Смағұл ЕЛУБАЙ: Көшпелі өмірді көрген ұрпақтың соңғы ұшқынымыз
ҚР Ұлттық кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірлескен жобасы «Асыл сөз» сұхбат алаңының кезекті қонағы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты Смағұл Елубай.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірлескен жобасы аясында өткен сұхбатты Кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов жүргізді. Қазақтың көшпелі тұрмысын көзбен көріп, сол дәуірдің соңғы жұрнағын жүрегіне сақтаған жазушы Смағұл Елубайдың шығармашылығы тарихи жадымен, ұлт тағдырымен тығыз байланысты. «Ақ боз үй» романы арқылы ашаршылық жылдарындағы халық қасіретін көркемдік шындықпен бейнелеген қаламгер әдебиетке келу жолы, жазушылық жауапкершілік, бүгінгі жас буынның шығармашылығы мен кітап оқу мәдениеті туралы ой бөлісті. Сондай-ақ кинодраматургиядағы еңбегі мен алдағы шығармашылық жоспарларына да тоқталды.

– Смағұл аға, әдебиетке қалай келдіңіз? Бұл сауал қаламгерлерге жиі қойылады.
– Кез келген мектеп оқушысы секілді біз де алтыншы-жетінші сыныптарда оқып жүрген кезімізден әдебиетке әуес болдық. Қолымыздан кітап түспейтін. Әдебиетке ден қойған баланың Мұхтар Әуезов шығармаларына кезігуі заңды ғой. Біздің қолымызға да бір күні «Абай жолы» тиді. Сол күндер бала оқырман ретіндегі ең бақытты шағымыз еді. Роман бізді қазақтың кең даласына алып шығып, бүгінгі тіршілікті ұмыттырып, ХІХ ғасырдағы көшпелі қазақтың ғажайып әлеміне жетеледі. Кітапты оқып отырып, сол әлемнен шыққымыз келмейтін. Романның соңына жеткенде ғана одан ажырадық.
Одан кейін қолыма Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы кітабы түсті. Бұл шығарма да бізге ерекше әсер етті. «Абай жолы» мен «Қан мен тер» бала кезіміздегі әдеби талғамымыздың қалыптасуына ықпал етті. Дегенмен ол кезде жазушы болуды мақсат еткен жоқпыз. Әдебиетті сүйдік, кітапханалардан өзімізге ұнайтын көркем прозаны іздедік. Кітап әлемінен шықпай жүріп, ақыры Алматыға келдік.
Ауылымызда мектеп болмағандықтан, Алматыдағы №12 мектептің тоғызыншы сыныбына қабылдандым. Интернатта жатып оқыдық. Жалғыздықпен бетпе-бет келген сол кезеңде балалық шағым өткен көшпелі ауылды жиі еске алатынмын. Менің өмір жолым Қазақстандағы көп баланың балалық шағынан өзгеше болды. Кеңестік биліктің күштеп ұжымдастыруы мен отырықшыландыруы салдарынан қазақтың көшпелі тіршілігі күйреді. Әкем Ақтөбенің Байғанин ауданында өмір сүрген. Ел малын колхозға өткізуге мәжбүр болған тұста, оның арты ашаршылық пен қырғынға ұласатынын алдын ала сезген ауылымыз малын бермей, Үстірт асып, Қарақалпақстанға көшкен.
Ауылымыз Маңғыт қаласының маңына орналасып, мал бақты. Мен 1947 жылы сол жерде дүниеге келдім. 1961 жылға дейін Түрікменстанның оңтүстігіндегі Қарақұмда, құдық басын жағалай қоныстанған қазақ ауылдарының арасында өстім. Ауылымыз түрікмендердің қойын бақты. Одан 15–20 шақырым жерде Кеңес одағының Ауғанстанмен шекарасы жататын. Мал бағып жүріп шекараға жақындағанда ауған шопандарының ән салған дауыстарын еститінбіз.
Біз Қазақстандағы көп құрдасымыз көрмеген көшпелі өмірді бастан кештік. Киіз үйде дүниеге келіп, балалық шағымызды да киіз үйде өткіздік. Алматыда тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде алғашқы әңгімелерімді жаза бастадым. Әдебиетке деген сүйіспеншілік «Осы көрген-білгенімді неге қағазға түсірмеске?» деген ойға жетеледі. Алғашқы әңгімелерімді «Егемен Қазақстан» газетіне жолдадым. Шығармамның газет бетінде жариялануы тоғызыншы сынып оқушысы үшін үлкен жаңалық еді. «Жазушы деген де өзіміз сияқты тірі адам екен ғой, жазсаң, шығармаң газетке шығады екен ғой» деп ойладым. Содан кейін әңгіме жазуға ықыласым арта түсті. Жазушылық жолым осылай басталды.
– Сіздер көшпелі өмірдің соңғы ұшқыны секілдісіздер ғой?
– Иә, біз – сол өмірдің соңғы жұрнағын көрген ұрпақпыз. Ол бүгінгі тіршілікке мүлде ұқсамайтын, болмысы бөлек әлем еді. Көшпелі тұрмысты бастан кешпеген, киіз үйде тұрмаған, онда дүниеге келмеген адамның сол өмірді шынайы суреттеуі қиын. Кейін «Ақ боз үй» романын жазуымызға да осы ерекшелік, яғни көшпелі ауылдың тұрмысын өз көзімізбен көргеніміз себеп болды.
– «Ақ боз үй» романын жазуға не түрткі болды?
– Біз – өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Ақтөбе өңірінен амалсыз қоныс аударып, ата жұртынан жырақ кеткен ауылдың баласымыз. Сол тағдыр ауылымызды Түрікменстанға алып барды. Балалық шағымыз 1961 жылға дейін Ауғанстан шекарасына жақын, түрікмен жерінде өтті. Ауылымыздың басынан кешкен оқиғалар мен тағдыры туралы жазу мені үнемі мазалайтын.
Мектепте жүргенде бұл туралы терең ойлануға мүмкіндік бола қойған жоқ. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, бірінші курста жүргенде осы тақырыпқа шындап ден қойдым. «Неге ата жұртынан амалсыз ажырап, шетел асқан ауылдың тағдыры туралы роман жазбасқа? Неге сол ауылдың 1931–1933 жылдардағы алапат ашаршылықты қалай өткергенін көркем шығармаға арқау етпеске?» деген ой келді. Содан бастап кейіпкерлердің мінезін, есімдерін, романның сюжетін қағазға түсіре бастадым. «Ақ боз үйдің» жазылуына түрткі болған – өз ауылымның тағдыры, демек, менің өмірбаяныммен тікелей байланысты оқиғалар.
– Кейіпкер жасала ма, әлде туа ма? Өткен ғасырдағы қазақ халқының қасіретін кейінгі ұрпаққа жеткізуде әдебиеттің рөлі қандай?
– Әдебиеттің бұл тұрғыдағы рөлін айтып жеткізу қиын. Мысалы, Мұхтар Әуезов өзі бала кезінде көрген көшпелі өмірді арқау етіп, ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының энциклопедиясына айналған «Абай жолын» жазды. Егер бұл роман дүниеге келмегенде, сол дәуірдің тұтас бір қоғамдық болмысы тарихта көркемдік тұрғыдан осыншалықты терең сақталмас па еді деп ойлаймын.
«Абай жолы» арқылы біз көшпелі қазақтың тұрмысын, дүниетанымын, қоғамдық қатынастарын егжей-тегжейлі танимыз. Сол өмірді өз көзімен көрген санаулы адам болмаса, бүгінгі ұрпаққа оны романсыз елестету оңай емес. Тіпті жазба деректер болған күннің өзінде, тұтас бір дәуірдің тынысын көз алдыңа келтіру қиын. Мыңдаған жылдарға жалғасқан қазақтың көшпелі өмірі «Абай жолы» арқылы бүгінгі және келер ұрпақтың санасына жетті. Әуезов сол әлемді халықтың жүрегінен өткізді. Сондықтан Мұхтар Әуезовті мәңгілік ұстаз, ұлт ұстазы деп тануға әбден лайық деп білемін.
– «Қиямет-қайым ғасыры» атты ой-толғауыңыз адамзатқа ортақ сауалдарды қозғайды. Бұл еңбегіңіз Абайдың «Қара сөздерін» еске түсіреді.
– Бұл ретте орыс әдебиетінің алыбы Лев Толстойды айтпай кетуге болмайды. Ол тек көркем шығарма жазған қаламгер ғана емес, терең ойшыл, адамды, қоғамды және тарихты зерделеген философ еді. Біз мектеп кезінен бастап Толстойдың көптомдық күнделіктерін оқып, оның дүниетанымымен таныстық. Жазушының әдебиетпен шектелмей, философиялық ой-толғамдарға ден қоюы бізге ерекше ұнайтын. Толстойды ұстаз тұтып, оның еңбектерінен үйрендік.
Әлем әдебиетінде Толстойдың орны айрықша деп есептеймін. Ал сіз атап отырған «Қиямет-қайым ғасыры» кітабы да осындай ой-толғамдарға қызығушылығымнан, Толстойдың күнделіктері мен Абайдың қара сөздерінен алған әсерімнен туды. Қазақ әдебиетіндегі философиялық ойды көркем әрі терең пайымдау дәстүрі Абайдың қара сөздерінен бастау алады. Абай адамды, қоғамды, әлемді философиялық тұрғыдан танудың үлгісін көрсетті. Біз де сол дәстүрге ден қойып, «Қиямет-қайым ғасыры» атты кітапты дайындадық. Қазір еңбек «Мазмұндама» баспасында баспаға әзірленіп жатыр. Жаңа жылға қарай жарық көреді деп күтіп отырмыз.
– Қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселесі неде? Қолда бар әдеби мұраны кеңінен таныта алып жүрміз бе?
– Қазақ әдебиетінде талантты жастар аз емес. Дегенмен олардың көбі Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлиннің шығармашылық тәжірибесінен жеткілікті үйренбейтініне таңғаламын. Бұл қаламгерлер жиырма жасқа толмай жатып-ақ көркемдік деңгейі биік туындылар жазды. Майлиннің әдебиеттегі алғашқы қадамдарының бірі – он алты жасында жазған делінетін «Шұғаның белгісі». Қай жасында жазса да, бұл шығарма оның шығармашылығының биік белестерінің бірі болып қалды. Мұның сырына үңілу қажет.
Әуезов те жас кезінен-ақ ірі тақырыптарға қалам тартты. «Қорғансыздың күні» секілді бір романның жүгін көтеретін қуатты әңгімені жиырма жасқа жетпей жазды. «Еңлік-Кебек» арқылы тарихи тақырыпқа барып, қазақтың ХІХ ғасырдағы өмірін көркем әдебиетке алып келді. Кейін «Абай жолындай» эпикалық туынды жазуына осы кең тынысты ізденіс негіз болды.
Жас қаламгерлер Әуезов пен Майлиннің шығармашылық жолына назар аударып, олардың әдебиетке қалай келгенін, алғашқы қадамдарын қалай жасағанын зерттесе деймін. Әуезовтің үлгісі – үлкен тақырыптан жасқанбай, халықтың тарихына терең бойлау. Бүгінгі жастарға да осындай ізденіс қажет деп ойлаймын.
– Жас жазушылардың шығармашылығын бақылап отырасыз ба? Олардың туындыларынан нені байқайсыз?
– Әрине, жас қаламгерлер өз шығармаларын бізге әкеліп көрсетіп жатады. Оларға үнемі үлгі ретінде Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық тағдырын айтамын. Әуезов қаршадайынан-ақ халықтың тағдырына қатысты үлкен тақырыптарды көтерді. «Қорғансыздың күні» секілді шығармалары арқылы қоғамның күрделі мәселелеріне барды. Сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы албан көтерілісі тәрізді тарихи оқиғаларға назар аударуы да кейінгі буынға ой салуы керек.
Қазақ тарихында әлі де көркем әдебиетте толық ашылмаған, жазылмаған тақырыптар жетерлік. Жастар сол олқылықтардың орнын толтыруға ұмтылса екен. Халықтың тағдырына қатысты, тарихи жадыны жаңғыртатын, салмағы бар туындылар жазылса деймін. Бұған біздің әдеби дәстүріміз де, қаламгерлік әлеуетіміз де негіз бола алады. Қазақ әдебиеті – ұлы әдебиеттердің бірі.
– Әлеуметтік желі дәуірінде кітап оқырманын қалай сақтап қалуға болады? Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» бастамасына көзқарасыңыз қандай?
– Мемлекет басшысы қолға алған «Кітап оқитын ұлт» жобасы көңілімізден шығады. Біз – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында кітап оқып қалыптасқан ұрпақпыз. Ол кезде ешкім «кітап оқыңдар» деп арнайы айтпайтын, бірақ әркімнің қолында кітап жүретін. Кейін ХХІ ғасырдың басына қарай кітапты серік еткен сол буынның қатары сиреп, олардың балалары кітаптан алыстай бастады. Бұл жағдай мені қатты алаңдатады. Ұлттық оқырманнан айырылып қалған жоқпыз ба деген қауіп туды.
Кітап оқымайтын қоғамның зерделі ұлт болып қалыптасуы қиын. Ел басқару ісіне араласатын адамдардың да дүниетанымы, тарихи танымы терең болуы маңызды. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қайта қалыптастыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап оқитын ұлт» бастамасы уақытында көтерілген мәселе деп санаймын.
Әуелде халықты арнайы жоба арқылы кітап оқуға шақыру тосындау көрінуі мүмкін. Бірақ белгілі бір кітаптарды оқуға үндеп, оқырманды өз елінің тарихымен, тілімен, тағдырымен қауыштырудың мәні зор. Кітап арқылы адам халықтың мұңын түсінеді, елінің өткені мен бүгінін тереңірек таниды. Мұндай таным азаматтық жауапкершілікті арттырып, Отанға қызмет етуге жетелейді. Білім мен рухани ізденіске негізделген қоғам Қазақстанның дамуына да ықпал етеді.
– Жазушы қоғам алдында жауапты ма, әлде оның басты міндеті – шындықты жазу ма?
– Меніңше, бұл екеуі бір-бірінен бөлек емес. Шындықты жазу да, халық алдындағы жауапкершілікті сезіну де – жазушының басты міндеті. Қаламгер болу үшін қазақ тілінің орасан байлығын терең меңгеру керек. Ана тілін жетік білетін жазушы ұлт ұстазына айнала алады.
Шындықты жазу қаламгерден батылдықты талап етеді. Егер жазушы шындықты айта алмаса, өз шығармашылық парызына адал бола алмайды. Сондықтан шындықты жазу, батылдық таныту және халық алдындағы жауапкершілікті сезіну – бір арнаға тоғысатын ұғымдар.
– Сізді кинодраматург ретінде де жақсы білеміз. Кино саласына келу жолыңыз қалай басталды?
– Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін бес-алты ай Катонқарағайда аудандық газетте жұмыс істедім. Кейін Алматыға оралдым. Ол кезде киностудия жұмысын үйлестіретін Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитет бар еді. Сол мекемеде Қалтай Мұхамеджанов ағамыз бас редактор болып қызмет ететін. Ол кісі мені редакторлық жұмысқа қабылдады.
Кино саласының адамдарымен танысып, тәжірибе жинай бастадым. Бірде Сатыбалды Нарымбетовпен кездескенде кино туралы білімім мен тәжірибемнің аз екенін айтып, Мәскеуде кино мамандарына арналған екі жылдық жоғары курстар барын естіп жүргенімді жеткіздім. Сол жаққа оқуға барсам қалай болатынын сұрадым. Ол кісі бірден қолдап: «Екі қолымды көтеремін, бар, оқы», – деді. Сөйтіп, Мәскеуге аттандым.
Ол екі жылдық курс режиссура мен кинодраматургияға арналған еді. Онда кино өнерінің алыптарымен кездесіп, әңгімелесуге мүмкіндік болды. Әлемдік киноның озық үлгілерін күн сайын көрдік. Осы оқу менің кино өнеріне деген көзқарасымды қалыптастырып, екінші мамандығым – кинодраматургияға жол ашты.
Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында осы сала бойынша студенттерге дәріс оқимын. Киносценарист ретінде он бір фильмнің авторымын. Ал он екінші туынды – «Барса келмес» атты балаларға арналған фильмнің сценариі дайын тұр.
Арал теңізінің ортасында «Барса келмес» деген арал барын естігенмін, бірақ өзім барып көрмеппін. Бір күні осы атау ойыма оралып, балаларға арналған сценарий жазуға кірістім. Оқиға Арал жағалауында тұратын он үш-он төрт жастағы қыз бен ұлдың төңірегінде өрбиді. Олар үлкендерден «Барса келмеске барған адам қайтып келмейді» деген әңгімелерді естіп өседі. Бір күні сол сөздің ақ-қарасын білмек болып, таңертең ерте қайыққа отырып, аралға қарай жолға шығады.
Қазір осы сценариді жүзеге асыру үшін демеушілер іздеп жүрміз. Мәдениет саласына жауапты министрлікке де ұсынысымызды жеткізсек дейміз. Қазіргі басшылықта біздің ойымызды түсініп, қолдайтын азамат бар деп үміттенеміз. «Менің атым – Қожа» фильмін жиі еске аламыз. Қазақ балаларын толғандыратын, олардың жүрегіне жақын жаңа туынды неге өмірге келмеске? Қазақ балаларына арналған, ұлттық болмысы бар осындай фильм түсіріп, «Менің атым – Қожа» секілді ұрпақ жадында қалатын шығарма жасау – арманымыз.
– Алдағы уақытта жазуды жоспарлаған жаңа шығармаларыңыз бар ма?
– Жазушы ретінде ақ қағазға отырып, проза жазбағаныма біраз уақыт болды. Ал кинодраматург ретінде тоқтаусыз еңбек етіп келемін. Жас емеспіз, кім біледі, Алланың не жазғанын. Сексеннің сеңгіріне шығып, алдағы наурызда айтулы жасқа толамыз. Денсаулық та сыр бере бастады. Сондықтан бұрынғыдай құлшына отырып, көп жазу оңай емес екенін айтқым келеді.
– Смағұл аға, бүгінгі әңгімеміздің соңына таяп қалдық. Сізден сұхбат барысында көп ой түйдік. Енді соңғы сауалымызды жастарға арнасақ: шығармашылық жолға енді қадам басқан жастарға қандай тілек айтар едіңіз?
– Әр адамның тағдыры әртүрлі. Мен өзім демалуды білмейтін адаммын. Соңғы кездері сексеннің табалдырығын аттаған шақта, денсаулыққа байланысты көбірек тынығып жүретін кезеңге келдік. Оған дейін не кітап оқитынмын, не жазу үстінде отыратынмын.
Қазіргі жастарға айтарым, еңбекқор болыңдар. Еңбек міндетті түрде өз жемісін береді, айналайындар.
Сұхбатты газетке дайындаған
Жаннұр БОЛАТҚЫЗЫ