АЙКЕЗБЕ ҰРПАҚ
02.09.2016
1891
0

49504Біз бастан өткерген өзге­ріс­тер­ді осы күні кім зерттеп жүр? Сол өзгерістердің біздің ділімізге, қоғамымызға қалай әсер етіп жат­қанын кім айтып бере алады? Тәуел­сіздігіміздің жиырма бес жы­лында асқан жылдамдықпен өз­геріп отырған қоғамда қанша ай­кезбе ұрпақ бей-жай тірлік­тен қашып, ішкі әлемін өзге ді­л­ден, діннен, ағымнан, ұстаным­нан, көзқарастан іздеп кетті екен? Кейде сол айкезбе ұрпақтың адас­қан жолға түсіп кетуіне ға­лам­дық өзгерістерден бұрын ішкі жағ­дайымыз себепкердей болады да тұрады. Бір мемлекетте туып, екін­шісінде өскен, бір эко­но­ми­ка­лық формациядан екіншісіне өткен ұрпақты былай қойғанда, тәуелсіздіктен кейінгі толқын бас­тан өткерген түрлі білім ре­фор­­малары, қоғам бастан кешкен ғылыми дағдарыстар, рухани жұ­таңдық – асқан жылдамдықпен жаңарған ғаламдық ғылыми-тех­ни­калық жетістік, сөзіне ұйыр тұл­ғаның жетімсіздігі – бүгінгі қо­ғамның психологиялық жағ­дайын тым күрделендіріп жібер­ген­дей.


Қарагөз СІМӘДІЛ

Біздің сөз емес, бірақ келісуге тұ­рарлық сөз, не десек те, тарих – тұл­ғалармен жазылады. Кез кел­­ген қоғамда нар тұлғалы саң­лақ­тардың орны бір басқа да, жалпы ұлтты құрайтын қалың қауым­ның атқаратын міндеті бө­лек болған. Мұндай элитаны «пас­­сионар тұлғалар» деп те жа­та­­ды. Тіпті, қазіргі таңда ғы­лым­ның жаңа бір саласы «тұлғатану» ілімі де қалыптасып үлгерді. Демек, біздің қоғамға, біздің қо­ғамға ғана емес, жалпыадамзатқа – тұлға бұрыннан керек бол­­ған, қазір де қажеттілігі байқа­лады.

Кеңес заманынан ілік іздеген кез­де – қоғам дамуының қоз­ғау­шы күші – халық бұқарасы деген қа­ғидаға сүйенгенін тілге тиек етеміз. Иә, социалистік қоғамға тұл­ғаның қажеті де болмады. Өйт­кені, өзіндік ойы, пікірі, қы­лы­ғы бар тұлға идеологиялық үгіт­теуге, икемдеуге көне бер­мей­ді. Ол кезде бәрін шешетін же­ке тұлға емес, халық бұқарасы (шартты түрде болса да) еді. Сөйт­се де, ол қоғамның өзінде де әр ұлттың сөзін ұстаған жана­шыр­лары болды. Сол жанашырлар арқылы ұлттың иммунитеті қалыптасты.

Бүгінгі ғылыми қағи­дат­тар­ға сай, қоғамды қалыптас­ты­ра­тын орта топ өкілдерінің, «ор­та­ша статистикалық» азамат­тар­дың интеллектуалдық деңгейі маңыз­ды роль атқарады. Бұл интел­лек­туалдық деңгейді әлеуметтану ғылымында  адамдық капитал­дың бір бөлігі болып саналатын – интеллектуалды капитал ұғы­мымен өлшейді.

Сол интеллектуалды капитал біз­дің қоғамда бар ма? Бар болса, олар кімдер деген ойға бас ауыртып көрсек қайтеді.

