ӨНІМДІ ЕҢБЕК ОРДАСЫ
Оңтүстік халқының еңбекқор екені әу бастан елге мәлім. Жалпы, ертеректе «қазақты жалқау» еткісі келгендердің бүгінде пікірі мүлдем өзгерген. Шағын кәсіпке бейім шаруақор оңтүстіктің еңбекке белсенді жұрты солтүстік аймақтарға да қоныс аударып, ел экономикасының дамуына үлес қосуда. Яғни халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірінің тұрғындары жұмыс пен сұраныс бар өңірлерге баруда. Бұл орайда, халық Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған: «Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады», – деген сөздерін басты ұстаным еткені мәлім. Елбасы өз Жолдауында «әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» өтуге барып тірелетінін» айта келе, адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі екенін атап өткен болатын. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында да Елбасы «Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті» екенін айта келе, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда елімізде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында ауқымды істер атқарылуда.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кіріскеніне жыл толған Бейбіт Атамқұлов алғашқы күндерден-ақ Елбасының инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы өзі үшін басты индикатор болып саналатынын мәлімдеген болатын. Бүгінде тапсырманы іске асыру бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бес институттық реформаны негізге алған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының өңірде жүзеге асырылу барысы жайында өткен брифингте облыс әкімі келтірген мәліметтерге жүгінсек, өткен жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 416 млрд. теңгеге жеткен. Инвестициялық салымдардың басым бөлігі шағын кәсіпорындардың көлемінің 61,2 пайызын құрайды. Сыртқы инвестициялардың көлемі 48,3 млрд. теңгені немесе жалпы инвестиция көлемінің 12 пайызын құраған. Өнеркәсіп саласын дамыту үшін төрт бағыт бойынша жоспар әзірленгенін мәлім еткен облыс басшысы оларға жекелей тоқталған болатын. Мысалы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқыма кластерді қалыптастыру – бұл бірінші бағыт. Бүгінгі таңда өскен шитті мақтаның отыз бес пайызы облыстың тоқыма кәсіпорындарымен өңделуде. Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін шитті мақтаның 90 пайызын облыстың кәсіпорындарында өңдеуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шитті мақта көлемін 54 пайызға өсіру жоспарланған, ол 420 мың тоннаны құрайды. Облыста фармацевтика кластерін қалыптастыру да басты бағыттардың бірі. Республикада өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы оңтүстіктің үлесінде. Бүгінгі таңда, «Химфарм» акционерлік қоғамында 100 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 кезеңнен тұратын жоба, бұдан бөлек, дәрі-дәрмек өндіретін және медициналық бұйымдар шығаратын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2 зауыттың құрылысы басталған. Ортопедиялық бұйымдар шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып келеді. Облыс әкімі, сондай-ақ, өңірдің әр ауданында индустриялық аймақтардың құрылысын жүргізу және дамыту қолға алынып жатқанын мәлім еткен-ді. Бүгінгі таңда 11 индустриялық аймақ құрылған, оның төртеуі Шымкент қаласында орналасқан. Оның ішінде, алтауы іске қосылып, онда 143 жобаны іске асырып, 10400 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Республикада бірінші болып жұмысын бастаған «Оңтүстік» индустриялық аймағында 20,4 млрд. теңгенің 39 жобасы іске асырылып, 3,1 мың жұмыс орны ашылды. Соңғы 5 жылда инфрақұрылым тартуға жұмсалған қаржының 67 пайызы бюджетке салық түрінде қайтарылды. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу – облыс әкімі атап өткен төртінші бағыт. Былтыр жалпы өнімнің көлемі 345 млрд. теңге болып, өсім 3,5 пайызды құрады. Биыл облыста құс етін өңдеу көлемін 4 есеге арттыру мақсатында 3 құс өсіру, яғни «Қазығұрт құс» ЖШС, «Ak Kazyna» ЖШС және «Ордабасы құс» ЖШС кешенін іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, 2 ет өңдеу комбинатын іске қосу арқылы ірі және ұсақ мал етін өңдеу екі жарым есеге арттырылмақ. Облыс бойынша өндіріс қуаты жылына 130 мың тоннаны құрайтын 40 сүт өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді. Өткен жылы 188 мың тоннадан астам сүт өңделіп, сүтті терең өңдеу көлемі 11 пайызға өскен. Ал Түлкібас ауданында өндіріс қуаты жылына 5,4 мың тоннаны құрайтын жеміс пен көкөністерден концентрацияланған және таза шырын шығаратын 4 зауыттың құрылысы жүзеге асырылуда. Аталған міндеттемелерді іске асыру 2020 жылға облыс өнеркәсібіндегі өңдеу өнер-кәсібінің үлесін 70 пайызға жеткізуге мүмкіндік бермек.
Еліміз бойынша жылыжайлардың 87 пайызы оңтүстікте орналасқан. Бүгінгі таңда облыс еліміздің жабық топырақтағы көкөніске сұранысының 65 пайызын қамтамасыз етеді. Нарықтың сұранысын ескере отырып, индустриялық аймаққа ұқсас 136 га ірі жылыжай кешенін құру жобасы іске асырылуда. Осы арада айта кетелік, облыстағы жеміс дақылдары мен жүзімнің барлық егіс көлемі 31 мың гектарды құрайды. Оның 20,6 мың гектары жеміс дақылдары болса, 10,4 мың гектары жүзім болып отыр. Осы егістіктен биыл 110 мың тонна жеміс-жидек пен 63 мың тонна жүзім жиналады деп күтілуде. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда жүзім бойынша 22 мың тоннаға, жеміс бойынша 49 мың тоннаға артық деген сөз. Бүгінгі таңда жиналған жемістердің басым бөлігі өзге мемлекеттерге экспортталып жатыр. Осы жылы Мәскеудің нарығымен қоса, Иваново және Екатеринбург қаларының нарықтары оңтүстік кәсіпкерлері үшін ашылып отыр. Жалпы, облыстан негізінен экспортқа картоп, көкөніс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнімдері, өсімдік майы, құс еті және мақта талшықтары шығарылады. Аграрлы аймақта осы жылы көкөніс пен картоп дақылдары жалпы 52,3 мың гектарға, ал бақша өнімі 59,1 мың гектар жерге егілген. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 890 мың тонна көкөніс, 1,4 млн. тонна бақша, 256 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде. Өндірілген өнімдерді тасымалдау, жеткізу де жауапты іс. Бұл орайда, Шымкент қаласында алаңы 112 гектарды құрайтын көліктік-логистикалық орталық құрылысы аяқталуда. Орталықта 7 ірі жоба іске асырылып, 27,6 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылды. Онда халықаралық стандарттарға сай «А» класындағы қойма іске қосылған. Бұдан бөлек, Мақтаарал, Сарыағаш, Түлкібас аудандарында және Түркістан қаласында логистикалық орталықтар құрылысы жүргізілуде.
Құрылыс демекші, қыркүйекте облыста 25 білім беру нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту етілгелі отырған 25 нысанның 2-уі – 600 орындық, 9 нысаны – 300 орындық болса, қалған 14 білім мекемесі 100 және 200 балаға шақталған. Негізінен, Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында орналасқан білім орындары пайдалануға берілгенде өңіріміздегі 6,5 мыңнан астам шәкірт жаңа мектептерде сауат ашып, тәрбиеленетін болады. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, жыл басынан бері 67 білім беру нысанының құрылысы жүріп, оның бүгінге дейін 13-і ел игілігіне жұмыс істеуде. Яғни Бәйдібек, Сайрам, Төле би, Түлкібас, Мақтаарал аудандары мен Шымкент, Түркістан, Арыс қалаларында пайдалануға берілген 150, 200, 300 және 600 орындық мектептер мен 280 орындық балабақшалар аймақтағы білім сапасының жақсарып, арта түсуіне ықпал етуде. Мұнан бөлек, жыл соңына дейін 600 оқушыға шақталған 1 мектеп есігін айқара ашса, іргетасы қаланып жатқан 28 ғимарат келесі жылы пайдалануға берілмек. Еліміз егемендік алған ширек ғасырда медицина саласы да бірталай жетістіктерді бағындырды. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңарып, медицина ұйымдарының жабдықталуы 25,3 пайыздан 65,35 пайызға дейін өсті. Осы жылдар ішінде 347 жаңа нысандар салынып, облыстық деңгейдегі наркологиялық аурухана, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, кардиологиялық орталық, облыстық балаларды оңалту орталығы, «Мейірім» оңалту орталығы, «Ана мен бала» оңалту орталықтары ашылды. Ал «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында облыстық қан орталығы, Шымкенттегі № 3 емхана, Шымкент және Түркістан қалаларында 2 балалар ауруханасы мен Төле би ауданында Ленгір қалалық ауруханасы емханасымен салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алған 25 жылда облыс халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6,9-дан 5,5 дейін төмендесе, ана өлімі 7 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 3 есеге дейін азайған.
Аудан, шалғай ауылдарды сапалы ауызсумен, газбен қамтамасыз ету, жақсы тұрмыстық жағдай жасау мақсатында атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жұмыстар көп. Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту да басты назарда. Бір ғана мысал, 110 мың халық тұратын Түлкiбас ауданы «көгiлдiр отынмен» 100 пайыз қамтамасыз етiлген республикадағы бiрден-бiр аудан. Бұл ел тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық белесiнде жеткен жетiстiктiң бiр нышаны. Ауданда газбен қамтамасыз ету жұмыстары толығымен аяқталып, қасиеттi Рамазан айында елдi мекендердiң бәрiне «көгiлдiр отын» берiле бастады. Таулы аймақта орналасқан Келтемашат ауылдық округiндегi Дәубаба-1, Дәубаба-2, Төрткүл ауылдарына облыстық бюджеттен 2014 миллион теңге қаржы бөлiнiп, 1145 үй бұрын-соңды болмаған осындай игiлiкке қол жеткiзiп отыр. Жалпы, ауданда соңғы 5 жылда 3 елдi мекенге газдандыру жұмыстары жүргiзiлген. Ал Түлкiбас поселкесiнде «Бәйтерек-4» ЖШС-нiң көкөнiстi қалбырлау және өңдеумен айналысатын өндiрiстiк базасында жылына 1,5 мың тонна көкөнiс өнiмдерiн қалбырлап шығаратын цех жұмыс істеуде. Цехтың жобалық құны 115 миллион теңге. Оның 55 миллион теңгесi серiктестiктiң қаржысы, 60 миллионы «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қарастырылған. Мұнда 35 жергiлiктi тұрғын жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қызметке кірісіп, жергілікті жағдайға қаныққан соң қарамағындағыларға қарата: «Біз жұмылған жұдырықша, команда болып жұмыс істеуге тиіспіз. Алдымызға қойған мақсатымыз бар, ол Оңтүстікті бұдан да биік дәрежеге көтеру», – деген болатын. Елбасы тапсырмаларын орындау, Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру бағытында басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне қатаң талап қойған облыс басшысы араға уақыт сала бірқатар кадрлық өзгерістер жасағаны мәлім. Ол өзгерістердің қаншалықты дұрыс жасалғанын уақыт көрсетер. Дегенмен, барлық кадрлық өзгерістердің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқаны аян. Жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңда мемлекеттік қызметтің мансаптық моделін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінді. Енді төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттеріне байланысты айқындалады. Мемлекеттік қызметке үміткерлер үш сатылы іріктеу жүйесінен өтеді. Қызметтік саты ең төменгі лауазымнан басталады. Ал одан әрі жоғарылау үшін төменгі лауазымда жұмыс өтілі болуы керек. Ерекше айта кетерлігі, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық жоғарылауы тек қана конкурс арқылы жүргізіледі.
Кадр тазалығы, ашықтық – облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың қызметке келгеннен бері қолға алған бірегей мәселелерінің бірі болғанын айтушылар аз емес. Сарыағашта шегірткенің қаптап кетуі салдарынан аудан әкімі орынбасары жұмыстан қуылғаны да өзгелерге сабақ болғанын айтушылар бар. Аймақ басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасын орындауда құрылыс нысандарының нормасын бұзған және кестеден кешіккен Түркістан, Қазығұрт және Сарыағаш аудандары мен Шымкент қаласы әкімдерінің жұмысын сынағаны да ел есінде. Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласына көңілі толмай, Түркістан қаласы әкімінің жұмысын назарға алып, осы сынды олқылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қабылдауды жүктеген облыс басшысының «мемлекеттік қызметті сапасыз атқарған әкімдерді жұмыстан босату керек», деген ескертуін де әкімдер ұмыта қойған жоқ. Қалай болғанда да, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың ең қажетті алғышарты болып табылатын жаңа кадр саясаты бағытында ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Мысалы, республикамызда алғаш рет облыстың атқарушы органдары үшін бірыңғай персоналды басқару қызметі құрылды. Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды. Мемлекеттік қызметте сатылап өсу және орналасу меритократия мен жариялылық қағидаттарына сәйкес болуы тұрақты бақылауға алынды. Бос лауазымға конкурстар ашық түрде өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Кадрлардың алтын резерві» қалыптастырылуда. Осы тұрғыда, президенттік «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алған және Мемлекеттік басқару академиясын бітірген белсенді, отансүйгіш жастар мемлекеттік қызметке тартылуда. Осындай түлектердің қатарынан іріктелген 12 азамат облыстағы басшылық лауазымдарда жұмыс істейді. Яғни жас мамандар аудан, қала мен ауыл әкімдіктеріне жолданып, «меритократия» қағидасы негізінде сатылай жұмысқа қабылдау бағытында жұмыстар атқарылуда. «Мемлекеттiк қызметшiнiң басты мiндетi – Отанға адал қызмет ету. Қашанда халқыңа қызмет ету – зор бақыт, мерейлi парыз. Қазiр кадр саясаты бағытында тың өзгерiстердi енгiзiп жатырмыз. Негiзiнен маман таңдауда басты үш қағидатқа сүйенетiн боламыз. Олар – отансүйгiштiк, кәсiбилiк және адамгершiлiк. Осы үш қағидат бойынан табылатын үмiткерлер мемлекеттiк қызметшi деген мәртебеге ие болып, мансаптық өсуiне жол ашылады», – деді алқалы жиындардың бірінде облыс әкімі. Сондай-ақ, облыс басшысының мемлекеттік басқару ісіне әйел адамдарды да көптеп тарту назарда болатынын мәлімдегені ұмытыла қойған жоқ. Айта кетелік,
Б.Атамқұлов қызметке келгеннен кейін өткен депутаттар сайлауы нәтижесінде халық қалаулыларының 40 пайызы жаңарды.
Бүгінгі таңда бүкіл ел талқылауынан түспеген жер мәселесі де облыс әкімінің назарында. «Жер туралы кодекске» енгiзiлген өзгерiстерге мораторий жарияланып, республикалық деңгейде комиссия және облыстық әкiмдiктер жанынан қоғамдық кеңестер құрылғаны мәлім. Оңтүстiк Қазақстан облысынан қоғамдық кеңестiң кезектi отырысында тұрғындарға жерге қатысты деректер ашық айтылып, бірқатар сауалдар бойынша пікір алмасылды. Өңiрде 6 млн. 777 мың 500 гектар ауыл шаруашылығы жерi бар. Соның 934 700 гектары – егiстiк, суармалысы – 462 600 гектар, 5 млн. 647 800 гектары – жайылымдық, 888 900 гектары – шабындық, 27 100 гектары – көпжылдық екпелер. Облыс бойынша 82 457 шаруа қожалығы тiркелген. 2 млн. 600 мың гектар жер (546 100 гектары егiстiк) солардың иелiгiнде. Одан басқа 3782 заңды тұлға 1 млн. 918 мың 800 гектар жерге (оның 312 мың гектары егiстiк) ие. 2015 жылғы түгендеу жұмыстарының нәтижесiнде өңiрде 315 мың 100 гектар ауыл шаруашылығы жерiнiң пайдаланылмай жатқаны анықталған. Оның 77 200 гектары тәлiмi егiстiк, 38 900 гектары суармалы егiстiк және 199 100 гектары жайылымдық жер. Бұл алқаптар Сарыағаш (89,5 мың гектар), Отырар (44 мың гектар) аудандары мен Түркiстан (36 200 гектар), Арыс (28 400 гектар) қалаларында игерiлмей отыр. Мәлiметке сүйенсек, облыста 76 700 гектар егiстiк игерусiз жатыр. Негiзгi бөлiгi Бәйдiбек ауданына (57 200 гектар) тиесiлi. Отырар (13 400 гектар), Ордабасы (11 400 гектар), Шардара (4700 гектар) аудандарында да игерiлмеген жер жеткiлiктi. Жалпы, облыс бойынша 2 млн. 906 мың гектар қосалқы жер бар, яғни резервте тұр.
Облыс әкімі сол жиында жерге қатысты проблемаларды кездейсоқ бiреулерден емес, тiкелей сала мамандарының өз аузынан естігенін жөн екенін айтып, билiк өкiлдерi күнi бойы жұмыста тек қағазға қарап шұқшиып отыра бермей, халықпен кездесiп, мұң-мұқтажын бiлiп отыруы тиiс екенін ескертті. Әсiресе, жайылым мәселесiнiң ортақ пайдалануда болуының маңыздылығына ерекше тоқталған өңiр басшысы, жайылымы тапшы елдi мекендердегi жағдайларды зерделеу жұмыстарын жүргiзудi заң аясында шешудi тапсырды. Сол жиында келтірілген деректерге сүйенсек, Оңтүстiк Қазақстан облысында жердiң бiр метрi де шетел азаматына сатылмаған. Ал Отырар ауданында Қазақстан мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi кәсiпкерлерiнiң бiрлесiп ашқан кәсiпорны жұмыс iстейдi. Оның иелiгiне 100 гектар жер жалға берiлген. Онда араб елiнен келген мамандар жабайы табиғатта саны азайып бара жатқан дуадақ құсын өсiрумен айналысады екен. Аталған кәсiпорын ауданда тiркелгендiктен, салығын сонда төлейдi. Сол секiлдi «Альфа» деп аталатын қазақ-араб бiрлескен компаниясы Төле би ауданы Қасқасу ауылындағы тау бөктерiнен 1,3 гектар жердi жалға алып, туристiк бизнестi дамытуда. Мұнда да негiзiнен жергiлiктi халық жұмыс iстейдi. Алдағы уақытта жер мәселесi бойынша қоғамдық кеңестiң мүшелерi аудандарды аралауды жоспарлап отыр. Елбасының билiктегiлерге «кабинетте отыра бермей, елдiң арасына барып, халықтың жағдайын көзбен көрiңдер» деген тапсырмасы осылайша Оңтүстiкте нақты iспен жүзеге аспақ.
Еліміздегі жетістіктер ұлттық және ұлтаралық бiрлiк пен конфессияаралық келiсiмнiң жемiсi екені мәлім. Алдағы уақытта да осынау ынтымақ пен бiрлiктi көздiң қарашығындай сақтау маңызды. Бұл орайда, оңтүстікте «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумын өткізу дәстүрге айналған. Бұл форум – жай ғана пiкiр алмасып қана қоятын жер емес, құрамында 515 мүшесi бар өңiрдегi ең беделдi қоғамдық платформа.
«Халқымызда «Қариясы бар елдiң – қазынасы бар» деген даналық бар емес пе?! «Ырыс алды – ынтымақ» форумы сол қазынаны тиiмдi пайдаланудың жолы, өмiрлiк тәжiрибесi мол, терең пайым-парасатқа ие аға буын өкiлдерiн елдiк мақсатқа жұмылдыратын тиiмдi тәсiл. Өйткенi, осындай келелi басқосуларда елдiк, қоғамдық мәселелердi ашық талқылап, кемшiлiк пен қателiктi тiке айтып, жөнсiздiкке жол бергендердi тезге салу – қазақтың өзiн-өзi емдеуiнiң қанға сiңген дана дәстүрi. Бұл – ақсақалдар мен жалпы зиялы қауымның қашанда абыройлы мiндетi болған, – деді биылғы форум жұмысы барысында облыс әкімі. – Бүгiнде елiмiз дамудың белгiлi бiр сатысынан өтiп, жаңа деңгейге көтерiлдi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағыдай емес, әлеуметтiк-экономикалық мәселелермен шектелмей, руханият саласындағы бiраз мәселелерге де көңiл аудара бастадық. Солардың бiрi де бiрегейi – ұлттық құндылықтарымызға оралып, салт-дәстүрiмiздi жаңғырту. Өйткенi, жыл өткен сайын күшейiп келе жатқан жаһандануға, сыртқы мәдени экспансияның әсерiмен орын алып жатқан рухани құлдырауға, дiни экстремизм мен лаңкестiкке қарсы қоятын бiрден-бiр күшiмiз, ол – бiздiң ұлттық дәстүрiмiз. Сол себептен, бiз өзiмiздiң салт-дәстүрiмiзге, ұстанған әдет-ғұрыптарымызға дұрыс көзқараста болуымыз керек.
Кезекті форумда халқымыздың салт-дәстүріне қатысты ой-пікірлер мен ұсыныс-тілектер ортаға салынған болатын. Той да, дін де әңгіме болды. Кейiнгi кезде жат дiни ағымдардың ықпалы сезіле бастағаны мәлім. Форумда бұған қоғам болып қарсы тұру қажеттілігі айтылды. «Дiн мен дәстүр қазақ жастарын бақталастыққа, даңғазылыққа, фанатизмге емес, үлкендi сыйлауға, Отанды сүюге, адамгершi-лiкке тәрбиелеуi керек. Жастарымызды кiтап оқуға, заманауи бiлiм алуға баулып, қазiргi заманғы озық технологиялар мен әлемнiң кiлтi болып отырған ағылшын тiлiн меңгеруге шақыруға тиiспiз, – дейді Б.Атамқұлов. – Әрбiр қазақ жасы өзiн ұлтжандымын деп ұғынып, өн-бойындағы ұлттық намысын жоғары қоюы керек. Елiмiздiң бейбiтшiлiк аспанында қазақ жастары тәуелсiз елдiң айқын мақсаттарымен жiгерленiп, тек қана алға ұмтылуына барлығымыз атсалысуымыз қажет. Ел сенiмiн, үмiтiн ақтау – жастардың қолында».
Айтпақшы, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс» шарасы басталды. Өңір басшысы Б.Атамқұловтың бастамасымен өтіп жатқан бұл игі іс шеңберінде түрлі айлық шаралар ұйымдастырылмақ. Мысалы, «Дені саудың – жаны сау», «Әлеуметтік қолдау», «Отбасын қолдау», «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз Қазақстан!» және «Игі іс жасауға асық» атты бес түрлі айлық шаралары кезінде барлық салалар бойынша желтоқсан айына дейін игі істер ұйымдастырылып, өткізілетін болады. Мұндағы мақсат – еліміздің Тәуелсіздік жылдарында еңсе тіктеп, азат елге айналған халқымыздың қуанышына ортақтасып, әрбір қазақстандықтың мерекені сезінуіне атсалысу.
Абылайхан ЕСІМБАЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.