ОСЫ ЖҰРТ БЕЙСЕКЕҢДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
Бейсекең жарықтық әкемдей болған адам. 1980-87 жылдар аралығында бір шаңырақтың астында әкелі-балалы болып тіршілік кештік. Ақирет сапарына ақ жуып, арулап аттандырдық. Сөйтіп, Бейсекеңнің батасын, елдің алғысын алдық. Өніп-өсуіміз керек-ақ еді…
Естелік кітабын жинап шығару мақсатында қазақ қаламгерлеріне сауын айтып хат жаздым. Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «кеңестік тар кезеңде қазақ әдебиетінің тарихын «Түрік қағанаты» дәуіріне дейін ілгерілеткен, жұрт сатқанда Алашты сатпаған, батыр Едіге, хан Абылай, Кенесарыны қазақ үшін қанын төккен, жанын қиған қаһарман ретінде, Абай, Сұлтанмахмұтты, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбекті, Смағұл, Сұлтанбек, Садықбек, Нәзірді жан аямай қорғап ұлықтаған ұлтшыл азамат, ұлы ғалым райында мойындай жазыпты. Көзі тірісінде-ақ айтылуға тиіс ақиқат, көзі тірісінде-ақ берілуге тиісті баға еді. Қайтерсің, енді?! Қазақтың қашанда кешігіп жүретін әдеті. Оу, айтқандайын, көзі тірісінде ұлт үшін ұрысқан, ұлттың ұлы мұраты үшін тұрысқан ерліктері тәуелсіздік келіп жетпей бағаланбайтын, тәуелсіздіктің келуін жеделдеткен Кеңес үкіметі үшін ылғи да қиғаш, бодандық иығын тесіп, санасына сіңіп кеткен, содан да мәңгүрттік халге түскен, мансап ершігінде отырған оқыған азаматы көзқаманға айналып кеткен ол заманда Бейсекең еңбегі бағаланбақ түгілі ылғи да жазаланумен болды емес пе?! Әй, біз де Кеңес үкіметінен дәметпесті дәметіп?! Кеңес үкіметі Патшалық Россияның түрін өзгерткен, тәртібін қатайтқан, айласын жасырған, амалын асырған заңды мұрагері емес пе?! Ендеше «ештен кеш жақсы…». Бұған да шүкір… Әйтпесе, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, М.Бөжеев, ағайынды Қоңыратбаевтар, Т.Нұртазин, Қ.Жұмалиев, өз іздеушісін күтіп жатыр емес пе?! Ұлттық әдебиеттану ғылымының марқасқалары еді ғой, жарықтықтар! М.Ғабдуллин, М.Қаратаев, А.Нұрқатов, К.Сейдеханов, Қ.Сыдиықұлы ше? Бәрін қоса айтқанда өз дәрежесінде зерттелмей жатыр деп ойлаймын!
А, әңгіме Бейсекеңнің лекторлығы жөнінде еді-ау. Лектор ретінде артық сөйлесе жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайтын, ұяң үнді, биязы жүзді, дауысы жәй шығатын, тартымсыз лектор еді дегенге сайып сөз сөйлепті кейбір қаламгерлер.
Сәбит Мұқановтың куәлік етуіне қарағанда атақты түркітанушы В.Бартольд миына қан құйылған, тілі сақау, дауысын алдыңғы партада отырған бірді-екілі студент зорға еститін «нашар» лектор болыпты. Аудиторияға біреу кіріп, біреу шығып жатады. Ол екі студент отырса да Түркістан тарихы жайында лекциясын зор шабытпен оқи береді. Құданың құдіреті осындай адамның тартымсыз лекциясына үзбей қатысатын 5-6 студент болса керек. Соның бірі – академик Әлкей Марғұлан. Әлекең лекциясын тыңда_дық. Тартымсыз еді. Шыдамың жетіп тыңдасаң – «нашар» лектордың берер білімі ұшан-теңіз болатын. Бәлкім, Бейсекең де осындай «нашар» лектор. Бірақ ұлы ұстаз.
