ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАУ
05.08.2016
1442
0

Биылғы жылдың сәуір айында «Қазақ әдебиеті» газетінде елге танымал қайраткер, саясаттанушы Берік Әбдіғали, саясаттанушы Расул Жұмалы, философ Серік Нұрмұратовтардың қатысуымен Айнара Ашан әзірлеген «Ата-баба аманаты» атты көлемді мақала жарық көрді. Сұхбатқа қатысқан адамдар еліміздің ішкі-сыртқы саясатына, экономикасы мен нарықтық механизмдеріне, шаруашылығы мен жер қатынастары туралы, ұлттық ерекшелігіміз бен адами келбетіміз, жалпы елдік құндылықтарымыз жөнінде сөз қозғап, тербеген ойларын ортаға салды.

Осыдан біраз жыл бұрын жасы жүзге жақындаған абзал ақсақал ата-баба­сына ас беріп, құран бағыштатты. Асқа жиналған ел тектілердің ұрпақтары­на ризашылық көңіл білдіріп, сөз сөйлеп жатты. Сөзге ақсақалдың Төлеген деген баласының Атыраудан келген орта жастардағы құдасы да араласты.

Ол кісі қазақ ұлтына, еліне еңбектері сіңген бірнеше есімдерді атай келіп, ертеректе Көкшетаудың Бурабай курортын­да демалыста болғанда, кезінде Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған ақсақалмен сұхбаттасқанын айта келіп, (біз өз әлімізше мұрағат құжаттарын ақтарып, 1955-1960 жылдары Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Қадырбеков Ғабит Анабайұлы болар деп шамаладық) сол кісінің ертеде Мәскеудегі съездер сарайында болған бір естелігін дүйім жұртқа жеткізді.

Сонау  өткен ғасырдың 1954-1955 жылдары Тың игеру науқаны басталғанда сол кездегі Кеңес Одағының басшысы болған Никита Хрущев Пленумда өзінің жуырда Қытай Халық Республикасында болып, Қытай басшы­лығымен келісім жасап,  3 млн.  жұмысшы күшін тың игеретін ай­мақ­тарға орналастыруға келісіп келгенін мәлім етеді.

Ақсақал Кремль сарайында өзінен бірер қатар алдыңғы жақтарда отырған Қ.И.Сәтбаевты байқап қалып, амандасып сәлем бермекші болып, үзілісте ол кісіні кездестіре алмай, тіпті Кремль дәмха­на­сы-буфетінен  де жолықтыра алмай орнына келіп отырғанда, Қ.Сәтбаевтың  да өз ор­нына келіп жайғасып жатқанын байқайды.

Үзілістен кейін Пленумда жарыссөз одан әрі жалғасып, бір уақытта мінбеге Кеңес Одағының  Ғылым академиясының пре­зи­денті Несмеянов Александр Николаевич көтеріледі (бұл кісі Кеңес Одағының екі мәрте Со­циалистік Еңбек Ері атағын алған, кезінде Мәскеу Мем­лекеттік университетінің ректоры қыз­метін атқарған, 1951-1961 жылдары Ғы­лым академиясының президенті болған, кейінде Кеңес әскерін саяси кө­теріліске шыққан Чехословакияға енгізу­ге қарсы болған, теңдессіз ғалымдығына қоса батыл да, өжет, өз пікірін ешкімнен қорық­пай айта алатын адам болатын). Ол кісі тың және тыңайған жерлерді игеру идеясын қолдай келіп, әзірше сырттан, шетелден жұмыс күшін әкелуді қоя тұрып, бұл мәселені Одақ кө­лемінде одақтас республикалардағы еңбек ресурстары арқылы шешуге болатынын мәлім етеді.

(Әңгімені естіп отырған біздер терең ойға баттық, сол кезде тың игеруге 3 млн. қытай келсе, игерілетін жер көлемі жағынан Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орындағы Қазақстанға кемінде 2 млн. қытай келіп қоныстанушы еді. Одан бері 70 жылдың ішінде не боларын ойлаудың өзі қорқынышты ғой).

Ал Ғ.Қадырбеков ағайдың үзілісте Қ.Сәтбаевты кездестіре алмаған себебі, Н.Хр­ущевтың сөзін ести салысымен Қаныш Имантайұлы жанұшырып бас­тығы, әрі әріптесі А.Несмеяновқа жүгі­ріп, ол кісіге жағдайды түсіндірсе керек. Әйтеуір мәселенің аяғы дұрыс шешілгені бізге тарихтан мәлім. Әңгімені демімізді ішімізге тартып тыңдап отырған біздер, Ұлылардың ұлағатты ісін тәмсіл қылған бірін-бірі бұрын танымаған екі ұрпақтың өкілдерінің іс-әрекетіне тәнті болып, қаншама жылдар өтсе де, жақсының ұлтына жасаған шарапатты ісін бабалар ама­натындай көріп, ұрпаққа жеткізіп жатқан­дарын ризашылық сеніммен қабылдадық.

Иә, қазақ елінің тарихында жер мә­се­лесі қай заманда да күн тәртібінен түспе­ген.

Жер реформасы жөнінде құрылған республикалық комиссия өзінің отырысын өткізді. Оған дейін де алуан түрлі пі­кірлер айтылуда еді. Қызды-қыздымен артық кетіп жатқандар да баршылық. Елге танымал дейтұғын ақылы сақалына ауысқан біреу жерді «Жер-Ана» деп атау­ға болмайтынын дәлелдеп жатты. Сол се­бептен енді жерді қасиетті деп те атамау керек шығар?

Көпшілік пікір айтушылардың, әсі­ресе, ауыл шаруашылығынан хабары мол ма­ман, кешегі еліміздің ауыл шаруашы­лы­ғының қайта өрлеуін басынан өткізген Ақылбек Күрішбаевтың жерді жалға беру институтын сақтау керектігі туралы пі­кі­рі құптарлық-ақ. Сол сияқты, «Ақжол» пар­тиясының төрағасы Азат Пе­руа­шев­тың жерді жекешелендіруге асықпау қажеттігін айтып: «Жекеменшік – нарық­тық экономиканың негізі. Ауыл шаруа­шы­лығында оның салмағын бағалау, тіпті мүмкін емес. Жалға  алынған  жерге банк несие бермеуі – дамуға қолбайлау болып отыр» деуі де, – істің тетігін шеше­тін ұсы­­ныс болып табылады. Осыған орай «Болашақ» жастар қозғалысының жете­к­шісі  Дәурен Баба­мұрат­ов­­тың тек ауыл­шар­уашылығы мақса­тына ғана несие беретін мемлекеттің қаты­суын­дағы банк қажет екенін айтуы қолдарлық пікір.

Бұндай пікірлер кешегі кеңес заманы­ның жоғары оқу орындарының оқулық­тарында айтылатын ауылшаруашылық өндірісінің ерекшеліктерін білетін кісі­лер­дің пікірі деп тану керек.

Қашанда ел тынысын бақылап, ха­лық­­тың тамыр соғысын қолдарынан шығармайтын, жаны қазақ азаматтар, белгілі саясаттанушылар Дос Көшім мен Айдос Сарымның ауыл шаруашылық жерлерін қазақ азаматтары өздері-ақ иге­ріп кете алатынына сенімді екенін және  бізге өзіміздің модельді табу керек деген пікірлері көңілге қонымды. Осы пікір­лердің  дұрыс  екендігі  туралы  еліміз  егемендік алғаннан бергі жылдардағы бірнеше  дәлел­дерді келтіре кетейін.

Еліміз егемендік алған 90 жылдардың басында Павлодар облыстық «ТұранБанк» филиалының басшысы, елімізге танымал қаржыгер Толымбек Манақбайұлы Баянауыл ауданында Агрофирма «Лекер» шаруашы­лығын ашып, табыс көзіне айналдырды. Агрофирмадағы ет комбинаты ет өнімдерінің 25-26 түрін шығарып, бір шеті Алматы қаласының  дүкендерінде сатылды. Агрофирма жұмысымен іссапармен облысқа келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев танысып, құптарлық баға берді. Агрофирма банк жүйесінде шаруашылық жұмыстарға тыйым салған заңнамалық өзгерістер енгізілгенге дейін табысты еңбек етті.

2000 жылдардың басында «Сарыкөл», «Талдыкөл» көмір кешендерінің басшылары –  ағайынды  Тасболат, Бекболат  Әбғожиновтар осы  ауданда «МТС Жайма» атты жауапкер­шілігі шектеулі ауыл шаруашылық мекеме құрып, 5-6 жылдың ішінде ересен табыстарға қол жеткізді. Мал басы еселеп өсті. 5 мың бас қара малға арналған бордақылау кешені, соншама қой, мыңға тарта жылқы, бірнеше мың қаз өсірілуде. Көрші шекаралас жатқан Қарағанды облысынан да ондаған мың жер жалға алып отыр. Мал өнімдерін экспортқа шығару үшін Ресейдің Новосібір облысының бұрынғы бір кеңшарын жалға алды. Несін айтасыз, облыс орталығынан 350 шақырым алыстығына қарамастан ай сайын алға басып дамып келе жатқан шаруашылықтың бірі.

Осындай мысалдар бір ғана Павлодар облысында бірнешеу. Мысалы, осыдан 2–3 жыл бұрын ашылған кезінде «Екібастұз — Промсервис» мекемесінің басшысы болған белгілі ірі кәсіпкер Елтай Арбиевтың осы облыстың Шарбақты ауданында 10 мың қара малға арналған шаруашылығын атауға болады. Шаруашылықтың өндірістік жағдайынан басқа, сол ауылдың тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне жасалған жағдайды айтсақ, мешіті, басқа ұлт өкілдеріне шіркеуі, спорт кешені, мәдениет үйі, тағы басқа әлеуметтік салалардағы проблемалары шешім тапты.

Кезінде ұжымдарда жұмысшы күшін ұстап қалған Успен ауданының А.Касицын басқаратын «Галицкое» шаруашылығы, Шарбақты ауданындағы «Победа» шаруашы­лығының басшылары әкелі-балалы Поляковтар, Ертіс ауданындағы бұрынғы кеңшарға ие болған Николай Миллер басқаратын егістік жер көлемі 40 мың гектардан асатын Абай атындағы шаруашылықтар, сол сияқты осы ауданның бұрынғы шаруа қожалықтарының басшылары Балғабай Бакишев, Биікбай Абдрайісов, Яков Шнайдер сияқтылар шаруашылықтарын ірілендіріп, кооператив құрып, мол табыстарға жетіп отыр. Осындай шаруашылықтар Қашыр, Железин аудандарында да көптеп кездеседі. Осы аталған шаруа­шылықтардың жерлерінің құнарлылығы то­пырақтың бонитет балы, кеңес заманы кезінде-ақ инфраструктурасы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы тап-тұйнақтай болған, басшысы жерді жекелендіруге құмар «Родина» агрофирмасы ЖШС-нен көп төмен болса да, экономикалық жағдайлары бір де кем емес.

Үкіметті және жерді игерудегі үкімет көз­қарасын қолдағысы келетіндердің жерді сату­ға, жалға беруде инвестиция тартылады деген уәждерін айтады. Әлемдік тәжірибені алға тартады.

Жоғарыда келтірілген шаруа­шы­лық­тардың іс-тәжірибелері жерді игеруде шетелден инвестиция  алмасақ  болмайды  деуші­лерге көрнекті дәлел боларлықтай. Саясат­танушы Дос Көшімнің: «Ауыл­ша­руа­шылық  жерлерін қазақ азаматтары өздері-ақ игеріп кете алатынына сенімділігі елі­міздегі осындай үлгілердің көптігінен шығар».

Ауыл шаруашылығын әрі қарай дамытуда оған инвестиция тарту үшін шетел­дік­терге жаутаңдамай, ел ішінде-ақ табу мүмкіндіктері бар. Жоғарыда келтірілген мысалдар соған дәлел. Ауыл шаруа­шы­лығына инвестиция бере алатын елімізде ондаған банктер, түрлі акционерлік қоғамдар, корпорациялар «Қазақ мыс», «Казхром», «Казцинк», «Қазақстан Ал­ю­миниі», «Ферросплав» мұнай зауыттары, «Қазмұнайгаз», «Казтрансойл», тағы басқалар, тізе берсең, бірсыпыра бар. Қазақстандағы мекемелердің, Құдайға шүкір, отқа қарап отырғаны аз.

Бұндай тәжірибе кезінде елімізде болған. Орыстар айтатын – «Жаңа дегеніміз – ұмытылған ескі әдіс» демекші, кезінде Президент Н.Ә.Назарбаев Рес­пуб­лика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрғанда республика  бойынша  жер-жерлерде ірі өндіріс орындарының барлығы дерлік ауыл­шаруашы­лық  қо­салқы  шаруашылықтар ашып, қала­лар­да жылыжайлар жұмыс істеп, ауыл­шаруа­шылығы  бір  қадам ілгерілеп қалған заман болған. Қазір де кеш емес. Ауыл­шаруа­шы­лығында бір серпіліс болып, инвестиция тартылуы өз алдына – қаншама жұмыс орны ашылар еді.

Өкінішке қарай, үкімет мүшелерінің ел егемендік алғаннан бері жиі қайталап айта беретін өндірісті әртараптандыруды (диверсификация  производства) бірде-бір  өндірістен көрген де, естіген жоқпыз. Міне, ауыл шаруа­шылығы өндірістің  бір тарабы болуға сұранып-ақ тұрған жоқ па?!

2009 жылы осы жолдардың авторы сол жылдардағы кезекті әлемдік қаржы дағ­да­рыс зардабын жоюға септігі тиер деген мақсатпен экономиканы модернизациялау,  дағдарыстан кейінгі ел экономи­ка­сының дамуы жөнінде жазып, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінің куәлігін алған болатын.

Ауыл шаруашылығындағы жер игеру мә­селелерінде нақтылы мысалдар кел­ті­ріп, сол кезде де біраз пікірлерімді талқыға салған­мын.

Өкінішке қарай, Үкімет басшылығында көңіл бөлінбегендіктен талай құнды идея­лар мен тәжірибелер, талай өнертап­қыштардың әлемде теңдесі жоқ еңбектері аяқ асты болып қалды.

Үкімет басшылығына өткерілген, білімді, өз өмірінде тәжірибе жинақтап түрлі қызмет баспалдақтарынан  өткен   ауылшаруашылығын жақсы білетін адамдар керек. Кезінде вице-премьер қызметін атқарған Нығметжан Есенғарин – жер-жерді аралап облыс, аудан басшыларын жинап, өзекті мәселерді сұрап, шешу  жолын  қоса айтуыңызды  өтініп  отыратын басшы еді. Немесе  ауылшаруа­шылы­ғының маманы, барлық төменгі баспал­дақ­тар­дан өтіп биліктің жоғарғы сатысына жет­кен Ахметжан Есімовтің, елдің ауыл шаруашылығы тұралап, бар техникасын арзан бағаға шетелге сатып, ауылдар техникасыз қалуға жақын­дағанда, техника сатуға тыйым салып тоқтатып еді. Жылда көктемгі егіс пен орақ науқанында жанармай дағдарысы мен қаражат мәселесін шешуді жолға қоя білген, ауыл шаруашылығының қайта өркендеуіне жол ашқан  білімді басшылығы жетіспей тұр.

Ақпарат құралдарындағы жер жөнінде айтылып жатқан кейбір ұшқары, асығыс айтылған пікірлер де баршылық. Бұл пікірлер менің  жеке көзқарасыма  сәйкес келмеген­дік­тен емес өмір шындығына, фактілерге кереғар келіп жатқасын осылай деуге тура келеді.

Негізінде жердің өнімділігі  жердің табиғи құнарлығына қоса жерді уақытша пайдаланушылар мен жер иелерінің  қолындағы қара­жатымен дер кезінде жерді өңдеп мезгілінде тұқым сеуіп, уақытында орып алуға, агро­техникалық басқа да шараларды жүзеге асыра алуына тікелей байланысты.

Қолында қаржысы тапшы, техникалық құрал-жабдықтары ескі, тыңайтқыш, гербицид, сатып алуға шамасы жоқ жер пайдаланушылар, жерді сатып алып үлгірген байшыкеш алпауыттарға қарағанда, әрине жерден төмен өнімділік жинайды.

Үкіметті және жерді игерудегі үкімет көзқарасын қолдағысы келетіндердің жерді шетелдіктерге сатудан, жалға беруден инвес­тиция тартылады деген ойларын көлденең тартады.

Кеше ғана тағайындалған Ұлттық экономика  министрі Қуандық Бішімбаев: «Уақытша пайдалануға берілген жерге қарағанда, жер иелері өңдеген жердің өнімділігі жоғары» деген асығыс пайым­дама жасаған. Іс жүзінде жерді меншігіне алған талай дәрменсіз жер иелерінің болғанын, олардың жерден алған өнімділіктерінің де төмен болғанын да көзіміз көрген.

«Ана тілі» газетінің биылғы жылғы №20 санында «Жер тағдыры: ортаға салар ойлар бар» атты мақаласында жер реформасы туралы құрылған республикалық комиссияның отырысын  жариялады. Комиссия мүшелерінің әр түрлі көзқарастары мен пікірлері берілген. Біраз пікірлер туралы біз де жоғарыда өз көзқарасымызды білдірдік. Сонымен қатар, Алматыдағы зиялы қауыммен өткен кез­десудегі  бір пікірге ерекше тоқтала кетпекпін. Пікір білдіруші жер сатып алу үшін шетел­діктердің қазақстандық қыз-келіншектермен жалған некеге тұруы туралы айта келіп, пікірін «Жер Қазақстан азаматына ғана бе­ріле­ді, ал егер олар ажыраса қалған жағдайда жер тек Қазақстан азаматының жеке менші­гінде қалады», – деп түйіндейді. Бұл енді жеңілдеп айтсақ, аңқаулық, аңғалдық немесе жер сату жөніндегі үкімет көзқарасына қарсы келмейін дегені шығар.

Өйткені, жер алу үшін келген шетелдіктің қазақ қызына үйленуі – оның өмірлік миссиясы. Ол қазақ қызынан мәңгі ажыраспайды. Жерді меншігіне алудағы оның қазақ қызы құралы ғана. Заңмен де ешбір шектеу қоя алмайсыз. Қойған күнде жүзеге, іске аспайды.

Одан – аралас некеден туған балаға қандай шектеу қоя аласыз? Үйленген шетелдік біраз уақыт өткен соң Қазақстанның азамат­тығын  алады. Аяғы, жер жекеменшікке сатылады дегенше, жер қазақтікі  болудан қалатын талай сұрқия жолдар табылады.

«Үй менікі демеңіз, үй сыртында кісі бар» десек те, айтуға тура келеді: жерді жеке мен­шік­ке сатуға болмайды. Шетел­дік­терге, жалпы басқа ұлт өкілдеріне қазаққа: «Ел – сенікі,  жер  – менікі» дегіз­бей­тін шара қол­дану  керек. Бір шетін жағдайда, бір өңірде, бір жылдары осы сөз айтылып та қалған. «Жауырды жаба тоқығаннан» пайда таба алмаймыз.

Кейбіреулер шетелдерде жер сатылады деген уәж айтуға  әуес-ақ. Иә, дүние­жүзі­нің ең бай мемлекеттерінің бірі саналатын Біріккен Араб Әмірліктерінде жер сатылады екен. Бұл елдің жері бірыңғай құм, шөл мен шөлейт жерлер болып келеді. Ел-елден атақты миллиардерлер қаржы шашып, жер сатып алып небір қымбат қонақ үйлер, мейрамханалар, сауда орындарын, тағы басқа ғимараттар салады. Тек жан дүниеңді тебірентіп, тұла бойың­ды шымырлататын бір-ақ шарт бар екен. Ол – «арабтың бір тамшы қаны тамған бір тұтам жеріміз шетелдіктерге   сатылмайды», – деген ұстаным.

Олар қысы-жазы мұхиттан жасанды жер жасап қуатты кемелермен алып баржаларға тиелген үлкендігі жүк машинасынан да ірі тастарды суға тастап, құрылыс алаңдарын дайындайды екен. Міне, осы әңгіме сол елдің туристерді қыдыртатын көлігіндегі кез келген экскурсовод пен гидтардың ауызында.

Ал біздің ұлттың қаны тамбаған Қазақстанда жер бар ма екен? Қазақтың атақты ақын, тарихшы, этнограф, философы – әулие бабамыз  Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» атты еңбегінде: «Елін, жерін қорғаған ата-бабаларымыздың қаны судай шашылды», – дейтіні бар емес пе?! 15 ұлы бар баба­сының бір-ақ соғыста 13-і қаза тауып, бірі бесікте, бірі кебежеде болып жау қолында кетіп бара жатқан жерінен екі сәбиді батырлар  жиналып  тұқымсыз қалмасын деп, шепті бұзып айырып алғанынан  Мәшекең өзі тарайтынын жазып еді ғой…

Тағы бір айта кетеріміз, бағдарлама­лары шектеулі БАҚ жер туралы айтылып жатқан сөздердің бәрін халыққа  жеткізе алмас. Комиссия отырысында «қабыл­дан­ған шешім­дерді халыққа дұрыс жет­кі­зілуіне бар күшімізді саламыз» деп уәде берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың назарына  саларымыз:  Комиссия отырысының арнайы брошюралар арқылы халыққа жет­кізуге атсалысса деген жұрттың тіле­гін білдірсек деп едік. Пікір білдірушілер қай тілде сөйлесе де аудармай-ақ басып шығарып таратса, халық өз қаражатына сатып алар еді. Жер мәселесі жөнінде кімнің не айтқаны да тарихқа куәгер құжат болар еді. (Ертеде ғылыми конференция, түрлі жиындар материалдары осылай таратылушы еді. Ауыл шаруа­шы­лық министрлігінің мезгіл-мезгіл шы­ға­тын «Жаршы» («Вестник») дегендер болушы еді).

Иә, жер – жалпыұлттық тақырып қой!

Қорабай ШӘКІРОВ,
 «Ел – экология» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір