РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ҮЗДІК КІТАПХАНА» БАЙҚАУЫН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ
05.11.2026
39
0

Жалпы ереже
1.1. Республикалық «Үздік кітапхана» байқауы (бұдан әрі — Байқау) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» 2026 жылғы 16 мамырдағы Жарлығын іске асыру аясында:
— оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту, цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа формат­тағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
— туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидат­тары мен ережелерін құрмет­теу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық қаламгерлерді қолдау;
— ел аумағында ұлт­тық әдеби мұраны насихат­тау;
— кітапханалардың жұмыс сапасын арт­тыру, озық тәжірибелерді анықтау;
— кітапханалардың заманауи дамуын қолдау, оқу мәдениетін қалыптастырудағы рөлін арт­тыру;
— республика кітапханаларындағы жұмыс түрлері мен әдістерін жетілдіру;
— оқырмандарға кітапханалық және ақпарат­тық қызмет көрсетудің озық түрлерінің нәтижелерімен бөлісу;
— кітап оқуды насихат­тау, білімге ұмтылысты арт­тыру және осы саладағы республика кітапханаларының беделін көтеру мақсатында өткізіледі.
1.2. Байқауды ұйымдастырушылар:
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі;
Қазақстан Жазушылар одағы.
1.3. Байқау Қазақстан Республикасының аумағында өткізіледі.
1.4. Республикалық «Үздік кітапхана» байқауының Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Байқаудың мақсат­тары мен міндет­терін, қатысу шарт­тарын, оны ұйымдастыру және өткізу тәртібін, байқау жұмыстарының бағалау критерилерін, сондай-ақ ұйымдастырушылардың, қазылар алқасы мүшелерінің және қатысушылардың құқықтары мен міндет­терін айқындайды.

Байқаудың мақсаты мен міндеті
2.1. Мақсаты:
кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
маңызды әлеумет­тік мәдени институт ретінде кітапханалардың мәртебесін арт­тыруға жағдай жасау;
кітап оқырмандарының ақпарат­тық, рухани сұраныстарына сай келетін заманауи кітапхана үлгісін қалыптастыру;
оқырмандар санын арт­тыру, цифрлық қызмет­терді дамыту.
2.2. Міндеті:
кітапхана ұжымдарының шығармашылық ізденістерін анықтау;
оқырмандардың республикаға танымал қаламгерлер және жергілікті ақын-жазушылармен арадағы байланыстарын жетілдіру;
қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздарды анықтау және марапат­тау.

Байқауға қатысу шарт­тары
3.1. Байқауға Қазақстан Республикасындағы меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымдарының кітапханалары қатыса алады.
3.2. Байқауға қатысу тегін және ерікті түрде жүзеге асырылады.
3.3. Байқаудың ІІІ кезеңіне облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың іріктеу кезеңінен I орын алған жеңімпаздар қатыса алады.
3.4. Жергілікті және өңірлік байқаулардың жеңімпаздарына (екі санат бойынша жекелей) қатысты анықтамалар мен қазылар алқасы шешімдерінің хат­тамалары қоса тапсырылады.

Байқауды өткізудің тәртібі мен кезеңдері
4.1. Байқау үш кезең арқылы өтеді.
I кезең (аудандық/қалалық): жергілікті деңгейде құжат­тар мен өтінімдер қабылданады, үздіктер анықталады;
II кезең (облыстық/қалалық): өңірлік деңгейде үздік танылған кітапханалар іріктеліп, республикалық кезеңге ұсынылады;
III кезең (республикалық қорытынды): облыс жеңімпаздарының материалдары Республикалық әділқазылар алқасымен бағаланып, Бас жүлде, жүлдегерлер және номинация иегерлері анықталады.
4.2. Байқау екі санат­та өткізіледі.
I санат – мектеп кітапханалары арасында;
II санат – облыстық/қалалық көпшілік кітапханалар арасында.
4.3. Байқау өткізудің тәртібі мен шарт­тары екі санатқа да бірдей дәрежеде жүзеге асырылады.
4.4. Номинацияларды анықтау мен жүлдегерлерді марапат­тау деңгейі екі санатқа да бірдей дәрежеде белгіленеді.

Қатысушыларға қойылатын талаптар
5.1. Республикалық байқауға қатысу үшін белгіленген мерзімде өтінім мен қажет­ті материалдар (портфолио, статистика) өткізілуі тиіс. Үміткерлер келесі материалдарды электронды түрде (jazushylar_odagu@mail.ru) жолдауы тиіс:
ресми өтінім және облыстық/қалалық кезеңнен өткендігін растайтын жолдама хат;
кітапхана портфолиосы: 3 жылдағы статистикалық көрсеткіштер (кітап қорының динамикасы, оқырмандар мен келушілер саны (елдімекендегі халық санына шаққандағы пайыз тұрғысынан), цифрландыру деңгейі);
«Заманауи кітапхана тынысы» бейнеролигі; кітапхананың ішкі кеңістігін, жабдықталуын және ерекше жобаларын көрсететін визитка-ролик (3 мин.);
авторлық жоба немесе инновациялық бағдарлама: кітапхананың кітап оқытуды дамытуға бағыт­талған өзіндік бірегей жобасының сипат­тамасы мен нәтижелері;
оқырмандардың танымал қаламгерлер және жергілікті ақын-жазушылармен байланыстарын жетілдіруге қатысты жұмыс нәтижесі;
кітапқа байланысты оқырмандар конференциясын өткізу жиілігі (буктрейлер – жекелеген кітап туралы еркін немесе көркем формада баяндайтын авторлық бейнеролик, 3 мин);
белгілі бір тақырыпқа немесе мерейтойлық датаға арналған креативті кітап көрме-жәрмеңкесін өткізу тәжірибесі;
әдеби клубтардың, кітап көрмелері, оқырман конференциялары, ақын-жазушылармен кез­десулердің, түрлі акциялардың тұрақты әрі креативті өтуі және олардың БАҚ-та жариялануы.

Бағалау критерилері
6.1. Әділқазылар алқасы жұмыстарды 10 балдық жүйемен келесі бағыт­тар бойынша бағалайды:
жұмыстағы жаңашылдық пен креативтік;
ақпарат­тық-коммуникациялық технологияларды (АКТ), электронды платформаларды қолдану деңгейі;
өз өңіріндегі кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі;
кітап қорының заманауи деңгейде жаңаруы мен сақталуы;
оқырмандар санының өсу серпіні және олармен жұмыс (үйірмелер, әдеби клубтар, коворкинг орталықтары);
кітапхананың ішкі безендірілуі мен заманауи жабдықталуы;
креативті авторлық жоба немесе инновациялық бағдарлама;
оқырмандардың республикаға танымал қаламгерлер және жергілікті ақын-жазушылармен арадағы байланыстарын жетілдіру тәжірибесі;
онлайн кез­десулердің ұйымдастырылуы ;
оқырмандармен жұмыс: келушілер белсенділігі, өткізілген кітап көрмелері, акциялар, кез­десулер, әдеби кештер және олардың БАҚ-та жариялануы.
6.2. Жұмыстарға рецензия жасалмайды және қайтарылмайды.
6.3. Жұмыстарды бағалауды әдеби қауымдастық өкілдері, танымал қаламгерлер, балалар ақын-жазушылары, педагогтер және мәдениет саласының мамандарынан тұратын қазылар алқасы жүзеге асырады.
6.4. Қазылар алқасының құрамы жергілікті деңгейде 5-7, өңірлік деңгейде 7-9, республикалық деңгейде 15 адамнан болуы ұсынылады.
6.5. Қазылар алқасының құрамын:
I кезең (аудан/қала) – жергілікті деңгейдегі білім беру және мәдениет басқармалары;
II кезең (облыс/қала) – өңірлік деңгейдегі ҚЖО РҚБ филиалдары мен білім беру және мәдениет басқармалары;
III кезең – республикалық деңгейде салалық уәкілет­ті органдардың келісімімен «Қазақстан Жазушылар одағы» РҚБ Басқарма басшылығы бекітеді.
6.7. Рейтинг нәтижесі жалпы ұпайды есептеу арқылы анықталады. Бірдей ұпай жинақталған жағдайда комиссия мүшелері дауыс береді.
6.8. Қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды, соңғы шешім болып табылады.

Байқауды ұйымдастыру мерзімдері
7.1. Байқау үш кезеңде өткізіледі
I кезең (аудан/қала) – жергілікті деңгей:
2026 жылғы 30 қараша — 5 желтоқсан – жұмыстарды қабылдау.
7-19 желтоқсан – қазылар алқасының отырысы, қорытындылау.
25-26 желтоқсан – Республика күніне орай, жергілікті деңгей жеңімпаздарын жариялау.
II кезең (облыс/қала) – өңірлік деңгей:
2027 жылғы 5-23 қаңтар – жұмыстарды қабылдау.
25 қаңтар — 20 ақпан – қазылар алқасының отырысы, қорытындылау.
5-6 наурыз – өңірлік деңгей жеңімпаздарын жариялау.
III кезең – республикалық деңгей
2027 жылғы 9-27 наурыз – жұмыстарды қабылдау.
29 наурыз — 12 сәуір – қазылар алқасының отырысы, қорытындылау.
23 сәуір – «Ұлт­тық кітап күні және кітапханашылар күні» мерекесіне орай республикалық «Үздік кітапхана» байқауының жеңімпаздарын жариялау және салтанат­ты түрде марапат­тау.
ЕСКЕРТУ: Байқаудың барлық кезеңі бойынша көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп берілген жұмыстар қабылданбайды.
Республикалық байқаудың екі санат бойынша жүлдегерлерін марапат­тау рәсіміне қатысу үшін Алматы қаласына сапары (жол шығындары мен тұру шығындарын қоса алғанда) жергілікті ұйымдастырушының есебінен жүзеге асырылады.

Республикалық «Үздік кітапхана» байқауы
жеңімпаздарын марапат­тау
8.1. Жүлделі орындар мен номинациялар
Бас жүлде (Гран-при) – 1 000 000 теңге;
республикалық «Үздік кітапхана» байқауының жеңімпазы кубогі, арнайы диплом;
I орын – 500 000 теңге, арнайы диплом;
II орын – 300 000 теңге, арнайы диплом;
III орын – 200 000 теңге, арнайы диплом;
Екі ынталандыру сыйлығы – әрқайсысы 150 000 теңгеден.

Сонымен қатар:
«Үздік заманауи кітапхана»;
«Балалар таңдаған үздік кітапхана»;
«Отбасылық оқу мәдениетін дамытудағы үздік кітапхана»;
«Үздік ауыл кітапханасы»;
«Үздік буктрейлер»;
«Үздік медиа кітапхана»;
«Үздік кітап көрмесі»;
«Жылдың үздік кітапханашысы»;
«Үздік кітапханалық акция»;
«Жылдың үздік әдеби алаңы»;
«Баспасөзді дәріптеген үздік кітапхана»,
«Өңір әдебиетін насихат­таған үздік кітапхана»;
«Үздік креативтік жоба»;
«Инновациялық қызмет бойынша үздік кітапхана» арнайы номинацияларының дипломдары мен бағалы сыйлықтар тапсырылады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір