ҰСТАНЫМЫ БИІК ЗИЯЛЫ
Алашорда және совет үкіметі: заңды билік кімнің жағында еді?
Үстіміздегі жылдан бастап жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңа типтік оқу бағдарламасы енгізілді. Бағдарламада басым түрде Советтік кезеңге уақыт көбірек берілмек. Соған байланысты ұсынылып отырған материал оқытушылар тарапынан қызығушылық тудырады деген ойдамыз…

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҚР ҰҒА
корреспондент-мүшесі
1919 жылы 10 шілдеде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қойған жарлығымен Қазақ әскери революциялық комитеті құрылды. Кезінде зерттеушілер бұл құрылымды Советтік Қазақстанның алғашқы үкіметі ретінде қарастырды. Комитеттің қызметін анықтаған Уақытша Ережеде «таяу арада жалпы қазақ съезін шақырып, Қазақ өлкесін автономия ретінде жариялағанға дейін өлкедегі жоғарғы әскери-азаматтық басқару ісі Революциялық комитеттің құзырына өтеді», – деп көрсетілді. (Протокол революционного Комитета по управлению Казкраем. Ч.ІІ., А., 1987, с.12-78).
Советтік ұстанымдағы ғалымдар бұл билік орнын заңды үкімет ретінде қарастыруға ыңғай танытты. Академик С.З.Зиманов мұндай ұстанымға келіспеушілік білдіріп, «Қазақ революциялық комитеті, әрине, құрылу жолдары және бақылау мүмкіндігі тұрғысынан да, сондай-ақ, қызмет жағдайы мен негізі және саяси-құқықтық өкілдігі тұрғысынан да «үкімет» болған жоқ», – деген пікір айтты. Заңгер ғалымның бұл пікірін толық орынды айтылған пікір ретінде қабылдауға негіз жеткілікті.
Өз тарапымыздан бұл пікірге қосымша мынадай жағдайды ескерген жөн деп білеміз. Қазақ әскери революциялық комитеті революциялық өзгерістер нәтижесінде қазақ жерінде өмірге келген жалғыз билік орны емес-тін. Бұған дейін, мәселен, 1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде Петербургтегі Уақытша үкімет тарапынан тағайындалған Түркістан Комитеті облыстардағы комиссарлар қызметі болғандығын айтқан жөн. Осы жылдың соңына қарай елдегі саяси аласапыран барысында қоғамды жайлаған берекесіздік жағдайында өмірге келген Алашорда үкіметі қазақ жері көлеміндегі атқарушы билік құзырын өз қолына алатындығын мәлімдеді. Келесі жылы құрылған Самарадағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің үкіметі (КОМУЧ) және Омбыдағы Колчак үкіметі өздерін империя көлеміндегі билік орындары ретінде мойындатуға әрекет жасады.
Советтік тарихнама осы революциялық өзгерістер нәтижесінде патшалық билік жүйесінің орнын басуға тырысқан құрылымдардың қайсысының қазақ жерінде қызмет жүргізуге құқықтық негізі бар екендігі жөнінде мәселе қойған емес. Оның алдында бір-ақ міндет тұрды. Ол – советтік биліктің ғана заңды әрі жергілікті халық үшін тиімді билік жүйесі екендігін жан-жақты негіздеу болды. Ал советтік және басқа өздерін бүкілресейлік билік орындары ретінде жария еткен құрылымдардың қазақ қоғамына байланысты саяси-құқықтық негізінің тайғақ екендігіне назар аударылмады. Шын мәнінде, бұл құрылымдар қалыптасу әдістері мен саяси-құқықтық негізі тұрғысынан сырттан, империялық өктемдік арқылы белгіленген басқару органдары болатын. Олардың құқықтық өкілдігін анықтау және белгілеу ісінде қазақ жерінің суверенді иесі және негізгі тұрғыны қазақ халқының ешқандай қатысы болған емес. Жалпы алғанда, мемлекеттік басқару жүйесін құру және оны жүргізу ісінде большевизм ешқандай да жаңалық әкелген жоқ, ол бар болғаны ескі мемлекеттік аппаратты қиратып, жедел түрде оның орнына жаңа мемлекеттік-бюрократиялық құрылымды орнатты. Қазақ қоғамы үшін бұл процестің мынадай ерекшелігі болды. Советтік билік мекемелеріне қызметке қазақ елінің өкілдері тартыла бастады. Жаңа билік орындарына тартылғандарға бір ғана шарт қойылды: олар биліктің бағыт-бағдарын анықтау ісінде мәскеулік орталықтың шешуші ролін ешқандай да қарсылықсыз мойындап, оның қаулы-қарарларын күнделікті қызметінде басшылыққа алуға тиіс болды. Бұл шартты қабылдай алмағандар, әрине, билік жүйесінен шығып қалды, көп жағдайда түрлі жамылғы сылтаулармен жауапқа тартылып, сотталды.
Жалпы, бұл мәселеде құқықтану ғылымының анықтаушы ролін мойындай отырып, дегенмен патшалық және советтік билік орындарының қазақ жеріндегі құқықтық негізі туралы тақырыпқа белгілі себептерге байланысты зерттеу еңбектерінде жете көңіл аударылмай келгендігін айтқан артық емес. Осы арада Совет өкіметіне дейін қазақ жерінде билік құрған патша өкіметінің билігі қаншалықты легитимді (латын сөзі «заңды» деген ұғымды береді – авт.) билік еді? деген сұрау туады. Бұл сұрауға жауапты кезінде «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. Под.ред. М.Абдыкалыкова, А.Панкратовой КазОГИЗ, 1943.» атты кітап авторлары берген. Кітаптың осы мәселеге қатысты IX тарауында, мәселен, патшалықтың бодандығына ену туралы «антты қазақ билеушілерінің жоғарғы өкілдері ғана берді», сондықтан да «қазақтардың ресейлік бодандыққа өтуі қазақ ақсүйектері мен патша үкіметі арасындағы келісімнің нәтижесі» арқылы іске асырылды, бодандық халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды деген тұжырым жасалынған (154-155 б.б.). Бұл – ғылыми тұрғыдан негізді тұжырым еді. Тура осы жасалынған тұжырымның 1943 жылы жарық көрген бұл кітаптың кітап сөрелерінен алынып тасталуына себепші болғандығын ұмытпаған жөн.
Революциялық өзгерістер жағдайында қазақ қоғамы үшін Уақытша өкімет және Совет өкіметінен жақын тұрған және түсінікті билік орны, әрине, Алашорда үкіметі болатын. Сондай-ақ, Алашорда үкіметі қалай болғанда да ұлт тарихының күрделі кезеңінде қазақ жерінің барлық өңірінен шақырылған 80-нен астам ұлт өкілдері тарапынан жабық сайлау арқылы сайланған, яғни қазақ қоғамы үшін легитимді билік болатын.
Кезінде советтік тарихнама 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында болып өткен жалпықазақ съезін «қоғамның жоғарғы бай-феодалдарының және халық мүддесіне қарсы «Алаш» партиясы өкілдерінің» жиыны ретінде атап, ал съездің Алаш автономиясы мен оның Алашорда аталатын үкіметін құру туралы шешімін ешқандай негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады (Очерки истории Ком.партии Казахстана. А., 1987, с.71). Мұндай тұжырым, әрине, советтік тарихнамада орын алған тарихи ақиқатты бұрмалаушылықтың бірі-тін. Осы ретте 17 жылғы желтоқсандағы жалпықазақ съезіне қатысқан өкілдерге байланысты мынадай жағдайға көңіл аударуды өзімізге парыз деп білеміз.
Біріншіден, Екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Бүкіл Ресей империясын жайлаған берекесіздік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған топтың бұл съезді ұйымдастыру әрекеті зор жауапкершілікті өз мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі еді. Аға ұрпақтың бұл қызметін ұлттың кейінгі буындары осы тұрғыдан қабылдағаны жөн.
Екіншіден, құрамында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Сағындық Досжанұлы және Елдес Омарұлы бар ұйымдастырушы топ «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдап, елде қалыптасқан саяси жағдайды талқылау мақсатында өткізілмек жалпықазақ съезіне ел ішіндегі осы мәселеге ықыласты деген тұлғаларға шақыру жолдады. Арнайы шақыру ел ішінде беделді және белгілі деген адамдарға жіберілді, сондай-ақ, оған қатысуға ынталы кісілерге де ешқандай шектеу қойылған жоқ. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақырудың басқа тиімді жолдарын ойлап табудың өзі де мүмкін емес-тін. Уақыт өте тар, бұған қосымша ел ішіндегі байланыс құралдары тым әлсіз еді.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға өтер алдында Ә.Бөкейханов сөз алып: «Былтырдан бері шаршы топта сөйлеп, бәйгі алған, осы съезге шақырылған ардақты, шешен Ораз ақсақал Тәтіұлы опат болды. Мәжілісті марқұм Оразға дұға қылып басталық», – деген ұсыныс жасап, ол қабыл алынып, Тәтіұлының рухына дұға оқылады. Яғни съезге саяси белсенді қызметі арқылы қоғамда танылған білімді зиялылармен қатар, міне, осы Ораз Тәтіұлы сияқты ел арасында беделді ақсақалдар да шақырылған болатын. Жалпы, мұндай бүкіл ұлттық құрылтайға барлық өңірлердегі елге танымал тұлғаларға хабар салып шақыру қазақ қоғамында ескі замандардан үзілмей келе жатқан дәстүр екендігін ескерген жөн. Соған байланысты 2-ші жалпы қазақ халқының жалпыұлттық съезіне тілектерін башқұрт өкілі Ахмет Заки Валидов, Орынбор мұсылман әскерінің өкілі, прапорщик Баширов, татар тілінде шығатын «Янги уақыт» газетінің бас редакторы Ф.Кәрімов, Орынбордағы муфтиаттың бас муфтиі Ғалымжан хазірет, Орынбор әскер округының өкілдері Тимофей Седельников, Абдрауф Богданов және басқалар білдіріп, қазақ халқын бірлікке үндеді.
Съез қоғамның күрделі де ауыр тарихи кезеңде тұрғанын, ал ел ішіндегі алалықтың, ауызбіршілікке бастамайтын өзара кикілжіңнің мұндай жағдайда қауіпті екендігін ескере отырып ұлтты бірлікке шақырды, осы мазмұнда ұлтқа үндеу даярлап, оны газет арқылы қоғамға жеткізуді М.Дулатұлы мен А.Байтұрсынұлына тапсырды.
Осы келтірілген фактілік материалдар ұлттық тұтастыққа, бірегейлікке ұмтылыстың, сол арқылы өмірдің жаңа сапасына өту әрекеті болатын. Ал енді съездің осы тұрғыдан атқарған міндетіне көз жұмып, оны қоғамды кейінге тартқан бай-феодалдардың жиыны ретінде көрсету, әрине, тарихи фактіні жай бұрмалап түсіндіру ғана емес, халықты, әсіресе, кейінгі ұрпақты саналы түрде шатыстыру, оны табиғатына жат арнаға салу әрекеті болатын.
Желтоқсандағы жалпықазақ съезінің қаулы-қарарлары Мәскеудегі орталық билікке, оның В.И.Ленин және И.В.Сталин сияқты басшыларына жеткізілді. Бірақ ұлт істері бойынша комиссар И.Сталин
Ә.Жангелдинге жолдаған (1918 ж. 7 сәуір) телеграммасында қазақ «буржуазиялық-ұлтшыл топтары автономияны өз халқының бұқарасын қанау құралына айналдыру үшін талап етіп отыр», – деп, жалаға жуық ойды айтты (Голощекин Ф.И. Десять лет пройденных и предстоящие задачи. А., 1930, с.8.). Ал бұл шын мәнінде ұлттық мүддені қорғау жолында тұрған қоғамдық қозғалысты алған бетінен тайдырып, одан таптық-әлеуметтік бағыт алуды талап етудің өзі-тін. Алаш қозғалысы антиимпериалистік бағыты анық ұлттық қозғалыс еді.
Совет үкіметі жалпықазақ съезінің шешімдерін қабылдамады, оның орнына советтік негіздегі билік жүйесін орнататындығын, қазақ басшылығы оны қабылдауға міндетті екендігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде ұлттың өзін-өзі басқару құқын мойындаудан бас тартудың, сөйтіп оған империялық ұстанымдағы жаңа биліктің басқару жүйесін күшпен қабылдатудың нақты көрінісі-тін.
Осы ретте тағы да мынадай жағдайды ескерген жөн. Қазақ революциялық комитетінің шамамен он бес айға созылған қызметі тұсында бұрынғы патшалық басқару дәстүрі мен жаңа жағдайда қазақ халқының сұраныстарына орайластырып қайта құру үрдістері арасында ымырасыз арпалысты күрестің жүргендігі байқалады.
Қазақ облыстарында советтік басқару мекемелерінің орнауы Қазақ комитеттерінің таратылуымен қатар жүрді. Ташкентте шығып тұрған «Бірлік туы» газеті 1918 жылғы 18 қаңтардағы №20 санында «Біздің Әулиеата уезіне қараған қазақ-қырғыздың жақсы-жаман болса да Қырғыз (қазақ) Кеңесі дейтін мекемесі бар еді. Бұл Кеңестің төбе ағасы Әзімхан Кенесарин (Кенесары ханның немересі – авт)… Орынбордағы жалпықазақ съезіне кеткен соң, Меркеден Төреқұл Жанұзақ баласы дейтін бір аудармашы келіп, мекеменің мүшелерін қуып, солдаттарға қосылды һәм қырғыз Кеңесін большевиктікі деп жар салды», – деп жазды. Осы орайда большевиктік ұстанымға көшкен қазақ белсенділерінің «біздің Әулиеата уезінің қазақ-қырғыздарына автономия керек емес, халық надан… Әзімхан Кенесарин Орынбордағы жалпықазақ съезіне хан болып сайлануға кетті», – деп жергілікті Советтік өкімет орындарына жеткізген сөзін келтірді (Махаева А.Ш. Қазақ комитеттері. Канд.дисс. А., 1995, 143 б.).
«Бірлік туы» Қазақ комитеттеріне байланысты жағымсыз пікірді таратушылардың басында ел арасынан шыға бастаған қазақ большевиктердің жүргенін, «орыстың осы большевик ауруының жақын арада қазаққа да жұғып» келе жатқанын жазды.
Осындай мазмұндағы өзгерістер басқа да облыстарда жүріп жатты. Мәселен, 1918 жылдың ақпанында болып өткен Семей облыстық жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары Советінің біріккен съезі облыстағы биліктің толығымен өз қолдарына өткендігін мәлімдеді.
1918 жылы 7 наурызда Советтердің Ақмола уездік атқару комитеті жабық мәжілісінде уездік Қазақ комитеттерін тарату, ал оның орнына уездік советтің жанынан қазақтардың ұлттық ісімен айналысатын бөлім ашу жөнінде шешім қабылдайды. Ашылған бөлімге С.Сейфуллин, Б.Жұманов, Ж.Омаров сияқты саяси ұстанымы тұрғысынан Қазақ комитеті құрамынан шығарылғандар тартылды. Басқаша айтқанда, Қазақ комитеттеріне қарсы ресейлік большевиктер жағына шыққан Омбыдағы «Үш жүз» аталған партия белсенділері, Жетісуда Т.Бокин және басқалар Қазақ комитетін тезірек таратып, оның қызметіне атсалысқан Ұлт-азаттық қозғалыс белсенділерін абақтыға жаптыруға біраз күш салды. Қазақ Ұлт-азаттық қозғалысының түпкі мақсат-мұратын түсіне алмаған бұл ұлт белсенділері құрамы тұрғысынан біркелкі емес-тін. Олардың арасында қарадүрсін, большевиктік дүрмекке көз жұмып ергендер де, білімінің жетімсіздігінен адасқандар да, сондай-ақ, жеке бас бақастығынан жоғары көтеріле алмағандар да аз емес-тін. Қалай болғанда да, осы уақытқа дейін рулық ырың-жырыңның темір құрсауында тұншыққан қазақ қоғамы ендігі уақытта большевиктік билік жағдайында әлеуметтік-таптық негізде бөлініп-жарылудың қара орманына кірді де кетті.
Қорыта айтқанда, Қазақ комитеттері 1917 жылдың наурыз айынан бастап барлық қазақ облыстарында өмірге келе бастаған Қазақ комитеттері жылдың екінші жартысында Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің ел ішіндегі тірегіне айналған еді. Яғни Қазақ комитеттері 1917 жылғы қазақ Ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы жемісі, оның ұлттық-мемлекеттік дербестікке ұмтылысының нақты көрінісі, халықтың жасампаздық күш-қуатының бар екендігінің айғағы еді.
Советтік тарихнаманың Қазақ комитеттері туралы тақырыпты біржола жауып тастауы ұлттың 17 жылғы аласапыран тұсында өзінің мемлекеттілігін қалпына келтіру әрекетін мүмкін болғанша ұмыттыру еді. Ал Совет үкіметінің 1919 жылғы Алаш қозғалысына қатынасқан қазақ азаматтарына байланысты амнистия (кешірім) жариялағандығы туралы мәлімдемесі, әрине, құқықтық негізі күмәнді шешім болатын. Елдің азаттығы және оның жерінің тұтастығы үшін күрес жолына шыққан қоғамдық қозғалысты декрет арқылы жою қандай билікке болмасын абырой бермейтіндігі түсінікті.