«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ…»
Қазақ поэзиясына өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қосылып, өзіндік ойшылдық пен сыршылдық үнімен, өзгеше мақам-ырғағымен олжа салған, алғашқы қадамымен-ақ өлеңсүйер қауымды елең еткізіп, поэзиямыздың деңгейін жаңа кезеңнің сұраныстарына орай биікке көтеруге өзіндік өзгеше үлесін қосып өткен бірегей ақындарымыздың бірі – Есенғали Раушанов. Азаматтық жарқын бейнесі мен ақындық бекзат болмысы жарасқан өнер иесінің қазақ руханиятындағы өзіндік орны бөлек.

Өзі қызмет еткен қырық жылдың үстінде ұлттық поэзиямызда ұдайы жас таланттарға үлгі болып, өлең сөздің асыл дәстүр мен жарқын жаңалықтарының сабақтастығына жол салды, поэтикалық жаңашылдығымен оқырмандарын тәнті етті. Оның лирикалық өлеңдері мен эпикалық кең құлашты поэмалары арқылы терең мазмұны мен көркемдік кестесі келіскен қазақ поэзиясының қазіргі жеткен биік межесін, көркемдік мүмкіндігін көруге болады. Ақынның поэтикалық әлемі ойлы мазмұн, көркем тілімен оқырманының көңілінен шығып, ұлттық әдебиеттің қымбат қазынасына қосылып отыр.
Есенғали Раушанов – азаматтық ой-өрнегі мен ұлттық бояу-нақышы бөлек жаңашыл ақын. Ол сонау балаң шақ, оқушы кезінде аудандық газетке жариялаған өлеңдерінде-ақ көркемдік-эстетикалық таным-талғамының ерекшелігімен көріне білді. Ақынның өлеңдерін оқырман қауым бірден жылы қабылдап, әсіресе жастар жағын өзінің сыршыл лирикасымен бірден баурап алды. Ол өлең сөздің қадірін терең түсініп, табысты ізденістерімен ұлттық поэзиямызға өзіндік өрнегімен толағай табыс алып келді. Оған еліктеушілер қатары да барған сайын молая түсті. Қазіргі күні де осынау ірі таланттан үлгі алып, оның поэзиясына бас ұратын, талантына жүгінетін жастардың қарасы мол.
Е.Раушановтың қай шығармасын алсақ та, бейнелі ойға құрылып, көркем суреттеулерінің бояуы қанық, философиялық астары терең болып келеді. Ақын о бастан өзінің ұлттық поэзиядан алар орнын бағамдап, өмірдегі сияқты өнерде де алдан тосар қиындықтар мен өткелдерді еңсеруге деген нық сенімінен ешқашан ауытқыған емес. Ертеректе жазылған «Еркек» өлеңіндегі:
Тасырқағанда тас жауған
Тау болды ұйықтар айлағым,
Қасқырдан анау,
Қас жаудан Тартып ап апан жайладым.
Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп,
Тағыдан олжа айырып,
Тарпаңды міндім көлік деп.
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым «міне» деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса.
…Қасқайып өстім шыңымда,
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда,
Езілетұғын жайым жоқ… –
деген шумақтарындағы лирикалық кейіпкердің өршіл рухы, мұқалмас ерік-жігері мен тастүйін сенімділігі ақындық мінездің бірегейлігін танытып тұрғандай. Автордың тереңнен толғап, арыдан қармайтын ой орамдары аз сөзге көп мағына сыйғызып, айтар ойын өзіндік өрнекпен жеткізуге бейіл. Мұндай асқақтық пен өршілдіктен бастау алған ақындық талант сыршылдық пен ойшылдыққа үндесіп, нәзік лириканың терең иірімдеріне тартып әкетеді.
«Сыр» өлеңінде:
…Үздігіп талай жалындым,
Үзгенде моншақ нұр-түндер.
Үрзада жырын жанымның,
Тыңдаса деп ем шіркіндер,
Тас-қайғың болса, уатып,
Тас-талқан етіп жіберем.
…Қалай да саған, уақыт,
Оқуым керек бір өлең! –
деп уақытпен бірге өкшелесе ағатын тіршілік талқысына өз үнін қосып, замана жайы мен өмір тынысын жарыса жырламақ болған ақындық мақсатын айқын бедерлейді.
Ақын – уақыттың перзенті, заманы мен қоғамының айнасы. Өзі өмір сүріп отырған кезеңінің сыр-сипатын бейнелеуде тарихқа жүгінудің, оның сабақтарын көркемдік шешіммен ұсынудың кілтін таба білген ақын назары ел тарихының ұрымтал тұстарын ұтымды өрнектеуге шебер. Ол өлең астарында бүркемеленген ой мен сырдың қалың қатпарларын тарқату үшін астарлы ағыспен ұсына отырып, одан ой қорытып, қорытынды шығаруды оқырманның өзіне қалдырады. «Біздің жастық» өлеңінде:
…Желігім басып жаланған,
Желтоқсан тұрды шабына.
Көп үміт-сенім, сан арман
Көміліп қалды қарына.
…Кеп-кеше мықты сықылды ек,
Көртке ұқсап қапты жүдеп нар.
Желтоқсан сайын жетім боп,
Бір жылап алар жүрек бар, –
деп кешегі желтоқсан оқиғасының жүрекке қалдырған ызғарлы сызын, жан жарасын еске салады. Ақын ол күндердің суретін қаз қалпында көз алдымызға әкеліп, айқын сипаттап жатпайды. Уақытпен үндестіктегі астарлы емеурін, психологиялық түйсікпен өткен шақтың жүректерде қалдырған қасіретін тұспалдап өтеді.
Тәуелсіздік қарсаңында еркіндік үшін бас көтерген Алматыдағы желтоқсан көтерілісінің себеп-сипатын астармен өрнектеп, дүйім қазақтың жүрегінен орын алған әйгілі «Қара бауыр қасқалдақ» өлеңінің желтоқсан гимніне айналғаны баршаға мәлім. Осы бір шағын өлеңдегі символдық астармен бедерленген өмір шындығы кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Ақынның аз сөзге көп мағына сыйғызып, табиғат заңы мен адамзат өмірінің мәнін ерекше сипатпен жырлау шеберлігі тәнті етеді. Шағын мәтінде тіршілік жарастығы, табиғатқа қамқорлық, туған жерге деген махаббат, дәстүрге адалдық секілді адами құндылықтарға деген алаңдаушылық бар. Соның бәрі ұлттық әрі адамзаттық көзқараспен астаса келіп, күрделі кезеңнің сипатын ашатын саяси-әлеуметтік проблемамен сабақтасып жатыр.
Ақын өлеңдерінде тың ойлар, тосын құбылыстар мен күтпеген шешімдер өзінің бірегейлігімен назар аудартады. Ақын нені жазса да таптаурын ізге салынбай, өзіндік өрнек табуға, айтар ойын аз сөзбен кестелеп, оқырманға ой саларлық жанды сурет, ойнақы леп, астарлы мағынамен жырлап шығуға бейім. «Білмеймін» өлеңінде:
Зорлық көрген ол, зорлық көреді,
Дала – жалаңаш, орман – сыз.
Тұрымтай әлі қор ғып келеді
Торғайларымды қорғансыз.
…Тебеді бір ой өзекке мені,
Қуанып тұрып сорлаймын.
Бозторғайға да кезек келеді
Түбінде деймін. Ол қай күн? Білмеймін… –
деп ой салмағын оқырманға артып өтеді. Өмірдегі қайшылықтардың сыры, әлділер мен әлсіздердің арасындағы тартыс, қорғансыздардың көрген күні – әлмисақтан айтылып келе жатқан тақырып. Ақын ауылдың көрген күнін еске ала отырып («Ауылға бару – мен үшін азап, / Қор болған торғай көрерім»), қоғамдағы астыртын қанаушылықтың тыйылмай отырғанына налиды. Оның себептерін терең талдап жатпай-ақ, екі ауыз емеурінімен («Дала – жалаңаш, орман – сыз») тұспалдай өтіп, бозторғайға да әйтеуір бір кезде кезек келеріне сенім артады.
Ақын шығармашылығында қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғалар мол орын алады. Ел басына түскен ауыртпалықтар, қилы кезең көріністері мен тарих сабақтары түрлі көркемдік ракурста ақындық сана сүзгісінен өтіп, елес береді. Мысалы, «1932 жыл. Қазақстан» атты өлеңін толық келтіріп көрелік:
«Ел қырылған» деседі мына дөңде,
Не деймін мен осынау тұл әлемге?
Кәрі аспан…
Кәдімгі дөң…
Қараша айы…
Түк те жоқ көз тоқтайтын бұдан өңге.
Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды, –
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы
Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,
Өлең шөп, өлең шөп – Қазақстан.
Бас-аяғы екі ғана шумақтан тұратын бұл өлеңде ешқандай баяндау немесе әңгімелеу жоқ, өлең шөп басқан мылқау даланы бейнелей отырып-ақ бұдан ғасырға жуық уақыт бұрын өткен нәубетті көз алдымызға әкеледі. Алмағайып замандағы адамдардың аянышты тағдырын, сол арқылы ел басына түскен қаралы халді көркем бейнелеудің құдіретімен жан жүрегіңмен сезіндіреді. Өткір метафорамен өрнектелген өлеңнің айтар ойы оқырманның жүрегіне жол тауып, өзегін өртейді.
Енді бір өлеңінде («Полемика. 1988 жыл») талай қиын да қайғылы оқиғаларды басынан өткерген қазақ елінің өткен кезеңдерін еске ала отырып, болашағына алаңдайды. Ел тарихы – ұлттың жүріп өткен жолын сипаттап, одан объективті түйін шығаратын алтын өзек. Тарихтан сабақ алу, соның негізінде бүгінін бағамдап, болашағын бағдарлау – ақыл-парасаттың ісі. Сондықтан ұлтын сүйген ақын-жүрек әманда халқының тарихына жүгініп, шығармашылығына содан арқау тартып жатады. Сол жылдардың ұлт тағдырында қалдырған ауыртпалығын пайымдаған ақын:
Есеп жоқ деп қасіретім мен мұңымда,
Қазақстан жылар еді шынында.
Жылай-жылай көз жасын да
тауысыпты ол
Мың тоғыз жүз отыз екінші жылында.
…Не істеу керек?
Не істей алам сен үшін?
Қазақстан – қатып-семген берішім.
Жөнің сенің – ескілік пен естілік,
Тегің сенің – қайшылық пен келісім, –
деп толғап, елінің жарқын болашағы үшін қам жеп, сол жолдағы өзінің перзенттік парызын ойлайды. Бұл – ақынның ғана емес, ел тағдырына селқос қарай алмайтын көпшіліктің атынан үн қатып тұрған лирикалық кейіпкердің ойы. Бұл мақсатқа әркім өз ісімен, мүмкіндігінше қолынан келер әрекетімен үлес қоспақ. Ақынның да таңдауы соған меңзейді: оның міндеті – шындықты айтып, жүректерге жеткізетіндей жыр жазу («Өлең жазу керек шығар, шамасы»). Е.Раушановтың жалаң дидактикадан ада, өмірдің өз бейнесін бейнелі өрнекпен, сыршыл да ойшыл леппен, ерекше кестелі тілмен жырлайтын ақындық әлемі – өзінше сұлу, ерекше әлем.
Ақын фәни мен бақи арасындағы байланысты, тіршілік түйткілдерін, адамның ой-санасының алуан ньюанстары мен көзқарастағы қайшылықтар сырын лирикалық нәзіктікпен шебер суреттейді. Өмір мен өлім қатынасын суреттегенде олардың арасындағы байланыстылықты жалпы жаратылыс заңы, «мәңгілік өмір» концепциясы тұрғысынан тұспалдап, «екі дүниенің абыройы» тұжырымын еске салып өтеді. Мысалы, «Кеңсай жақтан күн шығады» өлеңінде:
…Өмір не ол?
Өмір ме? –
дедім де мен,
Қар астынан шөп көрдім тебіндеген,
шырақ көрдім білтесін жел үрлеген.
Жүсіп жазған өлеңнің бітпей қалған
Жалғыз жолы екен ғой өмір деген.
…Көңілдерден қуатын түнді мүлде,
Өңірлерден қуатын түнді мүлде,
Күн шығады Кеңсайдан
Кеңсай ғой ол!
Кеңсай жаққа қарай жүр тірлігіңде, –
деп, Алматыдағы Кеңсай қорымын мәңгілік мекен еткен ұлыларға мінәжат етіп, «Өлі жебемей, тірі байымайды» деп ата-баба аруағын ардақтайтын қазақы дәстүрдің өміршеңдігін поэзия тілімен өрнектейді. Өлеңдегі негізгі ассоциациялық тізбек – күн, нұр, шуақ, қуат, шөп секілді ұғымдар өмірді паш етсе, Кеңсай жақтан көтерілген Күн образында ұрпағын желеп-жебеуші ұлы тұлғалардың жарылқауы жатыр («Әр таң сайын аруақтар біздер үшін / Көтереді төбеге алып күнді»).
Өмірдің түрлі жағдайларында кездесіп жататын келеңсіз жайлар, пендешіліктің сүйкімсіз, кесірлі көріністері көңілді жабырқатады. Заманның қызыл түркідей мың құбылған жасандылығын, жалғандығын көргенде ақын зарламағанда кім зарласын! Соның бәрі тұлғалықтан тұйықталып, пендешіліктің тар өрістілігінде тұмшаланған тоғышарлық пен имансыздықтан туындап жатады. Заманды түзету – қай кезде де саналы адамды ойландырғанымен, оның амалын табу оңай іс емес. Қамығып, жабыққан жанның қашан да айналып соғар алтын тұғыры – асыл дініміз екені сөзсіз. Ақынның бір өлеңінде:
«Алланың бұйрығымен дінді білдім,
Алдияр,
«Кәлләм-Шәріп»
Құлдық ұрдым.
Амалым таусылған соң мен зарлаймын,
Заманым –
Қызыл түлкі, мың құбылдың, –
деп тығырықтан шығар жол іздеген лирикалық кейіпкері адамгершіліктің айнымас қағидасындай жол көрсетіп, бағыт сілтейтін «төрт қабырға – төрт достың» көмегіне жүгініп, сол ғана адастырмас өмірлік серік болатынын меңзейді:
…Сәлем бер шеменді орда, шерлі есікке,
Бар еді төрт қабырға сол мешітте.
Бір қабырғасы – ұят,
Бір қабырғасы – иман,
Бір қабырғасы – обал,
Бір қабырғасы – сауап,
Төрт дос бар жеткеніңше жер-бесікке…
Міне, ұят, иман, обал, сауаптан тұратын осы «төрт қабырғаны» құлатпай өмір сүру, соған тіреу бола білу – басты мақсат болмақ. Сонда ғана адамдықтың ақ туын жоғары ұстап, ата-бабаңның аманатын алға апарасың, ұлтыңның қамын жеп, асыл бейнесін сақтайсың, адамзаттың даму көшінен өз орныңмен ілесе аласың дегенді меңзейді.
Е.Раушанов өміріміздегі құндылықтардың маңызын танытуда қазақы ұлттық қасиеттерді, тіршілік мәнінің ұшқындарын ұлттық бояуы қанық, нәр-нақышы айқын суреттермен бейнелеуге бейім. Ақынның суреткерлік шеберлігінің ерекшелігі – дәстүрлі фольклорлық, жыраулық қайнарлардан қанығып, шығыс пен әлем әдебиетінің көркемдік үрдістерімен әдемі үйлесе отырып, өзіндік өрнек тапқан стильдік даралығында:
Бозаңға біткен боз жусан,
Боқыраудың күні болғанда,
Бозарып барып солар ма,
Мен бозаңды құшып көз жұмсам,
Қара жер, қойның толар ма?!
Сөгілсе қыстың көбесі,
Желкілдеп шығар көк өскін.
Мен неге, Тәңірім, неге осы
Боз жусан ғұрлы емеспін?!
Жүрегім толы өлеңмен
Ояна алмаймын ақ таңда,
Бұлттар мен жылдар төбемнен
Бұрқырай көшіп жатқанда…
Е.Раушанов поэзиясындағы басты поэтикалық арқау, концептуалдық негіздердің бірі – табиғат. Ақынның өлең-толғауларындағы көңіл-күй, ой-пайым, оқиға-әрекет – барлығы да табиғатпен ұштасып, сонымен үндесіп отырады. Табиғат жалаң күйінде суреттелмей, қашан да адамның сезім күйлерімен, уақыт өлшемімен, тіршілік тынысымен үйлесім тауып жатады. Ақын бейнелеуінде табиғаттың әр сәті мәтін мазмұнына сәйкес ерекше суреттілігімен, жанды бейнесімен, адам көңілінің пердесін тап басар шынайылығымен тәнті етеді:
…Мінген де аты қарагер ме екен,
сұр ма екен,
Кешікті наурыз, кешікті менің нұр көкем.
