ЕҢБЕКТЕНЕ БІЛГЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК
«Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады». Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтылған осы бір терең мағыналы сөздің мән-маңызы мен нақты көрінісіне жұрт көз жеткізуде. Еселі еңбектің нәтижесінде еліміздің экономикасы дамып, тұрғындарының тұрмысы жақсара түсуде. Күні кеше елімізде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – құрылыста еңбек етіп жатқан мыңдаған құрылысшы кәсіби мерекелерін атап өтті. Өңірлерде құрылыс саласы қарқынды дамып, жаңа әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің бой көтеруі де еселі еңбектің жемісі.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында биыл әлеуметтiк, тұрғын үй, инфрақұрылым жүйелерi объектiлерi бойынша 201 нысанның құрылысы жүргiзiлуде. 67 бiлiм беру ғимараты салынуда. Оның 28-нiң құрылысы келесi жылы аяқталса, 13-i биыл ел игiлiгiне пайдалануға берiлдi, қалғаны жыл аяғына дейiн тапсырылады. 10 денсаулық сақтау мекемесi салынып жатыр. Бiреуi үстiмiздегi жылдың мамыр айында ашылды. Мәдениет саласында жылдың басынан берi 4 нысан пайдалануға берiлдi. Жыл соңына дейiн тағы төртеуiнiң құрылысын аяқтау күтiлуде. Осы шiлдеде Шымкент қаласындағы «Асар» шағынауданында халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берiлдi.ҚР Ұлттық Экономика министрлiгi жүктеген тапсырмаға сәйкес, биыл облыста 4 172 пәтер үлестiрiлуi тиiс. Алайда, оның орнына 6032 пәтер тапсырылып, жоспар артығымен орындалғалы тұр. Үстiмiздегi жылдың қаңтар-маусым айларында өңiрiмiзде 277,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2668 пәтер пайдалануға берiлсе, жыл соңына қарай 3384 пәтер кiлтi жаңа иелерiне табысталмақ.Инженерлiк ин-фрақұрылымдар құрылысына ағымдағы жылы 8 423 млн. теңге қарастырылса, соның 800 млн. теңгесi өңiрдегi жалғыз моноқала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. ҚР Ұлттық қорынан бөлiнген қаржыға «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберiнде 23 мектеп, 1 балабақша және 11 инфрақұрылым құрылысының жұмыстары жүргiзiлуде. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 371,7 млн. теңгеге 1 жатақхана салынуда. Міне, осындай көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған құрылыс саласында мінсіз еңбек етіп жүрген азаматтар кәсіби мерекелері қарсаңында түрлі марапаттарға ие болды. Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» өтуге барып тіреледі. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі», – деген сөзі еңбегі бағаланған әрбір азаматтың жадында.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылатынын айтты. Бұл орайда, Оңтүстік Қазақстан облысында инвестиция көлемін арттыруға басымдық беріліп келеді. Мысалы, бірқатар аудандар бойынша айтатын болсақ, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі Шардара ауданында 11689,2 млн.теңгені құраған. Оның ішінде мемлекет қаражаты есебінен 1161,9 млн.теңге, жекеменшік қаражат есебінен 200,5 млн.теңге және басқа да қарыз қаражат есебінен 10326,8 млн.теңге инвестиция тартылған. Жалпы, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, 2,4 есеге артып отыр. Ал Созақ ауданында алты айда 14 млрд. 100 млн. теңге инвестиция тартылған. Яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 125 пайызға артқан. Арыс қаласында 4 млрд. 872,2 млн. теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда, 172,6 % артқан. Иә, барлық аудандар инвестиция тарту мәселесіне жауапкершілікпен қарауда.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті екенін айта келе, азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырған болатын. Елбасы тапсырмасы бүгінде өңірлерде жүзеге асырылуда. Мысалы, біз жоғарыда айтып өткен Шардара ауданында 2016 жылға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша облыс әкімдігімен жасалынған үшжақты келісімге сәйкес, 14 жобаға қолдау көрсетіп, іске асыру межеленген. Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының 2 бағыты бойынша мал шаруашылығын дамытуға және шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында шағын несие алуға ұсыныс білдірген 45 тұлғаның құжаттары дайындалып, 112,7 млн. теңгеге несие комитетінен мақұлданып, қаржыландырылды. Ал индустриалды аймақ аумағында қазіргі таңда 3 жоба – «Ақжол 2008 ЛТД» ЖШС-нің қамыстан гофрланған картон дайындау, «Seikhun» ЖШС-нің композиттік өнімдер шығару өндірістері және жеке кәсіпкер Ш.Арыновтың газоблок дайындау цехы іске асырылуда. Астана қаласының «Ақнұр ЛТД» ЖШС-і ет өнімдерін өндіру, өңдеу, экспортқа шығару бағытындағы жобаны іске асыруға қызығушылық танытуда. Ал неміс-қазақ «Промондис Қазақстан» компаниясы бірлескен кәсіпорны ауданда күн энергиясын өндіретін болады. Жобаның құны 30,0 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі таңда жер телімі белгіленіп, меншік иелерімен тиісті жұмыстар атқарылуда.
Күн энергиясы демекші, Елбасы Жолдауында айтылған «көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамыту, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізу» мәселесі «Жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамада қамтылған болатын. Тұжырымдамада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Созақ ауданында да күн сәулесін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін станция салынбақ. Бұл жобаның іске асырылуына германиялық «GreenEnergy 3000 Holding» ниет білдіріп отыр. Қажетті құжаттар әзірленсе, станцияның құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында басталып, 200-ге жуық жұмысшы тартылады. Ал Арыс қаласында «KAZ GREEN TEK SOLAR» ЖШС-нің құны 11,0 млрд. теңге болатын баламалы электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыру арқылы 20-30 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қадамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жұмыспен қамту орталықтарына да жаңа міндеттер жүктегені мәлім. Бұл орайда, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шардаралық жеке кәсіпкер Е.Өтесінов ауылшаруашылық техникаларын модернизациялау жобасы бойынша облыста өткізілетін конкурстық грантты жеңіп алды. Сонымен қатар, 6 жеке кәсіпкердің құжаттары екінші деңгейлі банктерге жинақталуда және 1 кәсіпкердің инфрақұрылымды жүргізу бойынша құжаттары сараптамадан өткізіліп, өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына салалық, экономикалық қорытындылар алынуда. Кәсіпкер-лер мен шаруаларды қолдау бағытында көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыруға «Ырыс» МКҰ арқылы жалпы сомасы 331,2 млн. теңгені құрайтын 204 жобаның құжаттары несие комитетінде мақұлданған. Ауданда орта және шағын бизнестің дамуына мол мүмкіндік жасалып отыр. Бұл орайда, облыстағы «Максимум» АИО ЖШС, «Ырыс» ЖШС-і басшылары, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ы және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ы ОҚО бойынша филиалы сынды қаржы институттарының өкілдері шардаралық шаруалар мен кәсіпкерлерге несие алудың жолдары мен тәртіптері, заңдылықтары жөнінде түсіндірді. Осы арада айта кетелік, шардаралдықтар үшін маңызды мәселенің бірі – қала және ауылдық округтерге көгілдір отын тарту. Ағымдағы жылы елді мекендерді газдандыру бойынша облыстық бюджеттен 1 040,7 млн. теңге қаралып, 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Шардара мен Қоссейіт ауылында ауыз су жүйелерінің құрылысына облыстық бюджеттен 434,8 млн. теңге бөлінген. Қоссейіт елді мекенінде су жүйелерінің құрылысы аяқталуда. Қазіргі кезде ауылға су айдалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Яғни алдағы уақытта Қоссейіт елді мекенінің 4997 халқы құбыр жүйесімен қамтылады. Қараша айында жалпы аудан бойынша орталықтандырылған құбыр жүйесімен қамтылған халықтың үлесі 92 пайызды құрайтын болады. Ал Арыс қаласында индустрияландыру картасы аясында құны 448,0 млн. теңгелік 2 жоба іске асырылып, тұрақты 75 жаңа жұмыс орындары ашылады және құрылыс жұмыстарына 15 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Сондай-ақ, «Ордабасы құс» ЖШС-нің құны 2,5 млрд. теңге болатын жылына 1,8 млн. дана жұмыртқа шығаратын фабрика жобасын іске асыру жоспарланған. Жобаның іске асырылу мерзімі 2015-2017 жылдар аралығы, қазіргі таңда жобалық құжаттары дайындалып, топографиялық және геодезиялық жұмыстары жүргізілуде. Жетпіс адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 бағыт бойынша 4 жобаға әр түрлі қолдаулар көрсетілетін болады. Қаладағы индустриалды аймақтың инфрақұрылымы сметалық құнымен алғанда 744,2 млн. теңгені құрайды. Өндірістік алаңды іске қосу арқылы балмұздақ, құрама жем, минералды сусын, жиһаз шығаратын, балық өңдейтін цехтар, ұн шығаратын диірмен, сауда-логистикалық орталығына техникалық негіздеме бойынша арнайы орындар бөліп, құны 1885,0 млн. теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Индустриалды аймақта іске асатын жобалардың есебінен 1035 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақ.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміз ширек ғасырда жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасқанын атап өтті. «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», – делінген Елбасы Жолдауында. Жолдауда айтылған жарқын істерді еліміздің әрбір аймақ, аудан, қала немесе ауылынан көруге болады. Мысалы, биыл 60 жылдық мерейтойы ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығымен тұспа-тұс келiп отырған Арыс қаласында білім беру саласына 5 млрд. 532 млн. 688 мың теңге қаржы бөлініпті. Мектептер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 2015-2016 оқу жылына 71,3 млн. теңге қаржыға 90 мыңнан астам оқулықтар алынған. 10 білім беру нысанын күрделі жөндеуге республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден барлығы 918,3 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Т.Тәжібаев атындағы №1 балалар үйін күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 81,0 млн. теңге қаржы бөлінген. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1,8 млн. теңге қаржыға педагогтардың деңгейлік курстарда оқудан өтуі және біліктілікті арттыруы қамтамасыз етілген. Күрделі жөндеуден өткізілетін 3 білім беру нысандырының жалпы құны 149 млн. теңгені құрайды. Ал мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 9,0 млн. теңге бөлініп, ағымдағы ақтау, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласында да ауқымды істер атқарылуда. Мысалы, Ақдала ауылында дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 51,2 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толық аяқталған. Бұл биылғы жылғы нәтижелі істер, яғни ширек ғасырдың бір сәті ғана.
Айта кетелік, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыт» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген Үкіметтің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес, Арыс қаласы елімізде шағын қалалардың құрамына еніп, «2016-2020 жылдарға арналған Арыс қаласының кешенді даму жоспары» әзірленген болатын. Осы жоспарға сәйкес 2016-2020 жылдары 4 мектеп, 3 бала бақша құрылысына, 2 мектепті күрделі жөндеуге, жаңа кітапхана, 4 денсаулық сақтау нысандары, 3 тұрғын үй құрылысына, инженерлік-инфрақұрылымдарды дамытуға, жолдарды орташа жөндеуге, қалаға газ тартуға және инвесторлар тарапынан кәсіпорындар мен цехтар ашуға барлығы – 30 977,3 млн. теңге қаржы көзделген. Арыста ауылшаруашылық саласын дамытуға да көңіл бөлінуде. Алғашқы жартыжылдықта 3.181,6 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 102,3 % болды. Жаңа техникалар алынып, МТС ашылды, ауылшаруашылығы кооперативтері құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарланғаннан артығымен орындалып отыр. «Қазына жер LTD» ЖШС-і 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» ұйымынан несие алып, оған өз қаржысын қосып Канададан 389 бас асыл тұқымды сүтті сиыр әкелiп, тауарлы-сүт фермасын ашқан болатын. Бүгiнде мал басы көбейiп, 1 077-ге жеткен. Оның iшiнде 450 бас сауын сиырдан күнiне 9 тонна сүт сауылуда. Серiктестiк басшыларының айтуынша, бiр сиыр орташа есеппен күнiне 22 литр сүт бередi. Алынған өнiм Шымкент қаласындағы «Алтын Дән» және «Фудмастер» компанияларының сүт өңдеу зауытына тасымалдануда. Осы серіктестік иелiгiнде 2 816 гектар егiстiк жер бар. Оның 1 131 гектарына жүгерi, 495 гектарына жоңышқа егiлген. Яғни ферманың жем-шөбi қамдалады. Аталған компания Арысқа қарасты 6 ауыл округiнiң орталығына алып тоңазытқыштар орнатып, сүт қабылдау бекеттерiн ашқан. Қолындағы сиырын сауып, әр 10 күн сайын 100 мың теңге табыс тауып жатқан отбасылар бар көрiнедi. «Серiктестiк өздерiндегi асыл тұқымды iрi қараның төлiн жергiлiктi тұрғындарға сата бастады. Оның үстiне болашақта сүт өңдейтiн шағын зауыт ашу жоспарларында бар. Яғни тұрғындар асыл тұқымды мал алып, оның сүтiн өткiзiп, күнкөрiсiн жақсарта алады. Ал «Агрофирма «Жаңа Ақдала» серiктестiгі биыл 300 гектар алқапқа қызанақ егiптi. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару әдiсiнiң арқасында әр гектардан 50 тонна қызанақ алу жоспарланған. Мұнан бөлек серiктестiк 170 гектар жерге бау өсiрiптi. Жиылған өнiм, көкөнiс және жемiс жұмысы қайта жанданған томат зауытында өңделiп, тұтынушыға жол тартады. Жалпы, серiктестiк 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезiнде бұл көрсеткiш 180 адамға дейiн жетедi екен.
Шалғайдағы Созақ ауданы халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға уранның, осы табиғи байлығымызды өндіріп-өңдейтін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына қарасты кәсіпорындардың әсер-ықпалы ерекше екені аян. Дегенмен, аудан уранға «қарап қалмай», экономикалық әлеуетін нығайта түсу үшін дамудың басқа бағыттарына басымдық беруде. Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауынан туындаған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспарына енгізілген түзетулер мен өзгертулердің негізгі ұстаным болып отырғаны аян. Елбасы Жолдауында: «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек», – делінген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс» екенін де атап өтті. Жолдауларда айтылған және айқын көрсетілген міндеттер Созақ ауданында да жүзеге асырылуда. Мысалы, жуырда ауданда асыл тұқымды мал өсіру, бордақылау және мал өнімдерін өңдейтін кешен – «Соз-Агра» корпоративтік қоры құрылды. Бұл аудан әкімдігінің уран өндіретін француздық «Арева» компаниясы және қазақ-француз «Катко» БК-мен ұзақ жылғы келіссөздерінің нәтижесі. Әлеуметтік жауапкершілік аясында аудандағы ауыл шаруашылық саласына француздық компания 400 млн. теңге инвестиция құйып отыр. Корпоративке 300 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен 15 бас бұқа алынбақ. Мал өрісіне жер бөлінген. Іске асатын жобада мал басын алуға 50 млн. теңге, кешен құрылысына 268 млн. ал ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға 82 млн. теңге қаржы жұмсалып, жалпы 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, «Соз-Агра» корпоративтік қоры алдағы уақытта Қазақ Ұлттық Аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, аудан көлемінде ауыл шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл басынан бергі 6 айда өнім көлемі 3 млрд. 825 млн. теңгені құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 110 пайызға артығымен орындалған. Мал басының барлық түрі бойынша өсім бар. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара – 26935 бас немесе 103,5%-ға, қой-ешкі – 290 841 басқа, жылқы – 11329 басқа немесе 100,7%-ға, түйе – 10815 бас 100% -ды құрап, құстар саны –16008 болып 103,4 %-ға өскен. Өткен жылмен салыстырғанда, ет өндіру – 5672,1 тонна (100,7 %), сүт – 7129,8 тонна (102,8 %), жұмыртқа 1364,5 данаға немесе 100,4 %-ға өскен. Мал шаруашылығын дамыту бағытында «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары нәтижелі жүзеге асырылуда. Ал мал бордақылау алаңдарын және жанұялық сүт фермасын ашу үшін 2016 жылы аудан бойынша барлығы 116 млн. 300 мың теңге несие алынды. Қыземшек кент округінен «Кең дала» АӨК құрылып, кіші мал сою алаңы мен 370 тоннаға дейін ет өңдеу цехы іске қосылған. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылдық округінен «Аруана» АӨК құрылып, түйе сүтін өңдейтін қымыран цехын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшіру Елбасы Жолдауына сәйкес қабылданған болатын. Егістікке тамшылатып суару технологиясын енгізу межесін орындау мақсатында «Созақ сәулет» МКҚК арқылы аудан бойынша 56 га. жерге тамшылатып суару әдісі ендіріліп, «Жасыл желек» бағдарламасы негізінде декоративті бау егілді. Аудан бойынша 13007 гектар егістік жер игеріліп, бұл жөнінде белгіленген меже 105 пайызға орындалған. Үй іргелік 1577 гектар жерді игеру тапсырмасы толығымен орындалған. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, егін шаруашылығы саласын дамыту мақсатында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан 455 тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлініп, аудан агроқұрылымдары осы бөлінген жанар-жағар майды толығымен алған. Суармалы жер көлемін ұлғайту тапсырмасын орындау мақсатында 2015 жылдан құрылысы өтпелі болған «Біресек» су қоймасы салынуда. Келер жылы толық қуатымен жүзеге асатын жобада 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Ауданда шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасалуда, 3110 кәсіпкерлік субъектінің 195-і соңғы алты айда ашылған. Кәсіпкерлік саласында алғашқы жартыжылдықта 6 млрд. 171 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Орта және шағын бизнесті дамытудың локомативі ретінде индустриалды аймақта «UKO-S-Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС, «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС, «Дархан-Ас» ӨК ас тұзын өндіру зауыты және «Сырлы Созақ» ЖШС-нің «Полимер қалдықтарын қайта өңдеу, төменгі қысымға арналған поли-этилен құбырын шығару» жобасы іске қосылып, жұмыс жасауда. Оларда 104 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оған қосымша, «КазХимПромРеагент» ЖШС-нің «Ион алмасу шайырлар өндірісі» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба құны 9,9 млрд. теңге. Қуаттылығы жылына 5 мың тонна шайыр өндіру жобасын келесі жылы іске қосу жоспарланған, 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, келесі жылы «Теріскей» ЖШС-нің «Асыл металл өндіру жобасын» іске қосу арқылы 400 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ. Одан бөлек, биыл қараша айында құны 83 млн. теңгені құрайтын 1 жобаны іске қосу жоспарлануда. Ал «Тағай Ата» ЖШС-нің «Ас тұзын, мал азықтық тұз және техникалық тұз өндіру» жобасы іске қосылса, 20 адам тұрақты жұмысқа тартылатын болады. Қазіргі уақытта құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, қараша айында коммуналдық 50 тұрғын үй пайдалануға берілмек. 2016 жылдың 6 айында жалпы алаңы 11 801 шаршы метрді құрайтын 98 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын Қазақстан әлеуетті, айбарлы мемлекет ретінде қарсы алғалы отыр. Мұның барлығы Елбасының алға қойған биік мақсаттарының, халқымыздың ауызбіршілігі мен еңбекқорлығының арқасында қол жеткізген ортақ табыс. Бірлік пен еңбектің алмайтын асуы жоқ. Яғни алға қойылған мақсаттардың жемісті орындалуына оңтүстік жұртының қосар үлесі мен мүмкіндігі әлі де зор.
Диас НҰРКЕНҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.