БӘКІР ТӘЖІБАЕВТЫҢ  ЕСКЕРТКІШ-МҮСІНІ  ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ
02.11.2026
38
0

Ақтөбеде қазақтың көрнекті ақыны, композитор әрі драматург Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар мәдени іс-шара өтті. Мерейтойлық шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятқа үлес қосқан тұлғалардың мұрасын сақтау және дәріптеу жөніндегі ұстанымымен үндеседі. Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығы қазақ өнерінің дамуына үлес қосып, халықтың рухани қазынасына айналды.

Ғасырлық мерейтой облыс әкімі Асхат Шахаровтың ақынның ұрпақтарын қабылдауынан басталды. Кездесуде өңір басшысы қаламгердің өлеңдері, әндері мен драмалық шығармаларының кейінгі буын үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өз кезегінде қонақтар тұлға есімін ұлықтауға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілгені үшін алғыстарын жеткізді.

Шараның маңызды оқиғаларының бірі – Облыстық халық шығармашылығы орталығының алдындағы алаңда Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-бюстінің ашылуы. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Асхат Шахаров, ақынның ұлы Жасұлан Тәжібаев, туған-туыстары, ақын-жазушылар мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Ескерткішті ашу құрметі ҚР Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров пен ақынның туысы Ақан Төлеуовке ұсынылды. Шара барысында мерейтой иесінің әндері орындалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Ескерткіш-бюстің авторы – мүсінші, монументалды өнер шебері Болатбек Салаев.

«Бұл ескерткіш-мүсін – ел тарихында өзіндік қолтаңбасы бар тұлғаның рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында орнатылды. Бәкір ағамыздың өмірі мен шығармашылығы Ақтөбе өңірімен бітеқайнасып жатыр. Ол туған жерінің табиғатын, ел тұрмысын, адам жан дүниесін шығармаларына арқау етті. Ақынның сырлы жырлары мен әсем әндері бүгінде халқымыздың рухани қазынасына айналды. Бұл ғимарат – халық шығармашылығын насихаттайтын рухани ордалардың бірі. Мұнда келген әрбір жан Бәкір ағамыздың бейнесіне тағзым етіп, оның өнері мен өнегесінен рухани нәр алады деп сенемін», – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Ақынның ұлы Жасұлан Тәжібаев ескерткіштің ашылуы отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бастама анасының аманаты болған.

Сондай-ақ мерейтой аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақбұлақ аға» кітабының таныстырылымы өтті. Кітап авторы – Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір. Жинаққа ақынның сегіз драмалық шығармасы, автордың өз туындылары мен Бәкір Тәжібаев туралы жазылған пьесалар енгізілген.

Мерейтой бағдарламасы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында Орал-Қосай Байсеңгірдің қаламынан туған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев пен Ақниет Жақсығали режиссерлік еткен   «Ақбұлақ аға» спектакль-элегиясының қойылымымен жалғасты. Шығармада Бәкір Тәжібаевтың өмір жолы, шығармашылық ізденістері, азаматтық болмысы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі бейнеленген.

100 жылдық мерейтойы республикамыздың барлық өңірінде кең көлемде аталып өтіп жатқан Бәкір Тәжібаев – қазақ поэзиясы мен ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер. Оның шығармалары туған жерге сүйіспеншілікті, адамгершілікті, махаббат пен сағынышты арқау етіп, халықтың рухани өмірінен берік орын алды. Ақынның сөзіне жазылған әндер бірнеше буынның жадында сақталып, қазақ музыкасының асыл мұрасына айналды. Биылғы жылдың наурыз айында, Ұлыстың ұлы күні Өскемен қаласының орталық алаңында оның «Ақбұлақ» әні 5000 адамның домбырамен бір мезетте орындауымен Гиннестің рекордтар кітабына еніп, әлемге танылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді.

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір