ҚАРҚАРАДА ШАШЫЛЫП ЖАТЫР ӘНІ, ҚАН ЖОСА ТАРИХТЫҢ ПАРАҚТАРЫ
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Қазақстан Жазушылар одағы
басқарма төрағасының орынбасары
Ғарыш пен жерді жалғап жатқан осынау Қазақ жерінің қай қиыры болсын рухқа суарылып, қасиетке баланған. Біз өткен тарихымыз бен тағдырымызды тасқа қашап қалдырған елміз. «Білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын» Абылай хан, Үйсін Райымбек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Ер Қарасай бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр Ұлы Даланы кейінгі ұрпаққа аманат ету жолында сұрапыл жорықтар жасады. Ымырасыз шайқастарға шықты. Оған дәлел – керегесін Керей мен Жәнібек қалаған 550 жылдығын күні кеше ғана барша халық болып атап өткен Қазақ хандығы. Одан кейін де Қазақ халқының басынан небір күнгейлі-теріскейлі кезеңдер мен зұлматты жылдар өтті. Бірде бағымыз үстем болса, енді бірде басымыз бұғауда, бармағымыз шайнауда қалды. Отаршылдық дәуірінде де Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың, Сыр мен Шудың арасындағы Азаттық үшін арпалыс тоқтаған жоқ.
Патшалық Ресейдің 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысты желеу етіп, әділетсіз һәм ретсіз жасалған әскери бағыттағы іс-қимылдарына қарсы көтеріліс Қазақстан мен Орта Азияны түгелдей қамтыды. Сол бір сұрқай шақтарда бұратана атанса да басын бұғауға бермей, мойындарына бұршақ салып болашақ ұрпақ үшін күреске шыққан өңір – Жетісу аймағы!
Ғасыр бұрын дәл осы табанымыз тиіп тұрған қасиетті Қарқара, ел пәтуаласқан Ереуіл, мың-сан тарихтың куәсі болған Мыңжылқы Қазақстандағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық жолындағы көтерілістердің ең ірі ошағына айналды. Бұл – бабадан балаға аманат болып қалған, әр тасы тұнған тарих, әр тұлғасы сарқылмас қазына, сүйем жер үшін сүйегін берген, тізесін бүкпей тік құлаған баһадүр бабалар мекені – киелі Аспантаулар өңірі, Хантәңірі етегі. «Берсек – бала өледі, бермесек – шал өледі, бала өлгенше шал өлсін», деп ұран тастаған Ұзақ батыр мен Жәмеңке би бағзыдағы бабалардың Азаттық аңсарын жалғастырған тұлғалар еді. Бір кездері Батыс пен Шығысты тоқайластырған, Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған жәрмеңке бір-ақ сәтте адамдардың қанқасап қазанына айналды. Сол Қарқара қасіретінің жалыны шарпымаған, ошағы ортасына түспеген шаңырақ бұл өңірде некен-саяқ. Бас көтерер тұлғаның бәрі атылды, асылды. Аңыраған ана, шыңғырған бала дауысынан таулы өлкенің таңы жыртылды. Ел бастаған Ерінен айырылған Албан жұрты жерінен де айырылды. Мал-мүлкі таланған тағдырлы ел аштыққа ұрынды. Тас жастанып, тау жамылған жетім ұл мен жесір ана босқыншылыққа ұшырады. Әл-дәрмені жоқ босқан елді патша әскері қуалап жүріп тағы қырғынға ұшыратты. Кеудесінде жаны қалғандар қиыр жайлап, шет қонып, шекара асты. Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышпаев бір дерегінде Қарқара қасіретінен босқан-қашқаны бар, ұзын-ырғасы 35 мың адамның құрбан болғанын келтірген екен. Елдің басына түскен ауыр нәубет жайлы кезінде қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлері аз жазған жоқ. «Басына ас құйып, сабына қарауыл қойған» сол бір қиын кезеңдерде ұлы суреткер Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде халықтың қасіретін көркем сөзбен шебер көркемдеп, қазақ халқын жарты әлемге танытты.
«Бабаларды аңырап жоқтап бағам,
Тағдырлары оққа ұшып, от қақтаған.
Дәл сол шақта күл болып жәрмеңкесі,
Азияның жүрегі тоқтап қалған.
Жарықтықтар жандары жәннаттағы,
(Ауыр ой алды-ау мені қамап тағы).
Қарқарада шашылып жатыр әні,
Қан жоса тарихтың парақтары», –
деп дауылпаз ақын Еркін Ібітанов текке жырламаса керек. Жалпы, Қарқара қасіретін айналып өткен қаламгер некен-саяқ. Мұның бәрі тарих, өткенді құрметтемесең, болашақ бізге құшағын айқара ашпайды. Бұл орайда ел мен жердің тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында жанкешті еңбек еткен Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Нәбижан Мұхамедханұлы, Сағатбек Медеубекұлы, Тоқтар Әлібек, Шәмек Тілеубаев, Рашид Оразов сынды тарихшыларымыз бен әдебиетші ғалымдарымыздың еңбегі ересен.
Мемлекет құру жүйесі тек сәулелі кезеңдерден тұрмайды. 1916 жылғы дүрбелең, 30 жылдардағы геноцид, 37-дегі елдің қаймақтарын қалқып алған репрессия, 86-дағы алып империяға қарсы қазақ жастарының бас көтеруі, бәрі-бәрі бүгінгі Азаттығымызға бастау болған тарихи оқиғалар еді.
Ел Тәуелсіздігінің бүгінгі 25 жылдығында қолымызды кеудемізге қойып тұрып, іштей тәуба келтіріп, өткен тарихымызды ой елегінен өткізіп, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік идеясын» жас ұрпақтың санасында сәт сайын жаңғыртып отыру әрқайсымыздың міндет-борышымыз. Азаттығымызға ширек ғасыр! Бейнелеп айтсаң, дәуір үшін бес атанға жүк болар тарих, ал тұжырып айтсаң тарих үшін түк те емес.
Өз алдымызға жеке отау құрып, бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамыздың бәрін айқындап жаңа тұрпатты Тәуелсіз мемлекет құрылды.
Құндылықтар мен қоғамдық жүйе түбірімен өзгерді. Жайын ауыздай жалаңдап жаһандану дәуірі келді. 25 жылдың ішінде Қазақстан ғаламдық дамудың бірнеше сатыларынан өтті. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа Елордасын белгіледі.
«Орағың өткір болса, қарың талмайды,
Отаның берік болса, жауың алмайды», – дейді халық нақылы. Алыс-жақын шетелдерде болып жатқан қарулы қақтығыстар, көрші-көлеңдерде орын алып жатқан сәтсіз саяси шешімдер, туысқан елдердің шекараларын толық белгілей алмай, бір-біріне қарсы қарулы іс-қимылға көшуі, Қасиетті Құран түскен жерлерде мылтық ұңғысынан түтін сейілмей тұрғаны санамызға сан түрлі сауал жүктейді.
Қазақ топырағында қаншама ұлт пен ұлыстар өмір сүріп келеді. Олардың баршасы «Тәуелсіздік идеясы» аясында мемлекет құрушы ұлттың қас-қабағына қарай отырып, осы елдің болашағына қызмет етуге міндетті. Біз үшін ең қастерлі де қасиетті ұғым – Тәуелсіздік! Бабаларымыз осы Азаттық үшін қан төкті, бүгінгі ұрпақ соның қадіріне жете білуі тиіс.
Бүгінгі тарихымызға тағзым жасап, бабалар ерлігінің 100 жылдығын ел болып еске алып, рухқа қызмет етіп жатсақ, қасиетті Тәуелсіздігіміздің жемісі. 1916 жылы Қазақстанның барлық өңірінде толқулар болды. Бірақ сол қастерлі тарихқа тағзым жасауды бірінші болып Жетісу өңірі жүзеге асырды. Райымбек ауданында әлеуметтік бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Рухани жаңару сезіледі. Тарихи санаға сілкініс жасауда қыруар еңбектер жасалды. Осы орайда Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов мырзаға қаламгерлердің атынан айрықша алғыс білдіреміз.
Таяуда ғана «Ан-Арыс» баспасынан Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына байланысты Алматы облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен жеті том кітап жарыққа шықты. Бұл жобаның авторы – ҚР Парламенті сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Оразалин мырза, жауапты редакторы – «Ан-Арыс» баспасының директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы! Бұл жеті томға еліміздің ең таңдаулы тарихшылары, әдебиет зерттеушілері бұрын-соңды жарияланбаған дерек-дәйектерді жинақтап, айрықша еңбек сіңірді. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі, ел ағасы Сейдәлім Тәнекеевтің «1916. Қарқара-Албан көтерілісі» атты зерттеу еңбегі, көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» атты жаңа романы еніп отыр. Бозбала шағын Қарқараның қасіретіне қарып алған, одан кейінгі саяси-әлеуметтік кезеңдердің бәрін жанарына жасырған, Желтоқсан көтерілісін де бастан кешкен, ақыры мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының 1991 жылы қазақ елінің Тәуелсіздігін жариялағанын естіп, «Құдай бар екен ғой…» деп үзіліп кеткен Шәйі кейіпкер арқылы бүтін бір дәуірдің әдеби полотносын жасаған классик қаламгердің бұл романы әдебиетіміздің ең үлкен марапаты – Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.
Осы тарихи оқиғаға орай құрылып, белгілі азамат Жанболат Жөргембаев басшылық жасаған «Қарқара-Ереуіл» қорының атқарған жұмысы ұшан-теңіз.
«Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер», «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген қанатты сөз бар. Еңбек – ширатады, өмір – үйретеді. Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді, өйткені, еңбек – адамның екінші анасы. Аспантау елі, киелі Хантәңірі етегін жайлаған жайсаң жұрт ұрпақтарын еңбекке жұмылдырып, табанақы, маңдай терімен туған жердің түлеуіне адал қызмет етіп келеді. Олар кешегі кеудесін оққа тосқан, қақпанға түскен аяған шайнап тастап кеткен желдің өтінде, шекараның шетінде тағдыр кешіп жүрген баһадүр бабалардың ұрпағы.
Бүгінгі ұлы бабаларымыздың рухына бағышталған ғасырлық еске алу қайырлы болсын ағайын! Ел іші даудан, сырты жаудан аман болғай! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!