Интеллектуалды капиталды қа­лыптастырып отырған бір сала – ғылым деп аталса, оның біздегі жағдайы турасында ойланудың өзі  ауыр. Бір ғана мысал, ғылым­ды қаржыландыру бойынша Израиль (4,86%) көш басында келеді. Дамыған мемлекеттерде бұл көр­сеткіш: Финляндияда– 4,01%, Швецияда– 3,75%, Жапонияда– 3,42%, Кореяда– 3,37% пайызды құрайды. Ал біздің елде ЖІӨ-дегі ғылымды дамытуға жұмсалған шығын көлемі 0,18 пайыз ғана. Білім және ғылым министрінің сөзіне сенсек, 2020 жылға қарай ғылымды дамытуға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-ден 2 пайызға, 2050 жылға қарай – 3 пайызға арттыру көзделіп отыр. Ол уа­қытқа дейін, 0,18 пайыз қаржымен ғылым саласының қай жыртығын жамарымыз да белгісіз болып тұр. Бұл жағ­дайда елімізде адам­дық капи­тал­дың сапасын арт­тыруға көбі­рек көңіл бөлу керек еді деп қа­лай айтамыз? АҚШ президенті Барак Обама эко­номикалық дағдарыс басталған тұста «Білім – экономи­ка­лық маңызды мәселе» деп мәлімдеді. Дүние­жү­зілік банктің 2011 жыл­ғы баяндамасына сүйен­сек, эко­номикалық  даму үшін білімді жинақтау мәселесі капиталды жинақтау мәселесімен па­ра-пар үрдіс екен. Демек, бі­лім ел экономикасын дамыту­дың және жалпы экономикалық дамудың маңызды құралы.

Демек, біз іздеген тұлға осы бі­лім мен ғылым саласында көп­теп шыққаны абзал. Мектеп мұ­ға­лімінен бастап, университет профессорларына дейінгі ара­лық­тағы мамандардың тұлға атан­бақ түгілі, «орташа топ» өкі­лі­нің қатарына кіре алмай, көш­тің соңында ілбіп басып келе жат­қанын есепке алсақ, бұл са­ла­дағы тұлғалар ролін арттыру мә­селесі пайда болады.

Әлеуметтік сауалнамалар нә­тижесі бойынша біздің елді тол­ғандыратын ең өзекті мәселелер мы­налар: азық-түлік бағасының қым­баттауы, жұмыссыздық, ком­­муналды қызметтер, өнді­ріс­тік тауарлар мен қызметтер баға­ла­рының өсуі, денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасының төмендеуі. Яғни қара­пайым тұрғын негізінен ба­ғалар өсімі мен жұмыссыздық жә­не денсау­лық сақтау мәс­е­ле­ле­ріне көбірек алаңдайды. Сол зерт­теушілердің айтқанына зейін қойып, қазақ­стандықтардың ай сайынғы тап­қан табысын қалай жа­рататынына зер сал­сақ, табыс­тың жарысынан көбін азық-тү­лік­ке жұмсап, 15 пайызын ком­му­налдық тө­лем ­мен киім-кешекке жеткізетін кө­рі­неді. Мұндай жағдайда мәдени орын­дарға бару, өзін-өзі жетіл­діру, депозит, т.б. са­лымдар туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ал дамыған мемлекет­тер­дің халқы тапқан табысының 10-15 пайызын ғана тамақтану, азық-түлік­ке, ал қалған бөлігін бас­қа қыз­меттерге жұмсайтынын бі­леміз. Мысалы, Ұлыбританияда ха­лық табы­сының – 9,1 пайызы, Швейцарияда – 9,6 пайызы, Данияда – 10,7 пайызы, Норвегияда – 11,8 пайызы, Германияда – 12,1 пайы­зы ғана тамаққа жара­­тылады. Ал біз­­дің қоғам әлі де тамақтану үшін өмір сүріп жүр. Демек, біз қан­­ша жерден дамудың үздік үлгісін таңдап алдық десек те, ха­лы­қ­тың­ қа­­ра­пайым қажет­тіліктерінің өзін ­толық қанағат­тандыра алмай келеміз. Жұмыс­сыздық, тұр­ғын үй – біз үшін ең өзекті мә­се­ле­лер. Қазақтың ба­сындағы бұл жағ­дайды сырт көз білмей отыр­ған жоқ. Әбден зерттеп, біліп ал­ған, ұлттың әлсіз тұсы қайсы еке­нін, халықтың тамырын қа­лай басуға боларын ұғып отыр­ған­дар көп. Ішкі-сырт­қы  діни экстремизм, әлеу­меттік теңсіздіктен болып жат­қан ірілі-ұсақты дүм­пулер, т.б. әлеу­меттік-рухани  шие­леністер – бар­лы­ғы­ның астарында әлеу­меттік ахуалдың әлсіздігі жатыр. Күн өткен сайын шиеле­нісіп бара жатқан мә­селе­нің бірі – мате­риалдық, ді­ни, ұлттық белгілер бойынша қо­ғамның әлеуметтік жікке бөлініп кетуі.Бұл, әрине, жалғыз біздің елдегі мәселе емес. Әлеумет­танушылар айтады: қазіргі посткеңестік елдер қо­ғамында тап арасындағы ал­шақ­тық тым ұлғайып кеткен. Мә­селен, қоғамның ең төменгі жә­не жоғарғы табының ара­сын­дағы алшақтық коэффициенті ең көп дегенде 1/7 шамасында болуы керек, ал біздің қоғамда бұл көр­сеткіш 1/14. Демек, айырма жер мен көктей. Әлеуметтік қай­шылықтарға жол ашып беретін бірден-бір себеп те осы.

«Аққу – көкке, шаян – шөлге, шор­тан – көлге» тартқан бұл жағ­дайымызда қазақты бас араз­ды­ғы­нан сақтап қалар кімің бар де­генде, күллі ұлт азаматтығына бас иер, айтқанына құлақ қояр тұл­ғаны қоғам керексініп отыр­ға­нын айтпасқа тағы болмайды…

Біздің елде азаматынан ай­рыл­ған үй (әулет, топ деп алсақ та болар) оның ізгі қасиетін жырмен жырлап, бір жыл бойына қара жамылған әйелдеріне жоқ­тау айтқызып, ел үшін, жер үшін сіңірген еңбегін кейінгіге тоқ­тау­сыз жеткізіп отырғанды құп көр­ген. Сол жұрттың арғысын қаз­ба­­­ламай-ақ қоялық, тарихымызға қара таңба боп түскен қуғын-сүр­гін жылдары ұлтқа сүйеніш болар талай тұлғаларынан қапияда көз жазып қалып жатқанын білді ме екен, елі, жұрты? Мәселен, Әли­хан ату жазасына кесілгенде қа­зақ қандай тұлғасынан айрылып қалғанын түйсінді ме?! Әри­не, бүгінде отырып өткенге тө­релік айту, айып тағу – оп-оңай. Бүгінгінің күнінде, біз­дер­ге, қай тұлғаларымызды қас­тер­леп, қайсысының қадіріне жете ал­май отырғанымызды сана­мыз­ға сіңі­ріп берер кім бар? Кімнің тұл­ға, кімнің азамат екенін анық­­тап біліп жатпай-ақ, бізде ел­­ді соңы­на ертер ешкім жоқ, ел­­дің сөзін ұстар ешкіміміз қал­мады деп күңіренеміз келіп. Бәл­кім, тұлға тұтар ешкім қалмаса қал­маған да болар – кеше ғана күл­лі қазақтың басын қосар мә­се­ленің ең бастысы, жер дауы ортаға тасталғанда, 86-да ел Бауыр­жанын қалай іздеп кетсе, көп­шілік дәл сондай күйді кеш­кенін айтқандар көп болды ғой. Сөйт­кенмен де, ел айрылып, жұрт көшкенде күллі жұртты ау­зына қарата алар тұлғаның орны бұрыннан зор еді, қазір де сол мі­незден арылған жоқпыз деуге әб­ден болады.

Енді келесі бір мәселе.

Неміс әлеуметтанушысы Ф.Тен­нис сипаттаған қауымдық эле­менттер біздің бүгінгі қоғам­да ­әлі де бар: бізде қауым­дық (ұлттық, әулеттік, діни) құн­­дылықтармен өмір сүру, салт-дәс­түрді ұстану, т.б. мінездер әлі күнге сақталған. Әрине, бұл жақ­сы. Біз сол жақсының өзін, қо­ғам­ның өзіне-өзі жасайтын әлеу­меттік бақылаудың дәл осы кү­­шін де лайықты пайдалана ал­май келеміз.

Тағы бір мәселе, құндылықтар жыл­дам өзгерген қоғамдағы қа­зақтың сөзін ұстар жанның тұл­ға­лық болмысына келіп тіре­ле­ді…

Күні кеше ғана Батыс зерт­теу­шілері жастардың сайлау ту­ра­­лы көзқарасын жариялады. Жастар үшін сайлауға түскен тұл­ғалардың көзқарасы, білімі, ұс­танымы, байлығы, тіптен, ген­дерлік айырмашылығы маңызды емес, жас айырмашылығы ғана бас­ты орында екен. Яғни бүгінгі жас­тар сенің ғылымыңа да, бі­лі­міңе де, көзқарасыңа да, тұлғалық болмысыңа да мән бермейді. Сен онымен замандас, құрдас болуың керек.

Болашақтың бұл өзгерісін осы­­дан екі айға жуық уақыт бұ­рын, 87 жасында дүние салған аме­­­р­икалық философ және со­цио­­лог Элвин Тоффлер өткен ға­­сыр ортасында айтып кеткен. Поляк эмиргантының ұлы, шы­ғармашылық жолын өлең жазудан бастап, кейін журналистикаға ойысқан, соңыра болашақ туралы қоғамдық зерттеулермен ай­налысқан, ғылыми болжам­да­ры­ның біразы өзінің көзі тірі ке­­­­зін­де-ақ ақиқатқа айналған социолог Элвин Тоффлердің бол­­жамы мен пайымы біздің дәл бү­­гініміз үшін аса керек зерттеулер еді…

Футуролог Тоффлер жаңа за­ман­ның прогресі ғылымның ға­на емес, қоғамның барлық ас­пек­тілерінде де адамзатты да­му­дың жаңа сатысына көтеретінін айтып кеткен. Сол уақыттың өзге жауырыншылары жақын бо­ла­шақта қазба байлықтар, мұнай, газ таусылып, жер дүние құриды деп күңіреніп жүрген сәтте, Тоффлер жер дүниені тығырыққа ті­­рейтін – жердегі қазба бай­лық­тардың түгесілуі емес, дамыған тех­нологиялардың өмірді тез өз­гертуі деген қорытынды жасады. Яғни адамзат құрыса, әп-сәтте мың құбылатын өзгерістерді қа­былдауға дайындығы болмай, пси­хологиялық салмақты көтере ал­мауынан құрып бітеді деп бол­жаған екен.

Шынымен де, адамзат үшін ең басты қайғы өндіріс шикі­за­ты­­ның азаюы, экологиялық жүйе­­нің бұзылуы да емес шығар. За­­манауи ғылыми ойшылдар бұл апат­­тардың алдын алу үшін ты­ры­­сып-ақ келеді. Алайда, адам­ның психологиялық қоры шек­теулі екен. Тоффлердің бұл мә­­­се­­леде не дегенінен бейхабармыз, алайда, біздіңше, адам­зат­тың бүгінгі басты мәселесі мың құбылған әрі жылдам өзгерген қо­ғамға икемделуде емес, сол қо­­­ғамда әр ұлттың өзіндік рухани, мәдени, әлеуметтік құн­ды­лы­ғын сақтай алуында болар.

Осы жағдайда қалған кез келген қоғам өз Мұсасын (Асылық етсек, Алла кешірсін!) іздей­ді. «Сан ғасыр бойы сананы жай­ла­ған осы құлдық психологиядан арылту үшін кезінде Мұса пай­ғам­бар жөйттерді 40 жыл бойы шөлде адастырды, құлдық санасы бар үлкен кісілердің қайтыс болуын күтті, жас ұрпақты ғана жаңа жерге алып келіп, мемлекет құрды» деп жүр ғой білетіндер…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір