КӨРНЕКТІНІ КӨРГЕН ЖҰРТ…
Қолына шырақ алып, тапа тал түсте Адам іздеген әпенде Диогенше, әдебиетші де қалың қаламгердің ішінен көрнектісін табуға әрі тануға әдеттенген-ді. Бүгіндері бәйгені шаппай алатын мықтылардың көбейгені соншалық, «көзі тірі классигі» қайсы, халтурщигі қайсы, шыны керек айыра алмай дал болдық. Осы күні баспасөз бетінен аты-жөнін көріп қалған бойда-ақ: «Е-е-е, мынау ма?!» деуге ғана шама келетін боп жүр. Ерін ұшымен еріне айтылған осы сөз біреуге ауыр тисе, енді біреуге майдай жағатын көрінеді. Одақ фойесінде кезіге кеткенде: «Мен туралы жаз…», – деп жабысатын кейбір жазушы ағаларыма қайран қаласың. Ал: «Жаңа кітабым шықты. Оқып көр. Егер көңіліңнен шығып жатса, бір жерде айта жатарсың. Дегенмен, өз қалауың білсін…», – дейтіндердің жөні тым бөлек. Көптің ішінен сыпайыгершілік сақтап, әлі де «әдебиет – ардың ісі» деп түсінетіндерді кезіктіргенде үміт оты қайта жанғандай болады екен.
Әлібек БАЙБОЛ
Бірақ олар ат төбеліндей-ақ. Қазіргі кезде баспа да көп, жазушың да (700-ден аса) жетіп-артылады. Шыны керек, Әдебиет-абыз жастықпен, мастықпен шығарған алғашқы жинақтарға түсіністікпен қарайтын болса керек. Себебі, «Мен» деген Әлем әдебиетінің көгінде жүрген көптеген көрнекті қаламгердің сәтсіздеу шыққан дүниесін жіпке тізіп шығуға дайынбыз. Бұндайда атам қазақ: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ қой» деп арқадан қағатын болған ғой. Онысы, бұ ағаттықты екінші гәрі қайталама дегені… «Бармаймын деген жерге үш бардым!» – депті ғой баяғының бір келіні. Сол сықылды, қаламгер қауымы да балаң шағында ұрынған қателігін, бір қарағанда толыса түскен, кемелдікке біртабан жақындаған кезде де айналып өте алмағаны, өкінішті, әрине. Баспа станогынан енді ғана шыққан ып-ыстық мұқабаны ашқан бойда-ақ аннотацияны оқуға асығатынымыз бар. «Не жазылды екен?..» деген сұраққа жауап іздеуге тырысасың. Бұндай әңгүдік әрі жарымжан жауаптың атасына нәлет дерсіз. Автордың өзді-өзіне берілген бағасы мен туынды сапасын салыстыра келе терең ойға шомасың. Қатардағы қаламгер я ғұмырының тең жартысын публицистикаға арнап келген аға-екемнің «көрнекті» екенін сонда ғана білгеніңе ұяласың. Ол Оның емес, біз секілді пақырдың кінәсі ғой. Білмей келіппіз, кешіргейсіздер! Иә расында, тәп-тәуір прозашы көріп жүргендердің біразын қайта оқығанда сүйінетін де, күйінетін де тұстарын байқайсыз. Абай: «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс…» дегенін кімге қарата айтқаны белгілі шығар. Алайда, дәл осынау ұғым балаңдықтан арылмағаны өз алдына, соған қарамай «көрнекті» болуға тырысқан, нақтырақ айтқанда, тырбанғандардың ішкі хал-ахуалын көрсете түскендей әсерде болады екенсіз. Бір кездері ел білетін қазақ сыншысының Маркестің магиялық реализміне аса дайын болмай шыққаны, оны жатсынғаны соншалық: «Бұл жалпы, әдебиетке тән емес…» деуге дейін бара алғаны таң қалдырды. Көкейде: «Біз әркез әлемдік әдеби үрдістен қалыс қалып жүреміз бе?» деген сұрақ туады. Колумбия туындыгерінің «Інжіл» сюжеті мен Латын Америка аңыздарына құрылған «Жүз жылдық жалғыздығын» жатсынғанымыз қалай? Сол аға-сыншымыз әдебиетке төрелік айтып, интеллектуал саналушы еді, шіркін. Бүгіндері қайта оқығанда біртүрлі солғын тартты деуге келмес, әрине, бірақ «парақтары сарғая» түскенін аңғардық. Прозада Әбе – Әбдіжәміл, Әбіш, Мұхтар, Қалихан, ал