ЖЕЛІГЕ ЖЕГІЛГЕН ӨМІР
26.08.2016
1765
0

Businessman looking to the internet through the computerБалабақша. Балалардың бақшамен қоштасу ертеңгілігі. Тәрбиеші-педагогтар зыр жүгіріп жүр, балалар да көңілді, айтулы шараға едәуір  жауапкершілікпен  қарайды. Ұлдар ақ жейде, қара шалбар, қыз балалар әдемі көйлек киіп, заманның сәніне сай кеуделеріне «бітіруші» деп жазылған көк таспа таққан. Жетектескен ұл мен қыз әуезді әуеннің ырғағымен салтанатты түрде залға кіріп, ата-аналарға  иіліп амандасқан соң шеткерірек тұрады.

Күні кеше өмірге келген сә­биі­нің қимылын бағып, әр бас­қан қадамына шаттанып жүрген ана­ның бұл қуанышы бұрынғыдан өзгерек. Жүректің  лүпілі алқымға тығылып, көзден қуаныш пен сүйініштің ыстық тамшысы тамады. Әл-әзір бітетін бір ғана шумақ. Бал­дырғанның тақпағын мәнер­леп айтуға тырысқан талабы,  қа­лың  ата-аналар арасынан  анасын көзімен шолып іздегені қайта айналып келмейтін шуақты сәт.Му­зыка залының жетекшісі бала­лар­дың қимылын мұқият қада­ғалап, әр баланың орнын ишаратпен нұсқайды. Балдырғандардың бірінің кезегінен жаңылып ортаға шықпағаны, енді бірінің тақпа­ғының алғашқы сөзін ұмытып тәр­биешіге, я анасына жаутаң­дағаны, келесілерінің биге арнал­ған киімді кию үшін ақырын ғана залдан шығып кететіні  де табиғи.  Сахна секілді безендірілген зал­дың тасасында балалардың киімін жөн­деп кигізетін апайлардың жа­нашырлығы жүрегіңізді елжі­ре­теді. Көрсең көзің тоятын, сүйсін­тіп, сүйіндіретін-ақ көрініс…

Ата-аналарға арнап тізілген орын­дықтарға бірен-саран әже, бірді-екілі әке отыр, көбіне шешелер жайғасқан. Әжелерден бас­қасы қолдарындағы телефон­ның бейнекамерасы қосылулы  бол­ған­дықтан перзенттерінің тақ­пақ айтып, ән салып, би билегеніне қол соға алмайды.Балдырғандар да бейнежазбаға тәуір түссем дей­тіндей…

«Құрметті ата-аналар осымен балаларымыз дайындаған «Қош бол, балабақша!» атты ертеңгілігі аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге рахмет». Балалар топқа, ата-аналар жұмысқа тарады. Кешке үйлеріне жиналған олардың кейбірі телефондағы жазбаны әкелеріне көрсетті, енді бірінің телефонында сақталған күйі қала берді.

***

Жас отбасы  жұмыстан бірге қайт­ты.  Күннің қалай өткені жай­лы бір-екі ауыз тіл қатысқан соң әйелі телефонға шұқшиды. Дүкеннен  үйге керекті заттарды алу үшін тағы бір тіл қатысқаны бол­маса әңгіме айтпады. Үйге кел­ген соң келіншек тамақ қамы­на кір­істі, балалар теледидар, әкелері телефон қарады.

– Мама, біз бүгін күшті ойна­дық, – деп басталған баласының әңгімесін «Мен тамақ жасап болайын, сосын тыңдаймын», – деп қайырған шеше тамақтың суы қай­нағанға дейінгі  уақытта тағы да телефонға жармасты.

– Мама, сенің телефоныңнан «Ма­ша медведь» көрсем бола ма?

– Қызым, менің телефонымнан интернет дұрыс ұстамайды, па­паңнан сұрашы. YouTube қарау­ға жарамайды деген сылтаумен шешесі қызын қайтарып жіберіп еді, ортаншысы «Папам, өзі watsapp-та отыр ғой», – деп риясыз жауап қатты.

Отбасылық ортақ  әңгіме тамақтану уақыты қанша уақытқа созылса, сонша уақыт қана айтылды. Арасында ерлі-зайып­тылар бір-бірінен watsapp-қа келген бейнелердің ең қызықтысын көрген-көрмеген­дерін сұрасты. Дастарханды жи­науға кіріскен шешеге тұңғышы те­лефонынан  вконтакте желісін­дегі қызық деректерді көрсетіп мәз.

– Балам, телефонды зиян деген сайын жабысасыңдар, осы уа­қытта кітап оқысаң қайтады?

– Қазір, мама. Енді бір он бес минут қарасам болды.

Үлкені атасының үйіне кеткенде Бейімбет Майлиннің әңгі­ме­лері мен Ілияс  Жансүгіровтің «Құла­гер» поэмасын оқы деп тапсырып жіберген еді. Жасөспірім малды ауылда  атқа мініп қой баға­тын­дықтан жүйрік ат туралы шығар­маға қызығар деп үміт­тен­ген.

– Мама, «Құлагер» поэмасы ұз-а-а-қ қой.

– Сюжетке құрылып, өлеңмен жа­зылған шығарманы поэма дей­ді, біз сендей кезімізде поэмаларды жаттайтынбыз.

– Тым ұза-а-а-а-қ қой, оны қа­лай жаттайсыздар?

– Жаттасаң жадың шың­дала­ды, оқығаныңды көп уақыт есіңде сақ­тайсың.

– Мен бірінші класта жаттаған тақ­пақтарымды әлі ұмытқан жоқ­пын ғой…

– Ол саған өмір бойы азық, сөз­дік қорың молаяды. Бір әңгі­мені бастағанда кібіртіктеп тұр­май, ойыңды анық  жеткізе ала­сың. Бала шешесінің сөзін ба­­йып­­пен тыңдағанымен, қасы­нан тез кетіп қалды. Соңғы сөзде­рінің оған аса дари қоймағынын іштей сезсе де анасы үндемеді. Желіге бай­лан­ған дүр­мек заман­ның алдында дәрменсіз еді. Бұдан біраз уақыт бұрын тұң­ғышының вконтак­тідегі парақ­шасын ашып көріп еді. Көп айтыла бермейтін қызықты деректер мен кейінгі кезде қатты қызығып жүрген футбол туралы мәлімет­тер­ге толы екен. Мағынасыз дү­ние­лердің жоқтығына шүкіршілік етті.

Ас үйден шықса, әкесінің ау­лаға кеткенін пайдаланған үшінші ұл телефон ойнауға кірісіпті, қы­зы «Маша мен аю» көре алмай қал­ғаны үшін бұртиып жүр. Ба­лала­рына ертегі оқып бермекші бо­лып еді, қажет кітапты қолына алып, балалардың  зейінін аудар­ғанша уақыт та ұзап кетіпті. Ертең ерте  тұрып балаларды балабақ­ша­ға шығарып салу керек екенін ойлап айнып қалды. Құдай бұ­йырса ер­тең кешке оқып берермін деп жұ­банды. Алайда, ертеңгі күн­нің де осы іспетті өтері белгілі еді…

***

Көрші ауылда тұратын ағасы қонаққа шақырыпты, туған кү­ніне орай жеңгесі шағын дастархан жайған екен. Алыс жол бол­ға­сын бала-шағаны ала шықты. Бұған дейін қашықтау жерге барса өзара жұмбақ жасырып жолды қысқартатын жақсы  әдеттері бар еді. Балалар сәл есейгелі сенсорлы телефонға  шұқшиюмен қыс­қара­тын болды. Балалардың бірі екін­шісіне Қайрат Нұртастың  Астанада тұратынын, Алматыда да үйі бар екенін,  соңғы көлігінің маркасын айтып келеді. «Оны қайдан білесің», – деген әкесінің сұрағына «Youtube-тан көріп алдым» деп жауап берді. Көптен көрмеген туыс­тар жиылып күтіп қалған екен, бірден дастарханға отырды. Балалық шақ, өткен өмір, болашақ жайлы жақсы әң­гіме айтылды. Туған күн иесіне жақсы тілек тілеп, бала-шаға өлең оқып, ән айтты. Телефонның бейнежазбасына түсірілген тілек­тер мен әндер балабақшадағы түсі­рі­лім­нің кебін киді,  қайталап еш­кім көрген жоқ.

***

«8 наурыз мерекесіне орай біз­дің сынып шағын концерт бе­реді, барлығыңыз қатыс­саңыз­дар жақсы болар еді». Сынып жетек­шісінің осы хабарландыруынан кейін аналардың бәрі жиналды. Аналарын қуантқысы келген ақ ниеттері балалардың көздерінен анық көрінеді, шетінен өнерлерін көрсетіп жатыр. Әдеттегідей теле­фонға түсіру басталғанда  Арайлым есімді қыз Айгүл Бажан-
о­ваның «Асыл ана» әнін орындады. Сәл уақыт өткен соң телефонға түсіріп отырған ананың бірі сол қолымен көзінен тамған жасты жан-жағына сездірмейін дегендей ақырын сүртіп отырды. Қайыр­масына келгенде телефонды қоя салып, көзінің жасын жасырмай әнді тыңдай бастады. Тыңдау мен бейнеге түсірудің айырмасын дәл осы тұста шын сезінген еді. Сол уақыттан бері балалардың қуа­нышында қолына телефон алмау­ға бекінді.

***

Кейінгі кезде адамдардың бар­лығы өзіне  ыңғайлы бір әлемде жүре­тіндей. Сол ыңғайлы дүниені  интернет  желісінен табады. Қоғамдық көлікке мінсеңіз де, ха­лыққа қызмет көрсету орындарына, я дәрігердің кезегінде отыр­саңыз да телефонға шұқши­ған тұрғындарды көресіз.

Youtube қорындағы бейнежазбаларды көріп шығу үшін 1000 жыл­дан аса уақыт кетеді екен, ал ол уақыт аралығында  Youtube-қа миллиардқа жуық жазба жүктеліп үлгеретін көрінеді. Оған тіркелген қолданушының 70%-ы  АҚШ-тан екен, ал  50% -ы  20-ға дейінгі жас­­тар. Қазақстан азаматтарының қанша пайызы Youtube-та, қан­шасы әлеуметтік желілерде оты­рып, оған қанша уақытын арнайтыны белгісіз. Алайда, тұр­ғын­дардың бүгінгі беталысына қарасақ, желінің ішіне көшу дәуірі басталып кеткендей…

 Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір