ЗЕРЕГЕ  ҚОЙҒАН ЕҢСЕЛІ  ЕСКЕРТКІШ
26.08.2016
1892
0

DSC_9600Зере – Тоқбала… Майлықожаша айтқанда, «жалғанды жанына кім байлаған», «Халық анасы» (М.Момышұлы) 89-ға қараған шағында дүниеден озған-ды. Ақылман, зерделі де зейінді әрі мейірімді жанды ауылдағы ағайын «Кәрі әже» деп еркелеткен екен. Кәрінен қорыққандықтан емес, сыйлағандықтан болса керек. Өмірінің соңында құлағы ауыр естігенімен, көкірек-кеудесінің құлағы түрік еді. Ибраһим – Телғара, Алаш Абай деп жүрген хакімнің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Зере әжейдің: «Бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?!»  деп басталатын ертек-әңгіме, қисса-дастанды «Мың бір түннен» кем айтпайтын-ды.

Ауыз  әдебиетінің жауһарларын ынтыға­ тыңдауға  дағдыланған Абай ылғи әжесінің қасынан шықпайтын. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» атты тарауында: «Абай биыл ғана анық баға­лады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. …Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ – Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды…», – деп баяндауынан-ақ Зере анамыз тұлғалана, кесектене түскендей әсер­де болады екенсің. Қазақ­та осынау кісілер аз ба екен?! Жалпақ жалғанға табаны алғаш тиген Хауа-Анадан бастап, Әсия ана, Мәриям ана, Хадиша ана, Айша бибі, бибі Фатима, Бегім ана, Рәбия Сұлтан Бегім, Домалақ ана, Айғаным ана, Қарашаш сұлу, керей Абақ ана, найман Қызай ана, арғын Қарақабат ана, қыпшақ Алтыншаш ана, кіші жүз Балқы ана, Гаухар аналардың Ұлы көшін Зере мен Ұлжан жалғай түсіп, қазақ руханиятына халқына қадірі асқан ұлдар мен қылықты қыздарды өмірге алып келгені ойлы адам  үшін олжа екені айтпаса да бел­гілі ғой. Жуырда Шығыс Қазақстан облы­сының Жарма ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы, Абайдың әжесі – Зереге биіктігі 4 метрден асатын еңселі ескерткіш орнатылды. Қалбатау өңірінің тумасы Ұлы анамызға қойылған, бала Абайды тізесіне отырғызып, ел қамын жеген әйел мүсінінің ашылу салтанатына зиялылар жиылып, ізгі тілектерін айтты. Рухани мереке құтты болсын, халайық!..

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір