КИЕЛІ ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫН, ТАБИҒАТ КЕЙДЕ ОСЫЛАЙ ТЫҢДАТАДЫ
12.08.2016
1603
0

БолатБолат АСАНОВ

 

***

Күн – ару көкжиектен күліп қарап,

Көк-жасыл масатыға тұныпты алап.

Көгілдір аспанменен астасып жер,

Жатқандай жаздың  жырын ұлықтап-ақ.

 

Кең дала кербездене керіледі,

Кер марал құндыз өңді көрінеді.

Қырлардан биші – сағым сылаң қағып,

Қойнаудан бұлақ – бұрым өріледі.

 

Ысталған тобылғымен күбі сынды,

Таңғы ауа тыңайтады тынысыңды.

Тарқатқан бойыңдағы құрысыңды,

Игі істер тасытады ырысыңды.

 

Ерекше келбетімен үйлесіммен,

Мезгілің мамыражай күй кешірген.

Тұс-тұсын суреттеген айна – көлдей,

Көңілім айналадан сый көшірген.

 

Құс, жәндік өз тілінде үн қатады,

Ақ таңнан шаттығына шым батады.

Киелі тыныштықтың тылсым сырын,

Табиғат кейде осылай тыңдатады.

 

***

Рульді ұстап жылдар бойғы жаттығу,

Жаттығу ма?

Жалғыз сәттік – қақтығу!

 

Ат сау желіп келе жатып сүрінді,

Алғыр жігіт абайсызда ұрынды.

Сым үзіліп жерге түсті, ток қатты,

Қас-қағымда бір тірлікті тоқтатты.

 

Шатыр етіп, аспан жерге жай атты,

Жетім бота… Жасын сәтте жайратты.

Сөзсіз сәби сіріңке ойнап сенекте,

Үй-жаныңыз өртке оранды кенеттен.

 

Су тасқыны бұзып өтіп тоғанды,

Қаншама еңбек зая кетті, жоғалды.

Нейтрондық бомба алып үрейді,

Теледидар айыптайды, мінейді.

 

Ойда жоқта жер тоғыз балл сілкінді,

Бой шымырлап, кеуделер дүр күрсінді.

Бағытында жаңылыс боп, лайнер

Апат болды, кетті өмірлер жылай бір…

 

…Сезсем болды суық жайды – оқысты,

Кейбір сәті елестейді соғыстың.

Бейбіт күнде жан түршігер бар апат,

Сау жаныңа салатұғын жарақат.

 

Жаңа соғыс – ақырзаман, зардапты,

Болдырмаған Адам – Адам ардақты!

 

***

Нұр – бозбала, гүл – бойжеткен қауышты,

Ата-аналық борыш бізге ауысты.

Парыз – баулу, ұрпақтарды мәпелеу,

Дұрысты – жөн, бұрысыңды – қате деу.

 

Жұбайлар ғой шаңырақтың тірегі,

Қос аққудың жұп боп ұшу – тілегі.

Ғұмыр кешу мұрат – мұңсыз, қайғысыз,

Бірақ онсыз бақытты ұққан қай кісі?!

 

Шәрбәт тірлік шын ғашықтар қолында,

Мансап мансұқ адалдықтың жолында.

Аспан ашық күн шуағын құйып дүр,

Ақ отауың сүттен бетер ұйып тұр.

 

«Елім аман, тыныш болсын» – тілек сол,

«Бейбітшілік» деп соғады жүректер.

Өмір күйін, бесік жырын, от әнін,

Әлдилеумен нық ұқтырған Отаным.

 

«Бейбітшілік» десең Отан елестер,

Ошағымды кім бар Отан емес дер?!

Тату-тәтті жарасуың – бірлігің,

Тыныштыққа үлес болып жүр бүгін.

 

Алла алқап, тіл мен көзді жолатпай,

Босағалар берік болсын болаттай!

Шекаралар бұзылса егер не болар?

Балдай күнің тоналар да жоғалар…

 

Тоналмасын, жоғалмасын ешкім де,

Жіберіп ап өрт сөндіру кеш мүлде!

 

***

Тұрмыс жаңа, тойың жаңа, үй жаңа,

Ойын жаңа, ойың жаңа, күй жаңа.

Көңіл кілең жаңа жарасып,

Жылдар көші келе жатыр бел асып.

 

Бой үйреніп қалыптасты жаңаға,

Ой үйреніп, алып қашты сана да.

Білім – өнер кемелденген, гүлдеген,

Кәсіп – еңбек өңдеп үлде, бүлдемен.

 

Тыныш тірлік қанға сіңген, дарыған,

«Соғыс» деген жанды аяздай қарыған.

…Ғылым, ғылым, сұмдықты әсте дарытпай,

Тыныштықтың атын жүрші арытпай.

 

Ал Қарудың саны да көп, тегі көп,

Немен тынар?

Бастауы бар, шегі жоқ…

Беу, Дүние, саған айтам, құлақ түр,

Сұм пиғылдан түбінде Әлем жылап тұр!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір