далада қалып, 1996 жылдан бастап қоғамдық ұйымға айналды да, өз күнiн өзi көруге мәжбүр болды. Бір кездері мемлекеттен аста-төк құйылған қаржы көздері тоқтады. Қазақстанда жүздеген қоғамдық ұйымдар бар, Жазушылар одағы сол ұйымдардың бірі болып қалғаны жасырын емес. Сосын Одақ басшылығы заман ағымына сай іс-әрекет етуге, өзiн-өзi қаржыландыру дейтiнге көштi. Ұйымның аппаратын, Одаққа уақытша (49 жылға) пайдалануға берiлген ғимаратты сақтау, оны күрделi жөндеу және күнделікті күтіп ұстау, алуан түрлi әдеби шаралар өткiзу, «Қазақ әдебиетi» газетi мен «Жұлдыз» және «Простор» журналдары сияқты әдеби басылымдардың жарық көруiн қамтамасыз ету, жазушыларға әр түрлi жағдайда материалдық көмек көрсету, сондай-ақ, мерекелiк кештер мен белгiлi даталарды, елдiң түкпiр-түкпiрiнде әдебиет күндерiн өткiзу, қайтыс болған қаламгерлерді ақтық сапарға арулап шығарып салу қыруар қаржыны қажет ететiнi сөзсiз. Ал Жазушылар одағының сауып отырған сиыры, айдап жүрген жылқысы жоқ екенi және белгiлi. Сондықтан осының бәрiне қаржы тауып, жөн-жөнiмен өткiзу оңай шаруа емес. Қайта, нарықтық экономиканың қыспағынан жол тауып, бiр кезде азуын айға бiлеген ұйымды аздырмай, тоздырмай қиыншылықтан алып шыққан Одақ басшылығына рақметiн айтпағанымен, әлгi мысықтiлеулi «сыншыларымыз» құдайшылығына бақса болар едi ғой.
Тiптi, Жазушылар одағының қазiргi басшылығы оның тiзгiнiн қолына алған сонау тоқсаныншы жылдардың орта кезiнде бұл ұйымның «Одақ» деген аты ғана болмаса, жағдайының қандай екенін бәрiмiз бiлемiз. Одақтың бiр кезде Жазушылар ұйымының балансында болған ғимараттары ырың-жырың болып көрiнгеннiң иелiгiнде, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен-дi. Осы кезеңге дейін сол ғимараттарды талауға салғандардың бірде-біреуінің басылым бетінде атын атап, қалың қаламгердің алдында ұятқа қалдырмағанын – мен Нұрланның ішкі мәдениетінің беріктігі және қаламгер қауымның ауызбіршілігін ойлағаны деп білемін. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тұрлаусыз жылдарда солардың бәрiнiң ретiн тауып, құжаттарын қайта жөндеп, есiктен есiкке кiрiп, соттан сотқа барып, аудандық әкiмдiктерден бастап мемлекет басшысына дейiн барып, жағдайды түсіндіріп, қаламгер қауымның қарашаңырағын осы күйге жеткізудің өзi қаншама күш-жiгердi, қажыр-қайратты, керек десеңiз, бiлiм мен бiлiктi қажет еткенiн көрмеген адам бiлмесе бiлмес, ал бiз соның бәрiн көзiмiзбен көрдiк.
Иә, өзiн-өзi қаржыландыру деген де оңай iстеле қоятын шаруа емес. Соған бiр мысал. 1998 жылы бiр топ жазушылардың Алматы қаласының әкiмiмен кездесуiнде қаламгерлердiң өмiрлiк маңызы бар мұқтаждықтары сөз болып, әңгiменiң тоқетерiнде Одаққа Жетiсу ауданының аумағынан бiр жарым гектар жер жалға берiлген болатын. Одақ басшылығы соның көзiн тауып, жердi қосалқы жалға бердi де, «Натали» жеке фирмасы онда «Аягөз» дейтiн базар ашты. Содан ұйымның есебiне едәуiр қаржы түсiп, Жазушылар одағының шаңырағы астында кәдiмгiдей тiрлiк қызып, шығармашыл ұйымымыз едәуiр шырайланып-ақ қалғандай едi. Бiрақ «ақша жүрген жерде албасты жүретiнi» рас болып шықты: «Жазушылар одағы төрағасының жеке базары бар екен» дейтiн сыпсың сөз желдей есiп жүрiп берсiн. Әңгiме әрi тарт, берi тартқа түсiп, талайдың жүйкесiн жұқартты. Ақыры «бастан құлақ садаға» болып, әлгi жердi әкiмдiкке қайтарып беруге тура келген. Сонда кiм ұтты, кiм ұтылды?.. Дау қуғандар сол әкімдікке барсын, сұрасын, құжаттарды ешкім көтеріп кеткен жоқ. Бәрі сақтаулы.
Бұл жөнiнде жазушылардың ХII Құрылтайында айтылып, оның материалдары кезiнде «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланды және «Әдеби өмiр шежiресi» атты кiтапта да жарық көрдi. Керек болса, төрағаның сол сөзінен үзінді де келтіріп берейін:
«Ендi базар туралы. Басын ашып айту керек, Одақтың да, Одақ басшысы менiң де ешқандай базарым жоқ! Бұрын да болған емес. Бұл «жаптым жала, жақтым күйенiң» керi! Қаржысы жоқ мекеменiң құлағына келген басшы не iстеуi керек? Той-томалағы бар, өлiм-жітiмi бар, бiр күн жүрсе, үш күн тоқтайтын автокөлiктерiнiң түрi белгiлi. Жөндеу күтiп, тозығы жетiп тұрған ғимараты тағы бар… Өзге мекемелер секiлдi компьютер қондыру арман! Қаржы табудың көзiн iздедiк. Содан… Қала әкiмiнiң көмегiмен жалға жер алдық. Ақшасы бар «Натали» деген фирмаға әлгi жердi жалға бердiк (субаренда). Содан қаржы-қаражат түсiрдiк. Қазiргi таңда «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры болған» әлгi бар болғыр базардан (менiң сөзiм тексеру-бақылау комиссиясы анықтаған цифрлар) 1998 жылдың 15 тамызынан 2002 жылдың сәуiрiне дейiн 12 миллион 530 000 (он екi миллион бес жүз отыз мың) теңге және 38,500$ көлемiнде Одаққа дүние-мүлiк түрiнде көмек көрсетiлген (компьютер орталығы, Мерседес-Бенц-230, екi 3110 Волга автокөлiгi). Шарттағыдан әл-денеше артық! Зат та, қаржы да Одақтiкi! Мен ұйымның ешбiр мүлкiн ешқайда алып кеткен жоқпын… Ешқайда алып кетпеймiн де… Әңгiменiң анығы осы».
Пәле-жаланың бiр парасы Жазушылар одағының Алматыдағы Шығармашылық үйiне қатысты. Даукестердiң қоймай айтатыны: «Сонда барып, әкемiздiң үйiнде жатқандай шалжиып жатушы едiк, шығармамызды жазушы едiк. Қазiр қайда сол жағдай?..» – деседi.
Ал шынында, Жазушылар одағының Шығармашылық үйiн қайыра алып, күрделi жөндеуден өткiзудiң өзi қаншама қиямет-қайым болғаны талай жерде айтылды. Сол Шығармашылық үйі қанша жыл жөндеу күтіп қаңырап бос тұрды? Алты жылға созылған қиын-қыстау жөндеуден кейiн ғимаратты жиһаздау мен күтiп ұстаудың қиыншылығы тағы алдан шықты. Оған да қыруар қаражат керек болып, басшылықтың шақшадай басын шарадай қылды. Неге десеңiз, бiздiң ұйымның мемлекет алдындағы басым мiндеттерiнiң бiрi – ғимаратты «мұртын бұзбай», мүжілдірмей сақтау болғандықтан бұл мәселенi тездетiп шешу керек едi. Сақтай алмаған жағдайда, мемлекет 49 жылға жалға берген ғимаратын қайырып алу мәселесі сөзсіз туындайтын еді. Төрағаның табандылығының арқасында Шығармашылық үй толық күрделі жөндеуден өтті. Жөндеуден өткенімен оны бұрынғыдай Шығармашылық үй ретінде ұстап отыруға Одақтың мүмкіндігі, яғни қаражат жағдайы болмағанын екінің бірі, тіпті оны қасақана кінәлап жүргендердің өзі де жақсы біледі. Жеке фирмамен келiсiм-шарт жасалып, Шығармашылық үйiнiң ғимараты жалға берiлдi. Соның арқасында көптеген түйткiлдерiмiздi шешiп, әр алуан әдеби шараларды қаржыландыруға және Одақтың күнделiктi шығындарын өтеуге мүмкiндiк алдық, әрi осылардың бәрiне тап-тұйнақтай етiп есеп берiліп, секретариат жиындарында, Пленумдарда хабарлама жасалып отырды. Және бір айта кететін жағдай: амалдың жоқтығынан жалға берілген Шығармашылық үйдің оншақты бөлмесін жазушыларға деп арнайы бөліп, сол бөлмелерге жатын орын құнын жеңілдікпен төлейтін етіп, (үш уақыт тамағы және барлық жағдайы жасалған) бұл заманда тегін ештеңенің жоғы белгілі ғой, сол жалға алушылармен келісімге отырған едік. Сол арзан бағаның өзін ауырсынды ма, жазушылар онда баруға құлықты бола қоймады. Бірен-саран ғана жазушылар барып жатты. Әлгі бөлмелер жыл бойы бос тұрды деуге болады. Мұның өзі Одаққа босқа шығын болған соң, ол бөлмелерді де жалға алып отырғандарға қайта бердік.
Осы әріптестеріміз Астана қаласынан қаламгерлерге бөлінген жер телімдерін айтудан, «іздеуден» жалықпай-ақ келеді. Керек болса, оған тағы да түсініктеме берейік. Бұл мәселе де маған жақсы таныс және оның құжаттарымен кезінде тікелей мен айналыстым. Рас, Ақмола қалалық әкімшілігінің (1994 жылғы 29 қыркүйек күнгі № 3-1-492 Қаулы бойынша) шешімімен Қазақстан Жазушылар одағының 50 мүшесіне жеке тұрғын үй салу үшін арнайы жер телімі берілген. Астана қаласы әкімдігінің шешімімен келісе отырып, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма секретариаты «Жер телімдерін бөлу» туралы арнайы Қаулы (Секретариаттың 1999 жылғы №5 Қаулы) қабылдады. Сол Қаулы бойынша белгіленген қаламгерлерге жер телімдері бөлініп берілді. Бірақ Астана қаласы әкімдігі әр жер алған жазушымен жеке-жеке шартқа отырып, «бұл жерді бір жыл ішінде игересіңдер, игере алмасаңдар қайтып аламыз» деген талап қойды. Белгіленген уақыт аралығында игерген аздаған қаламгерлер өз жерлерінің меншік құқығына ие болып қалды, ал үй салынбай бос тұрған жер телімдерін Астана қалалық әкімшілігі өз иеліктеріне қайтарып алды. Мұның бәрінің тізімі бар, Қаулысы бар, керек адамдардың танысуына ешкім кедергі болған емес.
Жазушылар одағының Абылай хан даңғылы бойындағы басты ғимаратымыздың бiр бөлiгi де жалға берiлiп отырғаны ешқандай құпия емес. Ол да жалға алушылардың нақты аты-жөндерi мен төлемақысы көрсетiлген шарт жасау арқылы жүзеге асырылған. Одаққа түсетiн әрбiр тиын бухгалтерия арқылы өтедi. Бұған 2007 жылдан 2011 жылға дейiнгi қызмет қорытындылары бойынша биылғы сәуірден маусымға дейiн тексеру жүргiзген Алматы қаласындағы аудандық салық инспекциясының ресми қорытындысымен мұқият танысқан адам қапысыз көз жеткiзе алады.
Қысқасы, Жазушылар одағында жүзеге асырылған және асырылып жатқан үлкендi-кiшiлi жұмыстардың бәрi-бәрiнiң есебi түгел, қаттама қағаздары да сақадай сай. Бармақ басты, көз қыстымен iстелiп жатқан ешқандай әрекет жоқ. Бiрақ сөйте тұра, «пәленшекеңдердiң» аузына да қақпақ жоқ. Екi адамның басы қосылған жер болса бiттi, айта-айта жауыр болған жайларды қайта бықсытып, жерден жетi қоян тапқандай арқаланып қалады. Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа, жатсын шатасып дейтiн болуы керек. «Айтып-айтып ақылын, тартып кеттi ақырын» дегендей, бәзбiреулердiң көңiлiне күдiк тастап, әңгiменiң ақырын да күтпей, жылыстап кете барады…
Несiн жасырайық, бiздiң қаламгерлер қауымында осындай да жайлар бар. Бұрын әлденеше рет әңгіме болған осы мәселелерге мен осы жолы қайыра соққанымның себебі – азаматты нақақтан-нақақ күйдірмеу керек. Істеген ісіне оң баға беру керек. Ал кейбір жолбике басылымдарда Оразалин басқаратын, қазақ руханиятының төрі саналатын Жазушылар одағының атына, Нұрланның өзіне, айналасына қатысты қандай ауыр сөздер айтылмады?! Өткен тарихымызға өрт салып, ұлт биігіне көтерілген кешегі алып ақсақалдарымыздың аруағын қорлауға дейін барған жоқпыз ба? Жөн-жосықсыз сөйлеп, сөз бостандығы деген осы екен деген кейбір әріптестеріміздің аузынан ақ иттің қалай кіріп, қара иттің қалай шыққанын да көріп келеміз… Ұят! Қаламгер атымызға келетін ұятты ұмыттық. Жала жауып, күйе жағудың да шегі бар емес пе?
Халқымыздың қайталанбас ірі тұлғаларының бірі, қазір бүкіл қазақ жұртшылығы 100 жылдығын қызу тойлап жатқан Д.Қонаев туралы ақсақал жасына келген бір қаламгеріміз «Үш қоңыр» газетіндегі мақаласында былай дейді: «…қазақ тілін білмейтін және оны дүниежүзіндегі артта қалған, қойшының тілі деп есептейтін, өзін ұлтсызданған общепланетарный гражданин деп санайтын Олжасты қазақ жазушыларын басқаруға қою, ортақолды жорналшы Хәкімжан Қазыбаевты СК-ның идеологиясының хатшысы қою, одан Д.Қонаевқа ЦК КПСС секретары Егор Лигачевтың: «Почему вы мне направили этого дундука!» деп ұрсатыны бәрі де сол кездегі Д.Бекежановтың «Татар шалды» сыртынан билегені болатын. Қазіргі кезде бір топ жағымпаздар Д.Қонаевты «Үйсін» етіп шежіре жазғанымен, Қонаевтың аталары ХІХ ғасырдың орта шенінде Татарстаннан Қазақ ішінде дін тарату үшін келгендігі жөнінде 1980 жылдары-ақ айтылып жүрді, оны Дулатқа айналдыру кімге қажет».
Ал қазақ әдебиетінің теңдессіз классигі, руханиятымыздың ары мен беделі саналған Ғабит Мүсірепов туралы «…шалды (Ғабитті) Өтежанша айтқанда, үлек бураша тарпып өлтірдім ашуым келіп жүргенде. Тахауиша айтқанда, оң жамбасыма келгені кәрі сайқалдың». «Өзінен басқа жазушының абырой-беделінің барлығына қызғанышпен қарайтын Ғабит көкеміз». «Бекежанов Ғабитті әрқилы күмәнді қадамдарға айтақтап отырды» деген жолдар бар.
Жақында дүние салған белгілі қаламгер осы газетте жарияланған өз мақаласында 75 жылдығын әріптестері мен республика жұртшылығы абыроймен атап өткен Қазақстан Жазушылар одағы жайында: «1937 жылы жазба әдебиетіміздің негізін салған алғашқы қарлығаштарымызды атқызған да, қуғын-сүргінге ұшыратқан да, енді пәленбай жыл өткен соң, ұялмай-қызармай соларды «алып-салып», т.б. деп дәріптеп жүрген де осы Одақ! Сол қылмысы үшін бүгінгі Одақтың халықтан, жазықсыз жазаланған жазушылардың рухынан кешірім сұрау деген ойында да жоқ! Қалай десең де, Кеңес билігінің сойыл соғары болған Жазушылар одағының екі қолы қан-қан… Сәбет билігінің қолшоқпары боп, екі қолы қанға әбден боялған, шығармашылық ұйым болудан баяғыда қалған, бүгінгі Одақты, тарихқа кеткен Сәбет өкіметі сияқты тарату керек» деп шорт кеседі.
Бұл мақалада: «Орталық Комитеттің идеология хатшысы Колбиннің көтерген кадры Ө.Жәнібеков» деген де жолдар бар. Сонда Колбин келген 1986 жылға дейін Қазақстанда Өзбекәлі Жәнібеков деген қайраткер қазақ жұмыс істемеген бе?! Колбин оны Ресейдің бір облысынан ертіп әкелген бе?
Осы мақалада «Оразалин… Одақтың жиналысында жазушы Б.Қойшыбаевқа «сені өлтірем! Баскесерлерім сыртта дайын тұр!» деп қоқан-лоққы жасаған. К.Уәлиев ақырында әдебиетшілерден естуімше, Оразалинге қарсы бір сөз айтқаны үшін «сол баскесерлерден» таяқ жеп, он екі қабырғасы он екі жерден күл-талқан боп, ауруханадан бір-ақ шығыпты…».
«Бүгіндері Одаққа Оразалинді ұнатпайтындардың, Кәдірбектің қамытын кием демесе, қасына «оққағатын» кісісін ертпей жеке баруы қауіпті болып та қалды», – дейді.
Осы кісі сенетін сөз бе?! Бұл жиналысқа жүздеген жазушы қатысты ғой. Солар осы жазғаныма күлер деп те ойламағаны ма?!
Бұл мақалаларда ақырында әдебиетіміздің мақтаныштары І.Есенберлин, Ә.Шәріпов, Ә.Әлімжанов, С.Мұратбеков, т.б. туралы да нелер ғайбат сөздер айтылмады. Бұл қазақтың өлісіне де, тірісіне де бұлай мұрын шүйіріп кекетіп-мұқатып, қаралай берудегі мақсаты не бұл ағайындардың деген ойға қаласың. Кім айтқызып отыр?.. Не үшін айтқызып отыр?..
Осындай нәрселер қаламды қастер тұтқан менің жанымды жегідей жеді.
Мен бұл сөздерді айтпауға болмайтын болған соң ғана айтып отырмын. Нұрлан үшін ғана емес, әрі-беріден соң азаматпен қатар жүріп, адал қызмет еткен күндер мен төраға ісінің ақ, адал екеніне сеніп, қолды болған, көрінгеннің талауында кеткен игіліктерімізді (ғимараттарымыз бен басылымдарымызды) қайтару жолында бізбен бірге болған, бірге жүрген, бүгінде арамызда жоқ ардақты ағаларымыз бен аяулы іні-бауырларымыздың әруақтарының алдында арылу үшін де айтып отырмын…
Кезінде осы Одақты сақтап қалуға қажыр-қайрат жұмсаған, қазір арамызда жоқ ақсақалдарымыз – Ә.Әбішев, Д.Әбілев, Х.Ерғалиев, Қ.Қайсенов, Ә.Нұршайықов, С.Шәймерденов,
З.Қабдолов, С.Мұратбеков, З.Серікқалиев, Қ.Тұрсынқұловтардың: «Нұрлан, мына Жазушылар одағының іргесін Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден тәрізді арыстарымыз қалаған, солардың іздері бар, рухы сақталған ұлтымыздың қасиетті ордасы. Саған сеніп осы Одақтың тізгінін ұстатып отырмыз. Бізді керек шаруаңа жеге бер. Жаныңнан табыламыз. Бұл жер қазір тозыңқырап тұр. Осының жағдайын дұрыстауға барыңды сал. «Нарықтың кезеңі, қиындық болды, қайтеміз енді деп… мына шаңырақты құлатып, Одақты тарқатып алмаңдар шырақтарым. Сендерге аманат», – деген әңгімесінің куәсі болып едім. Нұрлан сол ағаларының аманатын ақтау үшін аянбай табандылық танытты деп ойлаймын.
Бұл Құрылтай да өтер. Қазақ дейтін адал жұрттың адал ойлы қаламгерлері өз таңдауларын жасар. Құдай-ау, Құрылтайдан кейін де өмір бар емес пе? Артымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақтың алдында осыншама ауыр әңгімелерді айтып-айтып алып, ертең біріміздің жүзімізге біріміз қалай қарайтынымызды естен неге шығарамыз?!
Соңғы уақытта әлдекімдердің (аттарын атап, түстерін түстеудің өзі ұят) жазған арыздары бойынша бірнеше ай тағы да тексеру болды. Төраға ресми тексеруге қоса, «арыз-құрыз» айтушыларға дәйекті жауап болсын деп, тәуелсіз аудит шақыртты. Бұл жолы да басшымыздың төзімі мен табандылығы сынға түсті… Тексеру екі айға созылды. Ақыры, мәресіне жетті. Ұзын-ырғасы жеті-сегіз айға созылған ұйым айналасындағы өсек пен өрттің жалғандығы дәлелденді. Өтірік өрге баспайды, әділдік жеңді. Тиісті орындар өз шешімдерін берді. Сонда «Аққа – Құдай жақ» деген тәмсіл еріксіз ойыма оралды.