ЖАМБЫЛ  – БЕЛГРАД ТӨРІНДЕ
26.08.2016
1230
0

20160824195727Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға ресми сапары аясында Белградтың орталық көшесінің  бойындағы шағын алаңда қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың  мүсінін қойды. Бұл ескерткіш ұлы дала Гомері атанған ақынның туғанына 170 жыл толуына орай ашылып отыр.

Мемлекет басшысы өз сөзінде  қазақ ақын-жазушыларының  серб тіліне, ал серб қаламгерлерінің  туындылары қазақ тіліне аударылса, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтас­тықтың  және мәдени-рухани  байла­ныстың нығая түсетінін тілге тиек етті.

Шара барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университе­тінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың тұңғыш рет серб тілінде жарық көрген  «Жамбыл. Ұлы дала жыршысы» атты кітабының тұ­сауы­ кесілді.

Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшілігінің қолдауымен өткізілген жиынға Сербия Президенті Томислав Николич, Белград мэрі мен қала тұрғындары қатысып, Алматы облысы филармониясының әншілері жырдан шашу шашты.

Кітапты серб тіліне аударған– Белград университетінің профессоры, танымал тәржімашы Ольга Маркович.  Бұл – фашизмге қарсы соғыстағы жеңістің  70 жылдығына және көрнекті ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына  170 жыл толуына арналған бірегей еңбек. Шара барысында серб тарапы­ның өкілдері мұндай акциялар қазақ халқы­ның мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жете әрі терең түсінуге, кең танысуға мүмкіндік беретінін, сонымен бірге, Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықтың мәдени бағытын нығайтуға серпін беретінін  ерекше атап өтті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір