СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ҮЛГІ КӨРСЕТУ КЕРЕК
12.08.2016
1896
0

расул новиРасул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы

 

Қоғамдағы материалдық құндылықтардың рухани құндылықтардан анағұрлым жоғары тұруы біз үшін өте қауіпті. Бізді шын мәнінде алаңдататын нәрсе осы болуы тиіс. Ертеңгі күні елді іштен  ірітетін, ұлт болашағын көмескілендіретін бірден-бір себеп – осы. Кез келген дамыған Жапония, Германия, Ұлыбритания, АҚШ секілді озық елдерді алып қарасаңыз, оларда руханият, имандылық, тәрбие, білім, адам факторы бірінші орында тұрады. Ал бізде неге байлық бірінші орынға шықты дегенге келсек, мұның бірнеше себебі бар. Соның ішінде, ең негізгісі – біздегі элитаның,  билік өкілдерінің, шенеуніктердің жүргізіп отырған әрекеті, көрсетіп отырған үлгісі осы болып тұр. Байыған үстіне байи берсем дейтін психология қазір әркімнің көкейінде бар десем, жалған болмас. Әрине, қоғамның өзге өкілдері билік басындағыларға қарап, солардан үлгі алатындығы белгілі. Ел ағалары деп жүрген кісілеріміз байлықты мақтан тұтып, баюды мұрат етіп отырғанда, көрсе-қызарлыққа бой ұрып, тойымсыздыққа ұшырағанда жастарымыздан не күтуге болады. Олар өзінен үлкен буынға қарап бой түзейтіні белгілі. Егер елімізде білім мен ғылымға, рухани құндылықтарға дұрыс көңіл бөлінген болса, қазіргідей рухани дағдарысқа ұшырамаған болар едік деп ойлаймын. Билік білімнің мәнін, маңызын арттырып, дәрежесін көтерсе, қоғам да соған қарай икемделе бастайды. Саяси элита сөзбен ғана емес, өз істерімен халыққа үлгі көрсетсе, әділдік, жауапкершілік, ар тазалығы, қарапайымдылық секілді қасиеттерімен халықты жақсылыққа тәрбиелеуге болар еді. Жемқорлықтан ең әуелі билік басындағылар бас тартса, ол біртіндеп бүкілхалықтық құбылысқа айналар еді.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір