«МАХАББАТ АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ
Қазақтың көрнекті қаламгері әрі көсемсөзші, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріппен жазылып, халықтың жүрегінде мәңгілікке қалды. Оның қаламынан туған «Махаббат, қызық, мол жылдар», «Мәңгілік махаббат» шығармалары бүгінде халықтың жадында. Халықтың жазушыға деген шексіз сүйіспеншілігінің нәтижесінде оның туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында «Махаббат аллеясы» бой көтерді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған салтанатты шараны ашқан аудан әкімі Нұрлан Сыдықов Жарма жұртының төл перзентін ұлықтап, махаббаттың жыршысы атанған жазушыға қандай құрмет көрсетілсе де, лайық екендігін атап өтті.
Махаббатты жыр қылып, адалдықты ту еткен Әз-ағаңның ескерткіш тақтасы – шаңырақ көтерген жастар тәу етіп келетін қастерлі орынға айналары сөзсіз.