Мына жайға қараңыз: бірінші курс студенті Мағауиннің қолжазбасын оқып «осы қалпыңда дайын ғалымсың», – дейді, 18 жасар студент Әбіш Кекілбаевтың «Менің ғасырым» поэмасын 1960 жылдың ең үздік поэмасы деп Қазақстан Жазушылар одағында поэзия жанры жөнінде баяндама жасап айтады, мақаласында жазады (Х.Ерғалиев менің «Құрманғазымнан» студентіңнің поэмасын жоғары қойдың деп зілденеді), 3 курс студенті Рымғали Нұрғалиевпен «Сабыр Шарипов» аталатын, 4-ші курс студенті Қабиболла Сыдиықұлымен «Біржан-Сараның айтысы туралы», 5-ші курстың студенті Алма Қыраубаевамен «Мұхаббат нама» жайлы бірлесіп кітап жазады. Бізбен бірге Мұхамеджан Сералин туралы мақала жазып еді. Мақала астында біздің атымыз тұрғаны болмаса, қайта жазып, өңдеген Бейсекең еді. Осының бәрі өзі үшін емес. Шәкірті үшін. Жастарды ғылымға баулу, жазуға үйрету жолы. М.Жолдасбековті «Орхон-Енисей» тас жазуларына, М.Мағауинді ХV-ХVIII ғасыр ақын-жыраулары поэзиясына, Қ.Сыдиықұлын ХVII-ХVIII ғасыр ақын-жырауларына, З.Ахметовті өлең сөздің теориясына, Р.Нұрғалиевті М.Әуезовтің залалды саналып жабық жатқан трагедияларына, А.Қыраубаеваны Алтын Орда дәуірі әдебиетіне салады. Н.Келімбетовті діндар, «клерикалдық-буржуазиялық ақын-дар» (Н.Жанділдин) саналған санатындағы Шәді төре мұрасына, Қалижанды қазақ, татар, башқұрт үш бірдей бауырлас елдің әдебиетіне олжа салған философ ақын Ақмола мұрасына салады. Бәрі де жабық жатқан, ашуға тыйым салынған, ұстаздың өзінен өзге кісі аяқ баспаған тың еді. Әлгі тақырыптардың дені алдымен өзі барлап барған, зерттеп жазып байқаған, сосын нәтиже шығарына көзін жеткізіп барып шәкірттеріне ұсынған тақырыптар. «Мырзашым қорғады», «Мұхтар, Мұхтар, әлі-ақ мықтар», «Қаби жарып шықты», «Айналайын Алмам ер орнына жүрді», – Бейсекең әр шәкірті қорғаған сәтте күнделігіне түсірген көңіл әуендерінің үзігі. Р.Нұрғалиев докторлық қорғағанда жаңа шапан емес, «кедергі көп болды, қырсығы кесілсін, құтым барсын», – деп тері сіңген ескі шапанын кигізді. Шәкіртін бауырынан өнген перзентінен бір елі кем көрмейтін данабейіл жанның әрекеті. Әйтпесе кім қорғамай жатыр? Қорғап болғанша, сорып бітетін ұстаздар аз ба?
Әр шәкіртіне тақырып берер еді. Тақырыппен бірге соған керекті теориялық, методологиялық әдебиетті қоса ұсыну қашанғы әдеті. «Қайтарымы – кандидаттық!» – дейді нығарлап. Осындай жолмен Бейсекеңнің қолдан қыздай ұзатылған қимас, қымбат кітаптары – М.Мағауин, Р.Нұрғалиев, А.Қыраубаева (марқұм), З.Ғ.Бисенғалиде күні бүгін жүр. Марқұм жайсаң ақын Жарасхан Әбдіраш ақсақалдың көңілін сұрай келіп «Аға алдыңызда айыптымын. Берниязды ғылымға айналдыра алмадым. Қаза бастасам арғы жағынан Мағжан сопаң етіп шыға келеді. Кінәлімін. ХХ ғасырдың басындағы орыс поэзиясы туралы кітабыңызды не кандидаттыққа айналдырып «сіңіре» алмай, не өзіңізге қайтара алмай қара басты мені», – деп көзіне жас алғанына куә болып едім.(Құлағына жетсе ақынның қадірін біле білген жары – Нәзік Бейсекең кітабын қайтарар. Бәлкім, біздің Түркістаннан ашқан, Бейсекеңнен бастап жеке-жеке тұлғалардың үй кітапханасынан бас құраған «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» тамаша ақынымыз Жарасханның үй-кітапханасын тапсырар. Ұстазының кітапханасының қасында рәсім бейнесімен (фотосуреті) кейінгі жас буынға қызмет етіп тұрар көп тілді кітапхананың ғылыми, поэтикалық мазмұнын байытып. Сөйтіп, ақынның қадірін біле білген жары оның үй кітапханасының да қадірін арттырар.) Шәкірттерінің кейбірі осындай тапсырмамен берген Бейсекең кітаптарын кейін маған қайтарды. О.Нұрмағамбетова Жирмунскийдің өлең сөздің теориясы туралы кітабын, Қ.Сыдиықұлы М.Ю.Лермонтов поэзиясы жайында орыс зерттеушісі кітабын Бейсекең рухына алғыс айтып қайтарып еді. Ой, жарықтықтар-ай. Қайтқан малда қайыр бар… қайыра оралған екі кітап жөнінде екі қайырым мақала жаздым кезінде. Түркістанда Бейсекеңнің түркологиялық музейін ашып жатқан осы бір ұрымтал тұста шәкірттері жарықтықтың кезінде жәрдем болар деп берген кітаптарын қайтарар… Адал сүт емген азаматтар еді ғой.
З.Серікқалиұлы айтып еді: «Сорымызға қарай мектепте бізге С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлинді оқытқан жоқ. Олардың есімін осы Бейсағаңдардан университетке келіп естідік», – деп. Р.Нұрғалиұлы айтады: «Ахмет Байтұрсынұлы кітабын Бейсекең маған оқуға жасырып беріп еді», – деп. У.Қалижан айтады: «Бейсекең Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек секілді Алашорда өкілдері жайында естелік жазып, өзге жазбаларымен бірге Орталық Мемлекеттік архивіне маған тапсыртты», – деп. Алашорда өкілдері есімін алғаш Бейсекең аузынан естіп едік деген әңгімені Ә.Жұмабай, Т.Кәкішұлы, Р.Бердібай, Ә.Ыдырысов, Н.Қазыбек айтады естеліктерінде.
Егер, 1953 жылы Б.Кенжебайұлын партиядан шығарып, М.О.Әуезов екеуін бір бұйрықпен университеттен қызметтен қуса – соңындағы КГБ салпаңқұлақтарының қызметін адал атқарғаны…
Осылардан кейін Бейсекең лекциясын сыбырлап жәй оқымағанда, айқайлап оқи ма? Сыбырлап бейтаныс есімді атап, оның қызметін айтып-айтып қалып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарамағанда қайтеді Бейсекең?!
Бейсембай Кенжебайұлының «Өтелмеген парыз» («Қазақ әдебиеті», №4, 25 қаңтар, 1957 ж.) аталатын бір мақаласын жариялағаны үшін (онда Алашорда өкілдері, С.Садуақасов аттары аталып кеткен), «Қазақ әдебиеті» газеті Бас редакторы С.Мәуленов, орынбасары Ж.Молдағалиев, жауапты хатшы Төкен Абдрахмановты Орталық партия комитеті бір сәтте қызметінен бір-ақ алып тастады. В.И.Ленинге барып жолыққан, қазақ жерін аман алып қалған Алашорда өкілі Әлімхан Ермеков аузынан Сұлтанмахмұт жайында естелік жазып алып, шығармалар жинағына қосқаны үшін, ақынның екі томдық кітабын (1962 жылы) туратқан да Орталық Комитет. Лекция мәтінін тиісті орындар қарап «рұқсат» деп қол қойып, штамп ұрып береді екен. Не деген қорлық! Осыдан кейін, Бейсекең қалай арындап лекция оқысын?!
Бала Зәкиді (Ахметов) С.Е.Маловқа айтып Ленинградқа апарып аспирантураға орналастыратын, аспирантура мезгілсіз жабылып қалғанда шәкіртіне 4-5 ай өз айлығынан ақша жіберіп тұрған, кандидаттық диссертация қорғар сәтінде арнайы ұшып барып, шәкіртінің қасындағы темір кереуетке түней жатып қолдаған, атақты Жирмунскийге табыстайтын, ертіп барып С.Е.Маловтың үйіне қонақ бола отырып аманаттайтын, қорғатып қайтатын Бейсекең! Университет қабырғасынан жаңа шыққан Алма Қыраубаева жөнінде баспасөзде зор үміт артып сұхбат беруі өз алдына, уыздай жас баланы университет ректоры Өмірбек Жолдасбековке алып кіріп «Өмірбек менің жасым ұлғайды. Менен гөрі мына баладан пайда көбірек. Орныма осы баланы қызметке қабылда. Көне әдебиет маманы», – деп ағалық жолмен қиылған, сөйтіп дарынды жас жолын ашқан Бейсекең. Бейсекеңнің талантты шәкірттерінен аяры болмайтын.
«Мені қазақы қуғыннан Қырғыз апарып, бой тасалап Әзірбайжанға жіберіп докторлық қорғатқан Бейсекең!», – дейді профессор Т.Қожакеев. «Трагедия табиғаты» аталатын кітабым шығып, оның ішінде Шәкәрім шығармасы қаралатындықтан ізіме түсіп, Қарасартов Алматыға келгенде мен үшін алдынан шығып үйіне түсіріп, Павлодарда қызметтес болғанын бұлдап, «балаңмен жасты баламен айтыспақпысың?», – деп ұялтып, костюм-шалбар кигізіп райынан қайтарған, қарғадай кезімде қорғап қалған Бейсекең!», – дейді академик Р.Нұрғалиұлы.
Бұл не? Бұл – шәкірті үшін отқа түсуге бар әкебейіл ұстаз ұлылығы.
Ұғымға қайта оралайық. Лекторлық дегеніміз не? Лекторлық – білім. Зейін қойып тыңдаған жанға Б.Кенжебайұлы жәй білім емес, білім қорын кендей қопара қазып, қорабаға құйып ұйыған сүттей ұйытып беретін ұстаз еді. Лекторлық – тәлім. Шәкірттері үшін шырылдап, пәруай пәлек болып жанұшырып жүрген, бозбала басына үйірілген сорды өз басына көшіріп алып, оның қырсығын қиып, жолын ашу – өнеге емес пе? Туралық, табандылық, тарихқа адалдық, оны шәкірттеріне қайырымсыз уақытқа налып, бойындағы үрейді қорқынышқа жібермей, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап қойып, шәкірт бойына сіңіру тәлім емес пе? Ұстаздық ұлылық! Міне, бұл – шешен лекция, көсем лекция!
М.Бахтин, А.Лосев, Л.Гумилев – өмірде көрмеген қиындығы жоқ жандар. Үшеуі де тас түрменің дәмін татқан, 1937 жылғы «жеке адамға табынушылық» жылдары бірі «Ақлагта», келесісі «Карлагта» азапты жылдарын өткізді. Сонда А.Лосев көрген азап үшін де қиналған шығар-ау, әсіресе үйінен даналық ойлар жинақтаған сүйкімді кітапханасын тәркілеп алып кеткеніне көбірек қиналған. Сонда М.Бахтин соңынан С.Г.Бочаров, В.В.Кожинов қана іздеп келіп, қиын уақыттан ықпай көңілін сұрап қайтқан екен. Кейін М.М.Бахтин қайтыс болған соң ұстазын үзіліс-үздіксіз құрметтеген қос шәкірті тізе біріктіре отырып, ұстазының кітабын құрастырып жарыққа шығарды. (М.М.Бахтин «Литературно-критические статьи». Москва, «Художественная литература», 1986). Көп жыл боданы болған Ресейдің үш ұлы оқымыстысының атын атап, тағдыр түсінен аз гәп сөйледік. Үшеуі де профессор ғана болып өтті өмірден. Шәкірттерімен бақытты еді. Б.Кенжебайұлы да бар болғаны профессор болып өтті. Шәкірттерімен бақытты!
Бейсекең осындай лектор, ұлы ғалым, ұлы ұстаз, алты алашқа, алты алаш атынан партия құрған Алашордаға адал азамат еді!
Оның шынайы ұстаздық бейнесі шәкірттердің, шәкірт бола білгендердің әрдайым жадында жаңғырып тұрмақ…
Құлбек ЕРГӨБЕК.
Түркістан.
ПІКІРЛЕР2