поэзияда Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Кеңшілік, Олжас турасындағы толымды сындарын оқығанда таң қалғанымыз бар, кейіндеу әлгі ағамыздың санаулы ғана кітабына ден қойғанда байқағанымыз – болжампаздық пен интуиция (түйсік) жағы кемшін боп шықты. Өйткені, өзге де қаламгерлер жөнінде айтқан пікірлер нысанаға дөп тимеген-ді. Бүгіндері «қабырғалы қаламгер», «көрнекті жазушы», «дара ақын», «шашауына шаң жұқтырмайтын шайырдың» бірі жоқ. Ал сын алдаспанын артық сілтеген сыншым біреудің қолын, екіншінің аяғын, қайбір сәтте бәзбіреудің басын «шапқан» ғой. Бірақ солар арамызда әлі жүр. Өз оқырманы бар. Ал үлкен сыншы Зейнолла Серікқалиевтің «Тағдыр және біз» атты мақалалар жинағына тағы бір соққанда Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген» сынды шығармаларын бір қатарға қойыпты. Қайсысы әлді, қайсысы әлсіз екені түсініксіздеу. Сыншының қабырғалы қаламгердің өшуден өсуге, өсуден өшуге дейінгі аралықтағы даму динамикасын нақты анықтай алмағаны таң-тамаша қалдырды. Серікқалиев Мұстафиннің жасын сыйлады ма, әлде басқа да бір себептер болды ма, о жағы бізге белгісіздеу. Бірақ әдебиетші шу асаудың қамшы салдырмайтынын іштей білді ме екен, әйтеуір сыпайқамшылаудан аспапты. Нағыз батыл һәм әділ сын сол кездері айтылғанын ескерер болсақ, Қазақ әдебиеті пантеонындағы аз орынның иелері кім екені баяғыда-ақ анықталғанына сенім мол. Басқа-басқа, Мұхтар Әуезовтің өзін «сызып оқыған» Тәкеннің де барлық дүниесін жауһар қатарына қоса ала ма екенбіз, осы?! Бұдан туындайтын сауал – «көрнектіліктің» критерийі қандай және көрнекті деп кімді айтамыз? Шәкәрімнің мына бір сөзіне ерекше мән беруге тиістіміз – «Ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек…». Яғни қазіргі кезде өзін пайғамбар жариялаған адамдардың көбейгеніндей (ақырзаман пайғамбары Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с), «Сөз өнерінде» өз-өзін «көзі тірі классикпін» дейтіндер аз емес. Бұл сор ма, бақ па?!. Сондықтан әркімнің өз ар-ұяты білсін деуден басқа не айтамыз?! Жиырмаға тарта кітаптың бәріне «Таңдамалы» деген таңбаны басып шыққан қаламгердің абырой-ожданы қай шамада екенін анықтау үшін сәуегей я бақсы-балгер болудың қажеті жоқ. Кейін үлкен бір жиын-шарада сол жазушыңыз «қазақ әдебиетін Әлемге танытып» жатқандардың алғы шебінде жүргенін естіп қалсаңыз, Сізден өтінерім – есіңіз ауып қалмасын! Себебі, бұл үйреншікті үрдіс. «Қолдан келсе, қоныштан басқанға» не жетсін, мырзалар… Мемлекеттік сыйлыққа түсер кезде шен-шекпенді мен қолында билігі бар делінген көкелердің масаша мазасын ап, тыным таптырмайтынын жасырып қайтейік. Солар – билік басындағылар өзін Әдебиетке жаны ашып, бұрыннан процессті бақылап жүргендей сезінетінін қайтесіз. Мәселен, жуырда өткен Қарқара көтерілісіне 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиынға ат басын бұруға жарамаған белді де беделді басшы-екемдер бір жазушыларды мақтап немесе қолдан көтермелегенін көрсеңіз, оған да аса мән бермеуіңізді сұраймыз. Бәріміз Алла алдында сұралатынымызды қаперден шығармайық. Исрафил (ғ.с.) періште сүр үрлегенде адамзат тіріліп, Ардың (Ар – Құдай!) таразыланатынын қайталай берсек, Сөзден мән кететін шығар-ау, шамасы. Дегенмен, фәни бақиға жалғасатынын ұмытпайық, жәмиғат. Шендіні білмеймін, бірақ артынан із қалдырғысы келетін, сом шығарма жазғысы бар жазарман қатты ойлануға тиіс демекпіз.
Көңіл мұндар желденіп,
Дүние қызық көрінді, – деген Базар жыраудан әулие емес шығармыз. Соңғы уақытта шыққан аға буынның кітаптарын оқуға деген құштарлық ерекше. Сондағы мақсат – «қандай тақырып қозғалуда, қалай жазылуда, нендей жаңалық бар, бұрынғы мен бүгінгінің айырмасы неде, қаламгерлер қауымы қазіргі қазақ қоғамын қаншалықты зерттей алды?» деген қаптаған сұраққа жауап іздегің келеді де тұрады. Жастардың ішінен Қанаттың «Көршінің қызы», Арманның «Мимырты», Дарханның «Қылтұсауы», Ерболаттың «Министрінен» басқа әзірше өңге дүние жазыла қоймады. Жоқты бардай, барды дардай етіп көрсетуге бейім қазақы көңіл дәл осы тұста «төбе көрсете» қоймады. Жыл қорытындысы не әдеби басқосуларда екі-үш жыл ішінде жарық көрген жазушылардың есімі мен туынды атын сыдырта өте шығуды сын деп қабылдайтын дәрежеге жеткеніміз өтірік емес. Ал көңілжықпастықпен айтылған пікірдің арқасында біраз қаламгер «көрнекті» боп ортамызға топ ете қалды. «Ассалаумағалейкум! Танысып қояйық, мен көрнекті жазушымын!»… «О-о-о, өте қуаныштымын! Біле жүрейін…». Ал ел аузында жүрген Жүсіпбек Қорғасбектің «Үлпілдегіне» жанашырлықпен сын айтқан Нұрбек Түсіпхан аяқ астынан «анти-герой» болды да қалды. Біз мақтауға бой үйреткеніміз соншалық, талдау мен талғауға негізделген қатал сынға дайын болмай шықтық. Ең сорақысы сонда, бұ кері үрдіс әдебиетімізде етек алып кетті. Мінберден «сын қабылдау мәдениетін қалыптастырып», «өсіп-өну, шынайы шығармагер болу үшін сын қажет» екенін дер шағында аңдай алған ағаларым осы кезде неге сыр бере қалды екен, түге?! Бір түйгенім – Біз шыны секілді шытынамайды екенбіз, Біз бірден морт кетеміз. Інілік ізетпен жазылған Нұрбектің сынын әркім әрқалай қабылдап, сан-саққа жүгіртті. Біреу «заказ» деді, енді бірі «қасақана» деді. Ал Бағашар Дидарға сын айтып қалып еді, арты әлгіндей болды. Өте сауатты, әдебиетшілігі тәп-тәуір және сырттай ұстамды көрінген Дидар Амантай әдеби емес ойларын әлеуметтік желіге жариялап жіберді. Айтты, қойды… «Ит үреді, керуен көшеді». Соңында: «Өз сөзім өзімдікі!» дегендей екі тарап тып-тыныш тарқасты. Бүгінгі әдебиетті Біз тек кек қайтарып, сойып салатын қолшоқпар я біреудің қолымен от көсейтін көсеу түрінде ғана көретін боп жүріппіз ғой, сонда?! Бұл қалай, эстетика, этика, Әлем әдебиетінің көшіне ілесу, Әлем мәдениетіне қосылу, шынайылық, турашылдық, сұлулық, ағым, білім мен білік, т.б. ұстынды ойлар жай ғана оттаған әңгіме болғаны ма?.. Қазіргі кезде дау қуған, біреуді қаралаған, аяқтан шалған дүниелер көп оқылатынына көзіміз жеткендей болды. Мәселенки, қос Мұхтар арасындағы кикіл-жің. Түптеп келгенде, бұл әдебиет қамы емес, бірін-бірі тұқыртудың амалы ғана. Тофтология болса да айту міндет, мына қазаққа әдебиет қамын емес, оған жағу мен жағынудың ғана қамын ойластырайықшы, халайық! «Ұрпақ алдындағы жауапкершілік» туралы сөйлегенде жаңылған жазушыны әлі көре алмадық. Бірақ өмірімізде бір мәрте болса да ұрпақ алдында ұятты екенімізді мойындайықшы. Іштей болса да. Бағана аға буынның кітабын оқуға деген ынта-ықылас ерекше деп қалдық. Сүзіп шықтық! Қауашағымның ішінде бірден: «Баяндау стилі неге басым және жазудағы пафосқа неге алабөтен ден қоя қалдық екен?» деген қос сұрақ туа қалғаны. Әдемі сөзден, ғажап метафорадан, тақтайдай тегіс сюжеттен аяқ алып жүре алмайсыз. Сұлу сөз көп болса да жалықтырады екен. Пропорция деген болмай ма, дәрігер дәріні де мөлшермен бермейтін бе еді? «Білемін, жаза берсең сөз тым көп, бірақ оқырманға соның қажеттісін ғана теріп беріңдерді» Золяға таңамын. Арсеналымыздағы бар сөз-сөйлемді орынды-орынсыз қолдана берсек, онда қолына Калашников алған Челахтан айырмамыз болмай қалмай ма, а?.. Тағы бір түсінбеген жерім – кітапқа ат қою. Кез келген оқырман кітапты сатып аларында алдыменен атына мән береді. Тартса тартты, тартпаса шетке ысыра салады. Сенбесеңіз, кітап дүкеніне тұрақты баратын алушы мінез-құлқын зерттеп, аса мән беріңіз (жарнамасы Жер жарып тұрған жазушының жөні бөлектеу). Мысалға деймін да, «Тау мен тас», «Бас пен қас», «Аяқ пен қол», «Тобық мен табан», «Ақ пен қара», «Жер мен Көк», «Үлкен мен кіші», «Су мен бу», «Шу мен у», «Жел мен ел», «Күн мен түн», «Жүрек пен білек», «Шаш пен тырнақ» сықылды тізесі шыққан ұғымдардан мүмкін болса, қашқан дұрыс па деп ойлап қоям, кейде. Себебі, ғылым мен көркем әдебиеттің көтерер жүгі екі түрлі ғой. Бұған қоса, диалогтар неге нақты емес екенін әлі түсінбей жүрмін. Білуімізше, диалог атаулысы туындыны бір қырынан ғана ашып қоймай, кейіпкер жан-дүниесіне үңіліп, сюжетті шымыр ету, оқиға тудыру үшін қажет емес пе?! Ал Бізде көп сөйлеп, балпылдап, былшылдауға барынша жақын диалогтар көп болғандықтан ба, туынды өзегі қайда екенін таппайсың, соған сай жазушы ойы шашыраңқы шығатыны тағы бар. «Піссіміллә рахман рахим!» деп кітап бетін ашқан бойда-ақ Адам-Ата ұрпағына үлкен үміт сыйлайтын аннотациялар болады. Шап-шағын, оқып шығып сүйсінесің, тегі. «Ешкімге ұқсамайтын», «Өзіндік үнімен келген», «дәстүрлі қазақ прозасынан оқшаулау» деген сыңайдағы жазбаларды оқып жаның рахат табады. Ал оқып шыққан соң оқиғалар құрақ көрпе секілді, арасындағы жік білініп қалып жататын кездер баршылық екен аңғарасыз. Кей тұста ваакум көп екенін түсінесіз. Соны байқатпас үшін жазушы барлық көркемдік айла-амал, әдіс-тәсілді пайдаланып әлек. Бірақ жазарман жамап-жасқаған со орын қалай дегенмен көрініп-ақ тұрады екен. Өйткені, органика мен тұтастық атаулысы әлсіз тартып тұрады. Жасарын жасап, асарын асаған, жасы сексеннен асқанда жиған-тергенін, тартпасында жатып қалғанын басып шығаруға бейім ақсақалдарымыз бар. Дүниеден өтер шағында өз биігінен түсіп қалмаса деп тілейді екенсің. Әлсіз дүниесін оқып қалсаң, Ол ағаңа деген сенім азая түсетінін жасырғымыз жоқ. «Көрнекті» деген атты Құдайым көп көрмесін, әсіресе қазақ үшін. Біз де адамбыз ғой!..
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.