Алатау атам неге үндемейді, жоқ әлде
Соңы қайырлы боларын біліп тұр ма екен? –
деп көктемді дегбірсіз күткен лирикалық кейіпкердің сағыныш күйін шертсе, Шыршық өзенінің ерке ағысын:
…Шыршық ағатын, ыршып ағатын,
Жыршы болатын бар ағын,
Шыршық ағатын, шымшып ағатын
Ақ қайраң санын жағаның, –
деп ерекше әуезділікпен төгілте жырлайды.
Ақынның табиғатқа қатынасы ерекше, ол үшін табиғат адамзатпен бірге күллі жаратылысты құшағына сыйғызып, қасиетті Жер-ананың төсінде тербеп келе жатқан ұлы күш. Ақын құстар әлемін қызығушылықпен зерделеп, 2007 жылы «Құстар – біздің досымыз» атты кітап жариялады. Құстар туралы өлеңдері де жеткілікті. Өлеңдерінде ол құстар мен адамдардың рухани жақындығына да ден қояды («…Меніңше, сол кез сөйлегені анық бір тілде / Құстар мен адам баласы»).
«Қаңтардың келуі» атты қысқа өлеңіндегі қараша мен желтоқсанды тықсыра келген қаңтарды кейіптей суреттегенде даланың қысқы кейпін берумен қатар, оның сипатын нақылдармен нақтылай түсіп, әзіл-мысқылмен де әрлеп шығады:
…Есін жиды міскін бақ,
Қар жауып тұр ұшқындап.
Осы екен ғой, тәйірі,
«Осал болса – қыс бұлғақ»,
Қойды ырғалып қарағай
«Қаңтардың күні қарға адым», –
деп мысқылдап.
Шалыс мінез тарпаң-ай,
Күледі ол да шалқалай.
…Шаққа тұрған жаның бар екен,
Таққа міну не теңің еді, қаңтар-ай?..
Табиғатпен жаны етене жақын ақын ұдайы табиғат құбылыстарына жіті көз тігіп, мұқият құлақ түріп, сезімталдықпен зерделейді. Мұндай поэтикалық бейнелеудің астарында философиялық мән, психологиялық иірімдер, мифтік астарлар болады. «Қарағайға жай түсті» өлеңінде табиғат құбылыстары арқылы адамдар арасындағы мінезді – тұлғалық болмыс пен тобырлық сананы қарсы қойып бейнелейді. Жұрттың жайын ойлап, қиыншылық, ауыртпалықты өзіне қабылдайтын Қарағайдай алып пен оның жақсылығын түсінбей, сырттай өсек қылып, мықтыны текке қаралайтын тобырдың әрекеті арасындағы қайшылық – өмірде ұдайы орын алып жататын парасат пен тоғышарлықтың арасындағы кереғарлықты көрсетеді.
Ақын енді бір элегиялық-мистикалық сипаттағы өлеңінде:
Бүгін айдың он бесі,
Айдын жаққа кел деші.
Айдын жақта не бар-ау, –
қатқан мұз бар,
Қатқан мұзға көміліп жатқан қыз бар.
Қыздың аты – Ақтолқын. Айды күтіп,
Мұзға айналды ақыры, ақпанда ызғар.., –
деп бейнеленетін әдемі сурет бар. Ай мен оны күтіп мұзға айналған Ақтолқын бейнелерін үміт пен сағыныштың, қайғы мен қасіреттің фонында қарастырады. Мұнда жаз бен қыс (ақпан) мезгілдерінің образында да адам басына алма-кезек түсіп отыратын тағдыр сыйының көрінісі бар. Ай және Ақтолқын образдарының негізінде фольклорлық-мифтік бастаулар жатқанын аңғарамыз. Ақын поэзиясындағы мұндай мифопоэтикалық құбылысты басқа шығармаларынан да көруге болады.
Ақындық интуиция мен поэтикалық қуат табиғат құбылыстарын жандандырып, адамға етене жақындастырумен қатар, лирикалық кейіпкердің әр алуан көңіл күйімен байланыстырып жатады. Мұндай шумақтардан ақындық терең түйсікті, ерекше сезімталдықты, жан жомарттығын көреміз. Мысалы, ол жазбен іштей тілдесіп, қимай қоштасып тұрады:
…Сары күзге сенбейсің,
шүбәлісің.
Сыбырлайсың…
Қан жылап тұрады ішің:
«Маған қиын болады-ау жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек!
Сен соны ұғамысың?» («Жаз не деп еді»);
Желге араша түсіп, оның жалғыздығына жанашырлық танытады:
…Сүйіп еді ол,
Сүйіп еді жанымен,
Сен шықпадың…
Таң көрінді әріден.
…Бақты аралап баяу ғана жүреді,
Жел бүгінде суып біткен бәрінен
(«Сен жылағанда…»);
Шықтың өлгеніне көңіл айтып, сол үшін жаны ауыра жабырқайды:
…Маусымның он үшінші жаңасында,
Өзен жағасында,
Шық өлді
Ақ пен қызыл арасында.
Мен тұрмын ұстап бейбақ жүрегімді,
Шаншиды,
Ауырады ол.
Нанасың ба? («Шықтың өлуі»);
Түннің көз жасын бөлісіп, жұбату айтады:
…Дүние ғажап мына,
Түннің жасы көп ақты, аз ақты ма?
Біз көрмейік ол көрген ұяттарды,
Біз көрмейік ол көрген азапты да.
Сыбырлайды, жылайды күліп тәтті,
Сүйеді екен ол мені,
Ұмытпапты.
…иіскей берем, үн-түнсіз иіскей берем,
Жалбыз иісі шашына сіңіп қапты…
(«Түннің көз жасы»);
Тобынан адасып қалған сыңар құспен де сырласады:
Сені жібермеген
Айдының екен.
Мені шідерлеген
Қайғы-мұң екен.
Екеуміз де кешіктік, сыңар құсым,
Енді, міне, жолбайлау тұманды шың.
Тұнба сырдың тұмасын ашып қойсам,
Мұңдасыңның жүрегін ұғармысың,
Сырлас көлін қимаған сыңар құсым?..
Е.Раушанов өлеңдеріндегі нәзік сезім пернелері өте сыпайылықпен, асқан мәдениеттілікпен, эстетикалық талғаммен өріледі.
Ақын табиғаттың кез келген көрінісінен, жанды-жансыз заттар мен құбылыстардан әсер алып, оны ақындық көзбен, ішкі түйсікпен қабылдайды. Соларды сөзбен кескіндеп, шабытының суалмас қайнарына айналдырады:
…Жылдар бойы сан іздеп таба алмаған
Жыр дәптерін оқытты далам маған.
Қанатында екен ол аққулардың,
Қауырсын боп неге мен жаралмағам…
Е.Раушанов поэзиясының тақырыбы әр алуан, поэтикалық репертуары бай. Ол нені жазса да, шын көңілімен беріліп, шынайы ақындық дәлдікпен, ойшылдық дегдарлықпен бейнелеп жазады.
…Мен осынау жүрегіммен, жаныммен,
Алау ыстық қаныммен,
Бойымдағы барыммен,
Ақ қаймағы бір қасықтай фәнидің –
Табынамын күлкісіне сәбидің, –
деп сәбидің күлкісіне табынатынындай, күллі ғалам – бүкіл тіршіліктің келбетіне махаббатпен қарайды. Тарих пен тағдыр, атамекен, туған жер, әке мен ана, туыстық пен сыйластық, достық пен махаббат секілді түрлі тақырыптардың қай-қайсысы да ақын қаламынан сәулелі жыр болып ақ қағазға құйылады.
Атамекені Маңғыстаудың жер асты байлығын халық мүддесіне жарата алмай жүрген халқы үшін күйініп, адамдарының өр рухы мен ерлікке толы тарихын бағалай алмағанына қынжылады:
…Әй, аңғалдық, аңғалдық,
Аңғалдық, саған арбалдық.
Үстінде тұрып алтынның,
Басқаның күмісіне таңғалдық.
Жаттың ойын желкен ғып,
Қаншама рет өртендің.
Маңғыстаудың ойында
Қарайды бізге мүсіркеп
Мықтылық пенен көркемдік.
Ақын поэзиясындағы жиі көрінетін лирикалық кейіпкерлердің ішінде әке мен ананың орны бөлек. Ондай өлеңдерінде ата-ананың асыл келбетін, балалық шақтағы естен шықпас ерке күндерін егіле еске алып отырады. «Әке қабірі басында» өлеңінде:
Тентегіңнің бастан-ақ жолы ауыр ма,
Кетті күндер күйбеңнің бодауында.
Сенің молаң жатты үнсіз қыр басында,
Менің тойым жатты өтіп сол ауылда.
Жамап-жасқап үйімнің шаңырағын,
Қосын ұстап қалғам жоқ шаруаның.
Басқа жұртта думанмен күн өткізсем,
Түсіме еніп жүресің, аруағым… –
деп өмірден өткен әке аруағының алдында ойша есеп беріп, кемді күн өмір-жалғанның өзіне арнаған дәмін татып жүрген автор ақындық миссияның ерекшелігін аңғартып, әке аманатын шаруа қуып емес, ой бағып орындап жүргенін айтып ақталғандай болады.
Ақын жырларындағы ішкі сезімді поэтикалық өрнектеуде ауыспалы-астарлы мағынаға иек артып, табиғаттан медет көру, сыртқы ғаламның объектілерін жанама түрде пайдалану жиі ұшырасады. Тілдің айшықтау құралдарын тиімді әрі бейнелі пайдаланатын ақын мұндай қолданыстар арқылы өлеңнің эмоциональдық әсерін еселей түседі. Мысалы, ана туралы айтқанда:
Өзім шөлдегем жоқ,
Жүрегім шөлдеді,
Жүрегім шөлдеді менің
анам өлгелі.
Біздің ауыл аспанында бір бұлт бар,
Келген сайын қарсы алады ол мені…
Анам жоқ енді,
өшті,
сөнді үміт.
Бір бұлт бар,
Менің бұлтым – сол бұлт.
Қабір жаққа бірге барып менімен,
Тұрады ылғи, байғұс шаршап, болдырып, –
деген жолдарда өмірдегі ананың орнына ерекше екпін түсіре бейнелей отырып, елегізген жанын жалғыздықтан құтқаруда аспандағы бұлтты медет тұтып, оны өз қайғысына ортақтанушы ретінде орайымен қолданады.
Махаббат – ақын біткеннің ең бір көп жырлайтын тақырыбы екені белгілі. Асыл поэзияның өзегіне жататын махаббат пен сүйіспеншілікті жырлаудағы ақындардың өзіндік ерекшелігі болады десек, Есенғали ақынның да өзіндік түрлі мәнері мен тәсілдері айқын көрінеді. Мысалы, осы тақырыптағы бір өлеңінде:
…Ақ көйлегің етегі бүрмелі еді…
Көп болды ғой жиделер гүлдегелі.
Сүю деген – ұлы Ту, көтеремін
Басталарда жанымның дүрбелеңі… –
деп халық әнінің үлгісіндегі лирикалық, ойнақы суреттемеден бастап, ары қарай анықтамалық-тұжырымдамалық тұрғыда жырлауы, өлеңдегі алғашқы тармақтардың қайталанып келуі секілді түрлі тәсілдерді қолданып отырады. Ал енді бірде:
…Тұңғиыққа шым батып лағыл арман,
Тарам-тарам жол шықты тағы да алдан.
Ақ жүзіңді күні ертең сағынам-ау
Ерінімде бал тәтті дәмі қалған.
Жағасына жағалай ел қонбаса,
Көрікті боп көрінбес көлдер де аса.
…Бір-бір тамшы ащы жас үзейікші,
Сол екеуі қосылсын ең болмаса.., –
деп, ғашық жандар үшін сағыныш пен айырылысудың азабын суреттеуде абстракция мен нақтылықты, деректі суреттер мен эмоциялық қабылдауды сабақтастыра отырып сезімді тербеп, жүрекке жетер әдемі шумақтар туғызады.
Ақын өлеңдерінің көркемдік кестесі оның пішіндік сипатымен де келісім тауып жатады. Кейде өлең тармақтарын еркін өлшемге құрса да, ұйқасының мызғымас үйлесімділігі мен үндестігі мәтіннің әуенділігі мен саздылығын арттырып жатады:
Тарыққандық-ау –
Таптырмасыңды білсем де табынатыным.
Зарыққандық-ау –
Жақтырмасыңды білсем де сағынатыным.
…Сезбедің-ау сен түнектің
торлағанын бір,
Сонда да күтіп жүргенің сол бала ғұмыр.
Атпайтын таңым,
армандап өлмесем сені –
Өзіңе менің
шын ғашық болмағаным бұл.
Е.Раушанов «Біз Гагарин қаласынанбыз», «Бердәулет пен Жоламан», «Сарыөзен», «Ғайша бибі», «Аспанға көшіп кеткен ел» поэмаларымен де қазақ әдебиетінің поэма жанрының дамуына үлес қосты. Олардың көпшілігі тарихи тақырыпқа арналған. «Бердәулет пен Жоламан» поэмасында ХІХ ғасырдың соңында болған оқиға баяндалады. Ағалы-інілі Бердәулет пен Жоламанның Досан, Сүгір секілді батырлардың өлімі үшін елді кенеусіз талаған ірі шонжар Әлкеннен кек алуы суреттеледі. Поэманың эпикалық қарымы кең, тілі көркем, патриоттық рухы күшті.
«Сарыөзен» поэмасы ХІХ ғасырдың орта тұсында (1832-1871) өмір сүрген қазақ этнографы, ағартушы, қоғам қайраткері Мұхамед-Салық Бабажановтың өмірінің соңғы кезеңіне арналған. Шығарма туған халқын ағарту жолында еңбек етіп, ғылыммен шұғылданып, бұқараға қамқор болып жүрген ғалымды: «…Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл / Қағынып туған екен жатырынан…», – деп сыртынан тісін қайрап жүрген Орынбор генерал-губернаторы Крыжановскийдің адъютантының у беріп өлтіруімен аяқталады. Поэманың прологында Томирис дәуіріндегі аландардың патшасы Батразд бен сармат көсемі арасындағы әңгіме баяндалып, ескі тарихтың оқиғасын аңғартады. Сармат тайпасының жұмбақ күйінде ашылмай қалған сырын Салық тас мүсіндерден іздейді.
Е.Раушановтың қазақ поэмасының даму деңгейін көрсеткен, өзіндік жаңалығымен ерекшеленген поэмасы – «Ғайша бибі». Философиялық астары қалың бұл поэманың эпикалық қарымдылығы да назар аудартады. Шығарманың мазмұндық құрылымы өте күрделі: онда түрлі кезеңдерді өмір сүрген көрнекті тұлғалар мен аңыз кейіпкерлері, мифтік персонаждар араласып келіп отырады. Адамдардың қара ниетімен отқа өртенген жыландар тағдыры мен адамдар өмірі қатарластырыла бейнеленеді. Ғайша мен Қаған, Күлтегін мен Қаған, Ғайша мен Мұхаммед пайғамбар арасындағы диалогтер, жекелеген монологтік толғамдар шығарманың мазмұнын толықтырып, сюжеттік желіні ширата түседі. Автор түркі тарихын қозғап, тарихтың көмескі кезеңдеріне жарық түсіріп, оқырманға ой салады:
…Аулақпыз атасы арзан болжамдардан,
Жұртында әр ғасырдың олжаң қалған.
Жамиғат,
Біздің тарих – алтын шынжыр,
Әр жерден жиі үзіліп,
Көп жалғанған.
Е.Раушанов – ақындық мәдениеті жоғары ақын. Оның шығармаларының поэтикалық мазмұн байлығы мол, айтар ойы мен ішкі иірімдері терең, көркемдігі кемел келіп, ақындық шеберлігі теңдессіз тапқырлықпен ұштасып жатады. Ақынның тың образдары өзіндік ұлттық бояу-нақышымен ерекшеленеді. Қай шығармасын алсақ та көркем суреттілігімен, үйлесімді саздылығымен, айшықты образдармен ажарланып, философиялық астарымен ойға жетелейді. Е.Раушанов жырлары ғасырлар тоғысындағы қазақ поэзиясындағы аса қызғылықты құбылыс ретінде бағаланып, халқының өшпес сүйіспеншілігіне бөленіп келеді және солай бола бермек.
Әділет
ҚАБЫЛОВ,
Yessenov University профессоры
ПІКІРЛЕР2