ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ
5 қазан – Ұстаздар күніне орай Шымкент қаласындағы «QYZGALDAQ saraiy» мәдениет сарайында «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.
Салтанатты шара барысында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби шеберлігімен және үздік нәтижелерімен танылған педагогтер марапатталды. Оқушылары мен тәрбиеленушілерін пәндік олимпиадаларға, спорттық жарыстарға және түрлі байқауларға дайындап, жоғары нәтижелерге жеткізген ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Үздік педагогтерге мемлекеттік наградалар мен Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік кеш өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби мерекесінде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов бастаған басқарма қызметкерлері мен әдістемелік орталығының қызметкерлері саналы ғұмырын білім саласына арнаған зейнеттегі ардагер ұстаздардың шаңырақтарына арнайы барып, құттықтауларын жеткізді.
Кездесу барысында ардагер ұстаздарға ізгі тілектер айтылып, сый-сияпат табысталды. Білім саласының дамуына үлес қосқан алдыңғы буын өкілдерінің еңбегі ерекше атап өтіліп, олардың өнегелі жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі екені айтылды.
Зейнеттегі ұстаздар өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, білім саласының қазіргі тыныс-тіршілігі мен жас мамандардың жетістіктері туралы жылы лебіздерін айтты.
Сонымен қатар Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов №96 мектептің бірқатар ұстаздарын діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, діни тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы конфессияаралық келісім мен өзара түсіністікті нығайту бағытында атқарған жұмыстары үшін марапаттады.
Марапатталғандар қатарында мектеп директоры Дәуренбек Әбдіғали, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Венера Абаева, 6 «Б» сынып жетекшісі Шоира Нуртаева, 9 «Б» сынып жетекшісі Нилуфар Хамидова және 11 «А» сынып жетекшісі Гульзина Пошаева бар.
Білім басқармасының басшысы педагогтерге алғысын білдіріп, олардың жауапты еңбегін атап өтті және алдағы жұмыстарына табыс, зор денсаулық, отбасыларына амандық пен жаңа жетістіктер тіледі.
Шаһардағы тағы бір жаңалық – Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күніне орай «Кәсіби білім – кемел болашақ» атты мерекелік іс-шара өтті.
Жиынға колледж басшылары мен педагогтері, өндірістік оқыту шеберлері, сала ардагерлері, студенттер және әлеуметтік серіктестер қатысты. Басқосу барысында колледждердің кәсіби, шығармашылық және инновациялық бағыттағы жетістіктері таныстырылып, сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Бірқатар мамандарға марапаттар табысталды.
Кәсіби білім беру саласының жетістіктері қатарында WorldSkills Shanghai – 2026 халықаралық чемпионатындағы шымкенттік студенттердің нәтижесі де атап өтілді. Бұл – қала колледждерінде студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауға бағытталған жұмыстың нәтижесі.
Мерекелік кеш Шымкент саз колледжі шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.